Қазанғаптың ұстазы Шүйт Орынбай: бұрмалаушылықтар, анықталған жайттар
2023 ж. 09 маусым
3250
0
Шамамен XIX ғасырдың орта тұсында дүние келіп, XX ғасырдың бас жағында бақи болған дәулескер домбырашы әрі «күйші Қазанғаптың ұстазы» делінетін Шүйт Орынбайдың шығармашылық ғұмырбаянын, өмір дерегін зерттеу осы күнге шейін назарға алынбай келеді. Бәрінің көлбеңдетіп айғаққа тартатыны академик Ахмет Жұбановтың бүй деп таңбалап кеткен сөздері:«...Қазанғап Доңызтау, Аққолқадағы Төреш домбырашыға барады. Өзінің өнерін көрсетіп, Төрештің күйлерін алып, бір айдай жатады. Төреш Қазанғаптың домбыра тартысына риза болып, домбырашылық батасын беріп: «шырағым, бұл жолды шындап қууға жарайтын екенсің болашағың күшті екен. Бесқалада Орынбай домбырашы бар, атыңның аяғы жететін жер ғой, талаптанып шыққансын соған барып, көріп қайтқаның жөн болар», – дейді. Төрештен «Нар идірген», «Қызыл қайың», «Мамыт», «Едіге» тағы бірнеше «Ақжелеңдер» алып (бұлардың ішінде Төрештің өз «Ақжелеңі» де бар), Қазанғап торы аттың басын Бесқалаға қарай бұрады.
Күшті домбырашы, салт атты, салбыр қамшы Қазанғап халыққа сыймасын ба, қона, түстене отырып, өз өнерін жүрген жеріне жая, халық ішіндегі тарап кеткен көркем күйлер болса, оны ала отырып, Бесқалаға келді. Орынбайды тапты. Бұ да айта қалғандай домбырашы екен. Көрген жерден-ақ Қазанғаптың тартысына қатты риза болды: – «Оң қолың мен сол қолың бірдей екен, саусақтарың үстінде жатып қалады екен, ішектің өзін ғана іліп қағып, күйдің дыбысын таза шығарады екенсің, күй тартқанда басынан аяғына дейін сылбыр емес, кей жерлерінде екпіндеп кетеді екенсің. Ол жақсы нәрсе. Домбыра тартқанда домбыраның үстіне мойныңды салып жіберіп жатып алмай, тіке отырады екенсің. Мұның да дұрыс. Өйткені, домбыраны көкірекке қысып тастағансын даусы шықпайды. Шалқақ отырсаң, домбыраң бос болып, даусы жақсы шығады. Тағы бір артықшылығың – домбыраның пернелеріне қарамай тартады екенсің. Бұ да дұрыс, жабыдай жалтаңдап, буынға секіргенде тұқырып пернеге қарап отырар ма шіркін, сенде ол жоқ. Жалғыз ақ «Нар идірген» сияқты күйлерді тартқанда күйдің негізгі әңгімесі қайсы уақыттарда үстіңгі ішекте болады. Оған келгенде басқа күйлердегі әр тартысыңды өзгертіп, майдалап, ертек айтқандай болу үшін үстіңгі ішекті сөйлету керек, ол күйдің насихаты үстіңгі ішекте», – деді.
Осы ақылдардан кейін, Орынбай Қазанғапқа өзі талаптанып күй шығару керектігін айтты. Өзі бірнеше Ақжелеңдерін тартып, – жеңіл күйлерден бастасаң, алғашқыда Ақжелеңнен баста, – деді.
Атағы шыққан домбырашы Орынбайдың өзін көтергеніне, көпшілігінде тартысын мақұлдағанына, үсті сөйлейтін күйлердегі өзінің олқы жерін тауып айтқанына, өзің күй шығаруға талаптан деп үлкен үміт күткеніне Қазанғап қатты рақмет айтып, енді өзінің туып-өскен құмына қайтты». (Қараңыз: Классикалық зерттеулер: Көп томдық. – Алматы, «Әдебиет Әлемі», 2012. Т. 2: Жұбанов А. Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы. 81-82 беттер).
Академик А. Жұбановтың осындағы:«...Орынбай Қазанғапқа өзі талаптанып күй шығару керектігін айтты. Өзі бірнеше Ақжелеңдерін тартып, – жеңіл күйлерден бастасаң, алғашқыда Ақжелеңнен баста, – деді», – деген баяндауларын мың құбылтып, қортық ойдан аса алмай қалған кейбіреулер сонысын шындыққа айналдырғысы кеп арамтер боп жүр. Оларша «Орынбай Ақжелең» күйін Қазанғап емес, Орынбай шығарыпты-мыс. Өйткені, «Ақжелең» атауына Орынбайдың есімінің қосарлануы осының дәлелі дейді.
Бұлардың түсінігінше басқа да күйлерді, атап айтсақ,«Ұзақ Ақжелеңді» Құрманғазы емес, Ұзақ шығарған, «Қыз Ақжелеңді» Дәулеткерей емес, Қыз шығарған, «Домалатпай Ақжелеңді» Қазанғап емес, Домалатпай шығарған, сондай-ақ, «Кербез Ақжелеңді» де Қазанғап емес, Кербез шығарған, «Бұраңбел Ақжелеңді» Қазанғап емес, Бұраңбел шығарған екен. Міне, соңғы жылдары «зерттеу» барысында ашқан «соны жаңалықтары» осындай!
