Киіктің киесі
2023 ж. 15 қараша
3896
3
Алматыдан оңтүстікке-батысқа бет алған жеңіл қөлік жылдамдығын үдете түсті. Таң қылаң бере қаладан шыққан көлік ішінде екі адамбыз. Жүргізуші, әрі менің көмекшім Ахмет аға орта жастан асып, ақыл тоқтатқан, артық сөзі жоқ салиқалы кісі. Менен он жас үлкендігі бар. Қызметтес болғалы екі жылдан асты, осы уақыт аралығында бір-бірімізді жақын туыс тұтып кеттік десем артық айтқандық емес. Ең бастысы өз ісінің хас шебері. Жол алыс, жүргізуші сенімді, шамалы көз шырымын алып алса да болар еді, бірақ қара бұлттай қаптаған қалың ойлар ұйқы берер емес. Осы сапарға шығуыма негізгі себеп, оңтүстік облыстардағы табиғат қорғау жұмыстарының барысымен танысу, қордаланып қалған мәселелерді жинақтап, жұрт назарына іліктіру және үкіметтің біртұтас кешенді бағдарлама жасалуына қатысты елдің ұсыныс-пікірлерін жинақтау. Менің туып өскен ауылым да осы өңірде, күре жолдың тау жағында орналасқан шағын елді мекен. Жол-жөнекей ауылға соғып, туыстарыммен дидарлассам ба деген ойда бар. Туыс дегенде Нұрлыбай нағашымның қара шаңырағына барамын, жарықтық мені сондай жақын тұтушы еді. Екеуміздің де көңілімізді жабырқатып кеткен сол күнгі оқыс оқиға, көз алдыма күні бүгінгідей келе қалғаны...
...Аудан орталығындағы жайлы жұмысымнан босап қалып, орталыққа жақын орналасқан совхоздың бөлімшесін басқаруға жіберілдім, Жылдан астам уақыт өтті, осында қызмет істеп жатырмын. Ауыл шаруашылығының сәні кетіп, тоз-тозы шыға бастаған кез, тіршілігіміздің берекесі жоқ. Бір күн жұмыс болса, шаруамыз екі күн тоқырап тұрады. Басты мәселе жанар-жағар май жоқ, ол жоқ болған соң жұмыс та жоқ. Осындай күздің көңілсіз күндерінің бірінде үйге нағашым Нұрлыбай келе қалды. Келгенде жәй емес, бұйымтаймен келген. Зейнет жасында болса да шаруадан қалмай, ел қатарлы еңбек етіп келеді. Нағашым осы ауылдың алдыңғы қатарлы шопандарының бірі. Соңғы кездері ауру меңдеп жүргенін білетінмін. Бойжеткен қыздары, ержеткен ұлдары бет-бетімен жан-жаққа кеткен. Қолында кенжесі Әлихан ғана бар. Сол Әлиханды әскер қатарына шақырту қағазы келгелі ақсақалдан маза кеткен. Оның себебі, нағашымды сырқат шалғалы Әлихан барлық негізгі шаруаны өзі жүргізеді, Жасына қарамай әбжіл шаруақор, малсақ жігіт. Ол әскерге кетсе, мұндағы тірлік қараң қалайын деп тұр. Колхоздың малын аман-есен өткізіп беруге болар еді, онда көп жыл тірнектеп жинаған ірілі-ұсақты малын ауыл ішінде қалай бағады? Жылқы далада тебіндеп жайылар, 70-80 бас ұсақ малды қайтпек... Баланы әскерден алып қалудың қамымен ауданға барған екен, сондағы әскери коммисариатта істейтін Жәмилә әкпеміз бұл мәселені облыста ғана шешуге болатынын айтыпты
Саған келген себебім, сен Жәмилә екеумізді өзіңнің машинаңмен облыс орталығына апарып келсең? Облыстағы бастыққа жолығып осы тірлікті біржақты шешіп қайтсам ба, деймін!
