ӨНЕРДІҢ ӨР ТҰЛҒАСЫ
2023 ж. 13 қыркүйек
2639
1
Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, елімізге кеңінен танымал композитор Қалдыбек Құрманәлінің фотоальбом-кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Бұл айтулы мәдени іс-шараға ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер өкілдері, қала тұрғындары, еліміздің әр аймағынан арнайы келген қонақтар мен бұқаралық ақпарат саласының қызметкерлері қатысты.
«Ойлап отырсам, осы кезге дейін жеке ән жинағым шықпаған екен. Фотоальбом-кітабымның алғы сөзін жазуға ұсыныс айтсам, өнерімді сыйлайтын ниеттес, пікірлес, сыйлас тау тұлғалы ағаларым мен замандастарым да жетерлік. Ақ пейіл, ақжарма көңілмен жазып берер еді... Бірақ та ойлана келе, шығармашылығымның 35 жылдығының қарсаңында, тұңғыш рет шыққалы тұрған фотоальбом-кітабым болған соң, оқырман қауымға өнердегі жолым, әндерім жайлы ойларым мен жан сырымды өзім жеткізгім келді...» - деп Қалдыбек Құрманәлінің жүрекжарды өз сөзімен басталатын бұл кітап мазмұны мен тақырыбы тартымды, әдемі әрленген, композитордың әндерін тамсана тыңдайтын миллиондаған көрермендер мен қазақтың қалың оқырмандарының көзайымына айналары сөзсіз. «Өзгелердің кітабын шығаруға қолғабыс бергенде тез-ақ шығатын сияқты еді. Өз кітабымды шығаруға екі жылдан аса уақыт кетті» деп Қалдыбектің өзі мойындағандай бұл фотоальбом-кітап әбден тыңғылықты дайындалып, өте сапалы, тартымды шыққанын ашық айтуымыз керек. Кітапта композитордың балалық шағынан бастап, шығармашылық шыңына шыққан жолдары сайрап жатыр десек артық айтқандық емес. Фотоальбом-кітапта Қалдыбек Құрманәлінің әндерінің ноталарына қоса композитордың әндерін нақышына келтіре орындаған Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Сәкен Қалымов, Мәдина Ералиева, Сембек Жұмағалиев, Майра Ілиясова, Ералхан Әбішев, Тамара Асар, Шахизада, Жұбаныш Жексенұлы, Саят Медеуов, Сәкен Майғазиев, Заттыбек Көпбосынұлы, Шаба Әбденқұлқызы, Димаш Құдайберген, Абай Бегей, Серік Ибрагимов сияқты майталман әншілердің суреттері де бірге берілген. Бұрын-соңды басылымдарда жарық көрмеген композитордың өзінің сирек суреттерін осы кітаптан табуға болады.
Әнсүйер қауымның ыстық ықыласы мен құрметіне бөленген композитор Қалдыбек Құрманәлінің шығармашылығы мен өмірі жайында жазылған ақын-жазушылардың, елге танымал тұлғалардың, замандастарының жазған мақалалары, оның әндері туралы ой-пікірлері, тілек, лебіздері де шынайы берілген. Қазақ ән өнеріндегі белгілі тұлғалар, Қалдыбектің композитор ағалары Қазақстанның Еңбек Ері Шәмші Қалдаяқовтың, Қазақстанның Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің, Қазақстанның Халық әртісі Әсет Бейсеуовтың өз кезінде Қалдыбек Құрманәлі шығармашылығы туралы білдірген лебіздері қысқаша ғана берілгенмен көп нәрсені аңғартады. «Қазақ радиосынан Сәкен Қалымовтың орындауындағы, композитор Қалдыбек Құрманәлінің «Ән-аға немесе Шәмшімен сырласу» әні берілген сайын Шәмші есіме түседі. Қалдыбектің жазған әні мұңға батырады, ойландырады, Шәмшімен бірге жүрген қимас сәттерімді есімі түсіріп, жүрегімді жылатып, көзіме жас алдырады. Бұл – әннің құдіреті! Мәңгілік өмір жоқ. Мен де бір күні осы өмірден өтермін. Бірақ, Қалдыбектің әніндей мені жоқтап, бір ән жазыла қояр ма екен?.. Әйі қайдам...» - деген екен атақты композитор Нұрғиса Тілендиевтің өзі. Бұл Қалдыбек Құрманәлі шығармашылығына берілген әділ де жоғары баға деп білгеніміз жөн.
Өнер саласында ақын, композитор, әншіні бөліп қарауға болмас. Әннің халық жүрегінен орын алуына осы үш шығармашылық өкілдерінің бірлескен еңбегі алып баратыны белгілі. Өлең мен ән және орындаушының шеберлігі бір арнаға тоғысқанда ғана өміршең шығарма дүниеге келеді, ел есінде мәңгілік сақталады, жүздеген жылдар өтсе де ұмытылмай айтылып жүреді. Қалдыбек Құрманәлі арқалы ақын Мұқағали Мақатаевтан бастап көптеген белгілі ақындарыдың өлеңдеріне музыка жазған, олармен шығармашылық байланыста болған. Оған қоса өз музыкасына үйлесімді өлең жазғаны да белгілі. Ал Қалдыбек Құрманәліге арналған ақындардың өлеңдерін топтастырса өз алдына жеке бір жинақ болып шығатын шығар. Оқырман қолына тиіп отырған бұл фотоальбом-кітапта белгілі ақындар Көпен Әмірбек, Темірхан Медетбек, Ибрагим Иса, Ғалым Жайлыбай, Қазыбек Иса, Қасымхан Бегманов, Маралтай Райымбекұлы, айтыс ақыны Әселхан Қалыбекованың талантты композиторға арналған жырлары оқырмандардың назарын бірден өзіне аударады. Оның шығармашылығын, адами қасиеттерін өлеңмен өру өзгеше әсер береді. Сол сияқты Мархабат Байғұт, Зейнеп Ахметова, Қасым Әзімхан, Мереке Құлкенов, Құдияр Біләл сияқты белгілі жаушылар мен өзге де қаламгерлердің тартымды мақалаларынан Қалдыбектің шығармашылығы мен өмірінен көптеген қызықты мағұлымат алуға болады.
Өнер адамы өмірдің қайнаған қазанында, халықтың ортасында жүреді. Сол арқылы шығармасына арқау болатын нәр алады, жол табады. Өзінің ашық-жарқын мінезінің арқасында Қалдыбек қатардағы қарапайым еңбек адамдарынан бастап, елімізге кеңінен танымал тұлғалармен тығыз қарым-қатынаста болғанын да осы кітаптан біле аламыз. Қазақтың сүйікті ақыны, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов, актер, режиссер, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық жазушысы Фариза Оңғарсынова, театр сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әшірбек Сығай, жазушы, абайтанушы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есім, ғалым, академик Мұрат Жұрынов, саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов, ұлағатты ұстаз, Қазақстанның Еңбек ері Аягүл Миразова, әдебиетші, ғалым, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Бауыржан Омарұлы сияқты белгілі тұлғалардың Қалдыбек Құрманәлі туралы жылы лебіздерінен осыны анық аңғарамыз.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті композитор Қалдыбек Құрманәліні көпшілікке таныстырып жатудың өзі артықтау дер едік. Өйткені қазақ елінің бес жасар баласынан еңкейген қариясына дейін оның әндерін сүйсіне тыңдайды, ел арасында үзбей айтылып келеді. Белгілі әншілердің орындауындағы «Қариялар азайып бара жатыр», «Кірмеші жиі түсіме», «Ән-аға немесе Шәмшімен сырласу», « Жайықтың толқындары», «Қиялдағы қалқа», «Шай ішіп кетсең қайтеді», «Шағаласы Шардараның», «Бақыт жайлы ән» сияқты халықтың ерекше сүйіп тыңдайтын бірқатар туындылары қазақ музыкасының алтын қорына енді, ұлтымыздың өшпес өнер мұрасына айналды.
...Көгеріп пе ең, көнеріп пе ең, көктеп пе ең,
Шырқағанда құтыламыз өкпектен.
Солай енді, Құрманәлі Қалдыбек,
Сенің әнің... менің әнім боп кеткен. – деп ақын Ғалым Жайлыбай жырлағандай Қалдыбектің әндері халықтың әні болып кетті.
