ҰМЫТЫЛҒАН БАТЫРЛАР
2024 ж. 02 маусым
2915
0
Халқымыз тарих сахнасына «Қазақ» атауымен нақты танылғалы бес ғасырдан астам уақыт өтті. Осы аралықта халқымыздың басынан саналуан оқиғалар өтті. Іргелі мемлекеттің жерін аш қасқырдай торыған көршілеріне дес бермей, бүгінгі ұрпаққа аманат етіп жеткізген қазіргі Қазақ елі атанған ұлы халық.
Әр ұлт үшін өз тарихын ұмыту қасірет екені баршамызға мәлім. Кеңес үкіметінің жетпіс жылдан астам отарлау саясатының соңы халқымыздың көптеген батыр бабаларымызды ұмытуына алып келгені қынжылтады. Бүгін Тойшыбек қарияның аузынан естіген батыр бабаларымыз ағайынды Мама мен Сүйіндік жайлы сөз қозғамақшы болып отырмын.
Мама және Сүйіндік XVIII ғасырдың басында Сыр бойында дүниеге келген дейді. Бауырлардың үлкені Мама ел арасында дана, бойында ашуы жоқ, ақжарқын кісі болып танылған екен. Інісі Сүйіндік болса ірі денелі, батыр өжет кісі болған. Мама мен Сүйіндік қазақтың жоңғарлармен қарым-қатынасы шиеленісіп тұрған заманда өмір сүрді, олардың елге танылуынада Босаға шаһарында болған жоңғарлармен қанды шайқас себеп болды.
Баршамызға аян, Босаға шайқасы – қазақ даласында бұрыннан қалып қойған жоңғарлар санының күрт көбейіп, қазақ рулары арасына іріткі салуынан пайда болған ірі соғыстардың бірі.
Халықтың мұң-зарын естіп қарап отыра алмаған Төле би жаудың тыңшыларының көптігіне қарамастан, тәуекелге бел буып Түркістанға келеді.
Көкшенің «Жапсар жапалақ» үңгірінде Жасболұлы Шалқы би сорпа бетіне шығар азаматтардың басын қосып, құпия кеңес құрады. Бұл жиында Төле бидің Түркістанға келгенінен хабардар болған, Қаз дауысты Қазыбек пен Бөгенбай Батыр бір неше қосын қол жинап Түркістанға аттанады. Бұлар жеті күн дегенде Түркістанға келіп жетеді. Мұнда Ұлы Билер кеңесін құрып, жаудың мақсаты мен оның негігі күші жайлы ақпарат алу мақсатында қазақ елшілерін Босаға шаһарына аттандырады. Жоңғардың әскер басы құба қалмақ Шора Шортан елу бес мың қолына сеніп менменсіп, келген елшілерді дүреге жығып, бір бір құлақтарын кесіп, мазақ етіп кері қайтарады.
Дулат пен Қоңырат еліне жаушы келіп осы жағдайды баяндағанда Қазақтың Тектісі, Жоталы Шалқы биі арғынның Нұршайқы батырын шақырып, оған Қанайұлы Құлан Қайыр батырды қосып қалың қолды жинап батасын беріп:
– Қанжамбыларыңды Бабыр Алым Баханастың өзі ұстасын! – деп, оңтүстікке атандырады.
1725 жылы болған Босаға шаһарына болған шайқас барысында Бөршектен келген қол бастаған Байлар-Жандар руынан шыққан жиырма бес жастағы Сүйіндік өзінің жаңа соғысу тәсілімен көзге түседі. Сүйіндік өзінің тобымен жаудың тылына тұтқиылдан шабуыл жасап, бұлардың қарқынына төтеп бере алмаған жоңғарлар көп шығынға ұшырайды.
Босаға шайқасы қазақ үшін айтуылы жеңістердің бірі. Соғыста жоңғардың жиырма бес мың қолы тұтқынға түседі. Өкінішке орай, Сүйіндік батыр бұл соғыста асқан ерлікпен қаза табады.
Сүйіндік батыр Құлан Қайыр Қанбас Батырдың шешімімен Түркістан жеріндегі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленеді. Батырдың денесі иістенбесін деген мақсатпен оны киізге орап әр он шақырым жерге бір атты адамнан қойып, түнделетіп он сегіз атты адам жеткізіп батырға сай құрметпен жерлейді.
Мама да соғыс уақытында қарап қалған жоқ, соғыстан зардап шеккен халыққа жәрдем беріп, жетім-жесірлерге мал мүлкін таратып береді. Халық арасында осы жайттан соң Мама атаның атақ-абыройы шартарапқа тарап кетеді. Мама атаның әулие атануына себеп болған жайттар бұрын да, аз емес-ті. Соның бірі күз айларында күтпеген жерден мыңдаған атты әскері бар жоңғар қосыны Сыр бойында жайбәрақат бейғам отырған Мама атаның ауылына шабуыл жасайды. Мама ата болса бес баласымен қаннан қаперсіз тамақ үстінде екен. Балаларына «үйлерді жығып, ауыл адамдарын бастап Сырдарияға беттей беріңдер» деп өзі намазға отырады. Абыр-сабыр болған ауылдастары Сырдарияның жиегіне келгенде аласұрған ағын судың мұз болып қатып жатқанын көреді. Ел-жұрт жөңкіліп арғы бетке өткенде Мама ата да қоңыртөбел атымен жетіп келеді. Атаны көрген бір келіні «өте беріңіз» деп ізет сақтап тұрғанда мұз ойылып, су жүре бастайды.
Осы кезде жөңкіліп жетіп келген жоңғарлар қосыны ағын суды көріп іркіліп қалады. Жоңғардың қонтайшысы жағада байлаулы тұрған семіз туу биені көріп көз алдында болған жағдайдан басы айналып, көпті бастаған адамның тегін еместігіне көз жеткізеді.
Енді бірде кәнігі ұрылар Мама атаның есебі жоқ мол малына ұрлыққа түседі. Ебін тауып алып кеткен малдарын базарға шығарады. Сол күні Мама ата да базарлап барып қалған екен .Өз малдарын енінен таниды да: «Мына малдардың егесі кім?» деп ұрыларды шақырып алып, «Сүйіндік батыр келмей тұрғанда, тез сатып, кетіп қалыңдар,ол келсе малмен қатар бастарыңнан айрыласыңдар» деп кеңес береді. Мама атаның бұл қылығына таң қалаған ұрылар бұл кісінің кім екенін астыртын сұрастырып біледі. Сөйтсе, өздері ұрлап алып келген егесі болып шығады . Содан олар қатты ойға қалып, әлгі малды сатпастан алған жеріне айдап барып, Мама атаның аяғына жығылып кешірім сұрайды. Мама ата ұрылардың бұл қылығына ырза болып, «бұларың жақсылықтың нышаны екен,райдан қайтқандарың дұрыс болды. Енді ұрлықты қойыңдар, мен сендерге бір отар қой берейін, соны бағып-қағып күн көріңдер» – дейді. Бұл ұсынысты әлгі ұрылыр құп алып, бір отар қойды бағып қағып адал еңбек етіп, тұрмыстары жақсара бастайды. Кейін үйленіп, балалы-шағалы болып, Мама атаға алғыстарын жаудырып ризашылығын білдіреді.
Міне, Мама атаның адам тәрбиесіне қатысты осындай парасаттылығы ел арасында аңыз болып кетіпті.
Тағы бірде Мама ата жасы ұлғайып, егде тарқан кезге дейін перзентсіз болса керек. Бейпілауыз бір әйел атаның сыртынан «малы көп, баласы жоқ адамның дүниесі далада қалады ғой» дегенді айтып қалады. Бұл сөз Мама атаның жанын жаралап, қатты ойға қалады. Әулиеге түнеп Аллаға жалбарынайын деген ниетке келеді. Әйелін ертіп, екеуі жолға шығып, «Мұңлық-Зарлық» кесенесіне келеді. Сол жерге түнейді. Түсінде әруақтар аян беріп, «үйіңе қайт, құрбандық шал, Алла тілегіңді қабылдады» – дейді. Жүрегі жарыла қуанғаннан көзінен жасы төгіліп, үйіне қайтады. Әулиеге бір боз биені құрбандыққа шалады. Көп ұзамай әйелі жүкті болып, дүниеге ұл перзент келеді. Бұл дін жолына түсіп, Алладан сұрап алған ұлым ғой деп атын Иман қояды. Өзі де дін жолына беріліп, әулие атанады. Мама ата Иманнан кейін төрт перзент көреді. Олар Нұрман, Құрман, Орынбай және Жолдыбай аталады.
Тағы бір аңызды Социалистік Еңбек Ері, КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болған Боранбек Шүкірбеков ағамыз айтқан еді. Мама әулие жаз жайлауға шөбі шалғын, жан-жағы жазира Байшаға қарай малдарын айдатқызып, өзі бас боп жүреді. Қара баласы жандардың Отар атасының тоғыз ұлы болған. Соның Қосай деген баласы жайлауға бұрынырақ келіп қоныстанған екен. Мама әулие жолға шықты дегенді естіп, жолдағы құдықтан қауға мен су тартып, әзірлеп жатады. Ағасын көрген соң «сіз үйге барып демалыңыз, біз жігіттермен жайғастырамыз» деп шығарып салады. Мама әулие көз шырымын алып, дем алған соң інісіне қарап: «қарағым Қосай, жас балалардың дауыстары шықпайды ғой» – дейді. Сонда Қосай інісі: «ата, келініңізбен үйленгенімізге бес-алты жыл болды. Әлі перзентсізбіз» дейді. Онда қолыңды жай балам, бата берейін деп» батасын берген екен. Дуалы ауыздан шыққан тілек қабыл болып, бұл күндері сол Қосайдан тараған ұрпақтар Отар балаларының ішіндегі ең көп өсіп-өнгені деп даусы дірілдеп Боранбек ағамыз көзіне жас алды.
Сүйіндік қаза болған соң оның артында қалған үш ұлын өз баласындай тәрбиелеп өсіреді. Мама әулие XVIII ғасырдың екінші жартысында лу сегіз жасқа келгенде дүниеден өтеді. Әулиені Түркістан жеріндегі Қожа Ахмет Ясауй кесенесіне інісі Сүйіндіктің жанына жерлейді. Бүгінгі күнде осы Мама мен Сүйіндіктен тараған ұрпақ әлі күнге дейін Қазақ елінің әр тарапында әр түрлі салада қызмет етеді.
Кеңестер үкіметінің саясаты қазақтың осы секілді мыңдаған батырын ұмыттырып жібергені қабырғамызды қайыстырады. Бүгінгі ұрпақтың өз ата-бабасының тарихын білуі – парыз. Тарихын білмеген ұлттың болашағы жоқ екенін ұмытпайық.
Сағынбек Жолбарысхан,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
Қасымбек Бақдәулет,
Шымкент қаласы