Жақсы, Нұреке, өзімнің де облыс орталығына баруым керек еді. Ертең таңғы сағат жетіде үйден алып кетемін, дайын отырыңыз
Келісілген уақытта нағашымды алып, аудан орталығында тұратын Жәмилә әкпеме тарттық, Ол кісі де бізді күтіп отыр екен, үшеуміз көлікке отырып, үлкен тас жолға түсіп, қалаға бет алдық. Күн ашық, дала салқындау. Өсімдік атаулы сарғая бастаған. Алайда, біздің көңіл күйіміз көтеріңкі. Жаңа машина сынаптай сырғып, тегіс жолдың апшысын қуырып келеді. Біздің жақта, Арқадағыдай нағашы-жиен болып әзілдеспейді, сонда да неге екенін, бұл кісімен жиі қалжыңдасамыз, әңгімеміз жарасымды. Сол әдетпен ананы-мынаны қозғап, көңілді барамыз. Нағашым университетте оқымаса да, өзіне қажетті білімі бар, өмірден көрген, көңілге түйген ойлары көп, парасатты жан. Кітапқұмар. Ескі әңгімелерді жатық тілмен шебер айтады, қисса-дастандардан кейбір үзінділерді жатқа соғады. Жас кезінде серілеу жігіт болыпты, сол уақыттағы әңгімелерін елден естігенім көп. Бірақ ол жайлы маған жақ ашқан емес. Ауыр мінезді, көп сөйлемейтін, сөйлей қалса әңгіменің майын тамызып айтады
Жол жөнекей жазық далада көзұшында, сары сағымдай жылжып бара жатқан топ жануарды алғашында ұсақ мал екен деп қалдым. Мен қараған жаққа самарқау көз тастаған, Нұрекең: - ақбөкендер ғой, биыл біздің өңірге Сарыарқадан көптеп ауып келіп жатыр, ол жақтан не пәле шыққанын...Биылғы қыс осал болмайын деп тұр-ау осы! –деді
-Сарыарқадағы космодромнан ғарыш кемелері аспанға ұшқан сайын, табиғат зардап шегеді, улы гептил...төгеді, киігіңіз содан қашады –да!?
- Оны білемін, ғарыш айлағы қазаққа сор болып тұрған жоқпа? Сол аймақтың тартатын азабы Семей полигонынан кем емес! Атам заманнан аман-есен келе жатқан Арал теңізінің тартылуын да осы космодромның кесірінен көремін
-Нағашы, ақбөкенді неге киік, лақтарын құралай деп атайды, - дедім мен көңілсіз әңгіме ауанын басқа арнаға бұрып
-Оның мәні, ақбөкен киелі аң болуы себепті киік аталады. Ата-бабаларымыз осыны білген. Сондықтан, оларды себепсіз қырмаған, киелі аң деп қастерлеген. Ол туралы аңыз-әфсаналар көп, оны өздерің де жақсы білесіңдер. Басқасын былай қойғанда, Ақсақ киік аңызын көзі қарақты елдің бәрі оқыған шығар-ау? Адам ата кезінен келе жатқан көне жануардың лақтарын құралай деп аталуын аталарымыз былай түсіндіреді: құралай деген көзі мөлдіреген тышқан тектес өте сақ әдемі құс бар, киіктің лағының көзі соған өте ұқсас! Сол себепті осылай аталады деп пайымдаймын. Қазақта «құралайды көзге атқан» деген сөз бар, дарынды мергендерге берілетін баға.
- Көке, «құралайдың салқыны» деген ұғымның киікке қатысы бар ма ? – деп әңгімеге Жәмилә әкпем араласты
- Әрине бар, киіктің қасиетті жануар екенін дәлелдейтін айқын мысалдың бірі, көктем кезінде киік төлдейтін уақытта біз «бесқонақ» , одан кейін болатын «құралайдың салқыны» деп аталатын табиғаттың күрт суып, жауын-шашынды болып өзгеретін құбылысы бар. Дәл осы уақыттың киіктерге берер пайдасы мол! Аналық киіктер қатты соққан желге қарсы жүгіреді де, жаппай төлдей бастайды. Осы уақытта олардың алаңсыз төлдеуіне Жаратқан Иеміз барлық жағдай жасап қойған. Жыртқыш аңдар жортпайды, шыбын-шіркей мазаны алмайды. Арынды жел төлдің шуын жылдам кептіріп, төлдің тым ерте ширауына септігін тигізеді. Туылғанына 5-6 күн болған лақтар шапқан атқа жеткізбейді. Дәл осы аралықта киікоты және түйетабан деп аталатын шөптер қаулап өсіп шығады. Алдыңғысымен киіктің өзі, соңғысымен киіктің лағы қоректенеді екен. Айта берсең киік туралы әңгіме көп қой, шырағым
Көздеген уақытымыздан сәл ертерек қалаға келдік. Туыстарымды облыстық әскери коммисариаттың алдына қалдырып, өзімнің тірлігіммен кеттім.
