КӘДІМГІ ҚАСЫМ ҚАЙСЕНОВ
2023 ж. 13 қыркүйек
3171
0
«Арқалап шығамын...»
Оңтүстікте табиғат өзгерді. Қысы – жауынды, жазы – дауылды.
Ал қазір далаға жұпарын шашқан мамырдың күні болатын.
Телефон қоңыраулатып тұр. Таң ала көлеңке. Сағат алты мен жетінің арасы.
– Апай, сәлеметсіз бе? – дейді қыздың үніндей жұмсақ дауыс. – Мен Талаптан Ахметжанмын, Жазушылар одағының төраға орынбасары. Беймезгіл мазалағаныма кешірім өтінемін.
– Кешірем ғой, тек тыныштық па? – дедім.
– Алматыдан кеше шығып едік. Жолай Жамбыл қонып, содан ертелетіп жүріп келе жатқан бетіміз. Қасым аға Жаңақорғанға емделуге бара жатыр, біз – атқосшы. Жолай ол кісі: «Шымкентте Ханбибі деген ақын бала бар, амандығын біле кетейік», – деген соң...
– Қай Қасым? Кәдімгі Қасым Қайсенов пе? Халық батыры Қайсенов?!
– Иә, Кәдімгі Қасым Қайсенов!
– Астапыралла! – Жүрегім атқақтап кетті. – Қай жерде келе жатырсыздар?
– Түлкібасқа жақындадық. Үйдің адресін берсеңіз.
Айттым. Алла сәтін салса, бір сағаттың ар жақ-бер жағында келіп қалмақ. «Қорыққан мен қуанған бірдей» дегендей, әр бөлмеге бір кіріп, таза есім шықты. Қаладағы балаларға телефондасам, тұтқаны бірі көтермейді.
Тірі көтерсін, «зорығып» жеткен жексенбі ғой. Түске шейін ұйықтайды. Зеңбірекпен атып, оятып көр. Сасқанымнан машина жүргізушіме телефон соқтым. Ол да алмайды.
Қап! Еш дайындық жоқ! Тіпті, нан да таусылыпты. Жүгіртіп жұмсай қоятын баланың жатысы – мынау.
Қонақ келгенде қазан көтеру міндет. Әйел салтын жасап, ет аспақ ниетпен тоңазытқышты ашсам, ет біткен үсіп өлген көксеректің сирағындай құшақтасып қатып қалыпты. Әйтеуір алдым-ау, ордалы жыландай ұйыстырып.
«Ұзақ кідірмес» дейді ішкі ойым. Жеделдетіп қуырдақ әзірлеп жіберейін. Құдай-ау, мұздай етті бөлуден – қылышпен тас шабу оңай шығар!
Асүйдің терезесінен қарайлап қоям. Әншейінде тосқан кісің дәл мұндай жылдам келе қоймас. Қою жасыл «Волга» терезенің тұсына келіп тоқтағанда, сасқанымнан Мұзды мұхиттан шыққандай етке бір, терезеге бір қарай бердім.
Машинадан түскен жігіттер артқы есікті ашты. Иығына ақбас Алатауды қондырып алғандай тірі алып, тірі қаһарман, жасампаз партизан – Қасым аға Қайсеновтің алып тұлғасы көрінді. Терезеге тесіліп сілейіп қалған қалпымды байқаған Талаптан қолын бұлғап, төменге түсіңіз дегендей ишара жасап тұр.
Бәсе деймін-ау! Неғып тұрмын?! Есіктен шыққанымды білем, жүгірдім бе, ұштым ба, есімде жоқ, көзді ашып-жұмғанша жерге түстім.
Қасекеңе иіліп сәлем бердім.
Қысқа сәлемнен соң Қасым аға:
– Қарағым, аяғым ауырып, Жаңақорғанға емделуге бара жатыр едім. Атыңа сырттай қанықпын. Жазғандарыңның қолыма тигенін оқып тұрамын. Сен мықты ақынсың, Азаматсың. Шымкент жолда болған соң, әдейі амандасып кетейін деп бұрылдым. Бұл өңірге қайта жол түсе ме, түспей ме, қайта оралам ба, жоқ па, ол жағы белгісіз. Өзіңді көрдім, аман-есен екенсің. Енді біз жолдан қалмайық! – деді әр сөзін салмақтай сөйлеп.
– О не дегеніңіз, аға? Әдейі ат басын бұрған соң, тым болмаса бір шыны шай ішіп кетіңіз. «Қыздың жаманы бір шайға жарайды» деген...
«Не дейді?..» дегендей денесімен бұрылып, Талаптанға қарады.
Шамамда, құлағы естімейді. Ол менің айтқандарымды қайталады.
– Рақмет, қарағым, – деді бір жөткірініп алып, – құлақ естімейді, көз көрмейді, аяқ жүрмейді. Оның үстіне үшінші қабатта тұратын көрінесің, мен жете алмаймын ғой!
Сөзінің жаны бар. Жолсоқты болып шаршағандығы қабағынан білініп тұр. Не істесем екен?! Ендігі салмақ маған түсті. Жағдайын көріп тұрмын. Құдайдың күндізі қолыңа шам алып іздесең таптырмайтын Халық батыры: «Осы бар-ау» деп әдейі ат басын бұрып, ірге басып тұрғанда «жүре алмайды екенсіз, жарайды, сау болыңыз» деп қалай айтам, ол қай ақылға сыяды?! Заманымыз бір болғанмен көзі тірі әулиеміз де, абызымыз да осы кісі емес пе?! Пәтерімнің үшінші қабатта болғанына өкініп-ақ тұрмын. Осыншалықты жағдайының жай-жапсарына қарамай мені іздеген екен. Қарт көңіл – тозған тәннен озып тұрса, көңілден артық не бар адамзат баласы үшін... ойланыңқырап кетіп, есімді тез жидым.
Құдайға шүкір, елі де, жері де кең саналатын оңтүстікте атағымен де, айбынымен де мені он орап алатындар жеткілікті. Жазушыларының өзі бір төбе. Солардың ішінен бөле-жара мені іздегеніне ет жүрек қанасына қалай ғана сыйып тұр, жарылып кетпес пе?
Қандай амал табайын? Ақыры тәуекелге бел буып:
– Аға! Түсіңізші жерге. Ары қарай арқалап шығамын!
Белгісіз ұлы күш бойымды кернегендей болды.
– Ау?! Не дейді?
Бұл сөзді естігенмен, іштей таңданып та қалды. Қасқыр жүректі азаматым-ай! «Ерді намыс өлтіреді», бар қуатын жинап, көліктен түсуге әрекет жасады. Жасаураған жанарымен Талаптанға «не дейсің?» дегендей қарап еді, ол иығын қозғады да қойды.
– Ал баста! – деді маған әмірлі дауыспен.
Бастамай қашамын ба? Қолтығынан демей бергенім сол еді:
– Я, аруақ! – Аға аспан жаққа қарағандай болды.
Аш қырандай саңқ еткен ащы дауыстан тәтті ұйқы құшағында мүлгіп тұрған бес қабатты үй дір етті. Мен селк еттім. Таңғы жаңғырықтың алысқа кететіні белгілі, шалғамның орамындай қат-қабат пішілген тас пәтерлердің терезелері де «Я, аруақ!» деген арқалы сөзді бірінен-бірі қағып алып, қайталап жатты.
Асқақ басып басқышқа беттеген ағаның алдын орап, үйге қарай жүгірдім. Әр қабаттың алаңшасына орындықтар қойдым. Ойым – кішкене тыныс алсын дегендік. Сізге өтірік, маған шын, тоқсанның үзеңгісіне аяқ артқан аяулы аға орындықтарға көз қырын да салмай, бір деммен үшінші қабаттан бір-ақ шықты.
