СОЛ БІР САПАР
2023 ж. 22 тамыз
2213
0
1991 жылдың 18 тамызы күні біз, «Қазақ әдебиеті» газетінің бір топ қызметкері кезекті бір іс-сапарға шықтық. Бағытымыз – Оңтүстік Қазақстан облысы, мақсатымыз – оқырман қауыммен жүздесу еді.
Кешкілік төрт кісі: бас редакторымыз – Оралхан Бөкей, жауапты хатшы – Тұтқабай Иманбек, фотосуретші – Сайлау Пернебаев және мен – тілшімін «Алматы – II» теміржол бекетінен пойызға міндік.
Купеге кіре салысымен Тұқаң мен Сәкең бірден шахмат ойнауға кірісті. Ор-ағаң аздап мызғып алайын деді. Ал мен дәлізде, терезеден сыртқа қарап тұрдым. Біраздан соң пойыз қаланы артқа тастап, кең даланың төсімен жүйтки жөнелді.
Ай сүттей жарық. Алыстан қарауытып Алатаудың биік шыңдары көрінеді. Кей тұстарда теміржол бойындағы шағын разъездердің шамдары жамырап шығады. «Онда кімдер тұрып жатыр? Дәл қазір не істеп отыр? Тіршілік күйбеңімен өткен тағы да бір күн олардың есінде қала ма, жоқ па?..» дегендей бір мұңлы ой торлайды көңілімді. Бұл сірә, мынау моп-момақан, тып-тыныш кештің әсері болар-ау.
Кенет купенің есігі ашылып:
– Иә, қалай, зеріккен жоқсың ба? – деген Ор-ағаңның сергек үні естілді.
– Жоқ.
Ол кісі де бері шығып, терезеден сыртқа қарап, бір уақ үнсіз тұрды да:
– Апыр-ай, біздің ай мен жұлдызды көрмегенімізге де біраз бопты-ау?! – деді.
Ор-ағаң біздің студенттік шақтан бергі үлгі тұтатын сүйікті жазушымыз. Біз оның кітаптарын бір-бірімізден ат-түйедей қалап алып, жарыса оқып, қызу пікір таластырып, қызылкеңірдек боп талқылап жататынбыз ол кезде. Бірімізге «Мұзтау», бірімізге «Қайдасың, қасқа құлыным» ұнаса, енді біріміздің көңіліміз оның «Елең-алаң» повесіне қатты құлайтын-ды. Жазушының асқақ романтикасы, таңғажайып қолкілемнің өрнегіндей сөз кестесі, кей сәттерде ну ормандай шулап, қара теңіздей тулай жөнелетін ой орамдары біздің жан-дүниемізді ерекше бір әсерге бөлеп, өзі жазғандай «жел жұлқыған қайыңның қабығындай бебеу қақтыратын»-ды.
Бұл күнде бар ма, жоқ па білмеймін, өткен ғасырдың сексенінші жылдарында ҚазМУ-дің журналистика факультетінде М.Сералин атындағы әдеби бірлестік қызу жұмыс істеп жататын-ды. Онда әдебиет әлеміне көз тігіп, қызығып, құмартып жүретін жастар жиі бас қосып, өзіміздің алғашқы жазған өлең, әңгімелерімізді оқып, құрбы-құрдастарымыздың талқысына салушы едік. Енді міне, сол бір тәтті күндер сағымға оранып бұлдырап, алыста қалды... Университетгің соңғы курсында оқып жүргенімізде маған осы бірлестіктің мүшелері болып табылатын достарым: «Сенің әңгімелерің «Лениншіл жаста», «Қазақ әдебиегінде», «Жалында» жарық көрді ғой. Ендігі жазғандарыңды «Жұлдызға» апаруың керек» деп, ақыл-кеңес берді. «Жарайды... Кімге алып барайын?» дедім мен аздап жүрексініп тұрсам да. Ал олар: «Жұлдыз» журналында проза бөлімінің меңгерушісі Оралхан Бөкеев, ал әдеби қызметкері Марат Қабанбаев, – деді. – Бірақ, сен әуелі Маратқа апар әңгімеңді. Ол жастарды жақсы түсінеді. Ал Ор-ағаңның талабы тым қатал».
Сөйтіп, күндердің күнінде мен екі әңгімемді қолтығыма қысып, «Жұлдыз» журналының редакциясына қарай тарттым. Қала орталығындағы еңселі үй – Жазушылар одағының үшінші қабатына көтеріліп, «проза бөлімі» деген жазуы бар есікті қақтым. Ешкім жауап қата қоймады. Содан соң есігін жасқана ашып, ішке кірдім. Екі үстел қойылған аядай бөлмеде ешкім жоқ екен. Жаңа ғана мұндағылар бір жаққа асығып шығып кеткен сияқты. Тіпті, есікті де кілттемепті. Мен терезеден төгілген күн шуағына қарап тұрып, олардың орнында болмағанына қуанғандай жеңіл тыныстап, енді артқа қарай бұрыла бергенім сол еді, кенет есік сарт егіп ашылып, қою қара шашы иығына төгілген, сымбатты бір жігіт ағасы кіріп келе жатты. Иегін сәл жоғары көтеріп, маған сен кім едің дегендей көзінің қиығымен сынай қарады. Бұл кісінің бұрын өзін көрмесем, суретін көргенмін, талабы қатты талғампаз жазушы Оралхан Бөкеевтің нақ өзі! Таңдана қарап, сәл бөгеліп қалсам керек. «Иә?» деген дауыстан селт ете түсіп: «Ме... мен «Жұлдыз» журналының проза бөліміне келіп едім» деген сөзді бөліп-бөліп әзер айттым. Ол болса, сәл ғана езу тартгы да: «Жұлдыздьщ» проза бөлімі осы болады» деді нықтап.
Мен бірақ, кібіртіктей бердім. Өйткені, әдеби бірлесгіктегі жанашырларымның кеңесі бойынша әңгімелерімді Марат Қабанбаевқа тапсыруым керек еді ғой. Ал мына кісі... Оралхан Бөкеев!
«Ал, жазған-сызғаның болса, әкел!» дегендей маған қадала қарап отыр. «Әй, енді не де болса «Шешінген судан тайынбас!» дегендей қолымдағы әңгімелеріммен іштей қоштасып, Оралхан Бөкеевтің алдына қойдым да, әлгі бөлмеден атып шыққандай болдым.
Иә, айтпақшы, сол бойы жайыма қарап жүре бермей, аяғым босағаға тиген сәтте: «Ағай, сізге енді қашан хабарласайын?» деп сұрағаным есімде. «Ертең немесе бүрсігүні» деген дауыс саңқ ете түскендей болды. Содан...
Иә, содан есік алдына шығып, есімді жидым. Іштей «Жұлдыз» журналының редакциясына мен әңгімемді алып келген күні Марат Қабанбаевтың өз орнында болмай қалғанына өкінемін. Оның үсгіне Оралхан Бөкеевтің «Ертең немесе бүрсігүні кел» деген сөзі мені күтіп тұрған жазаны тым жеделдетіп жібергендей болып көрінеді. Әдетте, біз басқа редакцияларға бас сұққан кезімізде әдебиет бөліміндегі ағалар: «Ойбо-ой, әңгіме дегенің қоржынға сыймай, үйіліп-төгіліп жатыр. Бір ай, иә болмаса, екі айдан кейін звонда. Сөйт, сөйте ғой, айналайын» деп шаршап отырушы еді... Ал мына кісі тіпті, бөлек.
Әйтсе де, мен ертеңіне салып ұрып жетіп баруға қаймығып, үшінші күні біреу қолымнан тартып сүйрегендей аяғымды әзер басып проза бөлімінің есігін имене аштым. Ор-ағаң орнында отыр екен. Өткендегіге қарағанда, бұл жолы көңілді сияқты көрінді. Жүзін жылытып, маған күлімсірей қарады да, арадағы сөзді көп созбай-ақ: «Екі әңгімең де маған ұнады» деді. Сол сәтте менің ішкі дүниеме бір жып-жылы нұр құйылғандай болды да, екі иығымнан басып тұрған зіл қара тас аунап түсті. Құс сияқты самғап ұша жөнелгім келгендей бір қызық күй кештім.
Содан соң Ор-ағаң екеуміз емін-еркін отырып, әдебиет туралы біраз әңгіме шерттік. Ол кісі маған уақытты босқа өткізбеу керектігін, өкінішке қарай бүгінгі студент жастардың сыраханаға үйір екендігін, ақылым болса одан алыс алшақ болуымды ескертіп, баса айтты. Сонсоң көңілденіп: «Мен саған түнде ғана жазған бір шағын әңгімемді оқып берейін. Тақырыбы – «Бес тиын» – деді күліп.
Ор-ағаңның сол кезде өзінің әйгілі «Ауыл хикаялары» атты әңгімелер топтамасын жазып жүрген кезі екен ғой...
Енді міне, тағдыр жазып, мен Ор-ағаң басқаратын «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында тілші болып істеп жүрмін.
Ол терезеден үңіліп, далаға қарап тұрды да, жалт бұрылып:
– Жүр, біздің кісілер не істеп жатыр екен, көрейік, – деді.
– Олар шахмат ойнап отыр, аға.
– А-а, Тұқаңды білем ғой, академиялық тәсілмен ойнайды!
Аздан соң, төртеуміз бірге отырып шай іштік.