«Мәдениет» порталында (29.03.2023 жыл) жария еткен «XIX ғасырдың аяғында «Қоңыратта өтті» делінетін «күй сайысы»: жалғаны мен шындығы» атты сын мақаламызда «Орынбай Ақжелең» күйіне қатысты бұрмалаушылықты жан-жақты ашып көрсеткенбіз. Еңбекті оқып, мән-жаймен толық танысуға кедергі жоқ. Келтірілген дәлелдерімізге айтар еш уәждері болмай амалдары құрған біреулер кейін «Орынбайдың күйі» деп хабарланып, Рүстембек Омаровтың орындауында «Орынбай Ақжелең» түсірілген үнтаспаны «дәйек» қып, әлеуметтік желіде біраз қылғынды. «Мінекей, Орынбайдың күйі екені анықталды» деп. Аты-жөні белгісіз бір әйелдің айта салған бірауыз сөзін «айғақ» қып. Қалай десе де бәрібір нақты дәлел бола алмайды бұл. Себебі Қазанғаптың көзін көріп, тәлім алған шәкірттері Қ. Ержанов, Ж. Айпақов, т.б. ұлттық фонотеканың Алтын қорына «Орынбай Ақжелеңді» «Қазанғаптың күйі» деп жаздыртып кеткен. Бұл шығарманы А. Райымбергенов те орындап, «авторы Қазанғап» деп түздірген (Қараңыз: Күй төресі Қазанғап. / А.Ы. Райымбергенов, С.Ш. Райымбергенова. – Алматы, 2022. 30, 278 және 371-бет; https://raimberqenov.kz/vid025).
Ақиқатында Қазанғаптың көзін көрген шәкірттері Қадірәлі, Жәлекеш т.б. «мынау Орынбайдың күйі» деп атын атап, түсін түстеп кеткен бір шығарма жоқ, ондай сөз бірде біреуінің аузынан шықпаған да.
Мұнымен шектелмей «Шүйт Орынбайдың дүние есігін ашқан жері, ғұмыр кешкен ортасы – Бесқала» деп күйшіні Ақтөбе өңіріне еш қатысы жоқ қылып мүлде бөлектегісі келеді, ол туғанда кіндігін өзі кесіп, етегіне өзі салып алғандай.
Әлгінде А. Жұбановтың:«Төреш Қазанғаптың домбыра тартысына риза болып, домбырашылық батасын беріп: «шырағым, бұл жолды шындап қууға жарайтын екенсің болашағың күшті екен. Бесқалада Орынбай домбырашы бар, атыңның аяғы жететін жер ғой, талаптанып шыққансын соған барып, көріп қайтқаның жөн болар», – дейді», – деп келтірілген сөзінен көп нәрсе аңғарылады. Доңызтаулық күйші Төреш Орынбаймен бұрынырақта аралас-құралас, шығармашылық байланыста болған. Осылай екені расында еш шүбә тудырмайды. Олардың туып-өскен жерлері – Қошқар ата мен Доңызтау бір-біріне тиіп тұрған өңірлер. Сондай-ақ Қошқар атада Табын руының бағзыдағы көне қорымдарының сақталуы да олардың Жаңқылыш-Шүйттермен қоңсы отырғандарын айғақтайды һәм Төрештің Орынбайды жақсы білуінің де себебін ашып тұр. Енді мұны дәлелдер келтіре отырып, жан-жақты таразылап, тарқатып баяндайық.
Сүлеймен Бекмағамбетұлы (1946 ж.т.) есімді ағамыз мынадай мәліметтер берген-ді: «Шектінің Баубегінен тарайтын Жанқылышы боламыз. Жанқылыштан – Шүйт. Шүйттен – Сырлыбай, Сырлыбайдан – Өтепберді, Өтепбердіден – Бас, Бастан – Сатыбалды, Сатыбалдыдан – Ақпан, Ақпаннан – Әділгерей, Сейіткерей, Таңатар.
Әділгерейден – Бекмағамбет. Ол 1894 жылы туған, 1983 жылы өмірден озды. Бекмағамбеттен – Сүлеймен яғни, мен тараймын.
Бабам Ақпан түйелі бай болған. Бір жылда тоқсан нары боталайды екен. Атамыз алпыс үшке келгенінде он алты жастағы Жаңыл есімді қызды алған. Отыз боталы түйе беріп. Ақпан атам бұл жамағатымен он жеті жыл оттасып, 84 жасында дүниеден озыпты. Екі ұл, екі қыз көрген. Кемпірі Ақкемерде тұрды біраз жыл. Кейін Нөкіске көшті, сол жақта 113 жасқа келіп, бақи болды. «Аппақ әже» деуші ек оны. Ұлдарының есімі – Құлен, Көбен. Құленнің ұрпақтары Таразда тұрады қазір...
Әйгілі әнші, ақын Батақтың Сарысы Жанқылыштардың негізгі атақоныстарын:
«...Жері еді Жанқылыштың Қыздар шыққан,
Әулие Қошқар ата Тұздан шыққан.
Батақтың ерке өскен Сарысы едім,
Болдым ғой осы күнде «Елден шыққан», – деп жырға қосқан.
Қошқар ата, Қыздар шыққан аудан орталығы – Шалқардан 190 шақырым шамасында. Оңтүстігінде. Сәл батысқа таман. Тұзы бар, ені екі шақырымдай, ұзындығы да әжептәуір. Жырдағы аталған Қыздар шыққан – биік бор төбе. Етегі көктемде жап-жасыл боп жатады. Ел ішіндегі аңыз әңгімеде «көрші ауылға тойға барып, қайтып келе жатқанда боран соғып, сол төбенің басында қыздар үсіп өлген» делінеді. Содан «Қыздар шыққан» аталып кеткен екен.