Батыр ішке енген соң «Шынымен іргеден кете ме?» деген күдік сейілді, үрей өлді. Жүрек жылыды. Ет еріді. Шопыр бала табылды. Балалар да келе бастады.
Шай жасалғанша аяқ созсын деген оймен жұмыс кабинетімдегі диванға жайғастырдым. Әншейінде кең сарайдай кабинетім құрқылтайдың ұясындай болып тарылды да қалды. Бір өзі бір бөлмені толтырып, иығымен көк тірегендей, халық батыры, қаһарман – Қасым аға отыр мұнда!
– Аға, шай қайнағанша жантая тұрыңыз, – деп жастық әкеліп беріп, шығып кеттім.
Талаптан бауырым машинадан бір нәрселерді тасумен әуре.
– Талаптан, – дедім жасымның үлкендігін пайдаланып, – адамды бұлай сынамас болар. Бір өлтіріп, бір тірілттің ғой. Кеше телефондағанда бәрі басқаша болар еді. Біліп тұрып, мұның не?
– Кешіріңіз, апай! Жасыратыны жоқ, аға Алматыдан шығарда айтып еді, «Ханбибіге соғамыз» деп. Шынымды айтам, қарт кісі ғой, айтқанын ұмытып кетер, өзі әрең жүргенде деп ойлағам. Бір айтқан сөзін ұмытпайтынына көзім енді жетті. Жолай өзім әбден азаптандым. Одақта ешкім жоқ. Бейуақ қой. Біраз жазушылардың үйіне телефон соғып, жылы орындарынан көтеруге тура келді. Әйтеуір, шымкенттік біреудің телефон нөмірін алып әзер таптым. Ұялы телефонның пайдасы осындайда екен.
– Сағат таңғы алтыда! – дедім жүзім жылып. Күлгенімнен кешіргенімді байқап:
– Мықтысың, апа! – деп арқамнан қақты. – Батырды арқалаймын демегеніңізде ол кісі үйге кірмей кетер еді!
«Жазушылардың үлкені мен екем...»
Дастарқан жайып жүріп те, қуырдақ әзірлеу үстінде де, жүргізушіні базарға жұмсап жатып та бір нәрсені ұмытқандаймын, есіме түсіре алмай, әуреге баттым. Ол не? Не де болса маған тікелей байланысты сияқты. – Әрі ойланам, бері ойланам, есіме түспейді. Шайды бұқтырмаққа құманға қол соза бергенім сол еді, терезе қапталында сүйеулі тұрған балдақ сарт етіп жерге құлады. Тәңір-ау, мен таяқсыз жүрмін ғой! Тіптен аяғым ауырмаған сияқты. Ауырған аяқ менікі емес сияқты. Ой, Алла-ай, міне, әулиенің алғашқы қасиеті аян берді. Өзің жар бола гөр, әулием, қасиетіңнің арқасында Ақмаралым құлындай шапқылап кетсе, қанеки! Былтыр машина апатына ұшырап, аяқтан тұрып кетуі дүдәмалға айналган кенже қызымның сауығарының белгісі ме бұл?! Құдіреті күшті Құдайым, әулиені үйге әкеліп берді, бұдан асқан қандай құдірет керек! Бәрі де енді түзеледі. Мойныма мінген зілмауыр ауырлық, көл-көсір көз жасы, өмірімдегі қара жолақтар, алас менен, ізіңді суыт, ауылыңды тап! Батыр бәріңді қуады!
Қасым аға жаюлы дастарқан басына келгенде тар кереге кеңейіп, бөлмеде әркез жиналған кішкентай сыйлық-бұйымдарға жан бітіп, бәрі-бәрі билеп кетуге әзір тұргандай, үй іші нұрланып, жанданып кетті.
Бір терінің ішінде ісіп, сол терінің ішінде пісіп, күйгелектенген мінез құрдымға сіңді. Тамақ табылады ғой, тақырып табыла ма, ортақ көзқарас, ортақ пікір бой көрсетпей қиналып қалмаймыз ба деген ойды ағаның әзілге толы бірауыз сөзі алыс лақтырып тастады.
– Үйің жақсы екен. Ауасы таза екен. Шығуын шығып алдым, енді қайтіп түсем деп ойланып отырмын. Қорқып отырмын!
Бәріміз ду күлдік.
– Не нәрсе болсын шығу қиын, түсу оңай емес пе? – дедім.
– Жоқ. Тауға шығудан гөрі түсу қиын. Қандай биіктікке бет алмасын, адам баласында мақсат болады. Биіктен биік бастау алады. Тым биіктеп кеткен адам мақсатын ұмытады не болмаса ол жанда төменге түсу деген мақсат болмайды. Сондықтан ол қиналып қалады. Мен мұны өзімнің бүгінгі жағдайыма байланысты айтып отырғаным жоқ, бұл сөздердің түбінде түсіне білген адамға философиялық қатпар бар.
Қасым аға кенет жай сөзден ресми бөлімге көшкендей, бойын тіктеп алып, сусын құйылған фужерді көтеріп:
– Қарағым Ханбибі, мені мұнда бір үлкен күш алып келді. Ойланып қарасам, бүгінгі қазақ жазушыларының жасы үлкені мен екем. Үлкен болайын деп болғам жоқ, бұл да тағдырдың жазғаны. Адам есейген кезде алды-артын ойлап, айналасын түгендеп қоюы керек. Оңтүстікті ойласам, алдымен өзіңді ойлаймын. Оның себебі бар. Қазақта қолына қалам ұстап, ер-азаматтармен ой таластырып жүрген ақын қыздар көп емес. Сенің жағдайың қандай екен, жазуыңа кедергі жоқ па, отбасы аман ба екен деп ойлап жүремін. Шымкент жақтан біреу көрінсе, алдымен өзіңді сұраймын. Кездескен адамдарымның бәрі жақсы ниет танытып жатады. Сосын ойлаймын: не ол қыз жақсы бала, немесе маған ылғи дұрыс адамдар жолығады деп...
– Жақсы адамдар жолығатын шығар!
– Сөзді бөлме! Мен соғысқа бастан-аяқ қатысқан адаммын. Мен туралы, соғыс туралы көптеген кітап жарық көрді. Немістер бізге қаталдық жасады. Біздің қаталдығымыз олардан асып кетті ғой. Әке-шешем: «Қасым, сен бала кезіңнен көзіңе жас алып жылаған бала емессің» деп айтатын. Ал сен қазір көріп отырсың, менің көзімнен жас ағып отыр. Әбден жұқардым. Қажыдым. Бір аттасам, тоқсан тұр жанымда. Біз соғыста көп қаталдық жасадық. Қазіргі мынау қиыншылықтар соның салдары. Адам баласына ылғи қаталдықпен қараған жан қатал тағдырмен өледі. Соғыста ерлікпен өлмеген адам тірлігінде қорлықпен өледі. ...Жаңа сөзімнің басында айттым ғой, соғыс туралы, менің партизандық өмірім туралы он жеті кітап шықты. Бірақ бәрінде де менің батырлығым, жауға қаталдығым, Отанға берілгендігім, ел-жұрт алдындағы парызымды адал өтегендіктерім жазылды. Ал адам ретіндегі сезімдерім, түсініктерім, мұңайып, жылайтыным, жақсы әсерге бөленіп қуанатыным толық жазылып біткен жоқ. Ол бір-екі кітапқа сыймайды да!.. Міне, осының бәрін, көңіл кірін шайып алайын деп айтып отырмын. Мүмкін, «Қартайған түйе ботасына ереді» болатын шығар мұным. Ақылың бар баласың, ар жағын өзің түсін! Мен бүгін үйіңе келіп бір босап қалдым, бір жасап қалдым. Мұның бәрі жүрек жылағанда айтылатын сөз. Өзімнің де жылағым келеді, мүмкін, бәрі де қарттықтың әсері, енді қаншалық өмір қалды, білмеймін, қажыдық қой, қарағым...
Сөзін аяқтамай бет орамалымен көзін сүртті. Қайран жүрек! Қарт жүрек! Түкті жүрек, бүгінде күпті жүрек...
– Аға! – дедім. – Жақында апай екеуіңіз туралы түсірілген деректі фильмді көріп, мен де жылап қалдым. Онда да осы ойыңызды айтып, өзіңізді кінәлі санағандай, толқитыныңыз бар. Тебірене сөйлегеніңіз жұрттың еңіреп жылағанына тең болды. Менің ойымша, сіздер тыныш жатқан бейбіт елге шабуыл жасаған жоқсыздар. Керісінше, тұтқиылдан тиіскен неміс басқыншыларының тырнағынан Отанды азат ету жолында күрестіңіздер. Соғыстың аты – соғыс. Майдан құрбандықсыз болмайды. Сіз оқ шығармасаңыз – өзіңіз оққа байланатын едіңіз. Бұл бір сіздің басыңыздағы жай емес, миллиондаған Отан үшін от кешкендердің басты парызы әрі міндеті болды!
Белгілі бір мақсатқа қол жеткізу үшін адамзат баласы қандай болсын басын қатерге тіккен. Ұлы Отан соғысы – дүние жаралғалы берідегі алғашқы соғыс емес. Ұлы пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өзі дүниедегі ең демократиялық таза дін – исламды енгізу үшін алдымен уағыз жүргізді. Түсінбейтіндерге, түсінгісі келмегендерге қарсы әскер шығармады ма? Ал христиан діні үшін болған согысты «Крест жорығы» атағандарын біз тарихтан білеміз.
Халқын сақтап қалу үшін майданда бас тігу – Алла жолындағы соғыспен тең бағаланатын шығар деп ойлаймын. «Алланың бір аты – халық» дейді ғой білетіндер. Сондықтан әлгі ойларыңызды көңіліңізден алып тастасаңыз да болады.
Ал енді қажыдым дейсіз. Қазақта «Жақсы адам қартайғанда – қазына, жаман адам қартайғанда – қазымыр» деген сөз бар. Әдемі қартая, яғни ұлғая білудің өзі де жақсылықтың нышаны. Сізде үлкен жүрек бар. Ол жүрек кезінде қазіргідей ойланып-толғануға, тебіренуге мүмкіндік бермеген-ді.
«Садағына сары шіркей ұялап, жау іздеген ерлердің қайда басы қалмаған?!» деп Махамбетше белді бекем буып, толарсақтан қан кешіп, ауыздықпен су ішіп, темір етік тебендей, тебінгісі инедей болып жүрген ерлердің әсте қиялдануға уақыты да бола қоймас! Оны мына біздер түсінеміз.
Ал енді бүгінгі Еліміз егемендік алып, өзгелермен тереземіз теңелген тұста жүрегіңіз лүпіл қағып, өткен-кеткенді еске түсіріп, өзінің бар екендігін, әлі талай-талай соғатындығын сіздің есіңізге тағы да салып жатқаны ғой. Тек жүрегі бар адамдар қайғыра біледі, жылай да алады. Сол сіздің түкті жүрегіңізден тамған тамшылар, оның мейірімі мен шапағаты біздерді осы күнге жеткізіп отырған!..
Егер дауыс ырғағы бірқалыпты болса, құлақтағы тыңдау аппараты дұрыс істейді-ау деп ойлап қалдым, себебі, аға сөзімді ұйып тыңдап отырды. Кенет шаттанған сезіммен бір серпіліп:
– Сен философиялық сөз айттың! – деп арқамнан қақты.
«Менде басқа Отан жоқ»
– Тоғызыншы май күні телефонда дамыл жоқ, – деп жалғады әңгімесін Қасым аға. – Бұл күні есікте де тыным болмайды. Мемлекеттік қызметтегілер де, қоғамдық қызмет атқарушылар да, әртүрлі партиялардың өкілдері де мені
мерекемен құттықтап жатады. Ол күні үйде үнемі дастарқан жаюлы. Қазір не көп, партия көп. Кейбірінің не үшін құрылғанын мен білмеймін, соларыңның өздері де білмейді-ау деймін. Әйтеуір демократ боламыз деп «аттан қосып» жүрген біреулер сияқты.
Сонымен құттықтаушылардың соңын ала қасында жігіттері бар Әлихан Бәйменов келді. «Ақжол» партиясынан. Жұрт «оппозиция» деп жүр ғой. Ал осы Әлиханды мен жақсы көремін. Ол – білімді, тарихты көп біледі, тек саясаткер ғана емес, Жүсіпбек, Ахмет, Мағжандар сияқты ағартушылықпен де айналысады. Ақылдылығы, парасаттылығы-білгірлігі бір төбе. Бірақ жанындагыларға кеңілім толмайды...
Мен Әлиханға былай дедім: «Мен саған сенемін, өйткені сені жақсы көремін. Бір өкінетін нәрсем – осы ойыңды, осы біліміңді өкіметпен тізе қосып, бірлесе отырып, елдің, халықтың игілігіне жұмсасаң қандай жақсы болар еді! Сен соны істемей жүрсің, сол жаныма батады...
Қазақ халқы тәуелсіз болды, ел егемендік алды, осындайда бірігіп тірлік қылудың орнына... Менің жасым тоқсанға жақындап қалды. Анығын айтқанда, Президенттен бастап, барлығың менің балаларымсыңдар. Үлкенің – үлкен жолымен, кішің – кіші жолымен жүрсең, әркімнің өз жолы бар, біріңді-бірің тыңдап, халықтың тұрмысын түзеуге, мемлекетіміздің іргелі елге айналуына атсалыссаңдар қандай керемет болар еді! Алтыбақан алауыздықты қойып, біріңді-бірің сүйегеніңді көрсем, көңілім орнығып, ұзағырақ жасар ма едім! Кеше ғана толарсақтан қан кешіп, партизан-жауынгер болған адаммын. Кім үшін?! Сендер үшін!».
Егемендік алдық қой. Мемлекетіміз әлі жас. Өсіп-өркендеу жолында тәжірибе жетіспей жатыр. Қателік те бар, соны жою үшін ақылыммен болсын, тәжірибеммен болсын, жазу-сызумен болсын болысамын. Мен өз өкіметімді өзім қолдауға бет бұрған адаммын. Маған керегі – тек қазақ халқының тәуелсіздігі мен елдің амандығы. Кемшіліктеріне төземін, себебі менде басқа Отан жоқ!
«Шырақшылығыңды да білемін!..»
– Бұл бір керемет кездесу болды, – деді Талаптан Алматыдан бірге шыққан үзеңгі жолдасы Дәуренге қарап, – творчестволық кездесу десек, артық айтқандық емес. Қаскеңді білеміз деп жүргеніміз өзімізді алдау екен, дәл бүгінгідей әсерлі әңгімелеріне сирек куә болған екенбіз. Көп нәрсені ұқтық, көкірек көзімізге ұялаттық!
– Дұрыс айтып отырсың, Тәке! Біз де қанаттанып қалдық, әттең, кештеу қосылдық ортаңызға, – деді Түлкібас ауданының әкімі Дархан Мыңбай әңгімеге әр беріп.
Қасым ғаның бір уақ ойға беріліп, үнсіз отырған кезі еді.
