Мирас пен Құралай: "Асыл жарым" - бізді нағыз асыл жар етті

МЕНІ ҚҰРАЛАЙДЫҢ ӨЗІ ІЗДЕП ТАПҚАН Мирас: – Өнерде де, өмірде де бірге жүрген жарасымды жұптардың бірісіздер. Құралай екеуіңіздің таныстықтарыңыз қалай басталды? – Мен Ақтөбенің жігітімін. Құралай Семей қаласының тумасы. Екеумізді табыстырған Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерватория. Екеуміз де осы оқу орнында оқып, білім алдық. Құралай студент кезінде Алматы қаласындағы Неке сарайларының біріне әнші болып жұмысқа орналасты. Сарай басшылығы Құралайға қасына бір ер азамат тауып, жұптасып шырқаса, жарасымды көрінетіндігін айтыпты. Әрі ондай жігітті табуды өзіне тапсырыпты. Қос аққудай қолтықтасқан жас-жұбайларды махаббат туралы ән шырқаған қыз бен жігіт жұбының қарсы алуы – шынында да керемет көрініс еді. Сонымен, сырттай ғана танитын Құралай маған: «Бірге ән айтсақ қалай қарайсың?» деген ұсыныс жасады. Жалақысы жақсы екен, бірден келісе кеттім. Жұмыс бір болғасын, екеуміз жақын араласа бастадық. Келбеті көркем Құралайдың ішкі жан-дүниесі де сұлу болып шықты. Мен ғашық болып қалдым. Біздің сыйластық-достығымыз – шынайы махаббатқа ұласты. Қазір: «Мені Құралайдың өзі іздеп тауып алған» деп, әзілдейтін болдым... – Ер азаматсыз, сұлу жарыңызды қызғанған сәттеріңіз болды ма? – Шынымды айтсам, мен «қызғаныш» деген сөздің ұғымын дұрыс түсінбей келген сияқтымын. Осындай мағынада сұрақ қойған сіздің әріптестеріңізге «Жоқ, бір-бірімізді қызғанбаймыз. Бір-бірімізге сенеміз» деп жауап беретінмін. Ислам дініне бет бұрғаннан кейін, бұл туралы түсінігім өзгерді. Қазір ерлі-зайыптылардың бір-бірін қызғануы – табиғи заңдылық, деп есептеймін. Жарымды Алла тағала аманат етіп бергендіктен, оған қорған болу – парызым. Бірақ, Аллаға шүкір, Құралайдың мен қызғанатындай себеп туғызған кезі жоқ. Құралай: – «Отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» демекші, Мирас екеуіңіздің бір-бірлеріңізбен келіспей қалатын кездеріңіз бола ма? – «Әйел үйдің – шегесі, еркек оның – егесі» деген аталарымыз, кез-келген қазақ әйелі – ең бірінші кезекте – өзінің ерін құрметтей білсе, шаңырақта ұрыс-керіс болмайды. Шаңырақ көтергенімізге он жылдан асса да, бір-бірімізге қарсы келіп, кикілжің салған кезіміз жоқ. Мұның өзі ата-анамның берген тәлім-тәрбиесі мен ақыл-кеңесін жадымнан шығармағандығымнан шығар. Оның үстіне, «Келіннің – ененің топырағынан жаралатындығы» тегін емес-ау, енемнен алған үлгі-өнегем – ынтымақ-бірлігіміздің жарасып, тату-тәтті ғұмыр кешуімізге тікелей септігін тигізіп келе жатыр. Енем маған үнемі: «Еркек ашу шақырса, шаужайына жағаласа кетпей, жылы жымиып қоя сал» деп айтады. Мирастың көңіл-күйі болмаса, мен де соған бейімделемін. Мен күліп тұрған соң, ол не нәрсеге ашуланып тұрғанын тіптен ұмытып кетеді. – Әншінің өмірі бірқалыпты емес, әрдайым алыс іс-сапар­ларда жүруге мәжбүрсіз. Балала­рыңыздың тәрбиесімен кім айналысады? – Мирас екеуміздің ел алдында жарқырап жүргеніміз, азды-көпті жетістікке жеткеніміз – ата-енеміздің, бауырларымыздың арқасы деп білемін. Өйткені, ол кісілер біздің