***
Таңертеңгілік теміржол вокзалында бізді оңтүстіктің бір топ қаламгерлері күтіп алды. Күн қазық бойы көтерілген шақ еді. Тамыз айы –оңтүстікте қауын, дарбыз, жүзім, шабдалы сияқты жемістердің уылжып пісіп, елдің езуінен шырын тамып жүретін кез. Қала толған жеміс-жидек. Сатушы да, алушы да қарбалас. Перрон басында үйіліп жатқан сары ала, торы ала қауындарға қызыға қараймыз.
– Оралхан аға, сіз біздің үйді көрген жоқсыз гой. Осы вокзалға жап-жақын жерде тұрамыз. Сондықтан да, бірінші кезекте біздің үйден шай ішесіздер. Одан кейінгі баратын жерлеріңізді өздеріңіз білесіздер ғой, – деп белгілі жазушы Серік Жанәбілов ағамыз күліп қояды. Бұл кісі елге ерекше мінезімен, әзіл-оспағымен де танылған жаны жайсаң, талантты қаламгер.
Серік ағамыздың үйіндегі жеңгеміз расында да дастарқанды жайнатып, тәтті-дәмдінің бәрін алдымызға тосып отыр екен. Таңертеңгі асты осы шаңырақта шүйіркелесіп, әңгіме-дүкен құрып отырып іштік те, сонсоң іс-сапарымыздың ау-жайын ақылдасып алмақ болып, облыстық партия комитетінің (қазіргі облыстық әкімшілік) ғимаратына келдік. Әдетте, «Қазақ әдебиеті» секілді қара шаңырақтан келген қонақтарды ол кезде құрақ ұша қарсы алатын ірілі-ұсақты шенеуніктер бүгін жым-жырт. Кіреберістегі күзетте жүрген жігіттердің де қабағы қату. Куәлігімізді көріп, кіре беріңіздер дегендей қолымен ишара жасап қала берді..
Еңселі ғимаратты бір ауыр үнсіздік жайлапты. Барлық есік жабық. Кілттеулі. Бірінен соң бірін тартып көреміз, ашылмайды. Тай шаптырымдай ұзын-шұбақ дәлізде тірі жан жоқ. «Ау, бұлар қайда кеткен?» дейді бізбен бірге келе жатқан жергілікті бір қаламгерлер аң-таң болып.
Екінші қабатқа көтерілдік. Мұнда да солай. Тым-тырыс.Тек, оң жақ қанаттагы бір ғана есік ашық тұр екен. Енді соған бас сұқтық. Бұл – облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының қабылдау бөлмесі көрінеді. Жалғыз хатшы қыз ғана отыр. «Бұл кісілер Алматыдан – «Қазақ әдебиеті» газетінен келген қонақтар еді» деген әріптесімізге ол қысқа ғана: «Мұнда төтенше мәжіліс өтіп жатыр» деп салқын жауап қатты. «Апыр-ай, ә, төтенше дейсіз бе?..» дейміз біз таңғалып. «Иә, төтенше!», «Не боп қалды екен?», «Сіздер әлі естіген жоқсыздар ма?», «Жоқ» Хатшы қыз орнынан тұрып, қабырғада ілулі тұрған радионың құлағын бұрап кеп жіберді.
Мәссаған, Мәскеуде бүлік шығып жатыр екен. КПСС Орталық Комитетінің Бас Хатшысы М.С.Горбачев құпия түрде биліктен шеттетіліпті. Өздерін ГКЧП (мемлекеттік төтенше жағдайлар жөніндегі комитет) өкілдеріміз деп таныстырған бір топ саясаткер баспасөз конференциясын өткізіп, ел билігін өз қолдарына алғанын үздіксіз хабарлап жатыр.
***
Есік алдына шығып, ойланып тұрмыз. Ор-ағаң темекі тартты. Сан-сапалақ ойлар сапырылысып, шақшадай басты шарадай қылады.
Енді не болмақ?
Ел қай жаққа шығады?
Біздің билік не айтады екен?
Міне, бүгінгі күннің ең басты сауалдары осы сияқты. Оған қазір анық жауап тауып айту қиын. Сонымен бірге біздің көңілімізде де: «Енді не істейміз? Іс-сапарымызды бұдан ары қарай жалғастыра береміз бе, жоқ әлде, Алматыға қайтып ораламыз ба?» деген төтенше сауалдың тұрғаны анық.
Кенет біз тұрған ғимараттың алдына бір ақ «Нива» зыр етіп келіп тоқтай қалды да, оның ішінен атып шыққан бір-екі кісі бізге қарай жүгірді.
– Ассалаумағалейкө-ө-өм! – деді олар Оралхан ағаның алдына жеткенде қолдарын жарыса созып. – Айып ете көрмеңіздер, біз сіздерді күтіп алуға шыққанбыз, бірақ ауыл алыс болғандықтан, вокзалға дәл уақытында жетіп үлгере алмадық.