Әкем айтып отыратын: «Жанқылыштан да ерекше қасиеттерімен есімдері елге жайылған талай жақсылар тараған. Соның бірі – қырағы көз Торайғыр. Көтібарұлы Есет батыр көтеріліс кезінде оны қасында ұстаған. Торайғыр жазық далада шамамен жиырма-жиырма бес шақырымнан көзге шалынған ноқаттың не екенін жазбай айырып, анық таниды екен. Осы көргіштігі соғыста көп көмегін тигізіпті. Айсыз түнде де кездескен сай-салалардан, жыралардан, өзен-батпақтардан өтетін тұстарды оңай ажыратып, көшті, әскерді қиындықсыз өткізіп отырған.
Ырғыз уезінің күллі жұртына есімі мәлім Тағыберген деген болды. Қамшыгер кісі еді. Көзіміз көрді, өгіздің төрт қабатталып бүктелген шикі терісін шіреніп тұрып, тартып кеп жібергенде тура қылышпен шапқандай қақ бөлетін. Өріктің сүйегін бас бармағымен қысып сындырып, дәнін шағып жей бере-тұғын», – деп.
Әкемнің баяндауынша, Қошқар ата ертеде өз алдына болыс болған. Оны 2500 түтін құрапты. Дәрібай деген атамыз болыстық сайлауына түсіп, билік тізгінін екі мәрте ұстаған екен. Үшінші сайлауда қамшыгер Тағыберген таласқа түседі. Ақыр соңы дау-дамайға ұласып, жаға жыртысуға дейін барады. Сонда қамшының ұшы тиіп, Дәрібайдың бір көзі шығады. Болыстыққа ақыры Тағыберген өтеді...
Кейде есіне түскенде әкем: «Орынбай деген атаң болды. Шүйттен өретін ол да. Мына Қарақалпақ жағына қарай қоныс аударған бір жылдары. Кіндік қаны тамған жері – Қошқар ата-тұғын. Кейін елге қайта келді көшіп. Сол кезде он бір, әлде он екі жастамын... Керемет домбырашы еді. Жарықтық жеңгелерімен қатты қалжыңдасатын. Сондайда аттың үстінде етігін шешіп тастап, башпайымен тартатын домбыраны. Аузымызды ашып, есіміз кете таңырқап қызықтайтынбыз. Әуеннің нақышы бұзылмайтын сонда», – деп әңгімелеп отыратын.
Әкеміз Бекмағамбет зергер, етікші әрі ағаш шебері еді. Сан түрлі бұйымдар жасайтын. Күйші Орынбай атамыздың өнері ықпал етсе керек, әсіресе оның қарағайдан шапқан домбырасына жұрттың қызығушылығы жоғары-тын. Сапасына байланысты болар деп ойлаймын...
Отбасымыз 1928 жылы Бесқалаға қоныс аударған. Атажұрт Шалқар өңіріне 1962 жылы оралдық».
Асарбаев Жұмабай есімді ақсақал да (1950 ж.т.) мынадай мәліметтер айтқан-ды: «Қамшыгер Тағыберген Жамашұлы 1847 жылы туып, 1919 жылы қайтыс болған. 1917 жылы Орынборда Алашорданың съезі өтеді, сонда делегат боп қатысқан. Мұны тарихта қатталған мәліметтер куәландырады... «Орынбай күйшінің Тағыбергеннен үш-төрт жас үлкендігі бар» деуші еді көнекөздер. «Бойларындағы жыраулық, күйшілік, қамшыгерлік өнерлері әрі жақын аталастықтары дәнекер болған шығар Ақпан, Орынбай, Тағыберген бірге жүрген» дейтін».
Куәгер Бекмағамбет қарттың:«Орынбай деген атаң болды. Шүйттен өретін ол да. Мына Қарақалпақ жағына қарай қоныс аударған бір жылдары. Кіндік қаны тамған жері – Қошқар ата-тұғын. Кейін елге қайта келді көшіп. Сол кезде он бір, әлде он екі жастамын...» деген мәліметінен Орынбайдың Қарақалпақ жерін біржолата тұрақты мекен етпегені аңдалады. Һәм күйшінің Хиуа жаққа есейген шағында кеткенінен хабар беріп тұр... Осылай екенін тарихтың мына бір парақтары да қоштай түседі.
Шекті руы қазақтарының отаршылдық езгіге қарсы көтерілісі 1847-1858 жылдары өткені белгілі, тарихта таңбаланған Осы бас көтеруді басқарған даңқты батыр – Есет Көтібарұлы еді (Қараңыз: Казахские депутации к российскому императорскому двору. 1801–1873 гг.: Сб. документов / Сост. Б. Т. Жанаев. – Алматы: Қазақ университеті, 2020. Стр. 754-755). Ал оның бірден бір қолдаушысы, ақыл қосар тірегі, өз руласы Әзберген Мұңайтпасұлы болады. Алайда, мұздай құрсанған Ресейдің жаулаушы армиясы көтерілісті аяусыз басып-жанышады. Отаршылдардың қазақтарға жасаған жауыздықтарын А.И Герцен шығаратын «Колокол» журналы, немістің «Аусбург газеті» ашына жазған (Қараңыз: Асанов Ж. Әзберген Мұңайтпасұлы. – Ақтөбе, 2005, 17-бет).
Жеңілген соң Әзберген өзіне ерген сарбаздарымен 1858 жылы Хиуаға келеді. Сейд-Мұхаммед хан жылы жүзбен қарсы алады. Жер береді. Әзберген оған бақ егіп, қорған соғады. Біршама уақыт сонда тұрақтайды. Бұл жөнінде Ж. Асановтың, М.Н. Галкиннің, Н.И. Гродековтың еңбектерінде мәліметтер берілген. (Қараңыз: Асанов Ж. Әзберген Мұңайтпасұлы. – Ақтөбе, 2005; Галкин М.Н. Этнографическіе и историческіе материалы по Средней Азіи и Оренбургскому краю. Изданіе Я.А. Исакова. Санктпетербургъ. (Въ типогрфіи Гогенфильдена и Ко) 1868; Гродеков Н.И. «Война въ Туркменіи. Поход Скобелева въ 1880-1881 гг. Томъ первый. Типографія В.С. Балашева, Средняя Подъяеская, д. 1. 1883).
Мұндағы айтпағымыз, атақты әнші, ұстазым Ғарифолла Құрманғалиевтың жеке архивінен осы оқиғаға қатысқан Ақпан жыраудың толғауы табылған-ды. Ол 1856-58 жылдар төңірегінде Есет батырдың жасағында болған. Руы – Шектінің Баубегінен тарайтын Жанқылыш. Оның Есенгелді аталығы. 1837 жылы туып, 1874 жылы бақи болған. Осы деректерге сүйенсек, ол – әлгінде айтылған бұлғақта жиырманың ол жақ бұл жағындағы балаң жігіт екен. Былай деп мадақтапты Есетті:
«...Қарт бурадай қаһарлы,
Патшаға қазақ бағынбас,
Ер Есеттің діні азбай.
Ер Есет елдің басы еді,
Арыстандай азулы,
Аруағы жұрттан озулы...»
Бұдан әрі ақын сонау барақат кешкен ел-жұртының қызығы мол дәуренін сағына аңсай толғап, енді сол заманның көзден бір-бір ұшқанын, арманға айналғанын айтады... Сөзіне қарағанда Ақпан да соғыстағы жеңілістен соң Әзбергенге еріп, Хиуаға өтіп кеткен. Мұңын, зарын көркем тілмен шебер жеткізген, былай дейді:
«Асқаралы тау, ағын су,
Самалды тоғай, салқын ну.
Ойласам естен кетпейді,
Қоныс деген құрғырың.
Біздер кеттік қоныстан,
Шығарған соң сұм патша,
Қырық мың әскер орыстан.
Біз жыламай қайтеміз,
Көрмеген жер – көрстан.
Көрстан демей не дейін,
Бесқалаға келген соң,
Кетпен шауып, бел теуіп,
Кетпейді балаң жұмыстан.
Сарсыла көшер арқа жоқ,
Салқындап қонар өлке жоқ,
Кең қоныстан ауған соң,
Айырылғаның ырыстан...»
Ақпан жырау тағы бүй дейді:
«...Арқаның артық қонысы,
Көз жіберсем, ой салған
Ондай қоныс табылмас,
Жапырағы жайқалған,
Жайылып малы шайқалған».
Ақпан жат өлкеге, Хиуа жеріне келгеніне риза емес. Көрстанға келдік дейді. Атажұртындағыдай еркіндіктің, отар-отар қой өргізген, табын-табын жылқы айдап, сала сайын самсатып бие байлаған жарастығы келіскен көшпенді тіршіліктің енді мұнда болмайтынын, отырықшы тұрмыстың әдетімен ертеден қара кешке дейін кетпен шауып, бел теуіп, жұмыстан босамайтынын, кең қоныстағы береке-ырыстан айрылғанын ойлап, бек қамығады...
Толғау ғылыми-әдеби теориялық тұрғыдан талданды, кітапқа енді. Қазақ поэзиясы тарихындағы ақын-жыраулар қатарына Ақпан Әйітбекұлы (1837-1874) есімі де орнықты (Қараңыз: Асанов Ж. Шекті Мөңке би Тілеуұлы. Ғылыми басылым. – Астана: Елорда, 2001, 48-67 беттер).
Айтпағымыз, тарихтың ар жақ, бер жағына бажайлап қарасақ, 1715 жылдан бері қарай Қоңыраттар династиясы билік құрған Хиуа хандығына Шекті руының кейбір аталықтарының алғашқы қоныс аударулары аталған оқиғадан бастау алғаны аңғарылады...
Кіші жүз қазақтары 60-жылдардың аяғында тағы көтеріліске шығады. Мұның себебі 1868 жылғы хұқықты шектеген «Уақытша ережеге» байланысты еді. (Қараңыз: Қазақ ССР тарихы. I том. – Алматы, Қазақ Мемлекет баспасы, 1957 жыл, 418-422 беттер). Бұл тарих парақтарында былай таңбаланған: «Көтерілісті сұлтан Ханғали Арыстанов, молда Дәуіт Асауов, би Азберген Мұңайтпасов, молда Ықылас Досов және басқалары сияқты ірі сұлтандар мен билер, діни адамдар басқарды» (Қараңыз: Қазақ ССР тарихы. I том. – Алматы, Қазақ Мемлекет баспасы, 1957 жыл, 420-бет).
Көтеріліс 1869 жылдың ортасында жеңіліс табады. Совет тарихшылары мынадай мәлімет айтады:«...Көтеріліс басшылары Хиуаға қашты... 7 мыңдай қазақ үйін Хиуа жеріне көшіріп әкетті» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: Қазақ ССР тарихы. I том. – Алматы, Қазақ Мемлекет баспасы, 1957 жыл, 422-бет).
Осы дүрмекке Орынбай да отбасымен ілесе көшкенге ұқсайды. Орыс отаршылдарының тепкініне байланысты қазіргі Ақтөбе облысы территориясынан Хиуаға бет түзеген Шектілер мен Табындардың бір бөлігіне яғни, 7 мың шаңыраққа ақын-жыраулардың, домбырашылардың, тағы басқа да өнер иелерінің ере кеткені еш талас тудырмайды. Бұл оқиғаның кіші жүз қазақтарының Қарақалпақ өңіріне кейін де қоныс аударуларына негіз болғаны айдан анық (астын сыздық.-Б.К.).
Ж. Асарбаев әлгінде бізге баяндаған деректерінің арасында:«Бойларындағы жыраулық, күйшілік, қамшыгерлік өнерлері әрі жақын аталастықтары дәнекер болған шығар Ақпан, Орынбай, Тағыберген бірге жүрген дейді...» деп айтып өткен еді бұрынғылардан естіген бір сөзді. Бұл бізді ойландырып тастады.
1847-1858 жылдардағы көтеріліске қатысты әңгімелер басылып, қуғын-сүргін тоқтап, хабары сонау Еуропа елдеріне шейін тараған оқиға біршама суыған соң Ақпан Шектілердің ортасына қайта оралған деп ойлаймыз. Шынында да бұлардың бірі Қарақалпақ жерінде, енді бірі Ұлы Борсық құмы жақта жүрсе қалай араласпақ?! Бұған да өз уәжімізді айтайық.
Ақпан жыраудың атақонысына деген ықыласы, құрметі – тіпті алабөтен. Тағы бір жырында былай өрнектейді:
«Арқаға сыймас алты Әлім,
Алты Әлімнің баласы,
Көшпелі мұздай болып тұр,
Біз жыламай неге сенелік,
Қоныстан кетсе жыларсың,
Бұған не айла қыларсың?
Кіндігіңді кескен жер,
Кіріңді жуып өскен жер,
Қонысты қайтып қиярсың?
Ішсе суы басында,
Кессе талы қасында,
Маңырап тұрған мал еді,
Көлденең шың, құмдарым.
Қонысымнан көшкенде,
Ұлы құм қалар қызарып...»(Қараңыз: Асанов Ж. Әзберген Мұңайтпасұлы. – Ақтөбе, 2005. 99-бет).
Тағы бір тұсында:
«...Жиделі мен Үш-Ақай,
Тұрғанын қара шұбартып,
Бесшоқы мен Боташтың
Тұрғанын қара мұнартып!» – деп өтеді (Қараңыз: Асанов Ж. Әзберген Мұңайтпасұлы. – Ақтөбе, 2005. 104-бет).
Осындай алапат сүйіспеншіліктің Ақпан жырауды атамекеніне қайта оралтқанына күмәнсіз сенеміз. Қалай десек те Бесқаланы жатсынып, мүлде үйренісе алмаған. Бұрында кешкен барақат тұрмыс-тірлігін ауық-ауық еске ала беруі де содан.
Шалқар өңіріндегі ескі заманның қадым жазуында сақталған құлпытастарды оқып, осы кезге шейін белгісіз боп келген біраз жайттарды анықтаған зерделі азамат, өлкетанушы Нұрлыбек Бекжанов: «Қошқар ата мен оның маңайына Жанқылыштардың қорымдары орналасқан. Қамшыгер Тағыбергеннің қабірі де сонда. Онда қойылған тас белгілер 1845 жылдан басталады. Қошқар атада Табындардың да бейіті көп... «Алақозыға тақау тұста Жанқылыштардың қорымы бар, Есет батырдың шайыры болған Ақпанды сол жақтан іздеп көрсең» деген еді бізге Құдайберген (1954) есімді ағамыз өтініш айтып. Үш-төрт жыл бұрын. Бардық. Аталған қорым Бесоба деген жерде екен, Алақозыдан он шақырымдай, бірақ іздеген бейітті таба алмадық», – деген-ді.
Ақпан моласының табылмауының себебі бар, бір жарым ғасыр бойы көктем, күздегі жаңбыр мен жел тұрғызылған моланы әбден мүжіп жермен жексен еткені айдан анық.
Жырау мына сөздерінде бүй депті:
«...Бұл күндері болғанда,
Патшадан шықты оязнай,
Қолға қалам ұстатты,
Атамнан қалған мұрадай,
Кешегі хабар шыққалы
Үлкен аға, кіші іні,
Ойын менен күлкі жоқ,
Бір мен бірі араздай.
Жер – патшаның жері деп,
Құртып отыр ылажды-ай.
Ылаж етіп отырсаң,
Ұстатады қолыңа
Орысша жазған қағазды-ай,
Патшадан шыққан бұл бұйрық,
Үш ай тоқсан аяздай» (Қараңыз: Асанов Ж. Шекті Мөңке би Тілеуұлы. Ғылыми басылым. – Астана: Елорда, 2001, 56- бет).
1867-68 жылдары қазақ даласында патша үкіметі жүргізген реформалардың бірі – жер мәселесіне қатысты-тұғын, ол жайлы тарихта мынадай дерек қатталған: «1868 жылдың «Уақытша ережесі» бойынша Қазақстандағы барлық жер мемлекет меншігі деп жарияланып, ол қазақ қауымдарының пайдалануына берілді... Жер мәселесін шешуде патша үкіметі өлкені отарлау мақсаттарын көздеді. Жерді мемлекет меншігі деп жариялау оны керегінде жергілікті халықтан алып отыруға заңды негіз болды. Соңырақта қазақ жерін қоныс аударушылар үшін, өнеркәсіп орындары мен кендер үшін және қалалар салу үшін ала бастаған кезде, «Ереженің» Қазақстандағы жер мемлекеттік меншік болып жарияланды деген 119 пункті қазақ еңбекшілерінен қауымдық жерлерді тартып алуға негіз болды... «Ереженің» 215 және 216 статьяларында: ауылдар мен жеке үйлер арасында қыстайтын жерлерді бөлгенде «шаруашылықтың көлемі мен мал саны» есепке алынды... Қоныс аударушы шаруаларға (орыс мұжықтарына.-Б.К.) бірсыпыра жеңілдіктер берілді. Уезд орталықтарында олар егістік үшін және үй салу үшін тегін жер алуға, үй саалатын ағаш алуға, егіншілікпен, саудамен және қолөнерімен шұғылдануға праволы болды. Христиан дініне кіріп, қандай да болса бір селолық қоғамға жазылған қазақтарға да осындай жеңілдіктер берілетін болды» (Қараңыз: Қазақ ССР тарихы. I том. – Алматы, Қазақ Мемлекет баспасы, 1957 жыл, 415-416 беттер).
Осы «Уақытша ереженің» тәртібі бойынша облыстар құрылды. Облыстар уездерге, уездер болыстарға бөлінді. Мал баққан қазаққа бұл өте қолайсыз болды, тіршіліктерінің сан ғасыр қалыптасқан дәстүрлі ырғағы бұзылды. Бұл да тарих беттерінде былай деп таңбаланған: «Болыстар ру негізінде емес, территориялық негізде құрылды: оған көршілес ауылдардың қыстаулық жерлері кірді. Болыстың құрамында 1000-нан 2000-ға дейін түтін (шаруашылық) болатын болды, мысалы: Елек уезінің Бөрте болысында табын, тама, шекті, кердері, кете, уақ және басқа рулар болды. Мысалы, шекті сияқты кейбір рулардың әлденеше болысқа бөлініп кеткені болды» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: Қазақ ССР тарихы. I том. – Алматы, Қазақ Мемлекет баспасы, 1957 жыл, 410-441 беттер).
Міне, осы жағдайдан еді 1868-69 жылдары қазақ жұртының патша саясатына қайта бас көтеріп, көтеріліске шыққаны. Ақпан ақын қазақ тіршілігіне өзгерістер енгізілген бұл уақыттарда Ұлы Борсық құмы бойында, Шектілердің ортасында. Демек, «Бұл күндері болғанда, Патшадан шықты оязнай...» деген толғауы отарлау реформасына байланысты өз жұртында жүргенде жыраудың назаланып айтқаны екені белгілі боп тұр.
Олай болса, Ақпанның жоғарыда келтірілген үзік-жырын Хиуада жүргенде шығарылған деу – қисынға тіпті келмейді. 1868-69 жылдары патша өкіметінің қандай да бір бұйрық-жарлығы, сөзі бұл аймаққа жүрмейтін. Аталған өңірді Ресейдің жаулап алуы – 1873 жылы.
Осы жайттарды саралай келгенде Ж. Асарбаевтың әлгіндегі: «Бойларындағы жыраулық, күйшілік, қамшыгерлік өнерлері әрі жақын аталастықтары дәнекер болған шығар Ақпан, Орынбай, Тағыберген бірге жүрген» дейтін» деген көнекөздерден естіген әңгімесі шындыққа жақын.
Еске ұстар жайт: Ақпанның тілге тиек етілген «Бұл күндері болғанда, Патшадан шықты оязнай...» деп басталатын шығармасы бұдан да көлемділеу болған сияқты, уақыт өте келе біраз жолдары ұмытылған не айтушылар шатысып оларды басқа толғауларына қосақтап жіберген деп топшыладық. Өйткені, дәлелге келтірілген жырдың бөлігі ақынның 1858 жылы Қарақалпақ жеріне ауып бара жатқанда айтқан бұрынғы сөздеріне жалғанған.
Оның әр кезеңде шығарылған жыр-толғауларының ауыздан ауызға көшіп жүргенде осылайша бір-бірімен бытысып араласып кеткенін басқа да тұстарынан бажайладық. Сондықтан алдағы кезде жырау мұраларының мәтіндеріне текстологиялық жұмыстар жүргізіліп, жүйеленуі қажет-ақ. (Қараңыз: Дадин А. Бәубек ұрпақтарына тарихи мұра. Энциклопедия. 1 том. Ақтөбе: хабар-Сервис, 2021 ж., 29-32 беттер).
Ақпанның тіл мәдениеті – өте жоғары. Дүниетанымы кең. Қазтуған, Шалкиіз, Махамбетті үлгі тұтқаны айқын аңдалады.
Нақты дереккөздер Ақпан жырау 1837 жылы, Тағыберген 1847 жылы туған деп куәлік береді. Жанқылыштың көнекөздері «Орынбай Тағыбергеннен үш-төрт жас үлкен еді» деп айтып кеткен екен. Олай болса, күйші 1843-1844 жылдары дүниеге келген. Шәкірті Қазанғаптан 10-11 жас үлкен. Болжам жобаға келеді.
Шүйт Бекмағамбет қарттың Орынбай жайлы: «Кіндік қаны тамған жері – Қошқар ата-тұғын. Кейін елге қайта келді көшіп. Сол кезде он бір, әлде он екі жастамын...» – дегенін еске алсақ бұл – 1905 не 1906 жылдардың бірі. Деректен күйшінің Қарақалпақ жерінен Ұлы Борсық құмы бойына немесе, Қыздар шыққан мен Қошқар ата жаққа қайта қоныс аударғаны аңғарылады.
Осы арада мына мәліметті де баяндай кеткен дұрыс болар, қызығушылық танытқандарға немесе білмейтіндердің біліп жүруі үшін. Шектінің Баубегінен өрген өзге де ұрпақтарымен бірге Шүйттер де мекен қылған Қошқар ата – құмды алқап. Шұрайлы жер. Шаруаға қолайлы. Ақтөбе облысы Шалқар ауданына қарасты Қосқақ ауылының оңтүстік-шығысында, бұдан қырық бес шақырымдай. Ал Қыздар шыққан Қошқар атаның шығысында. Бұлар – Ұлы Борсық құмының аяқ тұсында ажырап қалған кішігірім бір бөлігі. Батыс жағында. Ені алты-жеті, ұзындығы отыз шақырым шамасында. Батыстан шығысқа қарай созылып жатыр...
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Музыкатану бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, професссор Айнұр Қазтуғанованың бұрынырақта бізге берген дерегін қаз-қалпында келтірейік, былай делінген онда: «Институт қорында «Домбырашы Қадірәлі Ержанов» деген әңгіме-концерттің аудио нұсқасы сақталған. Хабардың авторы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері Тымат Мерғалиев экспедициядан жинаған материалдарды насихаттау барысында Қазақ радиосынан Қадірәлі Ержановқа арналған бағдарлама әзірлеуге ұсынған. Бұл хабарда:«Қадірәлі Ержановтың творествосында сырлы күйлер көп. Ол әр күйді автордың немесе орындаушының жеткізген мәнерінде тартады. Өзі өмірінде тек Қазанғаптан ғана күй үйреніп қоймай, өз еліндегі Орынбай домбырашыдан да көптеген күйлер мұра етті. Сол үйренген күйлерінің бірі Орынбай тартқан Айдарлы баланың екі күйі (астын сыздық.-Б.К.). ...бір жылы Орынбай Орынбор жәрмеңкесінде домбыра тартып жүргенде Орынбай түскен үйге ертеңгілік бір қара бала келеді. Жасы 12-13-тер шамасында. Басында айдары бар. Орынбай әлгі балаға:
– Шырағым, кімнің баласының? Атың кім? – дейді. Сонда бала:
– Байұлымын, – деп жауап береді де, – ата, домбыра тартуға бола ма? – дейді.
– Ә, шырағым, ондай өнерің болса тарта ғой. Міне, домбыра, – деп домбырасын ұсынады. Қолына домбыраны алып қуанған бала сол жерде үш күй тартады да рахметін айтып, үйден шығып кетеді. Айдарлы баланың тартқан күйлерін Орынбай сол бойда екеуін үйреніп алыпты да үшіншісін үйрене алмапты.
Орынбай елге келгеннен соң осы көрген әңгімесін айтып, «Айдарлы баланың күйі» деп Қадірәліге үйретіпті», – деген» (астын сыздық.-Б.К.).
Профессор А. Қазтуғанованың куәлік етуінше, деректерді Қадірәлі Ержановтың өз аузынан күй зерттеушісі, этнограф, педагог-домбырашы Тымат Мерғалиев 1963 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданына арнайы ұйымдастырылған экспедиция сапары кезінде бетпе-бет тыңдап отырып, жазып алған.
Кейін «Қазақ радиолары» ЖШС-нің Музыкалық қызмет жетекшісі Сәрсенбекова Айнұр Абайқызы ұлттық фонотекамыздың Алтын қорындағы осы хабармен танысуға көп көмегін тигізді. Бастан аяқ мұқият тыңдап шықтық. Атауы – «Домбырашы Қадырәлі Ержанов». ДВ-852. Размер: 384 МБ. Оқыған: Атагелдиев Бақытжан. Хабардың ұзақтығы: 00:34:57. Эфирге 1974 жылы дайындалған.
Осы хабарда «Қадірәлі өз жанынан күй шығарумен ерте әуестенеді. Шығарған күйлерін өз еліндегі Орынбай сияқты қарт домбырашыларға сынатып, тартып береді екен» делінген (астын сыздық.-Б.К.). Қадірәлі өзінің туған ағасы Сапарәліге арнаған «Егіз» аталатын күйін Орынбайға орындап бергенде ол: «Ә, шырағым, Қадірәлі, бұл дүниеде бауыры бүтін пенде жоқ деген емес пе? Бұл тартқаның ағаңа деген ескерткішің... Күйіңнің сазы атына сай келеді», – деп бағасын беріпті (астын сыздық.-Б.К.).
Домбыраның қыр-сырын әжептәуір меңгерген уағында Қадірәлінің жасын отызға тақаған не соған толған шамада дейікші (Ол 1885 жылы туған.-Б.К.). Бұл кез оның өз жанынан күй шығаруға талпынып жүрген шағы да сияқты. Топшыласақ мерзімі 1913-15 жылдарға келеді. 1843-44 жылдары дүниеге келген деген болжамға сүйенсек, онда Орынбай 70-72-лердің төңірегінде. Қадірәлінің шығарған күйлерін сынатуы осы уақыттар аралығы тәрізді. Әрине, қолда бұлтартпай куәлік беретін нақты айғақтар болмаған соң сәл ілгері не кейін ауытқуымыз әбден мүмкін. Бірақ шама дұрыс деп санаймыз.
Орынбай дүниеден XX ғасырдың 20-жылдарына жетпей өткен сықылды. Жерленген жерінің есте сақталмай белгісіз боп ұмытылып қалуына 1917-18 жылдардағы ақ пен қызылдың лаңы, одан кейінгі совет өкіметінің жасаған 1921 жылғы аштығы, 1928 жылғы байларды тәркілеуі, 1932 жылы қайтадан әдейі ұйымдастырған ашаршылығы, 37-жылғы қуғын-сүргіні басты себеп сияқты. Балапан басына, тұрымтай тұсына босқан зар заманда әр қазақ тек аман қалуын ғана ойлады, бұдан өзге жайтқа мойынын бұрардай жағдайы мүлде болмады...
Қадірәлінің дәулескер домбырашыдан күй үйренуі – 1905-06 жылдардан не бұдан сәл беріректе басталған болар. Өйткені, куәгер Шүйт Бекмағамбеттің айтуынша бұл кезде Орынбай туған жері Қошқар атада жүр.
Қадірәлінің Шүйт Орынбаймен ара-тұра жүздесіп, күй үйренуіне, шығармасын сынатуына мүмкіндіктің болуы – ауылдарының жақын орналасуынан да еді. Оның туып-өскен, тіршілік кешкен мекені – Аяққұм (Қаңбақты) деп аталатын жер. Анығырақ айтсақ, бұл да – құйқалы Ұлы Борсық құмы бойы. Жалпы Шекті руынан тарайтын Тілеу мен Қабақ, Баубектің Жанқылышы, т.б. осы өңірде қашанда ауылы аралас, қойы қоралас боп бірге көшіп-қонып жүрген. Мұны Ақпан ақынның сөздері де айғақтайды...
Қадірәліге Орынбай үйреткен «Айдарлы баланың күйінің» екі нұсқасын тыңдадық дедік жаңа. Болмыс-тұрпаты, құрылымы соншалықты күрделі дейтіндей де емес, қарапайым әуенге құрылған. Бірақ солай болса да әуезі – тартымды, тыңдаушыны баурайды.
Осы тұста сәл бөгелмекпіз. А. Райымбергенов «Күй төресі Қазанғап» деген кітабында (Алматы, 2022 жыл, 104-107 беттер) «Айдарлы бала күйін» Қадірәліге Қазанғап үйреткен деп баяндапты (Қадірәлінің куәлік беруінде өзіне Орынбай үйреткен.-Б.К.). Күйді тартқан – Рамазан есімді жігіт еді (Орынбайдың айтуынша 12-13-тегі айдарлы қара бала.-Б.К.), Ы.Алтынсариннің мектебінде оқыған, кейін патша өкіметіне наразылық танытқаны үшін «саяси қылмыскер» атанып, Орынбор түрмесіне қамалған, сонда өлген дейді. Бұл – Тымат Мерғалиевке берген, фонотекамыздың Алтын қорында қатталып қалған Қадірәлі Ержановтың дерегіне мүлде қайшы. Айтушы жаңсақтасқан, әлде бұрмалаған. Әрине, бұның ақ-қарасын анықтау – тап қазірге міндетімізге жатпайды, бөлек тақырып.
«Айдарлы баланың күйінің» екі вариантын А. Райымбергенов те орындап, аталған еңбегіне (108-бет) енгізген. Алайда Қадірәлі Ержанов тартқан нұсқалардан өзгешеліктері бар. Тіпті біреуінің қайсыбір тұстары «Дөңгелек Ақжелең» деген күйге келіңкірейді...
Жә, жақсы. Сөзімізді тәмамдап, түйіндеуге көшейік енді.
А. Жұбановтың «Қазанғап Бесқаладағы Орынбайға барып, домбыра тартудың машықтарын үйренді» деп келтірген мәліметіне кейбіреулердің тас кенеше жабысып, «Орынбай Бесқалада туған, тек сонда тіршілік кешкен, сол жақтың өнерпазы» деуі – тарихтың бүге-шігесін терең зерттеп түсінуге өресі жетпегендіктен шатқан сөздері.
Сонымен келтірілген дәйек көздерден мынадай қорытынды шығады:
а) А. Жұбановтың еңбегіндегі айтылған жайттарға қарап, Орынбайды о бастан «бесқалалық» деп түсіну – шолақ таным, оның Қарақалпақ жеріне алғашқы қоныс аударуы «Уақытша Ережеге» байланысты 1868-69 жылдары болған көтерілістің тұсы деп шамаланады;
ә) дәулескер домбырашының туған мерзімі 1843-44 жылдар шамасы деген болжам – шындыққа жанасады;
б) Шүйт ұрпағы Б. Әділгерейұлының, Ж. Асарбаевтың, ұлттық фонотекамыздың Алтын қорында сақталған Қазанғаптың шәкірті Қ. Ержановтың, т.б. мәліметтері Орынбайдың Ұлы Борсық құмы бойындағы Қыздар шыққан, Қошқар атаға қайта оралып, 20-ғасырдың басында атамекенінде жүргенін айғақтайды һәм бұл деректер оның Қарақалпақ жерінде дүние келіп, тек сол өңірде тіршілік кешкенін, сонда опат болғанын жоққа шығарып тұр.
Қазанғапқа ақыл-кеңесін беріп, жөн сілтеген дәулескер домбырашы Орынбайдың көзін көрген Жанқылыштың Шүйт баласынан тараған ет жақын туыстарының айтуында жеткен, ағайындары арасында сақталған, сондай-ақ, ұлттық фонотеканың Алтын қорындағы мәліметтер, т.б. белгісіз боп келген біршама жайттардың басын ашып беріп отыр. Бұл – күй өнері тарихының бір ақиқатын біліп жүру үшін өте керек құнды ақпар. Әрине, Орынбайға қатысты деректерді әлі де толықтыра түсер ізденістер қажет-ақ. Біздікі соған жөн сілтеп, көрсеткен сүрлеуміз-тін... Бөрібай КӘРТЕН,
Ақтөбе қаласы.