Дастарқан үстіндегі ыдыс-аяқты жаңартпақ оймен асүйге беттей бергенімде:
– Қайда кетіп барасың, отырсаңшы! – деген ағаның әмірлі сөзінен кейін орындыққа қайта қағылдым. Не айтпақ, сұраулы кейіппен құлақ түрдім.
– Сен жаңа Алаштың алыптары – Сәкен, Бейімбет, Ілиястардың шырақшысымын дедің-ау! Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейдің басшысы екендігіңді, өз сөзіңмен айтқанда, «шырақшылығыңды» да білемін! Саясат құрбандарының тарихымен жіті таныс болғандықтан, саясатқа бет бұрып жүргеніңді де білемін! Саясат – оңай шаруа емес. Оның кілтипаны мен қитұрқылығы көп. Көбіне жазықсыз жандар жапа шегеді. Саясаттың нәубеті – бет-жүзіңе қарамай, таптап өте шығатын алпауыт машина. Сен мұны біл! Оның нәтижесі мен зардаптарының қандай болатындығын көріп-біліп отырсың!..
Жер жүзінде қуғын-сүргінсіз мемлекет аз, тіптен болмайды. Қандай дәрежедегі, рангтегі мемлекет болсын оның ішкі, сыртқы саясаты болады. Кеңес үкіметінің кезіндегі Сталиндік қугын-сүргін деп жүргендерің жалғыз Сталиннен емес, ол – Ленин, Троцкий, Тухачевскийлерден басталган сұрапыл саясат. Мен Сталинді қорғап сөйлейін деп отырғам жоқ, оның айыбы – Ленин жүргізген саясатты бұлжытпай ары қарай алып баруында.
Қуғын-сүргін тек Қазақстанда ғана емес, бұл қанды қырғын сонау Ресей жерінде де етек алды. «Халық жауы» ретінде бүкіл деревня, аудандар жоқ болып кетті. Әрине, Қазақстандағы қуғын-сүргіннің алатын орны бөлек! Оның мазмұны терең.
Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейхандар орыс империясынан босап, тәуелсіз мемлекет жасағысы келді. Жаңағы өзің айтып отырған Сәкенің бар, Бейімбет, Ілияс, Ахмет, Мағжан, Тұрар мен Сұлтанбектер соның құрбаны.
Алашым деп, халқым деп дербестік алу жолында бір-бірін сатпай, бір-бірін саусақтың ұшымен нұсқап көрсетпей, ар алдында тазалығының зардабын шеккендер шын мәнінде өте аз, солар ғана қуғын-сүргіннің таза құрбандары.
Сендер пәлен мың адам қуғын-сүргінге ұшырады деп жүрсіңдер, осыларының көбі бірін-бірі ұстатқандар, айдатқандар! Аттырған, қаматқандар!
Біздің Жазушылар одағынан да елу шақты адам айдалып, атылып кетті. Сәкеннің моласы қайда? Бейімбеттікі ше? Мұның бәрі алауыздықтың, сатқындықтың құрбандары.
Мен бір адамды білемін, ұзақ жылдар тас түрменің дәмін татқан, қазір де тірі жүр. Кезінде үкімет басында қызмет істеген. Сол адам өз қолымен тізім жасап, жүздеген адамды айдатқан, өмірін қиған. Жұрттан шындықты жасыра алмайсың, көптің көзі – көреген, кейіннен әлгі сабазыңның өзі де тас түрменің дәмін татты.
Ең өкініштісі, қылмыскер деп санаған адамдарды халық соты соттамаған. Олардың тағдырын үштік, яғни тройка шешіп отырған. Осы сойқан оқиғаны тікелей орындаушы «қылмыстыларды» іздеп табушылар, тергеушілер, «қылмыстыларын» мойындатушылар, ұрып-соғушылар, қиналушылар (бұрау салу, токқа салу, аспаққа асу, тістерін бір-бірлеп қағып түсіру, істікпен мұрттарын жұлу, бізбен қол-тұяқтарының көбесін бізгілеу, кісі өлтірушілер камераларына кіргізіп ұрып-соқтыру, кейде өлтіру, иттерге талату), зорлық-зомбылықпен жинаған қылмыс құжатын жасау, тіпті «қашты» деп өз қолдарымен ату, сөйтіп «қылмыстылар» санын жоғары әрекеттерімен үстінен арыз түскендерден әлдеқайда көбейткен (оны сол жылдар құрбандарының тірі қалғандары дәлелдейді), айдатқан, соттатқан, аттырған осы мекемелер, олардың «шаш ал десе, бас алатын» белсенді қызметкерлері емес пе еді. Сонда репрессия құрбандарының басым көпшілігінің қаны, азабы Орган қызметкерлерінің мойнында екені түсінікті. Солардың жұрт білетін жауыз жұрнақтары – Сәкен ағамызға қанды қолын жұмсаган полковник Ивановтар судан құрғақ шығып, алшаңдай «еңбектері сіңген» зейнеткер атанып жүр ғой.
Ресейдің қылған қылмысы көп. Соны ақтап шығу үшін, халық атына кір келтірмеу үшін зиян қылықтарының бәрін Сталинге жауып шықты. Оны ұйымдастырған да, ашық жариялаған да – Никита Сергеевич Хрущев. Бірақ мұның бәрі түбінде ашылады, тарих ешнәрсені ұмытпайды...
Қай қайғылы кезеңде, қай аймақта болсын қуғын-сүргінді бастап беретіндер – шовинистер. Жергілікті жалақор жандайшаптарды пайдаланып, соны өз қолдарымен істейтіндер де – шовинистер.
«Менде көп нәрсе сақтаулы»
– Қарағым Ханбибі, – деп сабақтады әңгімесін Қасым аға, – мен сөйлеп отырмын ғой, сөйлеп отырып ойлап отырмын, сенің жұмысың үшін қажеті бар ма, жоқ па деп. Менде әлгі қуғын-сүргін құрбандарын кімдердің жазалағаны, оларды кімдердің атқаны жайлы материалдар бар. Оны мен саған бере алған болар ем... Ойлап отырмын: ол саған қаншалықты пайда әкеледі деп. Мүмкін, пайдасынан зияны көп тиер. Сені ойлап отырмын, қарағым. Себебі өзің де батыршалыс адамсың, олай етсем – баланың қолына өткір пышақ ұстатқандай болмаймын ба? Мен ертең өкініп қалмаймын ба деп ойлап отырдым. Одан да мұның бәрін «Өткен іске салауат» деп жылы жауып қоялық. Сен мені ол мәселе бойынша мазаламайтын бол, қарағым! – деді.
– Менде Абайдан бастап барлық ақын-жазушылардың, оның ішінде күні кеше соғысқа қатысқан жазушылардың соғыс формасындағы түскен суреттері сақтаулы. Иә, түпнұсқа. Жау тылына парашюттен түсіп жатқандағы суреттер де бар. Бұлардың сақталу себебі, мен ол кезде жас та болсам, осылардың бір керегі болады-ау деген оймен фотоаппаратқа түсіріп алған екенмін.
Қазір айтуға болатын шығар, мен Советтік «Разведка диверсионный Советский шпионаж» мектебін үш жарым жыл оқыған адаммын. Оның үстіне ақылсыз бала болмаған болуым керек, осылардың бәрін жүрген жерімде жоғалтпай, күні бүгінге тарихтың бір беттері ретінде жеткізгенім. Сонау Украина архивтері мен музейлері үшін мен көп деректер бердім. Мендегі сарғайган папкілердің сыры көп.
Қазіргі тұрып жатқан үйімнің бір бөлмесін музей десе де болады. Онда соғыс кезінде пайдаланылған қару-жарақтардың түр-түрі тұр. Он-он бес қылыш бар. Соғыс кезіндегі шешен халқының буркалары, мылтық-қылыштары, Украина жерінде өзім көзін жойған генералдың қылыштары дегендей, айта берсең, тарихи мұралар баршылық.
Өзім жататын бөлмеге сыймағандықтан көбісін балконға шығарып қойғанмын.
Әсерлі әңгімеге қызығып кетсем керек, аға бір тыныс ала бергенде құмартқаным соншама:
– Өзім басқарып отырған музейді бір жолға қойып алып, Қасым аға атындағы музейге кетсем бе екен? – деп қалдым қалжыңдап.
Ол маған ойлана қарап алды да, сөзін жалғастырды:
– Қайдам, ондай музей ашыла ма, ашылмай ма, ол енді алдағы іс, мүмкін ашылып қалуы да... Храпуновтың (Алматы қаласының сол кездегі әкімі) айтуы бойынша, Үкімет есебінен маған жер үй салып бергелі жатқан көрінеді. Кейде ойлап қоямын, мен даңқты ақын емеспін, жазушы емеспін, қатардағы солдатпын, әй, қайдам деп. Егер салып берсе, бір-екі бөлмесі кемпіріміз екеумізге жетеді, калғаны музей болатын шығар. «Партизандар музейі!».
Осы біз тарихты қастерлеуге, сақтауға енжармыз. Үйіме сыймағандықтан екі жүз отыз екі томдық (232) әскери кітаптарымды Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери училищеге тарту еттім.
Бұл кітаптар үйде тұрғанша, халық қажетіне жарасын, әскери оқу орнында оқитын курсанттар оқысын дедім. Олардың ішінен талай Бауыржандар мен Қасымдар шығады әлі! Бауыржан демекші, бір жиында біреу: «Өзіңіздің батырлығыңызды Бауыржан Момышұлының батырлығымен қалай салысты рар едіңіз?» – деп сұрады. Шынын айтайын, не айтарымды білмей мүдіріп қалдым. Баукеңмен мені салыстыруға болады деп кім ойына алған? Сонда мен:
– Мені Баукең сияқты алыппен салыстыруға бола ма? Ол шағын төбе мен заңғар биік тауды салыстырғандай болады ғой. Баукең – заңғар биік тау. Баукең – табиғат барлық жақсы қасиеттерін аямай ерекше жаратқан адам. Ол – ақын. Ол – жазушы. Ол – философ. Ол – екі тілде бірдей шешен. Ол – қас батыр. Ол – қолбасшы. Осы қасиеттің бәрін менің бойымнан, ойымнан осы отырған барлығың жабылып іздесеңдер, таба аласыңдар ма? – дедім.
«Апаң сенің ақын адам»
– Қазақта мықты ақын қыздар баршылық. Бұрынғыларын айтпағанда Марфуға бар, Ақұштап бар, Фариза бар... Әрқайсысының өзіндік үні, табиғаты, өздеріне тән мінез-құлқы бар. Ақұштап жақсы жазады, оның үстіне өзіне жарасатын әдемі қалжыңға бай. Ертеректе Украинада бірге сапарлас болғанбыз. Көшеде келе жатсақ, мені кілт тоқтатып:
– Ана келе жатқан әйелді көрдіңіз ғой, құдай біледі, сіз соны танисыз! –дейді. Айтып тұрғаны – бір әдемі кемпір, әрине, ол өз шаруасымен жүрген жан. Шындығында, украинның әйелдері әдемі, соны маған әдейі таңады, қу қыз. Пәле өзі, менің емірімнің көп жылдары сонда өткенін меңзеп тұрғаны. Әйтеуір, беті жылтыр әйел көрсе болды, «сіз соны танисыз» деп қалжыңдаумен болады.
Ал Фаризаны көп жылдар бұрын өзінің елінде көрдім. Атырауға бір топ ақын-жазушылармен барғанмын. Сонда келіп сәлем берген. Сөзі де, өзі де тиянақты. Қазақтың мықты қыздары болады ғой, бірақ мықты дегенім жай сөз, ол – мықтының мықтысы! Қазір депутат болып жүр, сондағы сөйлеген сөздері, айтқан ойлары маған қатты ұнайды. Ол беделді депутат. Фариза –өмірде де, қоғамда да, ақындық жолында да өз орнын, өз форматын тапқан адам. Өзін сондай жақсы көремін.
Қазақ әйелдерінің соншалықты жан-жақтылығына кейде таңғалып отырамын. Біздің үйдегі апаң да – ақын адам. Жетпіс жыл бірге тұрып келе жатырмыз. Екеуміз жастай шаңырақ көтердік. Үйленген кезде ол он алтыда, мен – он жетіде екенбіз. Бала кезімізден біргеміз. Белгілі, беделді газеттерде журналист болды. Қазір де қолынан қаламы түскен жоқ. Бірақ қартайдық қой, денсаулық жоқ дегендей. Өзі жазушы, ақын болғанымен кей мінезі қызық. Кейде үйге біреулер телефон соғады ғой, ол адам қарт па, жас па онда шаруасы жоқ, әйтеуір, әйел адамньщ дауысы болса болды – жақтырмай қалады. Бұл да құдайдың берген мінезі шығар!
Ал, қарағым, осының бәрін неге айтып отырмын, қазақтың қыздары туралы әңгімені одан әрі тарата беруге болады, оның түйіні сенің де ақындығыңа келіп тіреледі. Жақсы ақын болу бір бөлек те, жақсы азамат болу бір бөлек! Мықты адам екеуін қатар алып жүре алады. Оған ішкі қуат керек. Рухы биік адам бәріне төтеп береді. Өмір деген адам баласын әр соқпаққа салады. Кейде бұрыс жолға бастайды. Кейде қиыншылыққа ұрындырады. Тапшылыққа да тап келтіреді. Ондайда әлсіремеу қажет. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары өнер адамдарының көбісі әбіржіп қалды. Ақындарды қайдам, белгілі өнер қайраткерлері, өзім жақсы көріп, сыйлайтын, асқан талантты санайтын әншілердің азға малданып, жарнамаға шыққандарын көріп, арланғаным бар. Жылдар бойғы жинаған беделді әп-сәтте түсіріп алу оңай. Сол үшін үнемі сақ жүру, қалғымай жүру керек. Осыны есінде ұста, қарғам!
«Сәбилерді сүйемін...»
Жата-жата жалықты ма, әншейінде қонақтардан бойын аулақ ұстайтын Ақмарал қос балдағына сүйеніп келіп, Қасым ағаға сәлем берді.
– Бұл қай бала? – Қасым аға аңтарыла қарады.
– Бейбіт өмірдің қатардагы жаралы жауынгері – Ақмаралмын!
– Менің байқауымша, мына бала – мықты бала көрінеді. Сөйлеген сөзінен, жалынды көзінен байқадым. Не болды бұган? – деп, аяғына қарады.
– Қазіргі «модаға» айналған машина апаты-дағы...
Қасым ага маған тесіле қарап:
– Мынадай мықты баланы сақтай алмапсың! – деді мені кінәлай сөйлеп. – Бұл балаға басқа көзбен қарау керек еді. Мен талай ұлды, талай қызды көріп жүрмін, бірақ мынадай баланы сирек көремін! – деді жылы шырай танытып.
– Ата, менің апатқа ұшырауыма мамам кінәлі емес! – деді көзіндегі іркілген жасты сүртіп алған Ақмарал. – Мүмкін, өзім, мүмкін, тағдырым кінәлі шығар... Мама, сен ренжіме, Қаһарман ата – жаралы жанның көп азап тартатынын есіне түсіріп, мені аяп кетті білем, өзі де соғыста көп қиыншылық көрген ғой, ескі жараларының орны сыздап отырған шығар. Жаралыны жаралы болған ғана түсінеді, – деді.
– Бұл баланы сақта! – деді Батыр аға алғы сөзін қайталап. – Осы балаңнан көп нәрсе күтуге болады, болашағы үлкен, биік! Сөйлеген сөзі мен ойлаған ойы ерекше. Қайда оқисың?
– Алматыда. Заң академиясында.
– Қай мамандық иесі болсаң да, мықты болатыныңа сенемін. Талай ұлдарды көріп жүрмін, бірақ мынадай ұлдан артық баланы кездестіргенім аз.
– Рақмет, ата, өзіңіз де ауырмай, ұзақ жасаңыз.
– Ауырма дегеніңе рақмет, қарағым, бірақ ұзақ жасағым келмейді.
– Неге?
– Менің әкем жүзге келіп қайтыс болды. Жетпіс беске келгенімде әкем тірі еді. Мен бесінші баласымын. Көп жасағанды ұнатпайтыным, әкем – ірі, батыр тұлғалы, мықты болумен қатар, керемет аылды еді. Қарттық деген аямайды екен, мүжіп жеп қойды. Өмірінің соңында тек сүйек пен терісі ғана қалды. Үрлеп жіберсең құлап қалатындай. Сондай аянышты. Әлі күнге көз алдымда. Мен де сондай болам ба деп қорқамын. Сондықтан ұзақ жасағым келмейді. Мен әкемді ойласам, ол мені ойлайтын. Жетпіс беске келсем де: «Қасым, үйден шыққанда жолдан байқап өт!» – деп отыратын. Әкем өліп, маған қиын болып қалды ғой! – дегенінде, бәріміз күліп жібердік.
Азырақ отырып өз бөлмесіне кетпек болған Акмаралды тоқтатып, Талаптанға қарап:
– Менің костюмім қайда? Әкел, мені киіндір. «Халық Қаһарманы» төсбелгісін тақ, мен Ақмаралмен суретке түсемін! – деді.
Бәріміз қуанып қалдық. Бірге суретке түсетін болдық. Келгелі спорт киімімен отырған Батыр аға киінсін деп бөлмеден шықтық.
Бөлмеден сытылып шығып кеткенмен ағаның гүрілдеген даусы бізге айдан анық естіліп тұрды...
– Әй, ақырын тартсаңшы, адам тонап үйренбеген адамсың ғой... Иә, солай, жеңнен тарту керек!
– Мынаны да киесіз бе? – Талаптанның даусы.
– Иә! Апаң сияқты жұлқыламай жөндеп кигіз. Ол маған үнемі ұрсады, өз киіміңді өзің кие алмайсың, адам болмайсың деп...
– Шыдайсыз да, қайтесіз енді, – дейді Талаптан.
– Көнбегенде қайтем, ұрсады, жұлқылайды, ұрмайды бірақ!
– Болдық па?
– Тұра тұр, шалбарланып алайын. Біраз жүйкесі нашар жігіттер, менің машақатыма шыдамай тұра қашады, сосын оларды жоғалтып аламын. Кіріңдер! Біз дайын! – Парадқа қатысатын әскер сияқты жып-жинақы, тіп-тік. Талаптанның маңдайы тершіп тұр.
– Ұлы актердің костюмері сияқтысың, – деймін қалжыңдап.
– Ұлы қолбасшының атқосшысы болу да оңай шаруа емес, – дейді ол жымиып.
Суретке түсу миссиясы аяқталды.
Ақмарал атасына еркелеңкіреп:
– Ата, әңгімеңіз жақсы. Сіз кішкентай балаларды жақсы көресіз, ә?
– Иә, өте жақсы көрем. Мен адамдардың бәрін жақсы көремін. Аз көрмесем сағынамын. Құлағым естімесе де бірер сөзін ұғып қаламын ба деп телефон соғамын. Іздеймін. Сағынып іздеймін. Сағына білу де – ерекше қасиет. Сағынған кезде ол адамдардың кейбір пенделіктерін кешіріп сағынамын, ондайларын еске алмай сағынам.
Әсіресе, кішкентай балдырғандарды сағынам. Ондай кезде үйден шығып кетіп, балабақаша жанында сағаттап жүріп алатын кездерім болады. Балалардың балғын, мұң шалмаған жүздерін көргенде бір арманыма жеткендей күй кешемін. Мен қан кешіп жүргенімде армандағанмын, сәбилердің шат жүзін көруді!
Болат деген ұлымның төрт баласы бар. Үш қыз, бір ұл. Екі қызы тұрмыста. Ең үлкен қызы – Астанада. Солардың кішкентай қызы – менің шөберем ғой. Тілі сондай тәтті. Сурет салуға құмар. Ылғи сурет салып жатады. Бірде менің суретімді салдым дейді. Ұқсамаса да, «жақсы екен, бірақ неге атаңның бір құлағы үлкен, бір құлағы кішкентай?» – деп сұраймын ғой. Сонда: «Сенің бір құлағың естімейді, сол үшін кішкентай қылып салдым» дейді.
Бірде қалалық әкімшілік маған ескерткішке қолдан жасалған «Алматының апортын» сыйлады. Сырты қып-қызыл, іші таза күмістен жасалған. Соны шөбереме беріп тұрып:
– Сен мені жақсы көресің бе?
– Әуелі көріп алайын да! Ертеңіне де сұраймын: «Сен мені жақсы көресің бе?».
– Иә, жақсы көремін.
Тілін қызық көріп, күнде сұрай берсем керек, бір күні:
– Мен саған бір рет айттым гой «жақсы көрем деп», жетеді енді. Қайта-қайта сұрай берме! – дейді. «Баланың тілі – бал» деп бекер айтпаған. Балаларға ренжуге болмайды, оларды тек сүю керек!
Төрт баладан төрт шөберем, он шақты немерем бар. Кейде газет тілшілері сұрайды:
– Қасым аға, Сізде арман бар ма? – деп.
Арманым жоқ деп айту қиын, ал сен, Ақмарал, ақылды баласың, не деуім керек ондайда, қалай ойлайсың?
– Шүкір деу керек, тәубе деу керек!
– Дұрыс айтасың. Мен жақсы көретін балалар жетім болмаса екен деп тілеймін. Әкесіз – бала жетім. Баласыз – ана жетім. Жалпы, баласыз – қазақ жетім! Баласыз мемлекет жетім. Ондай елдің болашағы жоқ!
Бұл – өз сөзім!..
Қоштасар сәт
Таңмен жағаласып тұрып, қонақтарды ұзатып салдық.
Қасым аға ризашылыгын білдіріп, «Я, аруақ!» – деп көлікке жайғасты. Мен Талаптанға:
– Қайтар кезде хабар бер! Бәрібір Шымкент арқылы жүресіңдер ғой. Дұрыстап шай берейін, – дедім сыбырлап.
Сезімтал аға естімей тұрса да ауыз-әуенімен байқаған болуы керек:
– Жоқ, қарағым! Қайтарда қандай халде боламыз, ол белгісіз! Сондықтан әуреленбе! Ниетіңе, ықыласыңа әбден ризамын, енді баратын жерге тезірек жетіп алайық, аман болып тұрыңдар! – деп қоштасты.
Кірлеп кеткен ақшайы орамалды әтір сабынмен жуып алғандай, шайдай ашық кіршіксіз, кірбіңсіз таза көңілмен жұмысыма қуана барып, қуана қайтып жүргенімде он күн деген оқтай зу етіп өтіп кетіпті.
Қалта телефонымдағы Талаптанның жұмсақ даусы Қасым ағаның ем-дом қабылдап біткенін, ертелеп жолға шығатынын жеткізді.
