ҚАЗАҚТЫҢ ҚАСИЕТТІ БОЙТҰМАРЫ
2023 ж. 25 қыркүйек
2550
0
Сыртынан қызығып, оның батырлығы мен ғалымдығын, асыл сөзін есту – өмірге жаңа қадам басып бара жатқан әрбір жас үшін ерекше бақыт. Мәлік Ғабдуллинді сыртынан көріп, әртүрлі әдеби жиындарда сөзін естіп, сәлем беруге «жарамай», соңынан біраз ілесіп жүретін едік. Ол шынардай биік, жүзі нұрлы, сұлу күлкісі маржан тістеріне жараса жарқырай көрініп, біздің жас қиялымызды оятып, «шіркін, әңгімесін өз аузынан естісек қой» деп армандайтынбыз.
...1971 жылдың наурыз айы. Біздің ұстазымыз, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейсембай Кенжебаев аудиторияға ерекше көңіл күймен кірді. Не болды? Әсте профессор бұлай шаттана бермейді. Сабырлы жүзі, салмақты сөзі өзгерген. Мен дипломдық жұмысымның жетекшісі Бейсембай Кенжебаевты жаңа ғана үйінен жол-жөнекей әңгімелесіп, кабинетіне дейін шығарып салған едім. Енді ұстазымның жүзінен ерекше бір толқу көрем.
Тамаша хабар, сіздердің мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болып академик, Совет Одағының Батыры, атақты Мәлік Ғабдуллин бекігенін сіздерге жеткізгім келіп тұр. Диплом жұмыстарыңызды кешіктірмей, жақсы жазыңдар. Батыр ағайларыңды біліммен қуантыңдар.
Бұл тосын хабар бізді әрі қуантты, әрі қобалжытты. Қуантқаны – атақты Мәлік аға алдында емтихан тапсырып, диплом жұмысын қорғаймыз. Қорқыныштысы – «құлап қалмас па екенбіз?» деген күдік. Осындай көңіл күймен Бейсекеңе, профессор Бейсембай Кенжебаевқа сұрақты қардай бораттық.
– Сіз Мәлік ағаны қашан көрдіңіз және қалай таныстыңыз?
– Мен Мәлік ағаларыңды 1931 жылы Алматыда, «Социалды Қазақстан» газетінде көргем. Мен сол газетте тілші болып жұмыс істейтінмін. Қасында Тайыр Жароков, Есмағамбет Ысмайылов болды. Жап-жас көркем жігіт екен. Сөзі де орнықты. Ол қазақтың бай фольклорына қызығатынын айтты.
Мәлік Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты оқулығын таласа-тармаса оқығанбыз. Енді Мәлік ағаның он жеті жас шамасында өз тақырыбын ерте таңдағанына тәнті қалдық.
– Сіздер Мәлік ағамен доссыздар ма? – деді бәрімізден гөрі батыр Мәкеңді жақсы білетінін байқатқандай Серік Негимов.
– Доспыз да, әдебиеттің принципті тұстары кезінде пікір келіспеушіліктері де болған, – деді профессор Бейсембай Кенжебаев. – Мен мұндай кең, сонымен бірге, кішік адамды сирек кездестірдім.
Бәріміз аң-таңбыз. Бірақ әңгіме өзіне тартып барады.
– Батыр ағамен қай мәселеде келіспей жүрсіздер?
Біз ол кезде қазақ фольклорына қатысты үлкен тартыс болғанын қайдан білейік. Ол – айтылмайтын, жабықтақырып. Сол кезде Бейсекең:
– Мәлік Ғабдуллин 1940 жылы «Қобыланды батыр» туралы «Әдебиет және искусство» журналында үлкен мақала жариялады. Сонда Қобыланды Иван Грозныйға қарсы шығып, Қазанды құтқармақ болып шабуыл жасады деп жазыпты. Ол шындыққа жанаспайтын еді. Өйткені, Қобыланды X ғасырда Иранның билеушісі Ғазан ханмен соғысып, оның Сырлы қаласын шапқан еді, – деді.
– Бейсеке, Мәлік аға бұл сөзіңізге шамданған жоқ па? Сөйлеспей кеткен жоқ па?
