САЗ СҰҢҚАРЫ

САЗ СҰҢҚАРЫ

Қашан болсын көкірегінен таза ғана сәулелі үннің сағынышты сазы төгіліп тұратын жаны жаз адамдар болады. Бұл, меніңше, тек ата-анасының ғана мейіріміне бөленген емес, сонымен бірге бүкіл елі мен жерінің, одан қала берді бүкіл халқының ықылас-пейіліне әлдиленіп өскен ел-азаматтарына бұйыратын бақ болса керек. Осындай жанға мен өз басым, неге екенін қайдам, Мұқан Төлебаевты жатқызам да тұрам. 

Бұл тұлғаның өз жолы болсын, өзінің ұстанған өнер жолы болсын, үнемі өзіндік әсем де, әдемі кедергілері өзіне мұң болып жолын байлап жатса да, жарасымды сияқты болып көрінетіні ғажап.

Біздің Мұқаң (азан шақырып қойған аты Мұхамедсәлім) дәл осындай жанның қатарына жататыны анық. Бәлкім, сонау ауылдық жердегі кішкене қара молда құран ашып атын қойғанда, «бұл менің қойған атым емес, Алланың қойған аты» деп безектегенінде де үлкен мән жатса керек. 

Қай жерде болсын, ойын-сауықтың сәні болып, өнебойы өнерге толған әкесі Төлебай мен шешесі Тәжібалаға, құдай бір жағынан жарылқап, екінші жағынан жарық дүниеге келген сәбилерін тұрақтатпай жүргенде осы Мұқанды берген екен. Пешенесіне жазылған сазгерліктің жазирасында өзінің салмақты да салауатты мінезі мен самалды бейнесін өркешті өрнектеткен тағдырға мың да бір рақмет.

Өзім бейнесін суреттен ғана көріп қанық болған, өзінің барлық қанымен, жанымен ұлттық композитор Мұқан Төлебаев ағамыз маған дәл осындай жан болып елестейді. Ғылымда адамның ішкі жан-дүниесінің сан қатпарлы сырын жүзіндегі жылылықтан немесе суықтықтан, кескініндегі әрбір нүктенің нақты қозғалысынан аңғаруға болады екен. Әрине, оған табиғаттың тосын құбылыстары тосқауыл жасап, адастырып кетпесе... 

Біреу де болса бірегей сазгер Мұқан Төлебаев ағамыздың жүзіндегі көзқарастан әрқашан үлкен жүректің, жоғарыда айтқан мұң мен тамшы қуаныштың табын тануға болады. Сондықтан да бұл адам әрбір танығысы келген жанға үлгі-өнеге. Сондықтан да бұл адам әрқашан да ойлы дүниенің ажары, сондықтан да бұл адам мәңгі халық мақтаны, табиғаттың ерекше біткен дарыны, сондықтан да бұл адам тылсым құпиялы дүниенің көл-көсір үні және өз халқының әуен әлеміндегі жұлдыздарының бірі демеске хақымыз жоқ. 

Енді біз шығармашылық еңбектеріндегі көкірек күмбірінің ағымына назар аударып, күнделікті күйкі тірліктің төңірегінде тозып біткен кеудеміз бен санамызды сан құбылған саздың самалына бір шомылдырып алайық.

Біз Мұқанның әуен саласындағы өнер жолын өзінің балаң кезіндегі ауылдың жалбыз исі аңқып, таза ұлттық саздың ұялы ордасынан бастау алып, алдымен «Кешкі көк» деген атпен бозбала жүрегінің майда қоңыр лүпілін берген шығармасы бертін келе «Май кеші» деген өзіне жарасымды табиғаттың маужыраған ыстық лебін Алматыдан жұпар шаштырған бұл шығарманың жөні бөлек, баянды бастаудың уыз үніндей. Болашағы аса қуатты, тегеуріні мықты, тұтасқан тарихтың тәңіріндей жүзін танытатын операға ұластырған күш-қуаты жетерлік еді. 

Яғни, бойына иманды ауылдың алапат күш-қуатын сіңірсе де, бет-пердесін ашпаған жұмбақталанттың самалды лебі еді. Алдымен әншілік өнермен көзге түсіп, келе-келе сұлу саздардың шуағын ойнатып, өзі де тамаша әуендер туғызады. Әрине, бұған үлес қосқан алғашқы ұстазы Рейнгольд Морцевич Глиэрді әрқашан есінде қатты ұстап отырған. Сол сияқты Мясковский, Шехтер сынды орыс музыка білгірлерінің де әсері кем болды деп айта алмаймыз. 

Біз композитордың жоғарыда ерекше атап өткен «Май кешінен» кейінгі белді-белді «Тос, мені тос», «Кестелі орамал», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деген шығармаларының қай-қайсысы болсын, адам көкірегінің күмбірлеген тынысын ашып және сезім жүйесін жаулап алатыны айдан анық. Бұл шығармалардың әсерлілігі сонша, тіпті, әрі-беріден соң оны жазған адам жоқ сияқты, авторы халықтың өзі сияқты әсер тастайды. Бұл деген сазгер қауымы болсын, немесе басқа да өнер тарландары болсын, басына қонған бақтың бұдан артық тәжі болмаса керек. Одан кейінгі дүркін-дүркін жазған аз да болса саз шығармаларына тәнті етпеген сәті әсте болмаған.

Кінәрат іздеген кінәмшілдің алдынан әрқашан да дәлелді мүмкіндік болмауы мүмкін емес. Мысалы, осы ұлы сазгердің соғыс кезінде және әр кезде жазған «Соқ, барабан», «Комсомол», «Отан, партия туралы ән», совет одағының Батыры Зоя Космодемьянская жайындағы «Таня туралы ән», «Жеңіс» немесе, тіпті, «Коммунизм оттары» дегенге бүгінгі күні тосырқай қарауымыз мүмкін. Бірақ, бұл әндердің аты ғана болмаса заты таза, мөлдір сезімнің толқыныстарының толағай қуатын танытатын, тұла бойына ұлттық рухтың ұрығын өрген шығармалар екендігінде сөз жоқ. Ол мәңгі өлмек емес. Ол Мұқан Төлебаев ағамыздың атына қарап емес, затының құндылығымен өлшеніп шыққан өршіл туындылар. Ол мәңгілік халықтікі және солай болып қалады. Оған бола жазғыру – үлкен күнә. Яғни, өз өнерімізді өзіміз өзектен тебумен бірдей.

Тағы бір топ шығармалары, «Ақмарал сұлу еркем-ай», «Қырманда», «Жылқышы» – қандай ғажап әндер. Бір кезде ауыздан-ауызға тез тарап, әлі күнге дейін атын атағанда көкірегіңнен еріксіз шыққан әуенге еліткендей, кейбір күйкілі жайларды жеріткендей әсерге шомыласың. Әрине, осының бәрі біздің ұлы композиторымызды әкелген құдыретті күш. Болмаса ауылда жүріп, халық әндері «Қыпша бел», «Тілеукабақ», «Шайтан кара», «Зұлқия» сияқты ән өркенін ептеп өңдеп, нотаға түсіре ме? Осындай еңбектер тұлғалана келіп, Брусиловский сияқты музыка маманының білгірімен «Амангелді» операсын жаздыртқан. Одан алғашқы жолы айқара ашылған біздің Мұқаң «Біржан – Сара» сияқты мәдениеті бүкіл әлемдік биікке көтерілген елдермен шоқтығы тең еңбектің жемісін табады.

Бұл жөнінде музыка майталманы, өз халқымыздың осы саладағы алғашқы академигі, «Абай» сияқты операның ұлы сазгерлерінің бірі Ахмет Жұбановтың өзі шын пейілімен мойындап: «Бұған дейінгі опералардың мұндай біртұтас және аяғына дейін тыңдаушысын билеп, өзге ойға орын қалдырмайтын әсерлі көрінісі болған жоқ-ты» – деген аталы сөзі ұлының ұлыны тәңір тұтып, төрге оздырғанымен бірдей болса керек. Жалпы Ахмет Жұбанов ағамыздың Мұқан Төлебаев сияқты інісінің табиғи талантына табынғаны бір бұл емес екені анық. Олардың арасындағы достық жылылықтың орнықты құштарлығына куә боларлық жайдың бірсыпырасы өз қатарларының арасында жетерліктей дәрежеде. Мен соның бірін айтпасам, жөні болмас. Бұл өз таланттарымыздың арасында жиі кездесетін жәйт.

Бірде Мұқан Төлебаев Мәскеуден әлде оқу бітіріп келе ме, әлде сол соғыс кезінде науқастанып келген сәтінде ме, жұмыс іздейді. Ол кезде Композиторлар одағын қазіргі қадірлі ағамыздың бірі билейді екен. Бірақ, Мұқаң жақын тұтқандықтан ба, алдымен Ақаңа (Ахмет Жұбановқа) барып, жан қиналмайтын, әрі өз жұмысымды істеуге мүмкіндік тудыратын бір жұмыс болса дейді. Оған біраз ойланған Ақаң: «Ондай жұмыс бар дейді, ол орын және бос тұр. Оған сөз жоқ алады. Бірақ мен бармай-ақ қояйын, өзің ана басшының алдына кіріп шық. Бірден қосарланғанымыз ұят болар» дегендей, ақыл береді. 

Ол жұмыс, менің ойымша ноталардың жиынтығын ұстайтын кітапхана сияқты, соның бір реттеушісі ме, әлде... әйтеуір, бос уақыты мол, жеңіл жұмыс болса керек. Сонымен Мұқаң басшының алдына кіреді, бірақ еңсесі түсіп, ренжіңкіреп шығады. Ол шыққан кезде Ақаң есік алдында ерсілі-қарсылы теңселіп жүрген екен. Дереу: «Не болды?» депті. Мұқаң басын шайқаған. Сонда өмірде онша ашуланбайтын, әшейінде көнтерлі де сырттай маңғаз Ақаң Мұқаңды қолынан жетектеген бойы әй-шайға қарамай басшыға кіріп, Мұқанды көзімен көзеп, сол жұмысты мынадай ғажап талантқа қимағанда, көктен біреуді күтіп отырсың ба деп, әбден нығарлап тоқтаған екен. Дәлелдеу сөзінен саңылау таба алмаған ана бастық ылажсыз көніп, арызына сол замат қол қоюға мәжбүр бопты.

Міне, сол кезден басталған достықтың соңына дейін ұласқандығында сөз жоқ. Бүгінгі таңда бұл екі ұлы адам да жоқ. Бірақ «жақсының жақсылығын айт, мерейі тасысысынның» ауқымында ұлылардың ұлағатгы достығын еске салуды жөн көрдік.

Құдай бізге мұхитты ән мен күйдің ордасында кіндігін кескізіп, кемелді өнердің кенересін өргізген Мұқан Төлебаевтай құдыретгі талантты бұйыртқанына рақмет. Өнері үлкен халықтың өзегіндегі өтпелі кезеңнің кемістігі, бәлкім өмірбақи жетіліп, ұшар биіктен көрініп, шапақатпас па еді, егер, бізге Мұқан Төлебаев сияқты ұлы талантты бұйыртпаса. Әрине, бұл жерде біз бар өнеріміздің, оның ішінде музыка өнеріміздің бұдан өзге шоқтығы биік құзарлары жоқ деп отырған жоқпыз. Бірақ бүкіл әлемдік тұрғыдан санаса келгендегі опера және балет саласындағы өзгемен таластыра өрістетіп, өз биігінің осал еместігін паш ететін парасатын айтып отырмыз. Бұл сөзді жалғыз біз емес, жоғарыда айтып кеттім, «Абай» сияқты мықты операның музыкасын жазғандардың бірі, осы саланың, қайталап айтам, майталман білгірі, академик Ахмет Жұбанов мойындаған сөздің, байқағанға үлкен мәні бар. Сол сөзімен Ақаңның өзінің әлем алдындағы еңсесі биіктеп, тынысы кеңейіп, марапатты мақтанға бой ұсынып масаттануы жатқан жоқ па. Мұндай ұлы адамдарды өз халқының алдында марқайтқан шығарма, әлем алдында да әуелеген баққа жетектеп, нұрға малынатыны мәлім.