Кіріп-шығуы оңтайлы мейрамханаға тапсырыс бердім. Соңғы кезде дәм дайындаудың біз білмейтін тоқсан тоғыз атасын әзірлейтін түрік ағайындар бүтін қойды тандырға пісіріп, буын бұқтырып әкелетін болды да, қой басын қазақша пісіретін болып келістік.
Шымкенттің кіреберісіндегі іргеден тосып алып, амандық-саулық сұрап шұрқырасып жатырмыз. Дәмханаға келгенде, әдебиеттің маңында жүретін қыз-жігіттер мен облыс әкімінің орынбасары – өнерге біртабан жақын, кезі келгенде ән де шырқап жіберетін Әли Бектаев пен облыстық мәслихаттың хатшысы, шешендік сөздің қара жорғасы – Шалатай Мырзахметовтердің де Батыр ағасымен дастарқандас болуын жөн көрген едім, ол кісілер де келіп жетті.
Төрге озған Қасым ағаға ауылымның жігіттерін таныстыра бастадым. Ол Әли Бектаевқа қарап:
– Дұрыс! – деп қойды Сәбитшелеп. – Анау таяғымды алып берші!
Әдемі қалжыңы бар Әли:
– Ойбай, ата, ұрайын дап жатырсыз ба? – деді таяғын әперіп жатып жымиып күліп.
– Білетіндер бұл таяқтың сырын біледі. Мұны маған Президентіміз Нұрсұлтан сыйлаған. Бұл әншейін таяқ емес, әмбебап таяқ. Басындағы күміс тығынын алсаң, ішіне әжептәуір коньяк сыйып кетеді. Мұның ішінде Рейхстагқа ту тіккен, Халық Қаһарманы, қазақтың бел баласы Рақымжан Қошқарбаевтың құйып берген коньягі бар. Соны ырым етіп, өзім жақсы көрген жігіттерге оймақтай ғана қақпақ-рюмкесінен дәм татырам. Сен жігіт маған ұнап отырсың, сондықтан саған берейін, ал ішіп сал!
Оймақ ішіндегі қызылкүрең шарап люстра жарығымен діріл қақты.
Асатаяғын орнына қойып, аға қалай емделгенін, қандай адамдармен дәмдес-тұздас болғанын, өзін барлық демалушылардың танитындығын таңданған сыңай танытып, бірқыдыру әңгімелеп берді. Уақыт түскі үзіліс кезі болатын. Жігіттер де ақжарылып, әулиедей Халық Қаһарманы, Қасым ағамен қас пен көздің арасындағыдай бір мезетте көзайым болып қалғандықтарын жылы шыраймен, тәтті тілектерін білдірді.
– Қасым аға, жолай болса да, Оңтүстікте ізіңіздің қалғаны біздер үшін зор ғанибет! – деді Әли. – «Орамал тон болмайды, жол болады» дегендей, мына шапанды естелік болсын деп иығыңызға жабайық!
– Тоқта! – деді даусы гүр етіп Қасым аға, – мен бүгін сендерді көремін деп ойлаған жоқпын, бірақ айтатын аманатым бар, тыңдайсыңдар ма?
– О не дегеніңіз, тыңдаймыз, әрине!
– Облыстың әкімі іссапарда жүр дедіңдер, мұнда облыстық мәслихаттың хатшысы отыр екен, айтайын дегенім – әкіміңе сәлем айт! Әкесін білетін едім, жақсы адам. Мен мұнда Ханбибінің амандығын біле кетейін деп қайырылған болатынмын. Өздеріңмен кездесіп қалдым. Сендер Қадырды білесіңдер ме, Мырзалиевті?
– Білеміз!
– Ақұштап Бақтыгерееваны ше?
– Білеміз ғой, ақын қызымыз!
– Білсеңдер, сол екеуі де Алматыда өмір сүрген. Алматыда ақын болған, қызмет істеген дара тұлғалар. Екеуі де оралдық. Міне, соларға Оралдың сол кездегі әкімі, әдебиеттің, мәдениеттің қадірін білетін Көшербаев Қырымбек жақсылап үй салып, ішін «ағашқа» толтырып, қолдарына кілтін ұстатты. Бұл – өз ақындарына деген ілтипат, зор құрмет. «Піл көтермегенді тіл көтереді» деген қағиданы ұстанған қазақ. Ал мына алдарыңда отырған Ханбибі – үлкен ақын. Талантты ақын. Азамат ақын. Көпқабатты үйдің жоғарғы қабатында торғайдың балапанындай қонақтап отырады екен...
Оңтүстік – бай өлке. Бай жігіттері де бар. Бір қызды жерге түсіруге шамаларың келмейді емес, келеді. Уақыт өткен сайын адамның жасы ұлғаяды. Түсіп-шығуы қиындайды. Айналасында бау-бақшасы бар бір кішкентай үй салып беру сендерге не тұрады?!
– Дұрыс айтасыз, Қаске! Әкімге аманатыңызды жеткіземіз!
– Үйім бар ғой, далада отырған жоқпын! – дедім ыңғайсызданып.
Ыңгайсызданғаным – бүгінгі шайға әкім-қараларды әдейі шақырып, Қасым ағаны пайдаланып, жоғымды түгендеп алайын деген бақай есептің адамы ретінде көрініп қалғандай болғаным. Менде тек ақын қыздың маңында қарайған ешкім жоқ екен демей, мұның да елі бар, кісісі бар екен деп, Қасым ағамыз ризалықпен аттансын деген ой болатын. Оны ескеріп жатқан батыр бар ма?! «Батырға оң-терісі бірдей» деген осы шығар... Онымен қоймай:
– Үйің болса болсын, соның үстіне салып берсін. Сен түгілі маған үлкен үй салып бергелі жатыр. Мен атақты ақын, жазушы емеспін, қатардағы солдатпын. Ал сен қандай құрметке болса да лайық адамсың. Оның үстіне басқа жақта істеген жоқсың, осы еліңе сіңірген еңбегің бар! – деп сөзін салмақтап, нықтап аяқтады.
Манағы ыңғайсызданғаным жай екен, бейне біреу отырған орындығымның астына от қойғандай лапылдап барам. Оның үстіне Қаһарман ағаның менің мәртебемді асыру үшін өзін соншалықты төмендете сөйлегені жаныма батты. Арқалы ақын Мұқағалидың «Сені биік болсын деп төмендегем» деген өлең жолдары есіме түсті. «Айналайын қарт емен, құламашы», – деп тіледім ішімнен.
– Ал, жігіттер, «Жолаушыны жолынан қалдырма» деген. Біз бүгін Алматыға жетіп жығылайық. Бәріңе рақмет. Ұйымшылдықтарыңды таныттыңдар! Құйқасын тартсаң май шығатын, елі де, жері де бай Оңтүстік өлкесіне, оның қарапайым халқына Құдай ырыс-береке берсін! Мен енді бұл жаққа келемін бе, келмеймін бе, бір Құдай біледі, бірақ мен сияқты қартты әр уақытта тілеулес болып жүреді деп ұғыңдар. Сендерге береке, бірлік болсын! – деп ақ батасын берген Қасым аға қозғалуға ниет білдірді.
Осы сәтті күткендей қалта телефоным шырылдап қоя берді. Дархан Мыңбай екен. Түлкібасқа әкім болып барғанына көп өтпеген. Әнеугүні үйде бірге болған. Ол да Қасым ағаның демалып қайтатын күнін санап жүрсе керек.
– Хан апа, Қаскеңдер Шымкентке соққан шығар, Алматыға Түлкібас арқылы жүреді гой, бір шыны аяқ шай беріп жіберейін деген ем. Мүмкін болса батасын алып қалайын, мұндай сәт күнде бола бермейді, бірауыз сұраңызшы, – деді қиылып.
– Жарайды, – деді Қасым аға, – бірақ жолсоқты болып, әбден шаршап келе жатқанымызды айт, әуреленбесін, көп кідірмейміз.
Дарханға солай дедім. Қазір тура Түлкібасқа тартатынымызды ескерттім. Ақылды жігіт қой, қуанып қалды.
...Әлемге аты мәшһүр Ақсу-Жабағылы қорығының төріне тігілген алты қанат киіз үй салтанаты анадайдан көз тартады. Өз сөзімен айтқанда, «қажыған» ағамыз сергек тартып, Жамбыл атамыз сияқты ұлғайған шақтағы екінші тынысы ашылғандай. Жолай: «Мына жер былай аталады, қазір үш-төрт шақырымнан кейін мынандай елді мекен кездеседі» десе – айтқанының бәрі алдымыздан шығып жатқанына таңданбасқа амал қалмады. Мұншалықты жер тану, оны зеректікпен ой түбіне сақтай білу – сонау ізкесушілікті қажет ететін партизандық кәсібінен қалған ба дерсің! Мұндай қасиет – көлденең көк аттыға бұйыра бермес!
«Сен асықты екен деп, Алла әмірін өзгертпес» деп айтқан ұлы Абайдың сөзі Қаскеңді де айналып өтпеді.
Киіз үйге таяп келгенде малы сойылып, қазаны бүлкілдеп қайнап, ту биенің бал татыған асау қымызы сабасынан тасып төгіліп, кесек-кесек ағаш тегенелерде сапырылып, бәйшешектей қыз-жігіттері шарықтата ән төгіп жатқан қанбазардың үстінен түстік.
Барлық сәнімен жабдықталган киіз үйге кіріп, сабадағы қымыздан дәм таттық. Қанша асығыспыз дегенмен, өзін хан көтеріп күтіп жатқан халықтың ықыласына ырза болды ма, олардың өзіне деген пәк көңілін аяқ асты еткісі келмеді ме, ет жемей аттануға болмайтынын сезінген Батыр аға:
– Бір сағат демалып алайыншы, – деген өтінішін жеткізді.
Біз тысқа беттедік.
Мамыр айында Оңтүстіктің кейбір аңызақ аудандарында көк шалғын бояуынан айырылып, қуаң тарта бастайды. Таулы аймақ болған соң ба, мұнда бәрі бабында. Айнала-жап-жасыл, аспан көкпеңбек, таулары биіктеп, жақындай түскендей, қол созым жерде тұр. Сылқылдап күліп қашқан бұлақтары ше? Мөп-мөлдір-ау, мөп-мөлдір! Айтлы Швейцарияңды осы Ақсу-Жабағылының сүйіншісіне де алмас ем!
Бүкіл отбасымен қонақ қабылдау қарбаласында жүрген жас әкім, кәнігі журналист жылы жымиып, бізбен әңгімелесуге де уақыт тауып жүр.
– Қаскеңнің аты аңызға айналып кеткелі қашан! – деп әңгімесін жалғастырды Дархан. – Мәскеуде оқып жүргенімде мынадай әңгіменің куәсі болып едім.
...Атамыздың жаңа үйленген кезі болуы керек, қайындап барған батырға мал союды тапсырады. Жас күйеуді сынағысы келді ме, әлде реті солай болып қалды ма, қой союға берген пышақ бес кессең бір баспайтын, тот басқан жарамсыз екен.
Батыр әрі-бері әуреленіп, онысынан түк шықпаган соң, ызасы келіп, тайыншадай үлкен қойдың басын бұрап-бұрап, лақтырып жіберіпті дейді. Осы сөз қаншалықты рас? – деп Талаптанга қарады.
– «Халық айтса, қалып айтпайды» деген, расы рас-ақ шығар, – деді Талаптан.
Батырдың әлгі бейнесін елестетіп, күліп тұрғанымда Дархан:
– Хан апа, сіздің арқаңызда Халық Қаһарманымен кездесіп, көктегіміз жерден табылғандай қуанып қалдық, рақмет! – деді.
– Бауырым-ау, өзім де әлі күнге сене алар емеспін! Батыр іздеп келеді деген үш ұйықтасам түсіме кірмейтін нәрсе ғой.
– Осы сізді баяғыда Бауыржан батыр да қолдаған дейді ғой. Оның себебі – өзіңіз де батыр сияқтысыз!
– Баукеңнің іздегенін қайдан білесің?
– Ертеректе жарық көрген «Сыр кітабыңызда» «Айбарлы атам еді» деп жазған эссеңіз есімізде, ойымша, Қаскең туралы да эссе жазатын сияқтысыз. Біз оқырман ретінде, тілекшіміз, – деді Дархан ініміз.
– Иә, иә. Жалпы, мен бақытты жан екенмін. Сонау, жетпісінші жылдары институтты бітіруге мемлекеттік емтихан тапсырар алдында бір оқытушымен пікіріміз келіспей қалып: «Сені қайткенде де емтиханнан құлатам!» деген суық сөзінен күндіз – күлкі, түнде ұйқы қашып, жылап жүрген кезім еді ол. Жалпы, мен жылаған сайын қазақтың бір батыры келіп, көз жасымды сүртеді. Құдайға алғыстан өзге айтарым жоқ!
– Иә, Баукең не деп жұбатты сонда? – әңгімеге араласқан Талаптан, –айтсаңызшы ар жағын, – деді тағатсыздана.
– Не болушы еді. Әлгі оқытушыга тілдей қағазға: «Баламды саған тапсырдым, сені – Құдайға тапсырдым, құлатсаң – атыласың!» деп жазып берген.
– Сонымен, оқуыңызды бітіріп алдыңыз гой?!
– Әрине, Бауыржан батырдың арқасында.
Жігіттер шүбәсіз күлді.
Бесін уақыты. Түлкібастың Жамбылмен шектесетін тұсында қоштасып тұрдық. Қимадық. Амал қанша?!
Бірге болған уақытта батыр ағаның айтқан ойы да, сөйлеген сөзі де жанымызға қуатын, жүрегімізге шуағын төкті. Ол кісінің Өскеменнен жаңылып, Кемеровоға ұшқаны, ондағы губернатор Аман Төлеевпен кездескені, бүкіл Алматы болып ол кісіні шарқ ұрып іздегені, одан кейінгі отбасымен тәтті қауышулары – жаза берсең, бір романға жүк болары даусыз. Оның бәрі өз кітабында айтылғандықтан қайталап жатуды қажет тұтпадық.
Қасым ағаның Оңтүстік топырағын бір басып өткенінің өзі құт әкелгендей. Бүкіл Алматы басы бүтін көшіп келгендей болды көріскен ел-жұрт үшін. «Үлкеннен – құрмет, кішіден – ізет» деген дәстүрлі салтымыз жалғаса бергей. Ақбас Алатаудай айбатты арысымыз – халқымыздың қаһарман ұлы – Қасым Қайсенов алдымызда айқайшымыз боп жүре бергей!
– Аға, телефон соғамын! – дедім қоштасып тұрып.
– Жоқ, соқпа, құлақ естімейді, босқа әуре боласың! Амандықта, жақсы болып жүр! – деді, тебіренген дауыспен.
Машина оталды...
Жарық дүние, менен әлі қашпашы,
Қараңғылық маңдайымды баспашы.
Жанарымда жол сәулесі сақталса,
Қажеті жоқ онан әрі басқасы! –
деп өзі жырлағандай, менің Қыдырым – Қасым аға әндетіп бара жатқандай болды.
Ханбибі Есенқарақызы,
ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты