ХАЛҚЫНА ҚАЛҚАН БОЛҒАН ҚАЛЕН БАТЫР ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
2023 ж. 02 тамыз
1751
0
Барлығы бар ғаламтордан Тарбағатай, Барлық, Ақсуат, Алакөл өңірлерінде Кеңес үкіметіне қарсы күрескен Қален батыр Кебісбайұлы туралы мәлімет іздесеңіз, ешнәрсе таба қоймайсыз.
Өткен ғасырдың басындағы ақ пен қызыл айқасқан үркіншілік заманда қазағына қалқан болған Қален батыр туралы оқып отырғанда, ел үшін туған ер екеніне анық көзіңіз жетеді. 1917 жылы қазақтың көсемдері Әлихан, Ахмет, Міржақыптар бастап, Алашорда автономиясы құрылып, Райымжан Мәрсектер қостап, Алаш полкі жасақталғанда, осы Қален батырлар секілді қайсар жаужүректер қару ұстап, атқа қонған. Қален батыр Алаш әскерінде шолушы болып, талай жорыққа шығып, ерлік көрсеткенін ел әлі күнге аңыз етіп айтады.
“Ақ жол” партиясы талай жылдан бері парламентте Алаш қозғалысын ұлықтауды көтеріп келеді. Сонымен қатар қазақты қызыл қанға бояған қызылдар қырғынының қасіретін де парламентте бірнеше рет әшкереледік. Сол қырғынның қалай болғанын Абай облысы Үржар ауданы Қабанбай ауылы Жарбұлақ жалпы орта мектебінің тарихшы мұғалімі болған, қазір зейнеткер Ақан Омарғали жазған “Қален батыр” мақаласынан айқын көреміз.
Кеңес империясының қырғынынан Қытайға ауып бара жатқан елді қырып тастауға қуа шыққан қызыл әскердің өзін тосып алып, жасанған жауды қайтарған Қален батыр бастаған сарбаздар. Соның арқасында аман қалған ел бүгінде қатар жатқан Абай облысы Үржар ауданы мен Жетісу облысы Алакөл аудандарында өмір сүруде.
Қален батырдың өзі ел қорғаған Ерасыл - әйгілі Қабанбай батырдың інісі Есенаманнан тарайды.
Иә, өткен ғасырдың басындағы зобалаңдарға әділ баға беру мәселесін “Ақ жол” фракциясы парламентте көтеріп келеді.
Сол жылдары, өз елін, ауылын азапты ажалдан құтқарамын деп, тоталитарлық, қанішер саясатқа қарсы қарулы көтеріліс жасаған жүздеген батырларымыз әліге дейін ақталған жоқ. Оларға «басмашы» деген жала әлі жабысып жүр. Тарихшылар деректері бойынша, қазақ даласында мұндай 300-ден аса көтеріліс болған. Ел Созақ, Сарқан, Балқаш, Қазалы, Қарақұм, Ырғыз, Атбасар, Сарысу, Қызылқұм, Адай, Шұбартау, Бостандық көтерлістерін әлі күнге дейін айтады.
Барлық жерде бас көтерген қазақ ауылдарын қызыл қанға бояған қызыл әскер артиллериямен атқылап, қашып бара жатқан елді аэропланмен бомбалап, шекарада ұсталған қорғансыз босқындарды пулемётпен бала-шағасымен қоса, қойша кырып салғаны туралы деректер мен құжаттар жеткілікті. Шекарада ұсталған қазақтар туралы большевиктер көсемінің «Арғы жаққа өткізбеңдер, бергі жаққа қайтармаңдар!» деген бұйрығы белгілі.
Міне, осындай қызыл қырғында елін аман сақтап қалу үшін арыстанша алысып, өзін құрбан еткен Қален батырды қалай ұлықтасақ та жарасады!
“Тарихымыздың қайғылы кезеңдерін терең зерделеп, жазықсыз жапа жеккен боздақтарды ақтау ісін жалғастыру – өте маңызды мәселе» деген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Саяси-қуғын сүргін мен Ашаршылықты зерттеу комиссиясы жұмыс істеп жатқаны белгілі.
Ол комиссияның қолына Қален батырдың ерлікке толы ғұмыры түсті ме, түспеді ме, әлі белгісіз. Алдымен Қален батырды ақтап алуымыз керек.
Қазір Қален батырдың Серікбол Тұрсынханұлы Бақтияров, Мұхаммедкәрім Омарғали бастаған ұрпақтары өздері ұйымдасып, жақында 12 тамызда Жетісу облысы Алакөл ауданы Көктұма ауылында батырға арнап ас беріп, құран оқытпақшы.
Негізі, Тәуелсіздік жолында құрбан болған ерлерді ұлықтау - мемлекеттік идеологиялық іс. Сондықтан Абай облысы Үржар ауданы мен Жетісу облысы Алакөл ауданы әкімдігі бұл Қален батыр Кебісбайұлының елі үшін өзін құрбан еткен ерен ерлігін ардақтап, тарихи тұлғалар тізіміне енгізіп, ер есімін ұлықтауды басты назарға алуы керек.
Қален батыр атын Үржар ауданы Қабанбай ауылы Жарбұлақ мектебіне беруге тиісті ұйымдар ұсыныс жасауы қажет. Сонымен қатар, Қабанбай ауылы мен Көктұмадан көше берілуі керек.
Қазақта “әруақ разы болмай, тірі байымайды” деген даналық қанатты сөз бар. Ендеше, Ер есімі -Ел есінде болуы үшін, тиісті шараларды жасау - кезек күттірмес ұлағатты да, иманды іс болмақ.
Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты.
ҚАЛЕН БАТЫР
Тәуелсіздік жолында шахит болып ұлтымыздың болашағы үшін жанын қиған, еңіреп өткен кейбір бабаларымыздың өшпес ерліктері әлі күнге дейін жария болмай, ақтаңдақ күйінде қалып отыр. Солардың бірі Қален батыр Кебісбайұлы. Кешегі тоталитарлы заманда Қаленге Алтайдың Оспан батыры сияқты, «ұры», «бандит», «қарақшы», «тонаушы» атақтары тағылып, ол туралы сөз қозғау МҚҚ жендеттерінің қолына тікелей өзің барып түсумен парапар болатын. Шын мәнінде халық өзі сүйген батырын ешқашан естен шығарған емес. Қален туралы естеліктер ұрпақтан ұрпаққа жетіп, қазіргі таңда батырдың өшпес ерліктерін халыққа жеткізудің сәті келді. Тарихтан белгілі – Тарбағатай, Барлық, Ақсуат, Алакөл өңірлері Ресейге 1866 жылдары (яғни, Ақ патшаның министрі Сперанскийдің 1861 жылғы жарлығы тұсында) қосылған. Бұл кезең аға сұлтандық басқару жүйесі жойылып, болыстық басқару жүйесіне көшкен уақыт еді. Осыған орай Тарбағатайдан Тоқтаға дейінгі өңірді жайлап жатқан қалың Мәмбет елінде екі болыс құрылып, бірі - Тарбағатайдан Қарағаш өзеніне дейін «Еміл» болысы, ал екіншісі, Қарағаштан Тоқтаға дейін «Қарағаш» деп аталады. Екі болыс елі де Жетісу облысының Лепсі үйезіне қарайды. 1884 жылы Шәуешек келісімінің негізінде Ресей мен Қытайдың арасында шекара сызығы жүргізіліп, аталған болыстардың халқы түпкілікті Ресейге қарайды. Қален батыр Кебісбайұлы - негізгі халқы Мәмбеттің Қожақұл тармағынан болып келетін Қарағаш болысының азаматы. Шежіре бойынша, Мәмбет ұлы Қожақұл батырдан үш ұл: Есенбай, Есенаман,Ерасыл (Қабанбай) туады. Қаленнің руы - Есенаман, әкесі Кебісбай. Қыстауы қазіргі уақытта Ф.Озмитель атындағы шекара бекеті тұрған Кебісбайдың қызылқайыны деген жер. Бейне бір қалың шөл ортасындағы оазис секілді тұтаса өскен қызыл қайыңдар, шабындық, жер астынан қайнап шығып жатқан мың сан бұлақтар, қысқасы жер жаннаты. 1955 жылы қытайдан келген 1928-1932 жылдары Қарағаш болыстық комитетінің хатшысы болған, Мұхамеджанов Ахметхан ақсақалдың естелігі бойынша Қален 1889 жылы туған. Ат жалын тартып, ер жете бастағаннан-ақ асқан ер жүрек, құралайды көзге атқан мерген болады.
Қаленнің ерліктері ерте кезден-ақ халықтың бостандығы мен болашағына арналады. 1913 жылы Романовтардың билігіне 300 жыл толған қарсаңда қазақ-орыстар біртіндеп Мәмбет еліне де келе бастайды. Азат жолдан осындайлардың қатарындағы 3 қазақ-орыс: Иван,Федор,Алексей Шугиндер қасиетті Барлық Арасанның шипалы суының басына зәйімке салып, бесатар мылтықтарымен мұздай қаруланып, қазақтарды жолатпай, емденуге, суға түсуге барғандарын шетінен өлтіре береді. Ол ол ма, ағайынды басқыншылар «Қабан шошқаға салғанда итіміз айырықша күш алады» - деп, иттерін қасиетті Арасанның суына шомылдырады. Имансыз кәпірлердің бұл қылығын қасиетті су да көтермей, мүлде тартылып қалады. Әрие, ит, шошқаны шомылдырған соң қасиетті су да мінез көрсеткен ғой... осы оқиғадан кейін Қожақұл елі қаҺарына мініп, Қален бастаған жігіттер жат жерлік баскесерлерді Арасаннан қуып шығарды. Содан жыл сайын жеті жыл сайын тасаттық беріп, Аллаға жалбарыну нәтижесінде Арасанның суы қайтадан жер бетіне көтеріледі. Қален 1916 жылы қара жұмысқа жегіп қамауға алынып, 1918 жылы елге қайтады. Сол 1918 жылы А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Р.Мәрсеков Мәмбет еліне ат басын тіреп, одан Шәуешек қаласында жиналыс ашуының нәтижесінде Алаш полкі дүниеге келіп, оның санында көптеген жерлестеріміз қызмет етеді. Бертінге дейін біздің Қабанбай ауылында Алаш сарбаздары болған, Қасымжанов Байтабыл, Тиекбай, Садық, Темірхан ақсақалдарды көзіммен көрдім. Алаш полкі атаман Анненковтың армиясымен бірге қызылдармен Жетісу майданында соғысады. Полк командирі Кеңсаба, оның орынбасары подполковник Керімбай деген азамат болады. Біздің бала кезімізде Кеңсаба, Керімбай деген аты қойылған азаматтар көптеп саналатын. Қален бұл полктің санында біраз уақыт болып, көп ұзамай одан кетіп қалады. Елге оралғаннан кейін өзінің қыстауында Қату тауының баурайында өмір сүрген екен. Бірақ қуғын-сүргін, алапат заман оны тыныш жатқызбайды. «Азамат соғысы кезінде ақтарға болыстыңдар» деген желеумен қызыл жендеттердің Найманның Жаңбыршы руының ауылдарын қанға бояп, қырғаны аяздай батады. Қален осы кезде өзінің бір топ сарбазымен бірге Қытайға өтіп бара жатқан Жаңбыршы руының артынан шыққан жазалаушы отрядтың алдын тосып, тау жолдарында оларды үлкен шығынға ұшыратады да, кері Үшаралға қайтуға мәжбүр етеді. Осының нәтижесінде Алакөл ауданында мыңға тарта түтін бар. Жаңбыршының Басшығұл ұрпақтары бар. Бұл жөнінде 2001 жылы 100 жасқа келіп, дүниеден өткен, руы Жаңбыршы менің әжем Тастанбекова Күлғази жыр ғып айтып отырушы еді. Сонымен, Қален қызылдарға қарсы болып, ат үстінде күн кешеді. Өзінің қыстауының тұсы Қату тауына бекініп алып, қызылдарды жолатпайды. Қызыл жендеттер Қаленді ұстай алмай, оны ұстап берген адамға үлкен ақшалай сыйлық жариялайды. Бірақ халық өзі сүйген батырын ұстап бермейді. 1950 жылдары қайтыс болған Бәсім Елеусізов ақсақал өз естелігінде былай дейді:
- Мені қызылдар ертіп алып, отыз шақты адамы бар отрядпен Қаленді ұстаймыз деп шықты. Қален шоқысына жете бергенде жарты шақырым жерден отрядты атқылап, үштен екі бөлігін қас-қағым сәтте жер жастандырып үлгерді. Сонан соң Қален ызғарлы даусыпен маған айқай салды:
- Ей, Бәсім, ана қызыл иттеріңе айт, барлығы қаруын тастап, 100 қадам бері келсін, өйтпесе, бірің тірі қалмайсыңдар! - деді.
Сол кезде Бәсім қызылдарға Қаленнің сөзін аударып, түсіндірді, олар Қаленнің айтқанын істейді. Винтовкаларын бір жерге үйеді де, 100 қадам жақындайды. Қален Бәсімді шақырып алады да қолына ұзын қыл шылбыр беріп «Алдымен аналардың аяқ қолын осы шылбырмен тізбектеп байлап, қайта көгендеп шық» дейді. Бәсім Қаленнің айтқанын бұлжытпай орындаған соң;
- Ал енді андағы кәпірлерді бір-бірлеп бауызда, - дейді.
Бәсім Қаленге:
- Қален алаштың азаматымыз ғой, менің қасықтай қанымды қи! - деп жалбарынады. Мына орыстарды жібер, әйтпесе, менің бала-шағамды кепілдікке ұстап отыр, түгел қырады, сені көрдік деп бұлардың бірі айтпайды, - деп ант су ішіп уәде береді. Азамат соғысы дүрбелеңінен соң 1928 жылы байларды кәмпескелеу науқаны басталды. Тағы да ел қытайға ауа бастайды, тағы да қызылдар көшкен елді қойдай қырады.
Бірақ Марқакөл, Зайсан, Ақсуат, Шенгелдіде болған қырғындар Қарағаштан Тоқтаға дейінгі 225 шақырым шекара бойында мүлде болмайды. Себебі, ол жерде Бақты шекара отрядында аудармашы болып істейтін, орысша, қазақша, қытайшаға жүйрік руы Есенбай Елібайұлы Омарғали өз адамдары арқылы астыртын Мәмбет елін хабарландырып, қызыл жендеттерден қашқан елді торуылдап, қыратын мезгілдерін құлақтандырып отырады. Қален жедел шара қолданып, қызылдармен соғысып, қырғынға жол бермейді. 1929-1930 жылдары басталған ұйымдастыру науқаны қалың елге нәубет болып тигені сондай, енді «байтал түгелі бас қайғы», енді ашаршылық жайлап, бай-кедей демей Қытайға өздері үдере көшеді. Әрине, Қален босқын елдің амандығына үлкен септігін тигізеді. Қытайға барып орналасқан Қанағат, Әлімғазы болыстармен кеңес жақындағы шекара отрядындағы өз адамы Омарғали мен тығыз байланыста болып, қалың елді зұлмат қырғыннан аман алып қалады. Енді қызыл баскесерлер Қаленнің соңынан мықтап түседі. Алдымен Қаленнің туған інісі Омарды ұстап алып, жазықсыздан жазықсыз атып тастайды. Қаленнің отбасы мен туыстарын тұтқындап, Бақты ауылындағы шекара отряды ішіне апарып қамайды.
- Омарды атқан соң, - деп еске алушы еді марқұм Ақатаев Сейілхан ақсақал, - қалың Мәмбет болып оның бала-шағасы қамауда отырған Бақтыға барып, жылап көрістік. Сонда Қаленнің екі қарындасы былай деп жоқтау айтып отыр екен:
Ұстаған жерін айтайын, қызыл қайың даласы-ай,
Атқан да жерін айтайын, Қарабұлақ қаласы-ай,
Қай жерінен көздеп атты екен ит кәпірдің баласы-ай!
Қызылдар Қаленге: «Егер өз еркіңмен берілсең, қатын-балаңды, туыстарыңды босатамыз, әйтпесе түгел қырамаз!» - дейді.
Сөйтіп есіл ер 1930 жылы қызыл жендеттердің қолына өз еркімен беріледі. Қызыл жендеттер Қаленді ешқандай сұрақсыз, сотсыз атып тастайды. Қален өлгесін оның туыстарының тоз-тозын шығарады. Кәмелетке толмаған еркектерді түгел қырады, қатын-бала, кемпір-шалын шөлге айдап жібереді. Жас, сұлу қыздарын сол кездегі қызылдарға сатылған белсенділер қатындыққа алады. Тек Алакөл ауданының Көктұма селосына қашып барған 10 жасар баласы аман қалып кейін соғысқа қатысады. Қазір оның ұрпақтары Талдықорған қаласында тұрады.
Бұл шағын мақаламда Қален батырдың өлшеусіз ерлігіне тек қана шолу жасап отрымын. Алдағы уақытта мұрағат деректерімен және тағы басқа құжаттармен толықтырып, көлемді зерттеу еңбек жазамын.
Ақан Омарғалиев,
Қазақ үні