АҚКӨҢІЛ, АҚЫН АҒАМЫЗ ЕДІ…
2023 ж. 10 тамыз
1607
0
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын Құрбанбек Шәмет көкеміздің қайтпас сапарға аттанып кеткеніне де бір жылдың жүзі болыпты…
Алла алдынан жарылқасын!
Көкемізбен талай сапарда бірге болдық. Ол кісі сексеннен асса да, сергек жүретін, бізден қалыспайтын ширақ еді…
“Қарашаңырақ” атты алғашқы кітабын маған әкеліп, “ҚазАқпарат” баспасынан шығарып беруге септігім тиген еді.
Педагогикалық мамандығы бар, мектеп басқарған Құрекең өлең де, мақала да жазатын. Ол кісіні Қазақстан Журналистер одағына мүшелікке өзім өткізген едім.
Бір қызығы Құрекең ауыл ақсақалы ретінде әкеміз Жарылқасынмен де сыйлас, аралас болды. Пейіште рухтары шалқи бергей. Ақын ретінде менімен де бірге жүре беретін. Құрекеңнің ұл-қыздарының біразы “Қызылқұм” ауылында мектеп мұғалімі болып жүргенде менен сабақ алды. Бәрі тәрбиелі, жақсы оқушы болды.
Құрекең бір кезде Алматыға кітабын алып келгенде, өзінің өтініші бойынша сол кезде жатақханада жататын белгілі композитор Мэлс Өзбековті іздеп бардық. Сөйтсек, Құрекеңнің ән де салатын өнері бар екен. Бір-екі жазған әндерін де көрсетті Мелске. Ол мақтап, екеуі арқа-жарқа болып қалды. Мелс ағамыздың жатақханадағы жалғыз бөлмесінің жартысын үлкен күйсандық алып тұр екен. Мелс пианино тартып, Құрекең бір қолын күйсандық үстіне қойып тұрып, кәнігі әншілердей әдемі ән шырқағанда, қатты риза болған едім.
Бір күні мен елге барып қалып, Шардарада шайырлардың барлығы жиналып қалды. Шұрқырасып көріскен біз бір-бірімізден айрылғымыз келмей, содан бәрі мені шығарып саламыз деп, әр ауылда тоқтап, ақыры Қызылқұмға бір-ақ келдік. Үлкеніміз Тәшман Шекеров пен Құрекең. Екеуі де бүгінде бақилық болды, пейіште рухтары шалқи бергей. Талай жыр бәйгелерінде жүлде алып жүрген ақындар Нұрғали Ибырайым, Әбдіғаппар Айдар, “Шартарап-Шарайна” газетінің құрылтайшысы, кәсіпкер Нұрмахан Қары, азуы алты қарыс Қасқыр ақын, “Алатау батыр” ауылында тұратын ақындар Жақсылық пен Тұрғанбек, менің кластас досым Батырбек Матбек, тб бар, үш-төрт мәшинемен жүрген бір топ адамбыз.
Құрекең үлкендік танытып, ағалық көрсетіп, Қызылқұмдағы біздің үйге түскен бар ақынды кеш болып кеткеніне қарамай, өзінің үйіне қонаққа шақырып алып кетті…Қой сойып, ақыры ақындар сонда қонып шықты… Жеңгеміз де ақкөңіл, қонақжай адам ғой, түн жарымда қабағымен епнс, қазанымен қарсы алып, кең дастархан жайып, қонақтарды жақсылап күтіп шығарып салды.
Ақкөңіл, жақсы кісі еді Құрекең. Мен ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты болып, елмен кездесуге барғанда жиында жайылым мәселесін көтерген еді.
Елдің, халықтың шаруасына байланысты мақалалар жазып тұрды. Бүкіл Қоңыраттың анасы болған Жезбике анамызға арнап жап-жақсы поэма да жазды.
Құрекеңнің тәрбиелеп өсірген оншақты балалары шетінен жақсы азамат болды. Бәрі бүгінде бір-бір үйге айналып отыр, ұлдары ұяда, қыздары қияда.
Құрекеңнің өмірден өткеніне де бір жылдың жүзі болып қапты. “Достан - дұға” дегендей, енді ол кісіні еске алып, құран оқып тұру - ең сауапты іс. Артында қалған өлеңдері мен мақалаларының басын құрап, кітап шығару - игілікті іс болар еді.
Өзім Өзбекстанда іссапарда жүріп, Құрманбек ағамыздың жылдық асына қатыса алмағандықтан, осы еске алуды жазып, жолдауға тура келіп отыр.
Құрекеңнің жатқан жері жайлы болып, пейіште рухы шалқи бергей!
Иманы серік болсын!
Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты