ОҚУДЫҢ ДА, ТОҚУДЫҢ ДА МӘНІ БАР

ОҚУДЫҢ ДА, ТОҚУДЫҢ ДА МӘНІ БАР

«Білімді ұлт, сапалы білім беру» жобасы бағытындағы ой әйгілі әнші, сәні мен салтанаты, көркі мен ақылы жарасқан ғажайып жаратылыс иесі Бибігүл Төлегеновадай әпкелеріміздің ғұмырбаянын еске түсіреді. 

Жалпы, ілім-ғылым адам баласына не үшін қажет деп толғансаңыз, бір сәт: «Біз осы тірлігімізді қиындатып алып жүрген жоқпыз ба? Өмірдің өзіндей қарапайым қағидарларды өз қолымызбен күрделендіріп жібермедік пе» деп тосыларыңыз анық. Мұндайда қазақ атамыз «Оқу емес, тоқу!» деп бекер айтпайды екен-ау деп түйілесіз. Өзіңіз бастан өткерген күндердің ыстық-суық әсерін, жинаған титтей тәжірибеңізді іске ұштастыра білудің өзі даналық шығар деп топшылайсыз. Сөйтіп ізгілікті де мәнді ғұмыр кешу, маңайыңызға жан шуағын шашу бақыттың ең үлкені екенін пайымдайсыз. 

Демек, сапалы білімге сусындау ісі бос ұраншылдыққа, желбуаз дақпыртқа айналмауы қажет екен. Ендеше мағыналы өмірімен өнеге болып, жай ғана лебізінің өзі ғаламат бір ғибрат сияқтанатын апайдың сөзіне ден қойсақ. 


– Адам өмірінің ең бақытты кезеңі – ата-анаңның аялы алақанында, мейірімді құшағында өтетін алаңсыз балалық шақ екен. Менің осынау шаттыққа толы шағымның мерзімі шектеулі болғанымен, әлі күнге сағынышпен еске аламын. Біз Алтайдың баурайындағы Қатонқарағайда әкем жалаға ұшырап, айдалып кеткенше тұрдық.

Сол бір отыз алтыншы-отыз жетінші зобалаңды жылдарда бес-алты ғана жасар сәби едім. Сөйтсе де көп нәрсе есімде қалыпты. Әкемнің қолы қалт еткен шақта қолына сырнайды, мандалинді немесе скрипканы алып, неше түрлі әуенді құйқылжытып ойнай жөнелетін. Әсіресе, татардың ойнақы әндерін сүйіп орындайтын. Ал анам Майнұр болса табиғат берген талант иесі еді. Әкемнің аспапта сүйемелдеуінде өзінің бұлақ сылдырындай мөлдір үнімен анамыз сызылта ән салғанда біз оларды қанша болса да жалықпай тыңдауға бар едік.

Жарық дүниеде жүректің күйін шертетін бірде шаттыққа толы, бірде мұң шалған саздың болатынын, ананың аялы алақанымен қоса аяулы сезімін жеткізетін әуеннің болатынын жастайымыздан бесік жырын тыңдап сезініп өскен біздің шаңырақтың балалары өмірдің өзін ән арқылы танып-білдік. Әкеміз бен анамыздың осы өнегесі бізге де сәулелі шуағын шашып, дарын болып дарыды. Әсіресе, анамыздың ғажайып даусын қабылдаған әпкем Бибінұр да, сіңлім Роза да, мен де өнерге бейім болып өстік. Ән салғанда бірімізден біріміз кем түспесек те, етім тірілеу болғандықтан ба екен, әйтеуір, мен өнерге бар ықыласыммен ден қойып, әнші болдым. 

Мүмкін менің ауырлау болса да өмірден осы жолды таңдап, қандай қиындыққа тап болсам да, алған бетімнен таймауыма сонау сәби шағымдағы әкемнің «Осы балам әлі-ақ атақты әншіге айналып, талайларды тамсандыратын болады» деген үміт артқан бір ауыз сөзі себеп болған шығар деп те ойлаймын.

Өкінішке орай, аққа қара, ақиқатқа жала жапқан сол бір зұлматты жылдар біздің де сүттей ұйыған шаңырағымызды шайқап кетті. Зәбір көрген жетім-жесір, мұңлық-зарлықтарға қамқорлық көрсеткені үшін әкеме «халық жауларының сыбайласы» деген жаманат тағылып, жазықсыз жабылған жаланың құрбаны болып кете барды.

