АБЫЗ
2023 ж. 13 қыркүйек
1802
0
Елімізді ширек ғасыр басқарған, халықтың шынайы құрметіне бөленген, ірі мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың дүниеден өткеніне биыл отыз жыл толып отыр.
Димекең бала кезінен Төле бабамыздың даналық қасиеттеріне қанық болыпты. Бұл заңды, себебі ол өзінің атына заты сай дінімізді таза ұстаған, тарихты терең сезіп, дана бабалар тағылымын үлгі тұтқан, халықты шын сүйген тарихи тұлға.
Димекеңнің Төле би туралы сұхбатын белгілі төлебитанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы профессор, Төле би атындағы қоғамдық қордың алғашқы төрағасы Сәрсенбі Дәуітұлының «Абыз» деген естелігінің тәрбиелік мәні мол, сондықтан ұстаздарға, оқушыларға бабаларымыздың мұрасынан төл сарқыт ретінде ел арасына кеңінен насихаттау жөн деп санаймын. Бабалардың асыл мұрасын ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру – басты парызымыздың бірі болса керек.
Оралжан МАСАТБАЕВ,
Төле би қоғамдық қорының құрылтайшысы.
1990 жылғы күздің басы еді, жапырақтар енді сарғая бастаған кез. Атақты Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы шығармаларының бірінші томы жарық көрген болатын. Ол кезде біраз уақыт бір кабинетте бірге отырып қызмет атқаратын Диар Қонаевқа «Сен үлкен кісіге айтшы (Дінмұхамед Ахметұлын айтып отырмыз), Мәшекеңнің бірінші томы «Ғылым» баспасынан шықты, кітабын оқығысы келе ме екен, оқыса, сенен беріп жіберейін», – дедім. Ол ертесіне: «Сізге өзі келсін, кітабын ала келсін» деді», – деп көңілді тіл қатты. Көп кешікпей Диар екеуміз Дінмұхамед Ахметұлының үйіне бет түзедік.
Димекең бізді күліп қарсы алды. Бірден төргі бөлмеге өзі бастап алып келді. Үй ішінің төрт қабырғасы түгел кітап секілді көрінді маған, рет-ретімен әдемі жиналған дүние бір-бірімен үйлесіп, жарастық тауып тұр. Қаншама академик, оқымыстылармен араласып жүріп, дәл осындай мол жиналған кітапты көргенім осы. Димекең танданысымды бірден байқады.
– Өзім атқа мінгелі кітап жинадым, – деді маған ойлы көзімен қарап. Сосын сыпайы ғана: – Отыра ғой, – деді креслоны нұсқап.
Өзі де жайғаса бастады. Қарсы алдымыздағы үстелдің үстінде үш суреттұр екен, оны енді байқадым, бұлар Димаш ағаның өзі, ортада әз Төле би және зайыбы Зуһра апай болатын,
Димекең мені бастан-аяқ барлап бір қарап шықты, сол кезде өне бойымнан шымырлап ток өткендей болды, әлдебір ағаттық жіберіп алған жоқпын ба деп, өзімді-өзім тежеп ұстауға тырыстым. Сол үнсіздіктен кейін қолымдағы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының кітабын қолына ұстаттым. Аса ірі, салалы саусақтарымен кітаптың бетін үш рет сипады, аузы күбірлеп ішінен бір нәрселер айтқандай болды.
Осы аралықта Мәскеу мен Ленинградтағы бір-екі жағдай есіме сап ете қалды. Қазір бәріміз мақтан тұтып, бір сөзін қалдырмай оқитын бес арысымыздың мұрасын жинау үшін Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының айрықша тапсырмасымен сапарда жүргенмін. Кітапханалар мен архивтерде әртүрлі зиялы қауыммен ұшырасып қалып жүрдік, сонда олар: «Кімсің, қайдан жүрсің, не істеп жүрсің?» – деген сияқты сұрақтар қоятын. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты кейбірі бізді ұнатпайды, қазақ екенімді білгеннен бастап адырая қарайды. Әйтеуір, не керек, Дінмұхамед ағаға тиіседі, ол кісіні бай, шонжар, ақсүйек деп шаншу сөздермен түйрейді. Содан кейін астанамыздағы әдемі музей мен ел игілігіне асып отырған моншамызға дейін сыбап шығады. Бұл жағына келгенде, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, «Қарашы, – дейді кейбірі, – Қазақстан Ресейге қаншама қарыз, соған қарамай, біздегі жоқ монша соларда бар, біздегі жоқ, ғажап музей де – Алматыда». Енді біреулері ауыздықсыз ат сияқты айдалаға лағып кетеді...