– Иә, қай жақтан боласыңдар, жігіттер?! – деді Оралхан аға басын сәл шалқайта езу тартып.
– Созақтан келеміз, Ореке!
– Онда не тұрыс?! Кеттік Созаққа! – Оралхан аға шапшаң жауап қатты да, бізді ақ «Ниваға» қарай бастай жөнелді.
***
Шымкенттен ұзап шығып, кең далаға енді-енді көзіңіз үйрене бастаған шақта алдыңыздан жалтырап Арыс өзені шыға келеді. Жағасындағы қалың жыңғыл қол бұлғап, қою көлеңкеге қарай шақырып, мына дүниенің рақаты осында ғой деп қызықтырып тұрады. Оған енді, бір сәтке болса да бұрылып, салқын суға күмп беріп сүңгіп шығар ма едік шіркін-ай деп іштей ынтығасың.
Бірақ ақ «Ниваның» иесі, созақтық жүргізуші жігіт мынау Арысты көрсе де көрмегендей, білсе де білмегендей болып, мойын бұрмай өтіп барады.
– Әй, бізді алысқа жібергеніне қарағанда, бұл төңкерістің жақын арада бітпейтұғын түрі бар-ау, ә?! – деп қояды Сайлау Пернебаев ағамыз өзен жаққа қадала қарап отырып.
– Егер Горбачев биліктен кететін болса, қайта құру кезеңі де тұйыққа тіреледі. Мүмкін... жариялылық та тоқтайды, – дейді Тұқаң бір қауіптің шетін шығарып.
– Тіпті, репрессия басталып, 1937-38 жылдардағы нәубет қайталануы мүмкін, – деп Сәкең қара аспанды төбемізге төндіре түседі.
Алдыңғы орындықта үнсіз отырған Ор-ағаң осы сәтте ақырын ғана артқа қарай мойнын бұрып:
– Сабыр, Сәке, сабыр... – деді.
Осыдан соң, әркім өз ойын өзі іштей мүжіп, біразға дейін тым-тырыс отырдық. Арыс өзенінің жағасындағы Ордабасы ауылынан өткеннен кейін боз жусаны бұрқыраған маң дала басталды.
Алыстан бұлдырап көрінген көкжиек – көз ұшындағы көкше теңіз тәрізді. Біз сол теңізге әне жетеміз, міне жетеміз деп, зымырап келе жатқан сияқтымыз...
***
– Әй, осы бір тұста Айекеңнің ағасы қауын-дарбыз егіп отырушы еді, –деп саңқ ете қалған Сәкеңнің даусынан селк ете түстік. Жол қусырылып, жіңішкеріп бара жатқан сияқты. «Қай тұсқа келдік екен?..» деп машинаның терезесінен үңіліп қарай бастадық. Сулы, нулы жер болса керек, сірә. Асфальт жолдың екі жиегі қалың қамыс екен. Шамасы, Шаянның маңы болса керек.
– Қай Айекең? – деді Ор-ағаң.
– Аянды айтамын да, – деп Сәкең екпіндей сөйледі. – Өзіміздің кәдімгі ақын, балуан Аян Нысаналин бар емес пе, со кісінің ағасы. Қайсыбір жылы Шаянға келгенімізде, дәл осы жерде бау-бақшам бар деп көрсетіп еді. Әй, тап осы қазір, осы жерге тоқтап, бақшасынан бір-екі қауын ала кетсек қайтеді. Созаққа жеткенше әлі біраз бар ғой.
– Әй, Сәке-ай, – Орағаң басын шайқап, күліп жіберді, – мына қалың қамыстың арасынан оны қалай іздеп табасың?!
– Айқайлаймыз. Өзі келеді.
Бұл жолы машинада отырған бәріміз ду күлдік.
– Жо, шын айтам, – деді Сәкең өзінің сөзінен қайтпай. – Осы жерге тоқтайықшы, кәне. Әу десек болды, бір-екі бақшашы жолға атып шығады.
– Жарайды, – деді бір кезде Ор-ағаң жүргізуші жігітке көзінің қиығымен қарап. – Бізге де сәл аяқ суытып алған теріс болмас еді.
Машина тоқтады. Иіліп, бүгіліп сыртқа шықтық. Расында да, бойымыз құрысып, аяғымыз ұйып қалған екен. Кенет жол жиегінедегі қалың қамысқа қарап, Сәкең айқай салды.
– Ау-у-у, Айекеңнің ағасы-ы-ы!
Дауыс жаңғыра қоятындай жартас жоқ. Қалың қамыс жұтып ала қойды. Таяу маңда бір арық бар секілді. Сылдырап аққан судың даусы естіледі. Сәкең тағы да айқайлады.
– Әй, аюларды үркітесің! – деді Ор-ағаң қалжыңдап. Сірә, өзі туып-өскен асқақ Алтай есіне түскен болса керек.
– Айқай салсаң, жүгіріп шыға келетін бұрынғының сарамжал диқандары жоқ қазір. Сенің даусыңды естісе де, бұғып отырған шығар, – деп жымияды Тұқаң.
Бес минуттан соң бәріміз машинаға қарай беттедік. Міне, тап осы сәтте қалың қамыстың іші қақ жарылып, қарагер ат мінген бір кісі шыға келмесі бар ма. Және де ол жай шыққан жоқ:
– Оу, Сәке, бұл сіз бе едіңіз? – деп қуанып, атынан секіріп түсті де Сайлау Пернебаевты құшақтай алды.
– Әне, әне! – деді Сәкең оның құшағына еніп бара жатып қуана дауыстап. – Айттым ғой сендер-ге, айттым ғой!
Иә, расында да, әлгі кісі өзіміздің Айекеңнің ағасы болып шықты. Сәкең айтқандай, осы маңда бау-бақша егіп отырады екен.
– Кәніки, біздің қосқа жүріңіздер. Қауын соямыз! – деп ол кісі бізді бірден бақшаға қарай шақырды.
Ал біз, әрине, барар жеріміздің алыс екенін ойлап, алғыс айтып, кешірім өтініп жатырмыз.
– Олай болса, мен сіздерге бес-алты басыбалды қауын ала келейін, күте тұрыңыздар, – деп ол кісі енді қайтадан атына қарғып мінді.
Сәкең:
– Мен де бірге барайын, – деп қарагерге мінгесті.
Олар қалың қамыстың арасына сүңгіп кеткенше біз күліп, мұндай да қызық болады екен-ау дегендей басымызды шайқап, таңданып тұрдық.
– Әй, бұл әулие ғой! – деді Тұқаң.
– Кімді айтасыз?
– Кімді болушы еді, анау... анау Сайлау ағаңды айтамын да. Қалың қамысқа қарап айқай салып еді, шақырған адамы шыға келді. Бұны енді, әулие демегенде кім дейміз?!
Аздан соң қарагер атқа мінгескен екеу қайтып оралды. Қолдарында төрт-бес қауын бар.
– Біреуін жолда түсіріп алдым. Жарылып қалды, – дейді Сәкең өкініп.
Қоштасарда Айекеңнің ағасы:
– Анау әлгі, қайда барса да қатынын ертіп жүретін қасқа бас патша тағынан тайыпты ғой! – деп бізге бір үлкен жаңалық айтты. – Сөзі көп, ісі жоқ бәдік еді өзі де! Сауап бопты. Сіздерді қайдам, өзім қатты қуанып жүрмін!
– Сіз оны қайдан естідіңіз? – деді хош иісі бұрқыраған сары ала қауынды қолына алып, құшырлана иіскеген Ор-ағаң басын көтеріп.
– Радиодан.
– А-а... Онда шындық болды ғой.
Біз қауыншы ағамызбен қоштасып, машинаға міндік. Қай-қайсымыздың да көңілімізде қара бұлттай шөгіп жатқан бір қалың уайым бар...
***
– Сіздер бүгін Қызылкөлдің жағасындағы демалыс үйіне қонып шығасыздар, – деді бізді кабинетінде қарсы алған Созақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Досыбай Шерімқұлов. – Алыс жолдан келдіңіздер ғой, жақсылап тынығыңыздар. Облыс орталығынан төтенше бір шақырту болып қалмаса, біраздан кейін мен де барып, өздеріңізбен әңгіме-дүкен құрып қайтсам ба деп отырмын.
Қызылкөл. Біз оның жағасына жеткенде ымырт үйіріле бастап еді. Тұнжырап жатқан қаракөк айдынға қарап тұрып, талай сырды ішіне бүгіп жатқанын аңғарасың. «Шіркін-ай, мына құмдақ жағаға шып-шып соққан майда толқындарға тіл бітсе, не айтар еді?» дейсің. Содан соң, өзіңмен-өзің іштей сөйлесіп, сырласқандай боласың.
«Екі аяқты, жұмыр басты пенделер-ау, біз сендерге қызыға қарап, сендермен бірге саяхатқа шығуды аңсап, өз әлеміміздің шекарасынан шыға алмай үнсіз жылап жатамыз» дер ме екен майда толқындар.
Әлде олар біздің ғұмырымыздың өткінші екенін, бүгін бар, ертең жоқ пенде екендігімізді есімізге салып, бізге дейін де мұнда мың-миллион пенденің келіп-кеткенін, бізден кейін де келе беретінін айтып, күрсініп жатыр ма, кім білсін...
«Сүмбіледе су суиды» демекші, Қызылкөл де дәл қазір салқын тартып, суып қалған екен. Бірте-бірте қараңғылық құшағына жұтыла бастаған маң даланы түні бойы кірпік қақпай күзететін жалғыз көзді батырдың жанарындай мөлдіреп, мұңға батыпты. Одан көз алмай, ұзақ қарап тұра берудің өзі қорқынышты сияқты. «Түнде су перілері сыртқа шығады екен» дейтін бір ескілікті әңгіме болмаушы ма еді...
Кенет ту сыртымнан:
– Әй, бала, суға түспейміз бе? – деген Сәкеңнің даусы естілді.
Жалт қарадым. Ол үстіндегі киімін шешіп тастап, көлге қарай жүгіріп келеді екен. Көзді-ашып жұмғанша болған жоқ, мұңға батып, тұнжырап жатқан Қызылкөлдің айдынын шолп еткізіп, сүңгіді де кетті...
***
Бүкіл әлем Мәскеуге қарап көзін тігіп, құлағын тосып отыр. ГКЧП әзірге үкімет билігінің жағасынан алып, жармасып жатыр. Кешегі «қайда барса да қатынын ертіп жүретін қасқа бас патша» бір жерде жасырынып, бой тасалап жүрген көрінеді. Әзірге біздің бар білетініміз осы... Көл емес бүгін, ел толқып жатыр. Таңертеңгілік аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы шұғыл түрде облыс орталығына аттанып кетіпті деп естідік. Ол жақта бүгін бір төтенше жиын өтетін жайы бар.
Ал біз ауданның әлеуметгік-экономикалық тыныс-тіршілігімен тереңірек танысу мақсатында ең шалғайдағы, әйгілі Бетпақдаламен шектесіп жататын «Шу» совхозына қарай жолға шығатын көрінеміз. Оны бізге аудандық партия комитетінің нұсқаушысымен бірге келген белгілі жазушы, аудандық газетгің сол кездегі басшыларыньщ бірі Өтеш Қырғызбаев ағамыз айтты.
– Әй, бұлардың бізді енді Бетпақдалаға қарай жіберейін деп тұрғанына қарағанда, елдегі жағдай мүлде ушығып бірге бара жатқан сияқты ғой өзі, –деді демалыс үйінде өзімізбен-өзіміз боп, оңашалау қалған бір сәтте Ор-ағаң да енді көңіліндегі алаңды ептеп қана сездіріп. – Сіздер қалай ойлайсыздар?
– Кім біледі... Бірақ, біз Алматыға қайтып барғанда да... – деп Тұқаң қобалжып, сөзінің соңын жұтып қоя салды.
– Дұрыс, – деді Ор-ағаң ол кісінің арғы ойын түсіне қойып, – Осы сапарымызды жалғастыра бергеніміз жөн болар. Мына өмір бір төңкеріспен тоқтап қалмас. Ертең де бізге очерк жазатын материал керек емес пе, а?!
Сөйтті де, ол көңілденіп, бұл сапардан очерк жазып қайту міндеті ең алдымен тілші ретінде маған жүктелетіндігін ескертіп қойғысы келгендей арқамнан қағып қойды.
– Өте дұрыс, – деді осы сәтте Сәкең де жаңағы Ор-ағаңның «дұрыс» деген сөзіне ерекше мән беріп. – «Созақ» совхозын мен жақсы білемін. Ол жақта өзіміздің Өсекең бар!
– Иә, иә, – деп Тұқаң да енді жадырап, басын изеді. – Ол ақын жігіт. Әлгі совхозда партия комитетінің хатшысы болып істейді. Менің шамалауымша, бүгін сол Өскеннің үйіне түсеміз.
Осы сөзден кейін біздің көңіліміздегі күдік аздап сейіліп, алыстағы бір жанашыр ағайынымызға қыдырып баратындай жеңілдеп қалдық.
***
Бір қызығы, жол сөмкелерімізді машинадан машинаға ауыстырып салатын кезде біздің езуімізге күлкі үйіріле бастайды. Оның себебі, Тұқаң осы сапарға әдеттегідей кішігірім сөмке-пөмке емес, кәдімгі қызыл-қоңыр түсті үлкен шабадан алып шыққан. Алғашында біз бұған бір жағынан таң қалып, бір жағынан әзіл-қалжыңға бұрып, «Тұқа, мына шабаданға бір қойдың еті беймарал сиып кетеді ғой!» деп сөзбен шымшылағанымызда ағамыз: «Е-е, айналайындар-ай, елге бара жатқан жоқпыз ба!» деп, езу тартқан болатын. Жалпы, Тұқаң елмен, ел Тұқаңмен тығыз байланыс жасап тұратын-ды. Алда-жалда ауыл жақтан ат арытып, Алматыдағы әдеби ортаны аңсап келе қалатын ағайын болса, ең алдымен қаладан осы ағамызды іздейтін. Кейін білдім, Тұқаң елге барғанда да, әлгі ағайындардың өлең, әңгіме, қисса, дастан жазған дәптерлерін, қолжазбаларын жинап, редакцияға ерінбей көтеріп әкеледі екен.
Сондықтан да әлгі қызыл-қоңыр шабаданға біз күн өткен сайын қызығып, құрметпен қарай бастадық.
***
Бұйра-бұйра бұйрат құм. Бұйра боп көрінетіні, мұнда сексеуілдің қаптап өсетіндігінен болса керек. Аш ішектей шұбатылған күре жолмен жүйткіп бара жатқан жалғыз машинаға олар таңырқап қарайтын сияқты. Кей тұстарда қалың орман сияқты қарауытып, ендігі бір кезеңге шыққанда қиян-кескі шайқастан тірі қалған бірді-екілі сарбаз сияқты теңселіп, есеңгіреп тұрған бірлі-жарымы ғана көзге шалынады.
Осы бір тұста жолбастаушы жігіт қынжылып, сор далаға қамыға қарап отырып:
– Құдайдан безгендер енді құмдағы сексеуілдің де түгін қалдырмай, отап жатыр, – деп қалды.
Балталасаң жарылмайтын, бірақ бір-бірін құлаштап соққыласаң жігі ажырап, морт сынатын осы бір қызық өсімдік мынау құмды даланың көркі, аптап ыстықтан паналайтын жасыл шатыры сияқты. Құс ұшса, осының бұтағына келіп қонады. Өкпесі өшіп, шаршаған аң болса, осының көлеңкесіне келіп жатады...
Енді қараңызшы, пайда қуып, табыс көзін іздеп келген қай-қайдағы бір тойымсыз пенделер оны аяусыз отап барады. Жолбастаушымыздың айтуынша, олар қазір ұзын тросты екі тракторға жалғап алып, екеуін арылдатып қатар салғанда ортада қалған сексеуілдер ауға түскен шабақтай уатылып, күйреп сала береді екен. Не деген зұлымдық десеңізші!..
– Сексеуіл таусылған соң құм көшеді. Мына далада мал жайылатын қара от та қалмайды, – дейді жолбасшы жігіт басын шайқап күрсініп.
Шөл дала бізге мұңын шағып жатқандай. Ызыңдаған желмен ілесіп сыбызғы сазындай бір нәзік үн үзіліп-үзіліп, үздігіп-үздігіп жетеді. Сынып қалған қурайдың өзегінен шығып жатқан өкініш, нала, ыза, кек тәрізді.
Амал қайсы, бүгін бар, ертең жоқ жұмыр басты пенденің өзі тойса да, көзі тоймай, бес күндік тіршілігін таусылмастай көріп, күнәға батып жатқаны бір бұл емес қой...
***
Тұқаң айтқандай, біз сол күні «Шу» созхозындағы Өскен Борғазиев ағамыздың үйіне түстік.
Құмның күні титықтап, әлі құрып, көз ұшындағы көкжиекке әрең-әрең ілігетін секілді. Сиыр мөңіреп, қой маңырап қора-қораға кірген соң, төңіректе құлаққа ұрған танадай тыныштық орнайды екен. Әр үйдің алдындагы қазан-ошақтан жалп-жалп етіп көрінетін қызыл жалынмен бірге шалқып әртүрлі дәмнің иісі келеді. Аздан соң аспандағы жұлдыздар да осы иіске елтігендей жерге жақындап, баданадай-баданадай боп, айрықша жарқырап көрінеді. Танауыңды керіп қанша жұтсаң да, құмның таза ауасына тоймайсың. Мына шөлдің таңғажайып бір жұпар лебі бар...
Ор-ағаң осы кеште көңілденіп, үй жанындағы сәкіге жамбастап жатып алды да, Ақселеу досымның айтқандары еді деп, неше бір қызықты, күлкілі оқиғалардың тізбегін ағытты-ай келіп. Екі күннен бері елдегі жағдай қалай болар екен деп алаңдап, пұшайман боп жүрген біз аяқ астынан мәз боп, бүкіл дүниені ұмытып, езуіміз жиылмай, селкілдеп күлумен болдық.
Қайран, Ор-ағаң, көңілі соқса, көркем сөзден сән-салтанаты мол көш түзеп, оларды, және көз алдыңнан ырғалтып-жырғалтып өткізіп отырар еді-ау, шіркін...
Ара-тұра басын көтеріп, машина жаққа қарап иегін қағып: «Әлгі, соңғы жаңалықтарды тыңдап жіберейікші. Не боп жатыр екен?» деп қоюды да ұмытпайды. Шопыр жігіт жүгіріп барып радиоқабылдағышты қосады.
ГКЧП-нің сөзін айтып, сарнап отырған диктордың даусы естіледі. Әйткенмен, осы соңғы хабарлардың ара-арасында елдегі демократиялық күштердің бел алып, тегеурінді қарсылық көрсетіп жатқандығын аңғарып қаламыз.