Шаш алса десе, бас алатын аламандардың көрсетер зәбір-жапасы мұнымен таусылмады. «Тәркілейміз» деп, үстіміздегі бір-бір қабат киімнен басқасын түгел сыпырып әкетті. Анам байғұс шиеттей бала-шағамен қалды. Амалсыздан туған жеріміздегі бірді-екілі ағайынды пана көріп, Абыралыға көштік. Ілдалдамен күн кешкен қысталаң шақта кімге кім көмек бола алсын?

Әйтеуір, көрші әйел сұрап алған тігін мәшинесі тәркіден аман қалып, анамыз бізді сонымен асырап жеткізді.

Міне, өзімнің балалық шағымды еске алғанда мен тек әкемнің көзі тірі болған алты жасқа дейінгі шағымды ғана ойлағым келеді. Ата-анамыз біз үшін өнердің, адамгершілік асыл қасиеттердің, сыйласымдылық пен мейірімділіктің өнегесін көрсете білді.

Туған үйімнен кейін менің балалық шағыма үлкен із қалдырған екінші бір қасиетті орда – Қатонқарағайдың орталығындағы балабақша. Ата-анамызды жоқтатпай, әр балаға мейірімін арнай алған тәрбиешілерімнің аты-жөндерін ұмытып қалсам да, сүйкімді жүздері, мейірім шуағы тұнған жанарлары әлі есімде. Осыдан бірталай жыл бұрын Қатонқарағайда болғанымда сол балабақша орналасқан үйді сыртынан көрдім. Сол қалпында тұрған үй, сол аула, ауладағы самсаған қарағай-қайың менің жүрегімнің түкпірінде жатқан балалыққа деген сағынышымды оятып, бір толқытқаны бар.

Біз қазір бұрынғы совет өкіметін жамандап, қиянаттап жоққа шығарғымыз келеді. Бірақ өткенге түгелдей топырақ шашу мүмкін емес екенін ұмытып кетеміз. Сол өкіметтің әйелдерге жасаған жақсылығының бірі – балабақшалар ашуы деп есептеймін. Өйткені балабақшалардың жұмыс істеуі әйелдердің ерлермен бірдей қызмет істеп, ғылыммен айналысып, біліммен қаруланып, өнерін өркендетуіне тікелей себепкер болды. 

Ал қазір әлемдік өркениеттен қалмайық деп талпынып жатырмыз. Егер балабақшалар болмаса, әйелдің қолын кім босатар еді?

Халқымыздың 52 проценті, яғни 19 миллион адамның жартысынан көбі әйелдер екен. Қарап отырсақ, бүгінде ғылым мен білімнің, өнердің өркен жаюына да әйелдер айтарлықтай үлес қосып отыр ғой. Егер солардың бәрі еңбек етпей, өнер мен ғылым-білімге араласпай үйде бала бағып отырса, өркениеттің ауылы бізден алыстап кетпей ме? 

Бұған қоса балабақшаның жүйелі, негізді тәрбиесі отбасындағы тәрбиені ұштай, дамыта түсетінін тағы ұмытпайық. Қанша айтқанмен, кез-келген ата-ана педагог емес. Көптеген ата-аналар сәби көкірегіндегі ұйықтап жатқан таланттың көзін ашып, ояту керек екенін естен шығарып алады. 

Менің ойымша, әр сәби өмірге келгенде бір дарынның, ерекше қасиеттің иесі болып жаратылады. Алайда баланың сол қабілетін дәл тауып, дер кезінде оятпаудың салдарынан қаншама талант иесінен айрылғанымызды кім білсін? Ал балабақша, міне, осы кемшілігіміздің орнын толтыратын отау.

Балабақшаның тағы бір артықшылығы – бала бұйғылықтан арылып, көпшіл, ұйымшыл болып өседі. Кейін мектепке барғанда тосырқамай, өз тұрғыластармен тез араласып кетеді. Сондықтан мен қарауындағы бірнеше баланың әрқайсысына мейірім нұрын сыйлай білген, ана орнына ана бола алған тәрбиешілерге шексіз ризашылығымызды білдіргім келеді,

Балабақша қадірін қатты сезінгендердің бірі өзіммін. Өйткені, мен бірінші курс оқып жүргенде тұңғышым Гөзел өмірге келген еді. Артынша Мәриямгүлімді жарық дүниеге әкелдім. 

Ол кезде студентке баласын балабақшаға орналастыру мүмкіндігі қайдан болсын? Әрі өзіміз төбесінен суы тамшылаған, қабырғасы сыз пәтерде тұрдық. Оқуымды да жалғастырып, баламды да тәрбиелеу керек болды. Сол кезде «шіркін, ең болмаса күндіз балаларымды балабақшаға беретін мүмкіндігім болса ғой» деп армандаған күндерім де болды. Бұл арманым ұлым Төлеген туғаннан кейін ғана жүзеге асты. Кейін немерелерім Әділ мен Қайрат, Мәликалар балабақшаға барды. 

Бірақ, балабақша жан-жақты тәрбие береді, сол жеткілікті екен деген ойдан да аулақ болуымыз керек сияқты. Біздің халқымыздың тағдырында балабақша жоқ кезде де талай өнерпаз, талай дана ұрпақтарды өмірге келтірген елміз. Яғни отбасындағы бала тәрбиесі жөнінен өзіндік ерекшелігі, педагогикасы қалыптасқан ұлтпыз. Солардың ішіндегі мен үшін ең қастерлісі – бесік жыры.

«Шыр» етіп жарық дүние есігін ашқаннан бесік жыр тыңдап өскендікі ме, мен үшін одан әдемі, одан сазды ән жоқ. Кейбір әйелдер баланы ұйықтату үшін ол жататын бөлмеде өлі тыныштық орнатып қояды. Сөйтіп бала тысыр еткен дыбыстан шошынатын беймаза болады. Ал баланы бесік жырының баяу сазды әуеніндей ғажайып музыкамен тербетіп ұйықтатудың көп мәні бар. Үлкендерден естуімізше, адамның өсе келе жаны жайсаң, жайдары мінезді болуына ықпалы бар көрінеді. Сондай-ақ, сәбидің санасына сіңіп, көкейінде жаттала берсе, ол баланың өскен соң әнші болып шығуы кәміл. 

Мақтанышпен айтуға болар, менің тек бесік жырының өзінен жеке концерт беруіме болады. Өзіміздің халықтың бесік жырының бірнеше түрінен басқа Ахмет Жұбановтың, Дүнгенбай Ботбаевтың, Сыдық Мұхамеджановтың, Ғазиза Жұбанованың, Булгаровский, Рыб, Мацуцин, Моцарт, Чайковскийлердің, вьетнам, орыс, латыш халықтарының бесік жырлары менің репертуарымда бар.

Анамнан алған өнегем болар, өз балаларымды да, немерелерімді де бесік жырымен тербетіп өсірдім. Олардың қай-қайсы да өнерге, сезімге жақын болып өсті. Ал Мәриямгүлімнің менің жолымды қуып, өнерімді жалғастырғанын көпшілік біледі. Алғаш Мәриямгүлдің ән салып жүрген кезінде шынайы аналық жүрегіммен оған жаным ашып, ескерту жасадым. Өнер жолы қиын жол. Онда өз жолыңды салып, өзіндік өрнегіңмен даралану үшін қаншама қайрат, қаншама жігер, төзімділік керек. Оның ішінде опера әншісіне қойылатын талап тіпті жоғары. Өзім осының бәрін басымнан өткерген соң, енді сол қиындықты баламның көргенін қаламадым.

Бірақ Мәриямгүл өз дегенінде тұрды. Оның өнер жолында көрген қиындығы мен жорамалдағаннан да ауырлау болды. Жұрт оны менімен салыстырды. «Бибігүлдей болмады» деген пікір айтты. Әрине, оның да мені қайталауы мүмкін емес еді. Бірақ, Мәриямгүл еш мойымастан, өз еңбегімен талантын дәлелдеді. Оның өзіндік орны, өзіне тән даусы бар еді.

Менің ойымша, әншінің даусы оның мінезіне байланысты. Мәриямгүл қайратты, жігерлі болғандықтан ба, даусы да батыл, еркін болатын. Анасының өнерін жалғастыру жолында табиғат берген талантын ұштап, дамытуға күш-жігерін аямағаны, халқымыздың өнерін өркендетуге өз үлесін қосқаны үшін марқұм Мәриямгүліме ризамын.

Кейін немере-шөберелерімнің бал таңдай, бұлбұл көмей әнші болмасына кім кепіл?

Несі бар, халқым сүйген, елім бағалаған өнерім осылайша бүкіл ұрпағыма мұра болып жалғаса берсе, оның мәңгілік болғаны. Мен үшін бұдан артық бақыт та жоқ.

Жазып алған О.ОШАН.

Суретте: Бибігүл Төлегенова ұлы Төлегенмен