Алайда ұлы жүректі, аса кеңпейіл жанға мұндай ұсақ-түйек әңгімені айтқанымыз жоқ, өзін тыңдағымыз келді, Димекең өзінің арғы аталарының бірі Бөлтірік би екенін, ол адамның өз уақытында әділ би болғанын, тапқыр шешендігімен қазақ, қырғызды аузына қаратқанын қызық-қызық мысалдармен шабыттана толғап кетті. Әу дегенде әңгімесін баяу бастап еді, бірте-бірте жәй ырғаққа екпін араласқандай, әншейін қарапайым сөзге саз қосылғандай болды. Атақ-даңқын әлем білетін, дүниенің төрт бұрышын түгел аралаған, қызыр қонып, бақ дарыған, Алланың сүйген пендесі Димекеңнің әр сөзін мұқият тыңдадық.
– Иә, Төле биді халық сүйіп, «Үйсін Төле би, әз Төле би» деп атаған, ол кісі жайлы бала күнімде естіген бір аңызымды айтайын, – деп үн-түнсіз біраз отырып қалды.
– Айтыңыз, айтыңыз, – дедік дегбіріміз қалмай.
– Үйсін Төле би жолаушы жүріп кетіп бара жатса, алдынан бір бозбала жігіт шығыпты. Би оған: – Балам, кімсің, қайда барасың? – десе, ол:
– Ата, мен бір асқан байдың әулиеге ат қойып, қорасына қой айтып жүріп, Алладан жылап-еңіреп әзер дегенде сұрап алған баласы екенмін. Жасымнан не киемін, не ішемін мінемін дегем жоқ, әкенің дәулетін ары да шайқадым, бері де шайқадым, оңға да шаштым, солға да шаштым. Бір күні шешем шақырып алып:
– Ұлым, бұл қылығың маған мүлдем жақпайды, таусылмас дүние болмайды, дария да суалады, орман да сирейді, тау да мүжіледі, теңіз де тартылады. Сенің күндіз-түні сауық-сайран салып, қыз-бозбаланы жинап құрған думаның ел-жұрт, ағайын-туысың былай тұрсын, тіпті әкеңе де ұнамайды, бұл райың қайт, – деді. Мен:
– Жарайды, жарайды, – деймін де, сол баяғы әуеніме қайта басамын. Сол бір ырду мен дырдуым таусылған жоқ, күн сайын күшейе түсті. Бірде шешем маған жылап келді де:
– Әкең қатты ашулы, ол маған: «Біздің бала тәуір бала болмады, өзі білмеді, білгеннің тілін алмады. Менің төрімнен көрім жақын, көзімнің тірісінде дүние-мүлік, малымды жоқ-жітік, жетім-жесір, ғаріп-қасерлерге қылдай бөліп беремін» – деді. Сен мына екі қоржынбас алтын-күмісті ал-дағы елді арала, мүмкін, сыртта жүрсең есейіп ес жиярсың, – деп анам менімен қоштасып қала берді. Енді осы қанжығамдағы асыл тастарға ақыл сатып алсам ба деп кетіп бара жатырмын, ата, – дейді.
Төле би ауыр күрсініп:
– Әй, балам-ай, ақыл еш жерде, ешқашан сатылған емес, сатылмайды да, дегенмен, мен саған үш ақыл айтайын, көкейіңе құйып ал, – дейді. Бала бұл сәтте дегбірі қалмай:
– Ата, айтыңыз, – деп өтініш жасайды. Төле би омырауын жапқан аппақ сақалын салалы саусақтарымен салалап сөйлеп кетіпті:
– Бірінші, кездескен кісіңнің атын сұрап ал, ата-бабамыз «жүздің түсін танығанша, бірдің атын біл» деп бекер айтпаған, екінші – қонаққа барғанда отырған орныңды ешкімге беруші болма, үшінші – алмас кездік, асыл пышақ, қанжарың болса, көпшілік орында жасырын сақта, көп көзіне көрсете көрме, – дейді. Бай баласы: «Құп ата, жақсы, айтқаныңызды көкейіме құйдым, көңіліме түйдім» – дейді Төле биге шын риза болып.
Содан екі жолаушы бірнеше бел-белестен өтеді, шаршап-шалдығады, Төле би тұрып жолсерігіне:
– Бүгін біраз жол жүрдік, ат арығандай, өзіміз шаршағандаймыз. Екеуміз бірдей сабылмай-ақ қояйық, сен анау көрінген ауылдан «бізді қондыр» деп сұра, – дейді. Бала бірден келісіп:
– Мақұл, ата, – деп атының басын ауылға бұра шаба жөнеледі. Барған бойда:
Алыстан ат арытып келе жатқан жолаушы едік, бір еме, екі адамбыз, ауылдарыңызға түнеп шықсақ деп едік, – дейді.
Ауыл иесі ақсақал:
– Балам, өзіміз де де бір топ мейман бар, үй тар, айып ете көрме, – депті бір түрлі ыңғайсызданып, самайын қасып.
Бала Төле биге келіп істің мән-жайын айтады.
– Ой, балам-ай, болмаған екен, болмаған екен. Енді сен ана ауылға бар, – деп басқа бір тұсты меңзейді. Жазған құлда шаршау бар ма, «Жарайды, ата», – деп тағы да шауып ала жөнеледі. Сүт пісірімдей уақыт өтер-өтпестен жетіп келіп, баяғы жауабын қайталайды:
– Бізді бұл ауылдың да қондыратын сыңайы көрінбейді, енді қайтеміз, – дейді әбіржіген бозбала.
Төле би:
– Енді алдыңғы жаққа бар, сол елге айт: «Үйсін Төле би келе жатыр, қонуға пұрсат сұрайды де», – деп серігін жөнелтіп жібереді.
Бала жөнеп береді. Жолда кездескен ауылға әлгінде айт деген сөздің бір түйірін де қалдырмай жеткізеді. Ауыл иесі тіпті ерекше қуанып, жүзі нұрланып:
– Үйсін Төле би біздің елге рас мейман болып келе жатса, құдай көктен сұрағанымызды жерден берді ғой, елдің ұйытқысы, абзал жанды аяғымызбен емес, төбемізбен күтеміз, – деп құрметті қонақтың алдынан бір емес, екі кісі шаптырыпты. Тез арада мал сойылып, қазан көтеріліп, бүкіл ауыл абыр-сабыр болады.
Алты қанат ақ орданың төрінде төрт қабаттап салынған көрпенің үстінде ел тағдырын жатпай-тұрмай ойлайтын, күндіз рақаттанып күліп, түнде мейірі қанып ұйықтамайтын елдің әз Төле биі отыр. Қасында – бірге келген жолаушы бала. «Әз аға келді» деп жұрт ағылып бірінен соң бірі келуде. Әуелінде төрдің қақ төбесінде Төле бидің оң тізесін ала отырған жас түлек орнын үлкендерге босата-босата, босаға жақтан бір-ақ шығады.
Есік жақтан табақ көтерген бірнеше бозбала жігіт бата сұрап қолын жайды, би:
Аллаға жағамын десеңіздер,
Азанды болыңыздар.
Халыққа жағамын десеңіздер,
Қазанды болыңыздар.
Аллаһу-акбар, –
деп айтар сөзін қысқа қайырыпты.