– Жоқ, – деді Бейсекең, – орынды сөзге тоқтайтын азамат екен. Кейін диссертация қорғағанда Қобыланды Қазан қаласын емес, Ғазан ханды шапты деп түзеді.
Осындай әңгіме әсерімен сол күнге лекция аяқталып еді. Бұл – санадан кетпейтін көрініс. Ал диплом жұмысын бәріміз тамаша қорғадық. Ерекше дайындалдық.
Менің КазГУ-ды бітірген дипломымда мемлекеттік емтихан төрағасы, Совет Одағының Батыры, ҰҒА академигі Мәлік Ғабдулиннің қолы тұр. Қазір де анда-санда дипломыма мақтанышпен көз салып қоямын.
Мәлік Ғабдуллиннің Мұхтар Әуезовке жазған хаттары қазақ интеллигенциясының зобалаң жылдардағы тоталитарлық жүйесінің барлық лебін аңғартады. Бұл саясаттың ғылымға дендей кіріп, себепті-себепсіз тағдырлардың таласына ұласып, ұлылардың ұғыспауына жол салды. Бірақ қазақи ұлы ізет қана сол саясат алшақтатқан адамдардың түсінісуіне жол ашты. Міне, сол тағдыр Мәлік Ғабуллин мен Мұхтар Әуезовті де айналып өткен жоқ. Хаттар сол заман сұрқын көз алдыңа әкелді.
«Қымбатты Мұха!
1-інде жазған хатыңызды алдым. Аманшылығыңызға қуаныштымын. Мен де аман-саумын. Талай тас қамалды талқандай бұзып, жауды қуып барамыз. Сақылдаған сары аязда, сартылдаған соғыс сахнасында қолдан келген күшті жұмсап жатырмыз. Мен наградқа Қызыл жұлдыз орденін алдым. Жақында бір тамаша операция жасап, немістің «Мертвая голова» деп аталатын дивизиясының штабын талқандап шықтық. Осы операцияда тамаша ерлер шықты. Біздің полктан үш адамды Советтер Союзының Геройы атағына ұсынды: 1. Политрук Клочков, ол Щербаков жолдастың баяндамасында айтылған 28 геройдың қолбасшысы еді. 2. Тоқтаров Төлеген деген қызыл әскер, Риддер қорғасын заводынан келген, жасы 21-дегі жұмысшы. Үшіншісі – мен. Таяу кезде Указ болып қалар. Дивизия көлемінде абыройым жақсы, бәрі құрметтейді, әсіресе, Советтік Союзының геройлығына ұсынғаннан соң комдивтің өзі көргенде қолымды алып амандасады. Қазір ротаның политругі емеспін, батальонда комиссармын, жұмыс көп...
5.3.1942».
Бұдан керемет бір інілік ізеттік өнегесін көресің. Мәлік Мұхтар Әуезовке ерекше сағына, жақын тартып, мархабатпен сырын ақтарады. Мұхтар да Мәлік інісіне жан өзегін суырып беретіндей еді.
М.Әуезов – М.Ғабдуллинге.
«Сүйікті інім Мәлік!
Мен соншалықты көп заман хат жазбай, саған неше түрлі күдік бітіріппін... Әдетте, кейде бір үлкен ауыр жұмыста отырған кезде менің бір жаман әдетім сол, жұмыстан басқа бірде-бір көлденең тартуға мұрсам келмейтіні болады... Осы жолы дәл солай болды. Бір жағы пленум болады деген дақпырт бар. Екіншіден, сол болғанша бір үлкен іс бітіріп кетем деп асықтым. Сонымен, «Қарақыпшақ Қобыланды» деген үлкен патриоттық пьеса жаздым. Өзін өлеңмен жазып ем. Сондықтан бар уақыт та соған кетті. Арасында драма аударып, оқумен, түзеумен тағы талай өзгерттім. Осы күнде пьесаны Украинаның Франко театрының бастығы, худрук Гнат Юра және Алматыдағы Завадский театры (Мәскеу Советінің театры) өздерінде қоямыз деп, көңілденіп, алмақшы боп жүр. Жазушылар арасында ғана менімен таласы бар кейбіреулер фантазияны азайтып, тартысқа жақындатып, реалистік етіп жазса дейді. Эпос өзі әрі фантазия, әрі реалистік синтез шығарма, мен соның рухына қайшы жазғам жоқ. Сондықтан менікі жаңалық (драма үшін) және дұрыс деп жүрмін. Сол айтыстар кесір болмаса, үлкен театрлар қатты тосып отыр. Міне, осы іспен болып, сендердің бірде-біріңе хат жаза алмай, аса айыпты болдым. Сен мұны пьеса туралы өкпеледі деп топшыладың. Бауыржан да солай депті, мүлде қате. Мен сендердің хаттарың кеп жатқанда, бірде-бір сәт бір кішкентай да наразылық ретінде селт еткен емеспін. Ренжімеймін деген уәдемнен (ол өз көңіліме айдай аян) бір мезгіл ауғаым жоқ. Бірақ бұған қарап сындарың аумаған дұрыс, бәрін тап еткізіп біліп айттыңдар демеймін. Көрісеміз, керісеміз, дауласа жүріп ұғысамыз, не ұғыспай қалысамыз, ол өз бетіндегі тең праволы нәрселер. Сендер факті мен документке тартасыңдар. Біз ол оншалық қажет шарт емес дейміз. Екеуінің де дұрыстығы бар, екеуінің де терістігі бар жайлар. Жалпы, сендердің және жалпы үлкен тілек қоятын жұртшылықтың дұрысы неде? Онысы бұл соғыста қазақ халқының партия – Ленин, Сталин тәрбиелеп өсірген ұрпақтары Октябръ жемісін бұл күнге шейін өз елінің тарихында болмаған саналылықпен, ерлік азаматтықпен қорғады ғой. Бұл қазақ тарихы көріп-білмеген қасиет еді ғой, осыған сай үлкен шығарма неге тумайды деген талап шыны бұл заңды, орынды талап. Оған осы шамада жауап бере алғамыз жоқ. Олар бір күнде беріле қоятын оңай да жауап емес. Соғыс біткен соң кейіндеп барып қалуы мүмкін... Жақында аса бір жақсы пленум өткіздік, барлық жұртшылығымыз ерекше бейіл беріп, үлкен ілтипат көңілмен өткерісті. Жаңалықты жақсы жаза алмаған мінімізді де жеткізіп айтты. Алға қарай үлкен нысаначар белгілеп бергендей болды. Табысты айтқанда жазушылар, сыншылар, ірі мәдениетті Сәтбаев сияқты оқушылар да соны ірі бағалайтындарын көп-көп айтты. Пленум және басшы жұртшылық та Абайдың екінші кітабын биыл жазып бітіруді міндет етті. Сондай ынталы іске отыруды шарт етті. Екінші бір тың романды жазуыма да бет берісті, басты өз талабым еді. Абайды қатар пландап бітіріп, кейін шұғыл қолға алатыным 17, 18-19 жылдарда Октябрьдің ұлтшылдықты жеңіп, қазақ аулына жету жайындағы роман – міне, іс осы.
Сағынып хат жазушы Мұхтар».
Мәлік Совет Одағының Батыры атанып, соғыстың қаһарлы күндерін басынан өткеріп жүрсе де, Қазақстан өмірімен, оның әдеби процестерінен қол үзбейді. Газет-журналдарда мақала жазды. Майдандағы қазақтар арасында Мұхтар Әуезов сынды ұлы тұлғаның «Абай» романының алғашқы томы жөнінде әңгімеледі. Оған Мәкеңнің мына бір хаты куә.
...«Абайды» өзім оқып шыққаннан кейін, солдаттарға беріп оқытып жатырмын. Жұрттың бәрі де романды зор табыс деп қуанышпен қарсы алды. Роман жайында «Социалистік Қазақстан» үшін бір мақала ұйымдастырып жіберсек қайтеді деген ойым да бар. Редакция баса ма, жоқ па деп бөгелудемін. Шамасы, солдаттардың пікірін жаздырып, өзіңізге жіберемін-ау деймін. Солай ету дұрыс та болар...
28.ІX.1942. Мәлік».
Міне, осындай от кешіп, қан жұтып жүрсе де Мәлік Ғабдуллин қазақ солдаттарын патриоттық рухқа шақырды. Заманға үн қосты. Аты Одаққа танымал Мәлік қазақстандық кейбір «қаламгерлерге» жақпайды. Мұның сыры неде? Байыптай қарасақ, сол Мәліктің қазақилығы мен қазақты сүюінде екен. Бұған бірнеше дерек келтірелік.
Мәлік Ғабдуллиннің 1944 жылғы 26 сәуірде Бауыржан Момышұлына жазған хатынан:
«Қадірлі Бауке!
Сіз Алматыға барғанда көп еңбек істегеніңізді естіп қуандық, өте жақсы іс жасағансыз. Ол еңбектер халқыңыз үшін өте бағалы, аса асыл қазына деп білемін. Мұндай еңбек қазақ халқының атағын шығарып, абыройын көтеру, адамдарын таныту жолында көп қызмет атқаруы сөзсіз. Шындығында, халыққа қызмет етуден артық не бар? Бірақ осы қызмет ету дегенді теріс ұғынатын дорақтар да жоқ емес. Олар көп. Ондайлардың ойынша, қара қарның қамписа, қара басыңның бабы келіссе, үсті-басың дұрыс болса – бұл халыққа қызмет еткендігі болады деп қарайды. Нағыз мещандық осы ғой. Құдай сақтасын, мұндайлар ел басқармасын. Елді де, ерді де сондайлар езеді. Езбесе, езуге тырысады. Мұндай адамдар ұлт дегенді теріс ұғады. Одан қашады, тіпті қорқады. Национальная гордость дегенге теріс қарайды» (ҚРОММ. 1432-қор. 2-тізімдеме. 92-іс. 21-п.).
Бұл бұл ма, Мәлік сол кездегі кейбір қазақ зиялылары ұсынған көзқарасқа мүлдем қайшы пікірде еді. Мына сөздерге назар салып көрелік:
«Қазақ жастарының істерін елге таныстыруды елге еңбек сіңіру деп білем. Сөз сарыны мынадай ғой: қазақ қазақ болғалы көп ғасыр өтті. Батырлық салты бүгін ғана пайда болған емес. Ол ертеден келе жатыр. Кешегі батыр бабаларымыз батырлықтың тамаша үлгілерін көрсетті ғой. Ал бүгінгі қазақ жігіттері сол батыр бабаларының дәстүрін ілгері дамытуда. Бұдан былай біз бұрын кедей едік, жарлы-жақыбай едік деп қырту керек емес, бұрын да батыр болғанбыз, қазір де сондаймыз деп айтамыз. Былтыр мен елге барғанда қазақпыз дегенді баса айттым», – деп жалғастырады (сонда).
Иә, Отан үшін от кешкен тұста қазақтың ұлы қасиеттері айқын көрінді. Қазақ қыз-жігіттері теңдессіз ерлік жасады. Кеудесімен дзотты жапты, Днепрді өткелдетті, Мәскеуді қорғады. Қазақ ұлтының ержүрек, батыр екенін дәлелдеді. Рейхстагқа ту тікті. Осыны Мәлік Ғабдуллин дәріптеп, кітап етіп шығарғысы келеді. Қолжазба Алматыға жіберіледі. Бірақ ізім-қайым жоғалады. Бұл Мәлік батырдың зығырданын қайнатты. Ол соғыс стратегі, майдандас ағасы Бауыржан Момышұлына жан сырын ағытып, хат жазды. Екі хаттан үзінді келтіре кеткенді жөн көрдім:
«Қазақ жігіттерін жұртшылыққа таныстырып жүрмін. Мұндайда ерлік жасап жүрген қазақ жігіттерін көргенде оны жазбауға дәтім шыдамады. Шынында да, бұл жазғандарым әдебиет үшін емес, ел үшін. Халықтың тарихы үшін керек деп білемін. Журналистер көп. Солар бүлдіріп жүр. Айта берсең, пәле салып, сені ұлтшыл етіп көрсетуге тырысады. (ҚРОММ. 1432-қор. 2-тізімдеме. 21-22-п.).
Ұлтшылдық Мәлік Ғабдуллиннің иығына шапан секілді ілінді де қыр соңынан қалмады. Тағы да жан сырын хатқа түсірді. Мәкең бұл хатты Баукеңе 1945 жылдың 24 ақпанында жазыпты:
«Ардақты Бауке!.. Менің былтырғы қолжазбаларымның хабары қызық болып келеді. Оны өткен жылы март айында баспаға берген екен. Баспада теріледі, сонан соң Әбдіхалықұлының аппаратына түседі, рецензия алу үшін. Ал, Әбдіхалықұлының кейбір адамдары қазақшасын оқымай, оны орысшаға аудартып оқиды да: «Мұның өзінде көркемдік жоқ екен және қазақ жігіттері жайында көп жазылған екен», – деп қорытынды жасайды».
(Мұхамеджан Әбдіхалықов сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үгіт және насихат жөніндегі хатшысы болатын. – У.Қ.).
Сонымен, ол материал жатыр. Осыған байланысты көп әңгімелер бар көрінеді. Оның біразын өзіңіз де білесіз ғой. Бізді «...шыл» деп өсек айтушылар бар көрінеді, мен осының бәрінен қорытынды жасап, жақында Жұмабайға (Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Шаяхметов. – У.Қ.) үлкен хат жаздым. Қаныш та оқып, «дұрыс» деді».
Мұндай хатты қалай тебіренбей оқисың. Сырт көзге Мәлік Батыр атанған соң, бар тағдыры алақанға салынып, аяланған шығар деген ойың мүлдем қате екенін сезінесің. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев қолдағанмен, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтің өзі саяси шешім шығара алмайды.
Мәлік Ғабдулиннің «Майдандас достар» атты кітабы теріліп бітіп, басуға дайын тұрғанда шашылып, кітап шықпайды. Бұл туралы журналист Құрманбек Сағындықов 1945 жылдың 2 наурызында досы Бауыржан Момышұлына жазады. «Қазақты көп айтады дейтін көрінеді, не деген ессіздік! Әуезов туралы да «бықсық» сөздерді шашатындар бар секілді» («Егемен Қазақстан», 2000. – 23 желтоқсан. – №324).
Әрине, Мәлік Ғабдулиннің қазақшыл рухты көтеруі «жоғары жаққа» жақпағанмен, қаламгерлер арасында біршама қолдау тапты. Бұл ретте сырбаз жазушы Ғабит Мүсіреповтің Мәлік Ғабдуллинге 1945 жылдың 28 ақпанында жазған хаты дәлел болса керек.
Ол:
«Бауыржан екеуіңе қатты ризамын. Мемлекет, жалпы жұртшылығымыз да сондай риза. Ешкім еске салмай-ақ, ешкім баспайтынн біле тұра, әділ сөздеріңді айттыңдар. Ұлы да ер, қызы да ер елдің басқа жөндеуге жұпыны көрінетін себеп сөз жоқ өзімізде. Бастау мен қостау ісіндегі топастығымызда. Бұл жөнінде аянбай алысатын істер толып жатыр. Сенің Сәбит, Мұхтар үшеумізге қадай айтқан сөзіңді осы тұрғыдан түсінгім келеді». (ҚРОММ. 2140-қор. 1-тізімдеме. 346-іс. 12-12-п.).
Бұдан атақты суреткердің азаматтық көзқарасы айқын көрінбей ме?
Иә, Мәлік Ғабдуллин тағдыры күрделі де қызықты еді. 1943 жылғы 30 қаңтардағы СССР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Совет Одағының Батыры атағын алған Мәлік Ғабдуллин есімі аспандады. Орыс жазушысы Борис Полевой «Эпостың тууы» атты «Правда» газетінде очерк жариялады. Қобыланды батырдың рухы Мәлік Ғабдуллинге қонғандай еді. Сол жылы Алматыда Мәлік ағаға арнап жинақ құрастырылып шығарылды. Мәлік Ғабдуллин туралы Сәбит Мұқанов, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсембай Кенжебаевтың, тағы да басқа қаламгерлер мен ақын-жазушылардың мақалалары, өлең-жырлары топтастырылды.
Мәлік Ғабдуллин әскерден 1946 жылдың көктемінде біржола босап келді де, Республика Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтына жұмысқа кірді. Институт директорының орынбасары бола жүріп, 1947 жылы «Қобыланды батыр» жырын зерттеу мәселелері» атты тақырыпта филология ғылымдарының кандидаттығына диссертация қорғады. Ол өзінің сүйікті фольклорына қайта оралды. Одан институт директоры болып абыройлы еңбек етті. 1958 жылы «Қазақ халқының дәстүрлі ауыз әдебиеті» атты еңбегі үшін филология ғылымдарының докторы атағын алды. Міне, осы институт қабырғасындағы он жыл ұлы Мұхтар Әуезов пен Совет Одағының Батыры, фольклорист-ғалым Мәлік Ғабдуллин арасын әрі жақындатты, әрі сызат түсірді. Бұған себеп 1947 жылғы 21 қаңтарда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателер туралы» және 1951 жылғы 10 сәуірдегі «Қазақстан тарихын маркстік-лениндік тұрғыда зерттеу туралы» «Правда» газетіндегі мақала туралы» қаулылары қазақтың рухани әлеміне кесел болып тиді. Қ.Сәтбаев, Е.Бекмаханов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, I.Кеңесбаев, Қ.Мұхамедханов, Б.Сүлейменов сынды қазақ интеллигенциясының өкілдері алашордашыл, ұлттық-буржуазиялық өкілдері ретінде сынға алынып, қудаланды. Осы кезең талай қазақ зиялыларының арасын ашты. Компартия оларды бір-біріне айдап салды.
...Неше түрлі ойтолғақта жүріп жүрегі жылы, жаны нәзік Мәлік Ғабдуллин М.Әуезовке хат жазуға отырды. Оны үйіне емес, мекемеге емес, «Қазақ әдебиеті» газетіне жазғанды дұрыс деп шешті. Осылай «Мұхтар Әуезовке хаты» жарияланды. Алыстан орағытып, қазақ поэзиясының жай-жапсары туралы айта келіп, әңгіме аяғы былай деп тұжырымдалады: «Қазақ әдебиетінің шешілмей жатқан мәселелері өте көп қой. Оларды бірлесе, ынтымақпе, бір-біріміздің қате-кемшіліктерімізді жолдастық ниетпен сынаса отырып шешуге тиістіміз. Бұл айтылған жайлар соңғы күзге дейін болмай келді ғой. Бір асыра сілтеген жеріміз болды. Ондайымыз үшін кешірім етуіңізді сұраймын». (Қ.Ә., 1955. – 25 октябрь).
«Жақсының өкпесі шәйі орамал кепкенше». Хат газетке жарияланысымен Мәлік Ғабдуллин жүрегіне ыстық, көңіліне жақын таныс дауысты естіді.
– Мен Мұхтармын ғой...
Түс әлетінде Мұхаңның Төлебаев көшесіндегі шуақты шаңыра- ғында мынандай әңгіме болып еді.
Мұхтар:
– Мен сені жақсы көретін, сүйсінетін едім... Сөйткен сенің, өткендегі айтыста бет-жүзге қарамай сынағаныңа қатты өкпеледім.
Мәлік:
– Ойбай, Мұха-ау, қызық екенсіз?... Жағдай солай болды ғой.
Мұхтар:
– Пәлі, сынау керек, сынағаның жөн, бірақ сынды сабау құралына айналдыруға болмайды...
Мәлік:
– Оныңыз дұрыс. Ол кездегі жағдай солай болды ғой... Мұны Сіз жақсы білесіз...
Мұхтар:
– Жарайды, оны білем... Разы болғаным – сенің газет арқылы хат жазып, кешірім сұрағаның. Сен кешірімді маған келіп, менен ғана сұраған жоқсың, оны пәленбай мың оқушы жұртшылықтың алдында газет арқылы сұрадың ғой. Міне, мұның нағыз жігіттік. Осыныңды асыра жоғары бағалаймын. Біреуден біреудің кешірім сұрауы бір басқа, ал сол кешірімді көпшіліктің алдында сұрау бір басқа. Сені кешірім сұрады деп кішірейтпеймін, қайта оныңды білгендік деп түсінем. («Мұхтар Әуезов тагылымы». 77-6.)
Ұлылардың ұғысуы қандай жақсы. Мүмкін, «Ұлық болсаң, кішік бол» деген осындайдан шыққан болар. Мұхаң «Қазақ әдебиеті» газетінде Мәлік інісіне жауап жазды. Және «Абай жолының» жаңа шыққан кітабының ішкі бетіне «Кірбіңі кеткен көңілден...» деп қолтаңба жазды.
Мұхтар Әуезов те, Мәлік Ғабдуллин де – қазақтың қасиетті бойтұмары.
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
ЖАМБЫЛҒА БАРҒАНДА
Кештетіп демалыс үйіне жеткен Сәбең үлкен қуанышты хабар ала келді.
– Ертең кешке Жамбылға барамыз. Ол кісі сені келеді деп күтіп отырған көрінеді, – деді.
– Сонда қай мезгілде жүреміз және қанша адам барамыз?
– Күннің ыстығы қайта, кешкі сағат алты шамасында жүріп кетеміз. Машинаға бір-ақ сағаттық жер ғой. Барамыз деушілер біраз адам сияқты. Ал, нақты кімдер баратыны ертең белгілі болады.
– Жәкеңмен кездесу, ұлы ақынның қасында отырып, ауызба-ауыз сөйлесу мен үшін үлкен арман болушы еді. Енді оған да жеткелі отыр екенбіз. Бұл қандай қуаныш десеңізші, – деп Сәбеңе шаттық ойымды айтып жатырмын.
Күн бата машинамыз Жәкең үйінің алдына тоқтай қалды. Машинадан түстік те, қасында бір топ адамы бар Жәкеңе қарай беттедік.
– Тәте, ассалаумағалейкум! – дегенді қаттырақ айтып, Жәкеңе бірінші қол берген Сәбең болды. Сол ретпен басқаларымыз да амандаса бастадық. – Күтіп отырған және майданнан келген балаң – мынау жігіт.
– Өзім де танып тұрмын. Балам, бері келші, – деп Жәкең мені құшағына алды. Аймалап, бетімнен сүйді. – Мен сені Қобыланды батыр сияқты еңгезердей екен десем, талдырмаш қана жігіт екенсің ғой. Әл-ақ өсіп кетесің. Жас шыбықты отқа қыздырсаң күймейді, қатаяды ғой. Сендер де сол секілдісіңдер. Ал, кәне, не тұрыс бар, үйге кірейік, – деп Жәкең қонақтарын ішке қарай бастай жөнелді.
Жәкең үйі үлкен де кең, бөлмелері көп екен. Бізді өзі отыратын үлкен бөлмеге жайғастырды. Қазақы дөңгелек столды айнала отыра қалдық.
– «Алты жасар бала алыстан келсе алпыстағы шал алдынан шығар» деген мақал бар екенін білсем де, – деді Жәкең қонақтарына қарап, – сонау Алматыға баруды денсаулығым көтермеді. Өздеріңді бүгін келеді деп күн ұзаққа далада тосып отырдым. Сапарларың оң болсын!
Содан кейін ірге жақтан домбырасын алды да, бұрай бастады. Бәріміз ішіп отырған қымызымызды қоя салып, Жәкеңе қарай қалдық.
– Бұл келістерің мен үшін үлкен той, қуаныш қой. Сондықтан үйдің үш ауызын өзім айтып берейін, ал ауылдың алты ауызын мына Балуан шолақ айтар, – деп Жәкең әзілдеп Сәбитті нұсқады.
Домбырасының әуенін келтіріп алды да, Жәкең жырлай жөнелді.
Совет Одағының Батыры Мәлік Ғабдулинның естелігінен.
1946.
Суретте: ақын Жамбыл мен Мәлік Ғабдуллин.