***
Ертеңіне ауылдағы клубқа жиналған бір топ адаммен кездесу өткізіп, түс ауа Шолаққорғанға қарай қайтып келе жатқанда естідік, ГКЧП-нің мүшелері тұтқындалып, Мәскеудегі саяси жағдай күрт өзгеріпті. Бүгін аттанған арнайы жасақ теңіз жағасында жасырынып жатқан М.С.Горбачевті Мәскеуге алып келіпті.
Ертең Ресей депутаттарының кезектен тыс шақырылған төтенше съезі өтеді екен...
***
Біз енді, Шымкентке қарай қайтып келеміз. Шеті, шегі көрінбейтін маң даланың бір қиырынан мұнарға шөгіп жатқан Қаратау көрінеді. Тіл ұшына үйіріліп, өлең жолдары оралады. Кеудеңді ә тербейді. Көзіңе жас іркіледі.
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді...
Біраздан соң жол танауы тағы да қусырыла түсті. Қалың қамысқа кіріп келеміз. Сірә, Шаянға жақындап қалған болдық-ау. Сәкеңнің ойына тағы да бір нәрсе түскендей шыдамсызданып, қозғалақтай бастады. Ақыры, алдыңғы күні тоқтап өткен жерге келгенде:
– Айекеңнің ағасына қайыр-қош деп кетейік, – деп қалды бір жөткірініп.
Оған ешкім қарсы бола қойған жоқ. «Бір күн дәмдеске, қырық күн сәлем» деген бар емес пе. Сәкең өткендегідей қалың қамысқа қарап түрып:
– О-о-оу, Айекеңнің ағасы-ы! – деп дауыстады.
Ұшар басын жел тербеген жасыл желек ырғалып, оның даусын арғы беттегі бау-бақшаға қарай ала қашқандай болды. Көп өтпей-ақ қарагер атын омыраулатып Айекеңнің ағасы шыға келді.
– Оу, кәніки енді, біздің қосқа қарай ат басын бұратын шығарсыздар, –деп, салған жерден бақшаға қарай шақырды. – Бұ жолы қауын ғана емес, қой союға да дайынбыз!
Әйтсе де, біз әлі ұзақ жол жүретінімізді айтып, реті кеп жатса, тағы да келеміз деп уәде беріп, рұқсат сұрадық.
– Қап, әттеген-ай, ә! – деді ол кісі шын көңілден өкініш білдіріп. – Арнайы шақырып, келтіре алмайтын қонақ едіңіздер. Ауыл іргесінен өтіп бара жатқанда да бір бұрылмағандарыңызды қараңызшы!
– Ой, әлі талай келеміз ғой, – дедік біз көңіл шылбырын алдағы күнге қарай ұзартып.
– Иә, мүмкін, кеп те қаларсыздар. Әлгі қасқа бас патша кетті ғой, ендігі жағдайымыз қайтадан оңалатын шығар деп отырмыз!
Осы сәтте Сәкең:
– Оу, ол қасқа бүгін қайтып өзінің орнына кеп қапты ғой! – деді оған күле қарап.
– А-а?!.
Айекеңнің ағасы кенеттен бір күтпеген оқыс хабар естігендей тіксініп, қарагер аттың шылбырын қолына жиып ала қойды.
Міне, машина ұзап бара жатыр. Артқы терезеден үңіліп қарап едім, соңымыздан қол бұлғағандай қалың қамыс ырғалып тұр екен.
***
Кей-кейде мен өзімді әлі де осы сапарда жүргендей сезінемін...
Уақыт шіркін, зымырап өтіп барады. Сол бір сапардан кейін арада екі жыл өткенде Ор-ағаң Үндістанға кетті де Дели қаласындағы қонақүйде дүние салды.
Араға тағы екі жыл салып, Алматыда Тұқаң да бақилық сапарға аттанды. Ол кісі қайтыс болардан бір күн бұрын, қасиетгі жұма күні, ойымызда ештеңе жоқ, жұмыс аяғында екеуміз алаңсыз шахмат ойнап едік...
Содан соң Сәкең де ауыр науқасқа шалдығып, ара-тұра редакцияға келіп жүрді де, бір күні үн-түнсіз өмірден өтіп кете барды...
Қайран, ағалар-ай!..
Нұрғали ОРАЗ,
жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Құлаққағыс
ТҰСАУКЕСЕРГЕ КЕЛІҢІЗДЕР
Қыркүйек айының 26-і күні сағат 11.00.-де Алматыда, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында белгілі фотожурналист, марқұм Сайлау Пернебаевтың туған күніне орай «Ақ пен қара» деп аталатын альбом-кітабының тұсаукесері өтеді.