Аталмыш кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысқан белгілі тұлғалар Қалдыбектің шығармашылғына кеңінен тоқталып жоғары баға берді. Тағы бір айта кетерлігі, сөз алғандардың басым көпшілігі композитордың ерекше мінезіне, атап айтқанда шыншылдығы, кемшілігін көрсе биік лауазымына қарамай кез келген адамның бетіне басатын батылдығы айтылды. Ол рас. Қалдыбектің шығармашылығына ешкім ешқашан ешқандай шек келтірілмесе де осы шыншылдығы үшін кейбіреулерге ұнамай қалған кездері де бар.
Осы кітапта пікірін білдірген академик Ғарифолла Есім: – «Қалдыбектің тұлғасы туралы сөз айту жеңіл емес, себебі Қалдыбек Құрманәлінің мінезі, дүниетанымы, ой-толғамы – ерекше. Қалдыбектің кейбір іс-әрекетіне келіспейтін адамдарды да кездестірдім. Олардың айтар уәжі негізінен мінезіне қатысты. Мінез дегеніміз – тұлға көркі. Мінезсіз тұлға жоқ. Мысалы, Бауыржан Момышұлы туралы айтқанда оның тұлғалық қасиетін көркемдеп тұрған ерекше мінезі емес пе еді?..» - деп жазады.
Өнер рухани байлық қана емес, ол халыққа адал, қалтқысыз қызмет ету, өз өнерің арқылы өзгеге өнеге көрсету, тәрбиелеу. Өнер бірыңғай ән мен театрдан тұрмайды. Оның да күрделі тұстары көп, сахна ғана емес, майдан алаңы да бар. Оны бүгінгі өзіміз өмір сүріп отырған қоғамдағы ұлттық идеология, ұлттық тіл үшін жүргізіліп жатқан күрестен анық аңғаруға болады. Ұлт ұстазы Әлихан Бөкейханұлының «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген тәмсілі тегін айтылмаған болар...
Қалдыбек Құрманәлімен алғаш танысқаныма да отыз жылдан еркін асқан екен. Ол кезде қалалық «Алматы ақшамы» газетінде істеп жүрген кезім болатын. Студент Қалдыбек сол жылдардың өзінде өзінің белсенділігімен көзге түсіп жүрген-ді. Жазушылар одағы жанынан «Жұлдыздар» әдеби бірлестігіне жетекшілік жасап, жас ақын-жазушылардың танылуына ықпал етіп, қалалық мерекелік ауқымды іс-шараларды жүргізіп көпшілікке танымал бола бастаған. Суретімен көлемді сұқбатты газетке шығарғаныма риза болғаны есімде. Бұл оның алғаш рет жеке сұқбат бергені болуы керек. Газеттегі суретіне қарап «Мен Бауыржан Момышұлына ұқсаймын,ә!» деген маған қарап. «Ұқсайсың!» дегенім сол екен: «Мен Баукең боламын, сіз менің Александар Бегімсіз, келісесіз бе?» деп күтпеген жерден мені тұйыққа тіреді. Бауыржан Момышұлы туралы көлемді шығарма жазған Александар Бек болу тақияма тар келмесін біліп, келістім. Содан бері мен оны Бауке дейтін болдым. Бұл туралы Қалдыбектің елу жылдық мерейтойы қарсаңында «Тұманың тұнығындай тума талант» деген эссемде жазған болатынмын.
Қазір білмеймін, ол кезде жастардың басым бөлігі Бауыржан Момышұлын пір тұтатын, соған еліктейтін. Соның бірі осы – Қалдыбек Құрманәлі. Құдайдың берген мінезі сол шығар, оған ешкімнің таласы жоқ. Қалдыбек сол кездің өзінде батыр Бауыржан атасының «Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық» деген қағидасын өмірлік ұстанымы етіп алған ба деген ой келеді маған осы күні. Қалай болғанда да Қалдыбек Құрманәлі өз өнерімен халықтың құрметіне ие болған азамат. Қазақтың өнерін өрге сүйреп, өр мінезіңнен айныма, Бауке- Қалдыбек!
Зейнолла АБАЖАН,
Қазақ үні