өнерімізді түсінгендіктен қашан да, қолдау білдіріп келеді. Балаларымызды бағып-қағып өсірген де, тәрбиесімен де айналысатын да – мамамыз. Дегенмен, қолымыз қалт ете қалса, Мирас екеуміз де балалардың тәрбиесіне көңіл бөлуге тырысамыз. Мирас: – Өнерлеріңізге етжақын ата-анаңыздан, бауырларыңыздан басқа қолдау көрсеткен жандар болды ма? – Шынын айту керек, Құралай екеуміздің Алматыға көшіп келу деген ойымызда да болған жоқ. Ақтөбе қаласындағы Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік филармонияда, Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде ұстаздық қызмет атқарып жүрдік. Классикалық әнші ретінде оркестрде және хорда ән салдық. Аракідік эстрадалық бағытта ән шырқап, тойларға да шығып тұрдық. Осыдан кейін Алматыдан келетін танымал әншілермен байланыс орната бастадық. Сонда «Нұр-Мұқасан» тобындағы Мұқасан: «Неге өнердің ордасы – Алматыға көшіп келмейсіңдер?» деп қолқалап қоймайтын. Ақыры, Алматыда тұруға бел байладық. Бірақ, біржолата алматылық боламыз деп шешім қабылдаған жоқпыз. Мұқасан бізді Бағлан Омаровтай білікті продюсермен таныстырды. Ол кісі әнімізді кәсіби тұрғыдан өңдеуге қол ұшын берді. Бізге жаңа әндер ұсынып, халықтың алдында танылуымызға жол ашты. Бірақ, мен ата-анам, бауыр­ларым Ақтөбеде қалғандықтан, артыма алаңдаумен күй кештім. Содан анама хабарласып: «Сіздер осында көшіп келіңіздер, болмаса біз қайтадан Ақтөбеге кері қайтамыз» дедім. Ол кісілер: «Алматы – сендерді танымал етеді. Өнерлеріңнің өрістеуіне жол ашады. Біздің сендерге барғанымыз дұрыс болар» деп жанашырлық танытып, осында қоныс аударды. Сондықтан, ата-анамыздың біздің шығарма­шылығымызға қосқан үлесі зор деп айтуға болады. – «Білікті продюсермен жұмыс жасадық» деп қалдыңыз. Қазір продюсерлеріңіз бар ма? – Бағлан Омаров ағамызды продсеріміз десек те болады. Бірақ, арамызда ешқандай келісім-шарт жоқ. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген, ол кісі жанашыр ағамыз ретінде бізден көмегін ешуақытта аяған емес. БІЗДІҢ ЕЛДЕ КЛАССИКА ЖАНРЫНА НАСИХАТ ЖЕТІСПЕЙДІ – Көп әншілерде кездесе бермейтін кең диапазонды дауыстың иесіздер. Сөйте тұра, классика жанрын қолға алмай, эстрадаға бет бұруларыңызға не түрткі болды? – Біз бала күнімізде Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев, Роза Жаманова сияқты классикалық әншілерді тыңдап өстік. Бүгінгі мектеп оқу­шылары да дәл осылай тыңдайды деп айту қиын. Бұрын­дары классикалық бағыттағы әншілерді ауылдағы қарапайым трактористке дейін білетін. Ермек Серкебаев ағамыздың бір сұхбатында «Біздің концертімізде ине шаншыр орын болмайтын» дегенін естігенім бар еді. Иә, бұрын солай болған. Қазір классиканы тыңдайтын құлақ аз. Мән мағынасы жоқ бірнәрсені аузын жыбырлатып айтып жүрген кейбір эстраданың әншілерін халық көшеде көрсе, тануы мүмкін. Неге десеңіз, олар теледидардан түспейді. Шетелдерде опералық әншілерге деген құрмет ерекше. Ал бізде опералық әншілерді қарапайым халық түгілі, кейбір өнердің айналасында жүрген жандардың өзі аттарын атап, айтып бере алмайды. Шындығын айтқанда, опералық әншілер эстрададағы кейбір әншілер сияқты фонограмма арқылы ауыздарын жыбырлатып айтпайды, жанды дауыста бар жан-тәнімен беріле шырқайды. Ол үшін қаншама тер төгеді. Сондықтан, олардың айлық жалақысын көтеріп, ел арасында насихаттау керек. Сонда көрермендердің қарасы да көбейер еді. Классикалық концерттерде оркестрде жүз шақты адам өнер көрсеткенімен, концерт билетінің бағасы үш жүз-төрт жүз теңгеден аспайды. Бұл әншілердің қай жыртығына жамау болады? Өнердің классикалық бағыты кеңірек насихатталса, осы саладағы қызметкерлердің еселі еңбектері ел алдында еленсе, нұр үстіне нұр болар еді. Шетелден келген қонақтар біздің классикамызды тыңдау арқылы еліміздің мәдениетіне баға беріп жатады. Осы жағы да ескерілсе жөн болар еді. Біздің эстрадаға келгендегі ойымыз – өзімізді басқа қырынан байқап көру ғана еді. Келе-келе эстрадаға деген қызығушылығымыз артып, осы жолға түскенімізді өзіміз де байқамай қалдық. Елге эстрада әншісі ретінде танылғанымызбен, классика жанрын ешқашан ұмыт қалдырған емеспіз. Классикалық концерттерде Құралай екеуміз Құрманғазы атындағы оркестрмен де, «Отырар сазымен» де бірлесе отырып, түрлі шығармалар орындап жүрміз. Классикалық кеш өтетін болса, біз онда міндетті түрде табылуға тырысамыз. – Классиканы тыңдайтындар қатарының аздығы насихаттың жоқтығынан ба, әлде, жұрттың классиканы түсінбейтіндігінен бе? – Бұған себеп – насихаттың аздығы десек, дұрыс болатын шығар. Өйткені, классиканы елдің бәрінің түсінуі міндет емес. Классиканы тыңдайтындар тіптен аз. Егер біз классикалық тұрғыдағы шығармаларды теледидардан, радиодан жиі беретін болсақ, халық оны қабылдайды. Мен бұрындары концерттерде күрделі шығарма орындағанда, халық қабылдамайтын шығар деп ойлайтынмын. Бірақ, олай емес екен. Неге десеңіз, ол қандай ән болса да, жүрекпен айтсаңыз, «жүректен шыққан ән, жүрекке жетпей» қоймайды екен. Құралай: – Балаларыңыздың өнерге деген бейімі бар ма? – Кейде концертке бала­лармен шығып жатамыз. Бірақ, өз балаларымызды сахнаға қарай жетелеу ойымызда жоқ болатын. Бір жолы әжесі қол­қалап қоймағасын, Іңкәр мен Кәмшатты сахнаға алып шықтық. Кіші қызымыз Кәмшаттың әнге деген ынтасы бар. Мирас олардың әнші болғанын қаламайды. «Өнерге деген ынта-ықыласы соншалықты зор болатын болса ғана жетелеймін, әйтпесе, қажеті жоқ» дейді ол. – Ән таңдауда кімнің пікірі маңыздырақ... – Әрине, бұл тұрғыда мен Мирастың пікіріне құлақ асамын. Арнайы мамандармен де кеңесeміз. Қандай ән болмасын: әні мен сөзінің екеумізге бірдей ұнағаны маңызды. Әннің мәтініне де жете мән береміз. Бірге шырқайтын болғандықтан, біреуімізге ұнамаса, оны қалай халықтың алдына алып шығамыз? – Жақында белгілі ақын Қазыбек Исаның «Ұмытпа мені, аяулым» атты әнін нақышына келтіріп орындағандарыңызға куә болдық. Әннің тарихын баяндай отырсаңыздар... – «Ұмытпа мені, аяулымның» сөзін ақын Қазыбек Иса жазса, әні Қалдыбек Құрманәлінікі. Біздің осы уақытқа дейін орындаған махаббат туралы әндеріміз бізді халықтың алдында бір-біріне ғашық, бір-бірін шын сүйетін жандар екендігімізді көрсетті. Яғни, біздің шынайы образымызды танытты. Ал, «Ұмытпа мен, аяулымның» мазмұны бұрынғы орындаған әндерімізге қарағанда өзгерек. Біз өнер адамы болғандықтан, түрлі образды көрсете білуіміз керек. Бұл әнді шырқау арқылы біз Алаштың айтулы ақыны Қазыбек Исаның сонау жастық шағында жүрегін тебіренткен аяулы аруға деген сырлы сезімін – әуелеген әдемі ән арқылы жеткізе білдік деген ойдамыз. Меніңше бұл әнді тыңдаған әрбір жан, оның мазмұнына терең үңіле білсе, тарихынан да хабардар бола алады. Бұйыртса жақын күндері «Ұмытпа мені, аяулым» әні радиотолқын арқылы тыңдарманға жол тартпақ. – Өнер айдынында қос аққудай бірге жүзген жарасымды жұптардан басты ерекшеліктеріңіз қандай деп ойлайсыздар? – Өнердегі ерекшелігіміз – музыканың қос бірдей жанры: классика мен эстрадада ән салатындығымыз. Әрі осы екі бағытты ұштастыра білетіндігіміз. Ал, жарасымды жұптардан өмірдегі ерекшелігіміз деп айтуға болатын шығар, шаңырақ көтергелі бері ата-енемізбен бірге татту-тәтті өмір сүріп келеміз. Мұның өзі бүгінде өнер адамдарын айтпағанда, қарапайым отбасылардың өзінде сирек кездеседі. Сондай-ақ, Мирас екеуміз қазір үш перзенттің ата-анасы болсақ, болашақта көп балалы болсақ деген ойдамыз. – Бір әулеттің үлкен келіні екеніңізді білеміз. Келіндік міндетіңізді атқаруға уақыт табыла ма? – Әрине, келін ретінде ша­мамның келгенінше өз міндетімді атқаруға тырысамын. Әйтсе де, өнердің ауыр жол екенін ескеретін енеміз, көбіне маған түсіністікпен қарауға тырысады. Ел алдында жүретіндіктен, дұрыс демалуымыз қажет екендігін ескертіп отырады. Өзімнен кейінгі келіндер де, енем де өнеріме үнемі қолдау білдіріп отырады. Сондықтан, арнайы қонақ шақырғанда, кейде үйге қонақтармен бірдей келсек, кейде, тіпті олардан кейін келетін кездеріміз де болады. Мирас: – Мирас, «сегіз қырлы, бір сырлы» серілердің бірісіз. Қосымша табыс көзіңіз бар шығар... – Әрине, бүгінгідей нарық заманында кез-келген ер азаматқа бір іспен ғана шұғылдану аздық етеді. Халал іспен тапқан ақшада ғана береке болатындықтан, қоғамдық халал сауна ашқан болатынмын. Мұнда шариғатымызда харам деп танылған нәрселердің бәріне қатаң тыйым салынған. Бүгінде жұмыс жасай бастағанына жылдан асты, шүкір табысы жаман емес. Алдағы уақытта бұйыртса, қонақүй ашуды жоспарлап отырмын. ӘН АЙТЫП ТҰРЫП, ЕБІЛ-ДЕБІЛ ЖЫЛАҒАН КЕЗІМ БОЛҒАН – Өнер адамы болғандықтан, басыңыздан түрлі қызықтар өткен шығар... – Ақтөбе қаласындағы Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік филармонияда қызмет атқарып жүрген кезімде оркестрмен ән салған болатынмын. Оркестрдің дерижері Атырау өңірінің тумасы Қайырғали Қожанбаев еліміздің бірқатар өңірін аралап, шығармашылық концерт өткізді. Бірде өзінің туған жеріне барып, концерт қоятынымызды айтты. Ағамыздың туған елі Атырау қаласына қарасты кішкентай ғана ауыл екен. Біз концерт қоятын Мәдениет үйі өте шағын болғандықтан, оркестр құрамы түгелімен сахнаға сыймай, әншілер іріктеліп алынды. Көп уақыт өтпей-ақ, жүргізуші Қайырғали Қожанбаевтың әні «Қазақстан» деп хабарлап, сахнаға мені шақырды. Кіп-кішкентай сахнада зор дауыспен ән шырқау қиынға соқты. Себебі, залға көз тастасам, көрермендер құдды бір мұрнымның астында тұрғандай көрінді. Сонымен не керек, «Қазақстан – елдің аты» деп бар дауысыммен шырқай жөнелдім. Көзімді төмен салсам, алғашқы қатарда отырған Құралай мен Марат деген досым: «Мынау сонша Республика сарайында ән салып тұрғандай беріліп кетіпті ғой» деп бір-біріне сыбырлап жатыр екен. Осы әңгіме құлағыма жеткесін, бар ынта-жігеріммен орындап жатқан менің аяқ астынан дауысым шықпай, дірілдеп кетті. Қатты күлкі қысқаны соншалықты, дауысым жоғалып кетті. Бірақ күлкіге ерік бермей, өз-өзімді ұстауға тырыстым. Әнді «Қааа-ззаа-қсссттаанн» созып айтқаным сол еді, көзімнен жас парлап кетті. Ақырында шыдай алмаған соң, көрерменнен кешірім сұрап, сахнаны тастап, шығып кеттім. Сол сәтте көрерменнен де, Қайырғали ағадан да қатты ыңғайсыздандым. Концерт аяқталған соң, бірқатар үлкен кісілер келіп: «Балам, сені түсінуге болады, патриоттық ән шырқап жатқан соң, толқыған шығарсың. Бірақ, сонша жылағаның не?» демесі бар ма? Мен не дерімді білмей, сасып қалдым. Сөйтсем, жиылған жұрттың бәрі мені: «Әнге қатты беріліп кеткендіктен жылап жіберді» деп ойлапты. – Шығармашылық жоспар­ларыңыз қандай? – Таяу уақытта жүзеге асуы тиіс жоспарларымыз жетерлік. Жалпы мен өзім пысық жігіттердің қатарынан емес шығармын. Өйткені, Алматыға келгелі бері 5 жылдан асса да, әлі жеке альбомымызды шығарған жоқпыз. Бұйыртса ағымдағы жылы жеке альбомымызды шығарып, ел алдындағы есеп беру концертімізді өткізбекпіз. Жаймашуақ жаз айында жаңа бейнебаян түсіру де ойымызда бар. – Құпия болмаса, алғашқы альбомдарыңызды қалай атамақ­сыздар? – Альбомның атына байланысты әлі нақты шешім қабылдаған жоқпыз. Бірақ, бізді өнер әлемінде Мирас пен Құралай етіп халыққа танытқан екеуміздің де жүрегімізге жақын ән «Асыл жарым» әні. «Асыл жарымның» әнін де, сөзін де Ерлан Нұрманғалиев атты ағамыз жазған. Бұл ән біздің бағымызды ашты. Сондықтан, «Асыл жарым» деп атағанымыз жөн шығар деген ойдамын. Өйткені, «Асыл жарым» әні – бізді нағыз асыл жарлар етті...Бұл өзімнің ғана жеке ойым. Алдағы уақытта өзгеріп қалуы да мүмкін. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Гүлмира САДЫҚ   ҰМЫТПА МЕНІ, АЯУЛЫМ...      Сөзі - Қазыбек Иса Әні – Қалдыбек Құрманәлі Күт деп ең біраз уақыт, Жаным-ау, менің жаны игі. Кеткен бе ең сонда жұбатып, Кеткендей алдап сәбиді... Қайырмасы: Арман боп қалдың алыстап, Өтуде сенсіз баяу күн. Сол күндерді еске қал ұстап, Ұмытпа мені , Аяулым. Сәулелі мұңға бөлер көп, Сәулесі сол бір шақтардың. Сәулем-ау, сені көрем деп, Сәулесін күттім ақ таңның. Қайырмасы: Үзілмес мәңгі үмітім, Мүмкін бе сені ойламау ? Күтсін деп, мені, күні -түн, Кездескен бе едің, айнам-ау. Қайырмасы: Үніңнен бойға тараған, Қияға қанат жайғанмын. Қиылып маған қараған, Көзіңнен сенің айналдым. Қайырмасы: Қылығың пәктік ойнаған, Дауалап мені қойған мың. Жайымды менің ойлаған, Жаныңнан сенің айналдым. Қайырмасы: Жұбатып мені кетсең де, Кетпеді естен бал дәурен... Бір хабар берші , өтсең де, Сәбидей мәңгі алдаумен... Қайырмасы: