ШӘКӘРІМНІҢ САРА ЖОЛЫ
2023 ж. 31 шілде
1549
0
«Қай халықтың болмасын шығу тегін оның рулық құрамы арқылы анықтауға болады»
В.В.Радлов.
Халықаралық Абай клубына тән «АМАНАТ» журналының 2008 жылғы 3-4 санында жарияланған Шәкәрім Құдайбердіұлы шежіресінің орыс тіліндегі нұсқасын оқығанда, ғұламаның: «По словам Рашид ад-Дина и Абулгази, конраты из династии Огуз из его тайфы дүрлеген...», деген сөзі назарымызды ерекше аударып еді. Ары қарай: «По Радлову древним казахским преданиям, предками конратов являются Кок и Коктенши», деген сөздерінен кейін, ғұлама орыс этнограф-ғалымы Левшинге сілтеме жасап, тайпа руларын салалайды. Ең бір қызық жері, Шәкәрім қытай тарихшысы Юан Шау Миш деректерін негізге алып, онқұрттар, яғни қоңыраттар Қалқа өзенінің төменгі ағысы бойында, оның Байюр көліне құяр сағасында мекендейтінін жазыпты. Бұл дерек тарихқа ден қойғандарды қоңыраттардың бүгінгі тұрағы- Қазақстанның оңтүстік өңірінен Моңғолияның қиыр шығысына жетелейді екен. Бағзы заманның жаңғырығындай тереңнен тамыр тартқан бұл шежіресінде парсы, түрік, орыс, қытай авторларларының шығармаларын қамтығанын ескерсек, Шәкәрім жоғарыдағы ғылыми қорытындысын жасауға байыппен қарағаны, көне тарих қойнауымен сабақтасатыра зерттегені анық көзге ұрар еді.
Дананың салған ізімен жүре отырып, бүгінге дейін елге намәлім болып келген көне дәуірдің бірқатар тұстарына қаныққандай күй кештік. Ең алдымен Оғыз хан сынды тұлғаның шынайы өмірде алған орнын анықтау үшін шежірелер мен нақты тарихи деректерді қатар алып қарастырғанда, қытайша «Хунну» атты елдің патшасы «шаньюй Модэ» мен кейіпкеріміздің бастан кешкен оқиғалары қайран қаларлықтай ұқсастығын аңғарып едік. Әкелі-балалылар: Тумань шанюй мен ұлы Модэнің, шежірелік Қара хан мен ханзада Оғыздың арасындағы шиеленістер ұлдың пайдасына шешілуімен ақылды да, батыр ұрпақтың таққа мінуі елде ұлы бетбұрыстар жасауға жол ашады екен. Сонда, қазақ тарихшыларының «Мөде хан» деп танығандары осы Оғыз хан емес пе екен деген сұрақтың алдан көлденеңдеуі қисынды ғой. Әбілғазы Қара хан мен ұлы Оғыздың арасындағы өшпенділік сырын әкесінің - кәпір, ұлының мұсылман болуымен түсіндірсе, ол бүгінгі оқырман ой-өрісіне сай келмейтіндей. Өйткені, оқиға мазмұнына қарасақ, ол исламнан бұрынғы дәуірлерді меңзейді екен. Ал, қытай деректемелері бойыша әке мен бала арасында даудың сипатында елдік мұрат, яғни мемлекеттік мүдде мен сол заман талабына сай тақ мұрагерлігінің үйлесімі алға тартылады. Ол енді реалды өмір шындығы екені анық.
Шежірелердегі күмәнді тұстардың бірі Оғыз ханның шыққан тегі туралы мәселе дер едік. Әбілғазы шежіресінің қолымыздағы нұсқасында оны моңғолға жатқызылуы кімді де болмасын екіұшты ойға итермелейтіні рас. Шәкәрім Құдайбердіұлы бұған да зер сала қарап, қоңыраттарды «дүрлеген» тайпасына орайластырады да, олардың Жорлық мерген ұрпақтары екенін қадап айтады. Әбілғазы шежіресіне «моңғол» атымен енген этнонимді Рашид ад-Дин «Тарихтар жинағының» Зәріпбай Оразбай қазақшалаған нұсқасынан кездестіре алмаймыз. Оны түпнұсқаға сәйкестендіріп, «мұғул» деп алады да, қоңыраттарды «түркі мұғулдың», Шәкәрім атап көрсеткендей, «дүрлегенінен» шығарады.(«Тарихтар жинағы», 157-бет). Сайып келгенде, қоңыраттарды Оғыз хан ұрпағына жатқызған Шәкәрім Құдайбердіұлының нұсқасы шежірелік деректердің негізінде толық дәлелін табады екен.
Шәкәрім Құдайбердіұлының қоңыраттардың мекені болған Қалқа өзенінің Байюр көліне құяр сағасы туралы дерек Қытай тарихына Хун атымен енген елдің ордасы тігілген Халха өңірімен сәйкесетінін Л.Гумилевтің «Хунну» кітабынан көре аламыз: «...когда прахунны пересекли песчаные пустыни, ...тогда на равнинах Халхи возникли исторические хунны». (Москва, 2003 г., стр.21). (Бұл үстіміздегі жыл санаудан 1200 жыл бұрығы дерек). Хундардың бұл өңірмен тамыры терең байланғаны соншалық, олардың мемлекет ретіндегі ақырғы жылдары да Қалқа өңірінде өтіпті. «В следующем году против Хунну ополчилась сама природа. Через Халху прошла саранча, и к бедствиям войны прибавился голод». (225-стр.). (Бұл дерек үстіміздегі жыл санаудың 87-93 жылдарына тура келеді). Оғыз ханның жер-ана туралы әйгілі аманатын антындай сақтаған оның елі Халха даласын мың жылдар бойында жауға алдырмаған, алдырған күнде де, араға ғасырлар салып, қайтарып алған. Оған тарих куә және ол өз алдына сөз етуге лайық тақырыптың өзегі...
Біз Оғыз хан құрған ұлы мемлекеттің түркілік тегін білсек те, этногенездік тұрғыда Қазақ халқының тарихына тән екенін кесіп-пішіп айта алмай келгеніміз өтірік емес. Күн-Гун есімді этнонимге моңғолдар да, осы күні қазақ болған тайпалармен бірдей иелік етуге құқылы екенін білдіріп келе жатқаны мәлім. Ал, Шәкәрім Құдайбердіұлы салған сара жолға ден қоя отырып, Петербург ҒА академигі, шығыс зерттеушісі, тіл білімпазы, түрколог, этнограф, археолог В.В.Радловтың: «Қай халықтың болмасын шығу тегін оның рулық құрамы арқылы анықтауға болады», деген ғылыми ортаға мәлім тұжырымын басшылыққа алсақ, Қалқа даласында Күн елінің қазығын қағып, ордасын тіккен Қоңырат (этимологиялық тұрғыда анықталған есімі Күнқұрат) тайпасының мемлекетқұрушылық ролін ескеруге тиісті боламыз. Осының негізінде бұл ертедегі елді Қазақ халқының тарихына жатқызуға болатынын батыл алға тарта алады екенбіз. Қосымша дерек ретінде айтарымыз, моңғолдар ол кезде тарихта төбе көрсетпеген, татарлар аталарымызға дұшпан болған топтың құрамында жүрді ғой.
«Мөде ханның» (біздіңше, ол – Оғыз хан) туған жердің қасиеті туралы айтқандарын қазақ тарихшылары жан-жақты айшықтаған. Сондықтан оны қайталауды жөн көрмей, көшбасшының бүгінде қазақ болған рулардың біріне – үйсіндерге жасаған қамқорлығына тоқталғанды жөн көрдік. Тарихқа қарасақ, Оғыз ханның қаһарынан ыққан юзилер (қытайша юэчжи) Қалқаның батысынан Жетісуға ойысқан болатын. Жетісудың шұрайлы өңірінде тіршілігін оңдап алған юзилер үйсіндерге қарсы ұрыс ашып, оларды Қалқа даласының батысына дейін қуып тастайды. Даланы ен жайлаған Күн еліің құнықтарына бұл ұнамайды, әрине. Хабар Оғыз ханға жеткен соң, ол Үйсін биіне елшісін жіберіп, оларды бейбіт түрде қосып алуға ниетін білдіреді. Үйсін биі бұл ұсынысқа келіспейді. Оғыз хан үйсіндерді өздерінің мекеніне қуып тастауға жарлық береді. Екі арада орын алған ұрыс қимылдары кезінде Үйсін биі қаза табады. Оның жасөспірім ұлын ханның алдына жеткізгенде, оны ордада өз тәрбиесіне алғанды жөн көріпті. Оғыз хан үйсіндерге қырғын келтірмей, жайына қалдырады да, арада бірнеше жыл өткенде, ханның жеке тәрбиесін көрген Үйсін биінің ұлын Күн би (қытайшасы гуньмо) лауазымымен өз елін басқаруға жібереді. Оған Күн елінің батыстағы шекарасын бекемдеуді тапсырады.
Оғыз хан Орталық Азияның байырғы тұрғындары – қаңлыларға да қамқорлық жасағанын тарихтың өн-бойынан көреміз. Ол кісі дүниеден өтерде (жаңа жыл санауға дейінгі 174 ж.) орнына Күн хан шежірелік лауазымымен (қытайша «Гиюй») үлкен ұлын тағайындайды да, оған ежелгі дұшпан ел – юзилерді біржақты қылуды аманаттайды. Әкесінің жылдық асынан соң 100 мың әскерді атқа қондырған Күн хан Жетісуды жайлаған юзилерге лап қояды. Ұрыста юзилердің билеушісі Қидолы қаза тауып, оның басын Күн ханға жеткізеді. Хан осы жеңістің бейнесі ретінде бас сүйектен кубок жасатыпты.
Күн ханның әскерінен қашқан юзилер Қидолы мұрагерінің бастауымен Амудария бойына барып тығылады. Македонский әскерінен сол өңірде тұрақтап қалған грек-бактрия жұртымен қақтығысқаны туралы дерек айтылмағанына қарағанда, қашқындар Амудария бойын бейбіт түрде қоныс етуге қол жеткізген сияқты.
Оғыз ханның өзі мен оның ұрпақтары Күн хан мен Күнше хан (қытайшасы – Гюньчен) билігіндегі тұсын Күн елінің алтын дәуіріне жатқыза аламыз. Бұл кезеңдерде қытайдың жазба деректерінде Хунну атанған бұл ел Қытайдан бастап көрші елдердің бәріне дегенін жүргізіпті. Күн елін қытай тарихшыларының өздері де орталық билікпен, яғни Қытай патшалығымен теңестіреді екен.
Оңғар НАҚЫП,
Түркістан облысы