ТІЛЕУБЕРДІНІ ТАНЫДЫҚ ПА?..
2023 ж. 26 маусым
1860
0
Мүсінші Т.Бинашев туралы сыр
2005 жылдың күзіне қарай Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі мүсінші Тілеуберді Бинашевтің бастауымен хал-жағдайын білу мақсатында екеуіміз Алматыдағы Аба ескерткішінің авторы, атақты мүсінші Хакімжан ағаның үйіне бардық.
Сонда әңгіме арасында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық суретшісі, профессор Хакімжан Наурызбаев: «Соғыс кезінде Мәскеу, Ленинградтағы белгілі, атақты мүсіншілер, суретшілердің бәрі Алматыға көшіп келген еді ғой. Ольга Николаевна Кудрявцева мені тәрбиесіне алуға өтініп сұрап алды. Оның ұстазы Эльенора Абрамовна Блок болатын, ал ол Роденнің шәкірті еді. Міне, айналып келгенде, талантты мүсінші, менің шәкіртім – Тілеуберді Бинашевтің қайдан шыққанын біле бер. Тіпті, шәкіртім Тілеуберді Бинашевқа қарап-ақ менің қандай мүсінші екенімді біле бер десем де болады», – деп еді.
Осы сөз ойға түсті. Содан...
Ертеде жазылған төмендегі жазбамды қайта қарап отырып, марқұм Тілеуберді ағам туралы ойға баттым.
Біз, расында, сол дарынды тұлғаны терең танып үлгерік пе...
Қазағымның кең даласында үлкенді-кішілі тау-тас дегеніңіз жетіп артылатын шығар. Олар не көрмеді дейсің? Сон-а-ау, ел басына күн туған небір алмағайып заманда ерлеріміздің қан-жоса болып төгілген қызыл қаны мен аруларымыздың қара көзінен тамған ыстық жасынан қалған қыр басындағы белгі де, тарих соқпағында сан тарапқа ат сабылтқан халқымыздың тағдыр, тіршілігінің куәгері де – солар. Әттең-ай, десеңші!.. Тілсіз қара тас не айтып жарытар! Менің ойыма, мүсінші Тілеуберді Бинашевтің әңгімесі оралды. Жә... бәрін де басынан бастайыншы.
Тілеуберді БИНАШЕВ. Талайларға таныс еміс. Оның өзіне де, өмір жолына да сырттай қанық болатынмын.
Оңтүстік Қазақстанның Арыс ауданында Байырқұм атты елді мекен бар. Шаруашылығы шалқып, тасы өрге домалап, өзге өңірге аты әйгілі бола қоймағанымен, қазақтың талай қараторысын туып-өсіріп жатқан қарапайым ғана кәдімгі ауыл. Осында «Мелдештің қыстауы», «Мелдештің қорасы», «Мелдеш құдық» деген жерлер бар. Тілеуберді, міне, дәп осы ортада оң-солын танып өсті. Мелдеш – оның әкесінің аты.
Кішкенеден қой соңын күзетіп, жападан-жалғыз табиғатпен тілдесе өскен баланың сыршыл да сезімтал болып келетіні белгілі. Ол да солай болды. Табиғатқа деген ынтықтық пен одан сыр түюге ұмтылу, ақыры, өнер деп аталатын үлкен жолдың бастауына айналды.
Шынында да, мән бере қараған адамға табиғаттың өзі – тұнып тұрған өнер. Сенбесеңіз, кең далаға, айналадағы тау-тасқа зер сала көз тігіңізші. Бүктүсе, қайғырып отырған адамның кескінін де, шұбатылған көштің суретін де, жаралы жолбарыс, ауырған арыстанның сұлап жатқан бейнесін де сезімтал жүрек, көреген көзіңіз болса, қиналмай-ақ тауып аласыз. Ал, олардың ішінде еліміздің өткен-кеткеніне байланысты аңыз-әңгімеге айналып кеткендері қаншама! Балаң көңілі көк тіреген арманшыл адамға осы табиғаттың өзі – үлкен ұстаз.
Сөзді тудыратын сөз ғой, ұстаз ретінде өзімен бірге басы-қасында жүріп, тәжірибе бөлісе қойғаны жоқ. Шәкіртсіз ұстаздың тұл екендігі әмбеге аян-ау, сонда ұстазсыз шәкірттің болғандығы ма?.. Кімнің қалай ойлайтындығын қайдам, олай да болады екен! Оған дәлел іздеп әуреге түсудің қажеті де жоқ. Өйткені, бүкіл адамзат атаулыға ортақ ұлы ұстаз бар. Ол – жер-жаһандағы тіршілік тізгінін қолына ұстаған табиғат, яғни құдай. Қазақ айтпақшы, «құдайдың берген өнері» әрқашан да өлмейді. Осылай деп батыл айтуымызға негіз де жоқ емес. Әйтпесе, кеше ғана қой соңында жүрген, әлі ешбір арнаулы оқу-шоқуды көре қоймаған жап-жас Тілеуберді қазақ халқының ұлы перзентінің бірі, күш атасы Қажымұқанның мүсінін талай ел тамсанатындай етіп қалай жасады дейсің.
Онжылдық мектепті тәмамдап, Алматыдағы көркемсурет училищесіне енді ғана бас сұққан ол, сөйтіп, әйгілі Қажымұқанның мүсінін тұңғыш рет сомдаған адам болып шыға келді. Ол мүсіні қазірде көпшілікке мәлім – Темірлан селосындағы Қажымұқан музейінде тұр. Негізі, талантты жасты тани білудің өзі де өнер. Сол кездегі аудан басшысы Рашид Нұғымановтың есімін Тілеуберді өле-өлгенше ұмытпайтын шығар. Қажымұқанның аталмыш мүсінін жасауға түрткі болып, қол ұшын берген көреген кісіні ол қалай есінен шығарсын. Атағы әлемге мәшһүр болған күш иесінің мүсінін жасай алатындығына сеніп, күнделікті күйбең тірліктен босаттырып, материалдық жағынан көмек көрсеткен аудан басшысынікі де, өрімдей Тілеубердінікі де ерлік деуге болады. Мұнан кейін адамға оң тәрбие берудің бір тәсілі – сенім дегенге сенбей көріңіз.
Сөйтіп, үлкен өнердегі Тілеубердінің тұсауын кескен, болашағына сеніммен қарап, батасын берген Рашид Нұғыманов болып қала берді. Ол мұнан кейін де, көркемсурет училищесін бітірген соң да, өзінің алғашқы биігінен бір сәт төмендеген жоқ. Саусағынан бал тамызған мүсінші қолынан шыққан Әл-Фарабидің, Абай, Ыбырай, Шоқандардың, жыр алыбы Жамбыл мен сыршыл суреткер Мұхтардың, тағы да басқа өнер, мәдениет саласында тер төккен ғұламаларымыздың жансыз бейнелері оның табиғи, дарынды талант иесі екендігін көрсетті. Аталған мүсіндерді Орталық Өнер музейінен бастап, Мұхтардың, Ыбырайдың музей-үйлері, халыққа білім беру министрлігі, сондай-ақ түрлі жергілікті жерлер қолға тигізбей алды да кетті. Тіпті, Түркия, Алмания секілді шет елдік мемлекеттерге сатылған еңбектері де аз емес.
***
Тілеуберді БИНАШЕВ. Талайларға таныс есім. Маған да. Оның атын біреулердің қызыға, біреулердің қызғана атап жүргендігіне де талай рет куә болғам. Алайда, осы бір қарапайым қазақпен араласып, достасып кетем деп ойламаған едім. Бәріне себепкер болған – жақсылық пен жамандықтың аражігін ашам деп, ақ тер-көк тер болып сабылып жүретін өзіміздің Сайлау Пернебай (фототілшіміз).
– Мен сені қазақтың талантты бір жігітімен таныстырайын, – деп, дедектетіп жетектеді де кетті. Жолға бір, маған екі қарап қойып, әңгімесін соғып келеді. – Таяуда ғана Абылай мен Шақшақ Жәнібектің мүсінін жасап бітірді. Бүгін кешіксек, Арқалыққа әкетіп қалайын деп отыр, көре алмай қаласың.
– Сәке, – деймін мен уақыттың тапшылығын сездіріп, – оның шеберханасы қай жерде еді, көлік ұстайық та...
– Өй! – Сәкең басына қисайта артқа серпіп, ернін қымқырды. Бір нәрсеге риза болмағандағы әдеті осы – Қайдағы шеберхана! Бәрін үйінде, аядай бөлмеде жасайды... Жұматай Жақыпбаевтың да мүсінін айнытпай келтірді. Оны өткенде ғана Кеңсайдағы қабірінің басына орнатты. Анау-мынау жұмыстарға көңілі тола бермейтін марқұм Асекеңнің өзі (Асқар Сүлейменовті айтып тұр) Жұматайдың мүсінін көргенде риза болып. «Міне, мынау дұрыс! Ескерткішке тартқан жараспайды. Ол үнемі ойға шомып тұруы керек» деген екен.
Сәкең Тілеубердінің үйіне жеткенше бас шайқаумен болды.
***
Өмір деген – бір жұмбақ. Оның бүкіл құпиясын білемін деудің өзі – ақылға сыя қоймас мәселе. Өйткені, табиғаттың таңғажайыптары мен құпия сыры ешуақытта да таусылмақ емес. Талай заманнан бері адамзат баласын табындырып келген оның сырын ұғуға бір адам тұрмақ, бүкіл бір ұрпақтың, тіпті тұтас бір дәуірдің ғұмыры жете қояр ма екен? Бесіндегі көлеңкедей шұбатылып, ӨМІР атты алыптың артында ӨЛІМ атты қою қараңғылықтың келе жатқандығын тірі жан иесі мойындайды. (Ол, бәлкім, біздер, тірілер үшін ғана қараңғылық болар). Сол жарық пен қараңғылықтың ортасында, екі жаққа бірдей көз салып тұратын бір зат бар. Ол – бұ дүниеден баз кешкен жандардың ескерткіші (мүсіні). Ендеше айтып отырған жарығымыз бен қараңғылығымыздың арасында арпалысып жүрген мүсіншілерді кім демекпіз?! Олар тек ескерткіш қойып жүргендер емес, жанталаса жүгірген құмырсқа-тірліктегі мына біздерге ескерту жасап келе жатқан жандар! Тірі пенденің мүсінші талантына бас иетіндігінің бір сырын, бәлкім, осыдан да іздеу керек шығар...
***
Тілеуберді БИНАШЕВ. Талайларға таныс адам.
– Түсінгісі келген жанға табиғаттың өзі сөйлеп тұр ғой, шіркін. Біздікі тек соны таңдап тауып, өңдеп, жалпақ елге жағымды да ұғымды етіп жасап беру, – дейді сөз арасында кішіпейілділік танытып. Неге екенін қайдам, ол кезде жеке отырып жұмыс істейтін шеберханасының жоқтығын, қажетті материалдардың табыла бермейтіндігін, көпшілік мүсіншіге ортақ тағы да басқа шешімін күткен мәселелерді әңгімелеп, кейбіреулер сияқты жылай кеткен жоқ. Қоғамымыздың қазіргі кезеңінде мұндай «ұсақ-түйек» мәселелердің шешіле қоймайтындығын ескерді ме, әлді өзінің кебін киіп жүрген журналист ағайындарының «мә» деп ұстата салар шамасы жоқтығын ойлады ма, жоқ әлде газет сөзін белден басып жүре берер саңырау орындардың көптігі көңілін басты ма, әйтеуір, бұл төңіректе ләм-мим деп ауыз ашпады. Қазірде не көп – проблема көп, о жайында біздің де сөз қозғауға зауқымыз соқпаған еді.
Кейіннен Тілеу ағаның керемет жеке шеберханасы да болды, үйінің жанында көрмеге айналған тамаша мұражайы да бар.
Әнуарбек ӘУЕЛБЕК,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Қазақстанның Құрметті журналисі.