Түске қарай қайта оралсам, нағашым көңілді, жүзі жайнап тұр, мәселе оң шешімін тауыпты. Осы істің орайын келтірген Жәмилә әкпеме де алғысы шексіз.
Дұрыс болған екен, арты қайыр болсын. Олай болса, осы арадан түстік тамағымызды ішіп алып, ауылға қайтайық ? – дедім
Айналайын жиен! Сен асықпа, қазақта қайыр қылсаң, бүтін қыл деген аталы сөз бар, шырағым! Көңілім шалқып, мерейім тасып тұр. Аллаға шүкір, сендердің арқаларыңда келген ісіміз сәтімен бітті. Ендігі тілегім, асықпасаңдар мына күре жолдан ары - асудан асатын ауылда тұратын қарындасыма барғым келіп тұр, бірге туған бауырым емес пе?! Енді қашан жолым түседі? Ренжімесең, сонда барып түстенейік?
Жарайды онда, нағашы, күнде сұрап жатырған жоқсыз, қалағаныңыз болсын!
Үлкен әкпеміз біздің келгенімізге жас балаша қуанды, асты –үстімізге түсіп бәйек болып, шаттанып жүр. Ауылдас көршілерін шақырып, барын дастарханға қойып мәре-сәре болды. Жақсы көңілмен, әдемі әзілмен уақыттың зымырап өткенін білмей қалыппыз. Қас қарая бастады. Қонақжай үй иелерінен рұқсат сұрап жолға шықтық. Шамамен ауылдан 10-15 шақырым шыққан уақытта, шамның жарығына жол үстінде тұрған белгісіз сұлба ілінді. Қимылсыз қатып, бізге қарап қалған. Жақындай келе, киіктің текесі екенін байқадық. Арындап келе жатқан машинаның тізгінін оңға қарай бұрып, айналып өтуге ниеттенгенімді байқаған нағашым айғай салды:- тура тарт, жанынан, қағып өт!
Мен еріксіз рульді жалма-жан солға бұрып, атыла берген киіктің артынан жанай соқтым да, өтіп барып, қалт тоқтадым. Машинадан түсіп, жүгіріп барсам қатты соққы алған киік жолдың жиегінде жүресінен жатыр. Бұрын қалай байқамағанмын, керемет сұлу жануар екен, дөңес мұрынымен мөлдіреген көздері шебер үйлесім тапқандай. Ақшыл сары терісі сондай әдемі. Қол фонардың жарығына шағылысқан жанарына көзім түсіп, тітіркеніп кеттім. Жон арқасынан ақырын ғана сипап едім, денесі дір ете қалды. Сол арада, алқынып нағашым да жетті, – әп , бәрекелді, бізге бұйыртқан екен –деп, сол қолымен киіктің басын шалқалата көтеріп, екінші қолындағы өткір кездігімен тамағынан орып жіберді...Қапелімде не болғанын пайымдай алмай қалдым, араша түспек ниетте едім, әшейінде сылбыр қыймылдайтын кісі әп сәтте жануардың жанын жаханнамға жіберді. Өзімді біртүрлі кінәлі сезіндім
-Обал болды ау, жазықсыз жануарға, беймезгіл уақытта неге шыққанын алдымыздан? –дедім, естілер –естілместей ақырын сөйлеп
-Ажалы жетіп тұр да, жануардың – деді Нағашым да көңілсіз күйге енгендей. Сол арада өлі киікті аза тұтқандай біраз уақыт үнсіз тұрып қалдық.
-Жүрейік, бұл не тұрыс,-деген нағашымның сөзі мені селт еткізді. Жабыла көтеріп, киікті машинанын жүк салғышына салып, ауылға қарай жолға түстік.
-Апырай, мына киіктің неге зулап келе жатқан машинадан қашпай тұрғанына таң болып отырмын- деп, нағашым күбірледі ақырын ғана, байқаймын дем арасында көңіл-күйі түсіп, қатты да қалды
-Шамға көзі шағылысып, қарыққан болар –деп жауап қатқан маған көңіл бұрған жоқ
- Мәссаған, менің көйлегіме қан жұғыпты, нағашы маған осындай әдемі көйлек әпересіз –деген Жәмилә әкпемнің сөзі де жауапсыз қалды
Аудан орталығында тұратын Жәмилә әкпенің үйіне дейін үшеуміз үнсіз келдік те, ол кісімен қоштасып, ауылға тарттық. Екеумізде де үн жоқ. Ауылдың шетіне іліне бергенде ғана:
-Киіктің неге одырайып, жолдан кетпей тұрғаны... миыма кірмейді, киелі аң болмаса нетті -деді. Нағашымның неге мазасы кеткені түсінікті болды. Бірауыз сөзбен көңіліндегі түйткілдің сырын ашты. Олай болса, неге киікті машинамен соқтырады, бәр сәттік құмарлық, қызыққа алданып қалдыма екен?!
Машинаны қақпасынан үйіне дейін кіргізіп, көліктің жүксалғыштын ашып, киікті алып қалуын сұрадым.
Нағашым бетіме бажырая қарап:
- оны мен не істеймін, өзің ала бер –деді, өңі біртүрлі алабұртып тұрғандай! Қабағы қатыңқы.
Маған да керек емес, сіз алыңыз, түн ішінде киікті сойып, етін боршалайтын келініз де пысық емес!
Маған неғыл дейсің, енді? Жоқ, сенде болсын, - деді тұнжырап тұрған қалпы
Сізге бұйырсын, алыңыз, жасыңыз үлкен; сіздің жолыңыз ғой – дедім мен, қазақтың дәстүріне салып
Жоқ, сен ал, бердім жолымды. Алла разы болсын, рахмет –деп шалт қыймылмен шал бұрылып үйіне кіріп кетті
Мен амалсыз машинаға отырып, үйге бет алдым. Орталық көшеге жете бере, қарама –қарсы жеңіл машина шыға келіп, тоқтауға белгі берді, тани кеттім, осындағы мектеп директоры Мұрат досымның машинасы.
Түнделетіп қайдан келесің? –деді амандасып жатып
Облысқа шаруамен бардым, жолшыбай нағашы әкпемде қонақта болып кеш қайттым. Өзің қайда жортып барасың?
Ой, сұрама, алыстан қадырлы қонақтар келіп, асығыс екен! Жолшыбай соққан ғой, масқара үйде түйір ет жоқ, қойлы ауылдан мал әкелуге шықтық, інім екеуміз.
Онда сенің жолың болды, менің машинамның артында семіз киік жатыр, соны ала ғой.
Шын айтасың ба? Оны қайдан алдындар, аңшылар берді ме?- деп Мұрат таң қалғанын жасыра алмай.
Жоқ, жол үстінде тұр екен, машинамен соғып алдық.
Қойшы-ей, әзіліңе болайын, сені күтіп тұрғаны ма сонда? Осы саған ғана аң кездесе береді екен, өткенде қасқырдың арланын машинамен соғып алдың,енді киік аласың, бұл қалай осы?
Қасқырды мен емес, менің жүргізушім алды, мен жай жанында отырдым. Рас, жыртқышты арнайы із кесіп жүріп алдық емес пе? Ал, мына киік шынымен де бізді тосып тұрғандай болды..
Қызық екен, ол неге тұрды жолда- деп Мұрат әлі де сенбей тұрғандай ақырын сөйлеп - Жарайды, рахмет досым – деп, киікті өзінің машинасына салып алды
Жақсы, сау бол!
Сол оқиғадан көп ұзамай аяулы нағашым Нұрекең бақиға кетті. Менің тілекші әкпем Жәмилә да, аңқылдаған ақкөңіл Мұрат досым да өмірден өтті. Нағашымның қазасынан соң, бірі жаман аурудан, екіншісі көлік апатынан бірінің соңынан бірі іркес-тіркес кетті! Осы кісілердің мезгілсіз өмірден өтуі маған қатты әсер етті! Мені сол түнгі оқыс оқиға , жазықсыз жануардың ажалы осы кісілердің Арада көп жылдар өтседе осы оқиға менің есіме жиі оралады. Сол жазықсыз жануарды қағып өлтірудің не қажеты бар еді? Адамдар обал-сауап деген қасиетті ұғымдарды ұмыта бастады ма?
Осы ой - басқа тұңғиық ойдың бастауы тәрізді.
Әділ Досанов,
Қазақ үні