Тұғырлы тұлға, сұлу сазгер туралы мақаламызды аяқтай отырып, ойымызды былай түйгіміз келеді. Мұқан Төлебаевтай дара туған дарынның бағасы –халқымыздың әлем алдындағы бағасымен бара-бар және шоқтығы биік құзарларымыздың бірегейі. 

Болмаса халқымыздың туын биік көтеретін айбарымыз бен арайымыздың қуатын паш ететін Елұранның сазы да алғаш рет осы Мұқаңның көкірегінен өрбігенінің өзі-ақ жеткізіп тұрған жоқ па?! Тек бұл әуеннің бір кездегі совет одағының тұсындағы бір-бірімен бәсеке шартының шарасында қалып тұрғаны өкінтеді. Олай дейтініміз, «Интернационалдың» әуенінен СССР гимнінің әуені бір пәс төмен алынған екен, ал СССР әнұранының әуенінен әр республиканың әнұрандары пәс төмен ұсталып, керек десе, ел мақтаны мен ажарына балайтын Елұранымыздың өзі байлаулы баспалдақтай күн кешкендігі бүгінгі күні мәлім болып отыр. Бұған не дерсің, тереземізді тең қылып сөйлегенмен, ереже-еркімізді бәсеңдетіп ұстауы, тіпті, Әнұранымыздың үнінің өзінен бір пәс төмендетіліп отырса, бұған не шара. Осы бір олқылықты басқа республикалар іргесі бөлінісімен жоғарғы биіктікке дереу теңелтіп алған... 

Мұқанның біз айтпаған бұдан басқа да құпиясының тылсым сыры мол. Бұған айғақтың бір тұмса сыры, бұдан бұрын жазған (Брусиловскиймен бірігіп) «Амангелді» операсынан бастап немесе аяқталма қалған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» опералары өзінің жалғастырушысын тапса, нағыз тұлғалы еңбектердің бағы жанбақ. Қорыта келгенде айтарымыз, халқымыздың сәулелі үнінің сазынан сағыныш шуағын төгіп, мәңгілік шұғыладай жарқырайтын ұлы сазгеріміздің көкірек-көзі болған халықмерейі үстем болсын. 

Сейфолла ОСПАН,

ақын


ӘУЕН ӘЛЕМІНДЕГІ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗ

Мұқан Төлебаев! Бұл есім қазақтың профессионалдық музыка өнері, ұлттық операмыздың қалыптасуымен өркендеуі әуен әлеміндегі нұрлы ағыстар туралы әңгіме болған кезде әрдайым алдымен аталады. Оның үлкен себебі де бар. Біз кездері қазақтың «500 әнін» және «1000 әнін» нотаға түсіріп, одан соң: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді», – деген А.Затаевичке тек қана рақмет айтамыз. Ал, ұлттық әдебиет тек қана фольклормен, ауыз әдебиетімен асқарға шыға алмайтыны сияқты, ұлттық музыканың да әрлеу сатылары профессионалдық жоғары деңгеймен бағаланады. Бұл орайда көрнекті қазақ композиторы Мұқан Төлебаевқа көрсетілетін құрмет өзгеше болуы заңды да. Оның музыканың әр түрлі жанрларын кең қамтыған тынысты шығармалары – әндерінен операларына, камералық шығармаларынан симфонияларына дейін туған халқының тағдырымен жұптасып, махаббатына бөленіп, одан соң шет елдердегі музыка сүйер қауымының да талғамьшан шықты. М.Төлебаев шыгармашылығындағы айтулы шың – 1946 жылы дүниеге келген «Біржан-Сара» операсы. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де бұл операға де-ген құштарлық арта түспесе, кемитін емес. Мұның сыры неде? «Операнъі түсінбеймін», — дейтіндердің өзі «Біржан-Сара» операсынан үзінді тыңдаған сәтте-ақ жайнап кетеді. «Егер кімде-кім Бах пен Моцарттың, Бетховен мен Шопеннің, Чайковский мен Мусоргскийдің музыкасының рухани қуаты мен сұлулығын өмір бойы сезіне алмай өткен болса, бұдан Бах, не Моцарт, не Бетховен, не Шопен, не Чайковский, не Мусоргский кішірейіп қалмайды. Олар әрқашан да ұлы және құдіретті қалпында қала береді. Сондықтан бұларды өмірде елемеген және олардың өнеріне жанаса алмаған адам көп нәрсе жоғалтары анық», – депті бір дуалы ауыз. Осыған орайластырып айтар болсақ, Мұқан Төлебаев тәлімі де әрбір қазақ үшін тылсым да терең, бай қазына.


Ермек Серкебаев, СССР Халық артисі, Еңбек Ері: 

– Мұқан – қазақ өнерінің тарихында қалған үлкен азамат, белгілі композитор. Жасым кіші болса да мен ол кісімен жақсы жолдас болдым, бір үйде көрші тұрдық. Мені өзі өте жақсы көруші еді. Радиода бірге қызмет істедік. Диктор болып жүргенімде менің даусыма қатты көңіл аударып, болашағымды болжап, опера театрына алып келген өзі еді. Өнердің адамы ғой. Өмірдегі мінезі қызық еді, әкімшілік жұмысқа онша қыры жоқ болатын. Әрі ақын, әрі әкім боламын деу бекершілік, талант көп қырлылықты жақтырмайды. Мұны өз басыма да қатысты айтар едім. Талай рет маған театрға, тағы да басқа үлкен мекемелерге басшылық жаса деген кездерде тізгін тартып жүрдім. Мұқан да таза өнер үшін жаратылған жан болатын. Тіпті, опера театрына директор болған кезінде шаруашылық жайын көп ойламайтын. «Бала, тауға барып, таза ауа жұтып қайтайықшы!» – деп аңсары басқа жаққа ауа беретін. Жақын тұтқан жанындағы адамдарға еркелейтін. Дариға жеңгемізді түнгі 11-12-лерде жұмыс орнында қалдырған партитурасын алып келуге жұмсап қинайтын.

Шығармашылық жөні бөлек. Бородин жалғыз «Князь Игорь» операсымен тарихта қалғаны сияқты, Мұқан Төлебаев, басқа туындыларын былай қойғанда, жалғыз «Біржан-Сара» операсымен өнер тарихымызда өшпейтін ескерткіш тұрғызды. Осыдан басқа ештеңе жазбаса да жұлдызы жоғары болар еді. Оның халқына берген негізгі туындысы осы. Басқаларын санамалап жатпай-ақ қояйын.

Өз басым көп уақыт Мұқанның тәрбиесінде болдым. Өнегесін алдым. Бәлкім, бүгінгі шыққан биігім үшін рухани сүйемелдеушілерімнің алдында қарыздар болсам, сол қарызды өтеп жүрген болсам, ең алдымен Мұқанды ауызға алар едім.


Байғали Досымжанов, Қазақ ССР Халық артисі: 

– Туған халқына көп шығарма жазып, аз еңбек сіңіретіңдер бар, аз шығарма жазып, көп еңбек сіңіретіңдер де бар. Мұкан Төлебаев – аз жазса да саз жазған ұлы композитор.

Мен Мұқанмен Мәскеу консерваториясында бірге оқыдым. 1941 жылы соғыс басталғанда мен майданға аттандым да, ол денсаулығына байланысты Алматыға қайтты. Соғыстан жарақат алып, мен де Алматыға оралған соң екеуміз тығыз қарым-қатынаста болдық. Қиналған кездерінде қолымнан келгенше жәрдемімді беріп тұрдым. Ол «Біржан-Сара» операсын сол бір ауыр күндерде жаза бастаған еді. Осы үлкен шығармамен қатар ол өзінің «Кестелі орамал», «Майданнан хат», «Соқ, барабан», «Жорық», «Тос, мені тос», т.б. ән, романстарының көңіл-күйін білдірді, жігерлендірді және өзі де өнердегі жанрлық түрлі ізденістерге барып жүрді.

«Біржан-Сара» операсын жазу кезінде Мұқан менімен көп ақылдасатын. Өйткені, Біржан партия сының иірім-қайырымдарын игеруге менің дауысымның мүмкіндігін мұқият қадағалады. Көптеген композиторлар әншінің қарым-қабілетімен есептеспейді. Ал, әншіге өлшеусіз салмақ түсірген кезде, мүмкіндігін ескермегенде, опера ойдағыдай шықпайды.

Мұқан бұл операны әуелде «Біржан» деп атаған еді. 1945 жылы театрға тапсырды. Комиссия қабылдаған кезде Сара ролінде ойнайтын Күләштің өтініші бойынша және басқа да жолдастардың ұсынысымен «Біржан-Сара» аталды. Бұл біздің өнеріміздің тарихында қазақ композиторының жеке жазған тұңғыш операсы еді. Ол оның музыка мамандары тарапынан, халық сынынан өтіп, әділ бағасын алуы үлгісіндегі дүние. Алғашқы қойылымынан бастап-ақ «Біржан-Сара» операсының айы оңынан туды. 1949 жылы операның авторы М.Төлебаевқа, қоюшы-режиссері Қ.Жандарбековке, Біржан роліндегі – Ә.Үмбетбаевқа, Сара бейнесін сомдаған – К.Байсейітова мен Ш.Бейсековаға, суретші А. Ненашевке СССР Мемлекеттік сыйлығы беріледі. Опера қазақ өнерінің зор табысы ретінде бағаланеды. Содан бері сахнадан түспей келеді. Кезінде «Біржан-Сара» операсын Мәскеудің Үлкен театрында қоймақ болып, либреттосын аударып жатқандар жазықсыз жазаға ұшырап, қойылмай қалған еді. Кейіннен бұл операны Башқұрт театры сахнаға шығарды. 1974 жылы мен бұл операны театрда қайта қойып шықтым. Бұрын 4 актілі еді, кейін екі бөлімді операға айналды. Дүние жүзіндегі кез-келген ел итальян операларын қоюға тырысады. Ал әуенділігі, әсерлігі жағынан «Біржан-Сара» да кез келген елдің сахнасына лайық дер едім.

М.Төлебаев республикамыздың Әнұранының авторы. Қасына екі адамды қосып жазғанмен, шын мәніндегі авторы жалғыз, ол – Мұқан. Бұл да уақыт сынынан өтіп, лайықты бағасын алды деуімізге болады. Сондай-ақ оның «Коммунизм оттары» дейтін кантатасы (қазір басқаша аталуда) бұл да өте үлкен шығарма.

1958 жылы Мәскеудегі Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігін «Біржан-Сара» операсымен ашқанбыз. Біржан ролінде – мен, Сара рөлінде – Роза Жаманова ойнаған еді.

М.Төлебаев өте еңбекқор композитор болатын. Әр жазғанына қатал сын көзімен қарайтын. Жүрекке жеткізіп жазатын. Шығармашылыққа жүрдім-бардым, қалай болса солай қарамайтын.

Мен өзімнің Мұқанға деген жолдастық парызымды өтеп жүрмін. «Біржан-Сараны» Германияға апарып қойғанымызда да жақсы бағаланды. Консерваториядағы ұстаздық қызметімде де шәкірттеріме көп айтамын, көп үйретемін.

Бір арман – ол «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» операсын қолға алып, жазу үстінде, аяқтай алмай кетті. Қағазға түскені – Қодардың бір ариясы, әйелдер хорының бір үзіндісі, содан соң Жантықпен Қарабайдың бір кішкене диалогі – бары сол. Тірі болғанда, халқына берері көп еді. Бір тәубе етеріміз, оның мұрасы халқының жадында мәңгі сақталатынында.


Базарбай Жұманиязов, Қазақстан Композиторлар одағының бірінші хатшысы: 

– 1959 жылы біздің шығармашылық одақтың іргетасы қаланыпты. Бұрынғы ауызша, әуесқой, суырып-салма, жыршы- жыраулардың дәстүрлері енді жаңа арнаға көшіп, кәсіптік шеберліктің қыр-сыры игеріле бастайды. Соған барлық күш-жігерін жұмсаған, өзінің қомақты үлесі ретінде баға жетпес туындысын қосқан Мұқан ағамыздың еңбегі ешуақытта ұмытылмайды. М.Төлебаев, А.Жұбанов, Л.Хамиди, Е.Брусиловскийлер бастаған біздің профессионалдық музыка өнерінің көкжиегін кеңейте түсуіміз керек. Тек қана домбыра мен қобызды үйретумен шектелмей, музыка мектептерінде скрипканы, фортепианоны, т.б. меңгеруге тырысуымыздың бір сыры осында. М.Төлебаев тағылымы дала әуендерін еуропалық әуездермен әдемі үйлестіре білудің, үйлесімінтаба білудің үлгісі. Әншілікке де жоғары кәсіби білім алу қажет. Сол арқылы мамандықтың құпия қалтарыстарына бойлап, жарқыратып жаңа қырларын ашуға болады.

Нарық экономикасының қиыншылықтарына қарамастан, халқымыздың өнеріне өлшеусіз еңбегі сіңген адаіңдарды еске алу, соңында қалдырған мұраларын жас ұрпаққа, жаңа ұрпаққа насихаттап, таныстырьш отыру басты парызымыз. Біздің одақ та Мәдениет министрлігімен, консерваториямен, Опера және балет театрымен т.б. шығармашьшық ұжымдармен бірлесе, тізе қосьш бірқатар мәдени шараларды атқаруды көздейді. Демеушілер тауып М.Төлебаевтың шығармашылығын зерттеген өнертанушы ма мандардың кітабын шығарсақ дейміз. Жаңа концерттік бағдарламалар әзірленуі қажет. Талант тәңірінен болғанмен, перзент – халықтікі.

Оның әуендері ұлттық шеңберге сыймайды, ұлтаралық кеңістікке арналған деген өнертанушы маманның сөзі мені қатты ойландырғаны рас, әсем әуен, сырлы саз аудармашыны қажет етпейді. Бірақ бұл әуеннің ұлттық тамыры жоқ деген сөз емес қой. 

Егер М.Төлебаев қазақ перзенті болмаса «Біржан-Сараның» дәл қазіргідей құдіретгі опера болып дүниеге келуі екіталай. Бұл әр әуеннің де өз топырағы болады дегенге саяды. Ал, жалпыға бірдей түсінікті болуы – ұлы өнердің табиғатына тән қасиет. Ұлы шығарманы жұрттың бәрі бірдей түсінбеуі де мүмкін ғой... Бұл ішкі қарама-қайшыл ық емес. Ұлттық тамыры жоқ өнердің өрісі тар. Ал, М.Төлебаев шығармалары – туған елінің тағдырымен тамырлас туындылар. 

Жазып алған Әділғазы ҚАЙЫРБЕК,

ақын