Есік жақтағылардың алдына да ет қойылады. Осы кезде жолаушы бала қойнынан сабы алтын, басы күміс қанжарын иығарып, ет турай бастайды. Енді жұрттың көзі табақтан ауып, қанжарға түсті. Әп-сәтте апа-сапа болып ет те желініп бітті, кісілер батадан кейін қол шайып, сыртқа беттей бергенде, бүйрек бет, қарны кебежедей қара жігіт әлгі қанжарға жармасты:
– Бұл менің ұстаға әдейі соқтырған асыл дүнием еді, сен ұры екенсің, қайдан алдың? – деп болмайды, жолаушы болса:
– Ағатай, әкемнің маған арнайы ұстаға соқтырған қанжары, жала жаба көрмеңіз, – деп қолды-аяққа тұрмай шырылдап безек кақты. Ақыры жауыз жігіт зорлық жасап бермей кетті...
Ел аяғы басылды, жұрт үйді-үйіне тарасты. Жұмыртқадай ақ боз үйде әз Төле би мен бала ғана қалды. «Ата, – деді бала, менің алтын қанжарымды бір еңгезердей дәу кісі тартып алып кетті. Әкем ұрсатын болды, енді қайттім, қандай амал жасаймын бұған?».
– Иә, балам, – деді салмақты үн қатып Төле би. – Мен саған үш ғибратты сөз айттым, бірінші, кездескен адамның аты-жөнін сұра дедім, сен қасыңа ерген менің аты-жөнімді сұрауғ жарамадың, екінші, отырған орныңнан қозғалма дедім, мейман болсаң да, босағада отыруға мәжбүр болдың, үшінші қалың топтың ішінде асыл затыңды шығарма дедім. Сен осыларды тындадың ба? – «Жоқ, ата, ататай, есімнен шығып кетіпті, жат жер, бөтен ортада абдырап қалдым».
– Әй, балам-ай! Алланың өзі сабырлыларды жақсы көреді деген ғой, Құранда. Асығыстық – сайтанның ісі. Басыңа қандай ауырлық түссе де, тастай салмақты, темірдей қатты бол, майысушы болма, ата-бабамыз «сабыр түбі – сары алтын» деп тектен-текке айтпаған ғой. Жер бетінде неше түрлі адам баласы бар, халқымыздың «адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» дейтіні содан. Сенің қанжарыңды алған адам қаншама жауыз болғанмен ертең маған жүгініске келмей кете алмайды. Сонда сен айт: «Бұл қанжарды мен біреулер өлтіріп кеткен нағашымның кеудесінен алғанмын, біраз уақыттан бері иесін іздеп таба алмай жүр едім, енді, міне құныкерім табылды» деп жылай бер, – депті Төле би жарықтық.
Ертесі Төле би атамыздың айтқанындай болыпты, бала қанжарын алыпты, даукес жігітке Төле би тоғыз айып салыпты, – деп Димекең әңгімесін бітіріп бізге күле қарады. Содан кейін:
– Сендер қалай қарайсыңдар, мұндай тапқырлықты Төле билер қайдан үйренген? – деді. Біз бірдеңе айтып үлгергенше, Димаш ағаның өзі сөйлеп кетті:
– Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке сияқты жандардың іші ақ шуақ, олардың сөздерінде де, істерінде де иненің жасуындай кірбің жоқ, өтірік-өсек дегенді атымен білген емес. Күндіз-түні ойлайтыны – халықтың қамы, ел бүтіндігі, жұрт тыныштығы болды, – деп толқып сөйледі.
Ойыма атақты Мәшһүр-Жүсіптің Төлеби жайлы жазғаны түсті. Төле бидің ауылына келгенде арғын Едіге би: «Әділ бидің жерін дау араламайды, әділ патшаның елін жау араламайды», – депті ғой. Бір асылды бір асылдың кадіріне жетіп бағалауы бұдан артық болсын ба?!
Сәлден соң Димаш аға: «Әз Төле би секілді тұлғалар мәңгі бізбен бірге жасай бермек», – деді салмақпен креслодан көтеріліп. Біз көпті көріп, көп жасаған абыз ағаның егіліп-төгіліп айтқан сөздерін іштей қуаттап, орнымыздан тұрдық.
Сәрсенбі ДӘУІТҰЛЫ,
ақын,
филология ғылымының докторы