САХНАНЫҢ САҢЛАҒЫ ЕДІ-АУ СӘБИРА АПАМ

САХНАНЫҢ САҢЛАҒЫ ЕДІ-АУ СӘБИРА АПАМ

Халық әртісі Сәбира Майқанова туралы сыр


«...Күйеу жігіттей былқ-сылқ етпей, аяқ-қолыңа ие болсайшы»

1979 жылы Қазақстанның Халық әртісі, ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі – Социалистік Еңбек Ері Серке (Серәлі) Қожамқұлов сексн үш жасында дүние салды. 

Жарықтык, кесек тұлғалы, жүрісі де, тұрысы да бөлек, өтірік-өсекке жаны шыдай алмайтын, иманжүзді, таза адам еді. Бүкіл өмірі осы қасиетті қара шаңырақта өтті. Естен кетпейтіндей бейнелер жасап, халықтың сүйіктісіне айналды...

Театрдың екінші қабатындағы үлкен залда қоштасу шаралары өтуде, халық көп. Отбасы мүшелеріне көңіл айтып келгендер бір-бірімен көрісіп, қимастық сезіммен көздеріне жас алып жатыр. Дәл осы кезде бөлектеу жерге тұрып алған Сәбира Майқанова көзіне жас алып, ерекше жылағаны. «Не боп қалды?» дегендей, Жұмабай Медетбаев екеуміз қасына бардық. Бикен Римова көңіл айтып: «Не болды соншама? Сері ағаның арманы жоқ. Құдайдың берген жасында қиындықты да, жақсылықты да көрді. Жұлдызды шақтары да жеткілікті» деп жұбатқандай болды. Сәбира апам: «Осыдан бір апта бұрын Серағам Фурманов көшесінің бойымен томпаңдап жүріп келе жатыр екен, «Нағашы, екпініңіз күшті ғой, жол болсын!» деп едім. «Әлей болсын! Осы да екпін болып па. Тыпың-тыпың бірдеңе ғой» деп күлдіріп еді. Амандық-саулықты сұрасқанбыз, тың еді...». Жұмабай қарап тұрмай: «Ия, нағашым деуші едіңіз...» дегенінде, Бикен: «Апаңның шешесі Қыпшақ руынан, сол жағынан...» – деді.

Сәбира апам көзіне жас алып: «Серағаң бәрімізге әкедей камқоршы, арқа сүйер Алатауымыз еді ғой... Мен кооптехникумда (кооперативті техникум ) оқып жүргенмін. 1932 жылы қолымнан жетектеп «Саудада нең бар, жүр менімен бірге! Осы Сәбирадан жақсы әртіс шығады», – деп жарықтық, театр ұжымына алғызып еді... Әкем жасай алмаған жақсылықты осы кісіден көріп едім, иманды болғыр», – деп көз жасын сүртті.. Қасиетті қара шаңырақтан ел-жұрты, қара ормандай көрермені шығарып салды. Жер-ананың құшағына тапсырар алдында, қаралы жиын болды. Театрдың көркемдік жетекшісі Әзірбайжан Мәмбетов қысқаша сөз сөйлеп, сөзінің аяғын: «Қызмет бабында артық айтылған сөз, оғаш мінездеріміз болса кешіріңіз, Сераға!» – деп бітірді. 

Артқы жағымызда тұрған жазушы жігіттер: «Соңғы кездері Әзірбайжан екеуінің арасы нашар болған-ау, сірә! Серағаң өкпелегені сонша, тіпті үн қатпады ғой, жарықтық», – деп әзілдеді. «Күлкі – арсыз» деген осы ғой. Үндерін шығармай, тұншығып күлгендері сонша, қып-қызыл болып қызарып кетіпті. Жұмабайдың теке күлкісі бар еді, аяғын жөтелмен бітірді. 

Осындайда Серағаңның бір әзілі еске түседі. Замандасы, Абайдың бейнесін алғаш жасаған Қалибек Қуанышбаев дүниеден өткенде Серағаң мәйітті жуу рәсіміне (сүйекке кіру) қатысады. Сол арада әзілі қалтасында жүретін ағамыз: «Әй, Қалибек, қайын жұртыңа келген күйеу жігіттей былқ-сылқ етпей, аяқ-қолыңа ие болсайшы», – деп жуып-шайып жатқандарды бір күлдірген екен. 

Сәбира Майқанова осындай адал еңбектерінің жемісін халқы көрген, дақпырты мен даңқы жер-көкке сыймай жүретін құдыретті де қасиетті қара шалдардың тәрбиесін көрген жан еді. 


«Тым болмаса Пушкинге бағыштамадың ба?»


Сәбира апамыз бастап, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ драмтеатры Қызылорда облысына барып, қойылымдар көрсеттік. Сәбираның туып-өскен жеріне баратын болып, қонақ үйдің фойесінде сөздерімізді қайталап жатыр едік, күндізгі сағат үштер шамасы болатын, күтпеген жерден Хадиша апай бөлмесінен атып шығып: «Мені шақырған кім?» демесі бар ма!

Не айтарымызды білмей, «Ешкім шақырған жоқ, біз елдімекенге баратын едік, соның дайындығы ғой жасап жатқанымыз, дауыстарымыз қатты шығып кетсе, кешіріңіз, апай...» – дедік. «Шақырта береді, дұрыс емес қой» – деп сөзінің арты түсініксіз болды да, аузы жыбырлаған күйі бөлмесіне қайта кіріп кеггі. «Астапыралла! Мынаның жағдайы жақсы емес, бұл көпке бармас, о, жазған. Жаңа атып шыққанда біздерді көрмеді, айтқанымызды естіген де жоқ, о, тоба, Жаратқан ием, өзің сақтай гөр! Арты жақсы болса игі еді» – деп Сәбира апамыз қатты күйзеліс білдірді. 

Сөзге Жұмабай араласып: «Ұйықтап жатып түс көрді ме, кім білсін? ...Әй, дегенмен, бәрімізде де бірдеңенің шалығы бар ғой, оның несін жасырамыз. Осы Хадиша апайдан оқыған Света Байқошқарова Мәскеуге гастрольге барғанымызда қалтасындағы соңғы ақшасына бір тал гүл сатып алып, Маяковскийдің ескерткішіне бір тал гүлін қойып, басын иіп, тағзым еткенін өзіңіз де естіп күліп едіңіз ғой. Көріп қалған Мәмбетовтің көмекшісі Байәділ жақындап келіп: «Света, иіліп-бүгіліп не істеп жатырсың? Өткен-кеткеннің бәрі саған қарауда. Дұға оқып тұрғаннан саумысың?» – деп сұраса, «Оқыса несі бар, жақсы көретін ақыным» – депті. «О, жазған, бұл кәпір ғой. Тым болмаса, анау Пушкинге бағыштамадың ба, оның арғы тегінде арабтың қаны бар дейді ғой» – дейді. Сонда Света: «Оған көп гүл керек. Аш жүрсем де соңғы ақшамды Маяковскийге арнадым» деген екен. 

Апаратын атобус дыбысты белгі берді, жайғасып отырдық. Апамыз автобусқа отырғаннан Сырдария ауданына келгенше ләм-мим деп сөз қатпады. Әлде сахналас серіктесі Хадишаның есінен танған адамдай бөлмесінен атып шыққанын жамандыққа жорыды ма? Болмаса, кешкі спектакльдегі кейіпкерімен іштей сырласып отырды ма? 

Ауданның атқамінер азаматтары апамызды құшақ жайып, хан көтеріп қарсы алды. Ел-жұртпен кездесу тамаша өтті. Ылғи да осылай. Апамыз қай жерге барса да шат-шадыман, халқының зор құрметіне бөленіп жүрді. Қарапайым халықпен кездесуді ұнататын. Өзі бала мінезді бола тұра, қайыспайтын қара нардай берік әрі намысты кісі еді. «Түбіне тіршіліктің тағдыр ие» дегендей, Хадиша апаның денсаулығына алаңдап жүргенде одан ерте, сексен бір жасында дүние салды. Ал Хадиша апамыз жүзге жақындап барып бақилық болды. «Тәңірдің құзырында бар дүние» деген осы шығар.

«От имени парторганизаций...»


Кезекті гастрольдерде театрдың автобусы жолсыз жерде бұзылып, баратын жерге жете алмай, далада қалып қиналған күндерде де апамыз сыр білдірген емес. Сапарда бірге жүрген марқұм Жұмабайдың айтқанынан: «Бір жолы қара жолмен келе жатқан автобусымыз бұзылып, айдалада тұрдық та қалдық. Шопыр бала капотты ашып, әр жерін бір шұқылап, не істерін білмей тұрғанда қарсы алдымыздан шаң көрінді де, көп ұзамай көмір артқан жүк машинасы келе қалды. Қол көтердік, тоқтады. Шопыры орыс екен «В чем дело?» – деді. «Машина борохлит, помоги» – деп жатырмыз білген орысшамызды айтып. «Жалко, у меня нет времени» – деп қозғала беріп еді, Сәбира апам: «Ей, дорогой, подаждый! Ты меня знаешь?» – деді. Орыс: «Нет, откуда мне вас знать?» – деді. Апамыз: «Сделай мәшина, будешь знать!» – деді. Апамыздың сиқыры бар ма, білмеймін, орыс дуаланған адамдай аңырайып тұрды да, кабинадан түсіп, машинаны шұқылап қарай бастады. Мен: «Бұл орыс Жаппас руынан болып жүрмесін, сөзге келмей кірісті ғой», –

дедім әзілдеп (апамыздың руы Жаппас болатын). Апам қағыс естіген болуы керек, маған: «Әй, жаман сөз айтпа. Жописің не?» – деп ұрса бастап еді, абырой болғанда машина гүр етіп оталды да, бәрін жуып-шайып кетті. Мен «молодец» деп қарқылдап күлдім. Апам: «Сен ыржыңдамай, анау жасырып ішіп жүрген арақтарыңның біреуін әкеліп мынаған бер!» дегені. «Қайдағы арақ?!» деп қиқандап едім, «Немене, мені білмейді, көрмейді дейсің бе!» –деп бастырмалатып бара жатқан соң «Шаң жұтқанда тамақ шайқаймыз деп алғанымыз бар еді» деп майпаңдадым. Киімдердің астына тығып қойған бір жартылықты шопырға ұсындым. Апамыз: «От имени парторганизаций театра благодарность» – деді. Шопыр: «Спасибо, бабка» деп еді, «Бабка дейді-ей, құдай атқан! Я народный артист, понимаешь!» деді апам даусын көтеріп. «Понимаю, понимаю, спасибо!» – деп орыс шопыр қуанғаны сонша, жартылықты ышқырына тығып жіберді де, қашқан адамдай машинасына тұра жүгірді...» 

«Мию хатите?»


Сәбира Майқанова Бейімбет Майлинның «Майдан» драмасындағы Алтынайдан бастап (алғашқы ролі), Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Анасындағы» Толғанайға дейін талай бейнелерді керемет сомдаған сахна шебері. Ол жасаған әрбір бейнеден ғылыми еңбек жазып, қорғауға болады. Сондықтан жоғары деңгейде жасалған бейнелерінің үш-төртеуін еске алсақ та жеткілікті.

Алматыдағы «Алатау» демалыс орнында Қазақстанның Халық әртісі Кәукен ағамен бірге демалудың реті келді. Өнер адамдарының тағдыры, қызықты кезеңдері мен қасірет шеккен сәттері айтылып еді сонда. Алғашқы әңгіме Күләш Байсейітова апамыз жайында болған еді. Кәукен аға аз ғана ойланды да, әңгімесін бастады. Қытай еліне бір топ өнер қайраткері баратын болып, зор дайындық жасалғанын, бел ортасында 1936 жылы ең алғаш Совет Одағының Халық әртісі атағын алып, дүркіреп тұрған аяулы Күләштің бар екенін, оның үстінен он қайраткер орталыққа арыз жазып, баратын тізімнен сызғызып тастағанын айтты. «Содан Күләш апамыз әділдік іздеп Мәскеуге барыпты, Кремльге кіре алмайды. Қабылдауды ұзақ күтеді, өнер адамдарының жүрегі нәзік болады. Қайран Күләш, казақ халқының мандайына біткен жарық жұлдызы, 1957 жылы қырық бес жасында Мәскеуде қайтыс болды. Алматы күңіреніп кетті ғой, жиналған халықта есеп жоқ. Сол арыз жазғандардың біразы соңғы кезге дейін тірі жүрді. Сұмдығы сол, табытының басында құрметті қарауыл боп тұрғандарын қайтерсің...» – деп терең күрсінді. «Олар кімдер?» деп сұрап едім, «Ей, Сәбитжан, құрысын бәрі, оларды қайтесің, керегі жоқ» – деп айтқысы келмеді. «Қазақтың жауы –қазақ» деп Абай бекер айтпаған.

– Ал, аға, Сәбира апамыз жайында не айтасыз? Ол апамыз ауырып жатқанда пәтеріне телефон соғыпсыз. «Көсегең көгергір Кәукен жүрегім ауырып, жаным қысылғанда телефон соғып жұбатты ғой. Е, апаңның көрмегені жоқ» деп сізді аузынан тастамайды дедім. 

– Майқанова апаң театрдың сахнасында қыз-келіншектермен қатар аналар бейнесін көрнекті етіп жасаған тұлға ғой. 1949 жылы Шәкен Я.С.Штейн деген евреймен бірігіп, Әуезовтің «Абай» романы бойынша инсценировка жасады. Режиссері – Шәкеннің өзі. Сахна алдына шығып ойынды жүргізетін Хадиша екеуі еді. Қойылым көп жылдар сахнадан түскен жоқ. Көрерменді көп жинаған тамаша спектакль болды. Абайдың анасы Ұлжанды жасаған Сәбира да мақталды. Сол беретін сыйлығы құрғырың санаулы, үміткер көп. Құнанбайды – Қаллеки, Майбасарды – Серке, Дәркенбайды – Елағаң жасады. Үшеуінің образдары да керемет. Абайдың жастық шағын – Атагелді Исмайылов, екінші актіден бастап, есейген шағын Қапан ойнады. Қалкен Әділшінов Абайдың орыс досы Михайлды тамаша жасады. Содан қойылым 1952 жылы СССР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып, Қалибек, Серке, Қапан, Шәкен, Елубай, Хадиша, Рақия, тағы біреулер бар, бірақ, тізімде Сәбира апаң жоқ боп шығады. Әрине, апаңның жаны жараланып, жүрегіне түскен салмақ қатты қапаландырды. Лауреат болғандар дүркіретіп жуып жатты. Көңіл күйінің дұрысталуына септігі тиер деген үмітпен Сәбираға телефон шалдым. Телефон тұтқасын көтерген дауыс «Бұл кім?» дегені. Атымды айтып, Сәбираны шақырттым. Даусы қарлыққан, көп жылағанға ұқсайды. Өксігін баса алмай, әзер сөйлесті. Бұндайда не айтасың. Әртістің өмірі даңғыл емес, күйзелістің талайын көресің. Бірде мақтайды, бірде сынаған боп даттайды. Көреалмаушылық, іштарлық, өсек-аяң, бәрі бар... Біраз сөйлестік... Сәбира апаңа «Сабырлы бол, сабаңа түс, амандық болсын. Аман болсаң жүлденің бәрі алда» – дедім. Жылдар өтті. Құдайға шүкір, кейін Қазақстанның Халық әртісі атанды, қаншама тамаша образдар жасады.

Шыңғыстың «Ана – Жер-Анасындағы» Толғанай рөлі үшін Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері болды. 1970 жылы СССР Халық әртісі атанды. Мен «Кәукен аға, ол апамыз көп жылдар театрдың партия ұйымын басқарды. Ол кісінің кызығы көп» – дедім. «Естігем, – деп қарқылдап күлді де, – Дегенмен, кәні, бір-екеуін айтшы» – деді. Мен бастадым.

«Тамашаның» тарланы марқұм Құдайбергеннен естігенімді айтып бердім. Сұлтанбаевтың айтқаны: «Қостанай облысын он бес күн аралап, Алматыға қайтар алдында облыстың 1-хатшысы Бородиннің өзі бас болып Әуезов театрының Сәбира бастаған әртістеріне шәй берді. Дастарханның үстінде колбаса көптеу екен. Сәбира апамыз жақтырыңқырамай, «орыспысың» деген» деп бір қойды. Бірнеше тостан кейін, әңгіме арасында Серағаңның елімен қатысып тұратыны, Елубай ағаны да облыс басшыларының білетіні сөз болды. Ал Қапан ағаның елмен (ол кісі де осы аталмыш аймақтың тумасы) мүлде қатынасы жоқ екен. Сонда Сәбира апамыз:«У Қапана жена русская, ана аулу не пүстить» – деп еді, отырғандар қарқылдап күлді.

Ет келді, басты апамыздың алдына қойды. Құйқасы таратылып, миынан алып бірінші хатшыға қарап: «Мию хатите?» – деді. Хатшы түсініңкіремей: «Что, что!» – деді. Апамыз да қайтпай:«Мию!Мию! Человеком нұжна говарят» – деді. Бірінші хатшы: «Спасибо, берите сами, я не хочу» десе, апамыз: «Напрасна» деп аузына салып кеп жіберді. Отырғандар біраз күліп алды».

Кәукендей абыз ағамен дидарласу мен үшін зор бақыт еді. Ағам қолындағы сағатына қарады да: «Әй, Сәбит, екеуміз біраз сырластық. Көңілді отырдық, мен демалайын» – деді. «Рахмет сізге» – дедім. «Рахметіңізге рахмет» деген сөз бар еді» – деді. «Ол Әлжекеңнің драмаларында кездеседі» деп едім, таяққа сүйеніп, маған қарай бұрылды. Мен: «Естіген шығарсыз, ол кісінің шығармасын Мемлекеттік сыйлыққа ұсынғанда комиссия мүшесі Қалтай аға: «Сыйлықты Әлжаппар Әбішевке емес, шығармасын оқып шыққанға беру керек» деп айтыпты ғой» – дедім... Абыз аға қарқылдап күлді де, жүріп кетті. Ғажап, өте көңілді. «Тоқсан дегенің түк емес» деуінде үлкен сыр бар. 

«Әйел ашуланса жеңіледі, еркелесе жеңеді»


Сәбира апамыз жасаған рөлдердің бір-біріне ұксамайтыны кызық. 1965 жылы Әуезов театрында Қазақстанның Халық әртісі, Мәскеуде Сахновский деген режиссерден дәріс алған алғашқы маман ұстазымыз Асқар Тоқпанов Бейімбет Майлинның «Майдан» атты спектаклін қойды. Дайындық жүріп жатыр... Алғашқы колхоздастыру, совхоздастыру кезеңі. Бас кейіпкері кедейден шыққан Досан белсенді, әйелі Пүліш партия мүшесі, өркөкірек, көз тартатын сұлу (Зәмзәгүл ойнады).

Спектакльдің басталуы батырақ Досанның қатыны Пүліш: «Кедейдің қатынысың ғой, саған сәнденудің керегі не дегенді шығарыпты, керек емес сөз! Қатын керек болса, тапсын айтқанымды! Бұл Советтің заманы! Керегімді таппаса кетемін де қаламын!» деген сөзімен басталады. Режиссер Асекең тоқтатып: «Зәмзаш, сенің Пүлішің ұрысқақ әйелге ұқсап барады. Пүлішке бала мінезді аңқаулық, қылықтылық, әрі еркетотайлық жағы жетіспей жатыр. Зәмзаш, білесің бе, «Әйел ашуланса жеңіледі, еркелесе жеңеді» деген Ғабең айтқан сөз бар» – деді. Зәмзаш күлді. «Сен күлме, ойлан. Ғабең әйел қауымын жақсы білетін философ. Сенің мақсатың – күйеуің Досанды райынан қайтару...».

Зымиян Мамық, бай Бекболаттың кемпірі бұдан бұрын бінеше рет келген, ой тастап кеткен. Сондықтан кешегі кұл-құтан кедейлерге билікті берсе де, бай Бекболат, бәлеқор, айла-тәсілі көп Көдебайлар – тап жаулары оңайлықпен айтқанына көніп, айдауына жүрмейтіні айдан анық. Сондықтан Асекеңнің ойы батырақтан шыққан белсенді Досанды әйелі Пүліш арқылы бетін бұру. «Сахнаға өмір әкеліңдер» – дейді.

Бұл жерде Мамықтың рөлі зор. Асекең сыртта тұрып-ақ басқарып тұр.

«Кәне, Мамық, баста!». Мамық есіктен кіріп келе жатып, «Ойлаймын, дәуде боса, келін жаулығын салып жатқан шығар» деп... Немене обыратып жатқаның. Бері әкелші (басындағы орамалды жұлып алып). Оңбаған, күңнен туғандар, сендер адам боламын дейсіңдер ме?! (Жаулықты желпіп жатып), «Қайнағаңа ылғи айтамын, осы Пүліш келін адам болады деймін, аруақ сыйлайды, ата жолын қуады деймін, жұрттың қатынындай адыраңдал беттен алып тұрмайды деймін... Үлкен адам ғой, қайнағаңды айтам, соны естігенде риза болып батасын беріп, «Пүліш келіндей болыңдар!» деп аузынан тастамайды... Асекең сөз арасында «Пүліш-ау... тыңда!». «Мамық, сен «бар ғой деймін» деген сөзді үш түрлі айтсаңшы...»...

Дайындық ауыр жұмыс... Күнде осы. Сахна қозғалысындағы (мизансцена) табиғилық та оңай емес, кейбіреулер буындары қатып, тыпырлап жүре алмай қалады. Мамық: «Келін-ау» – дейді. Пүліш елең етіп: «О не, шешей?» – дейді. Мамық: «Сұрама, келін, бойыңнан түңілесің, сапхоз болғандардың көретіні.... құдай сақтасын...

Асекең: «Сәбира, қара аспанды төндір!» – деп айқайлап жатыр. «Дальше!..». «Пүліш, айтшы»... «Шешеке, о не?». Мамық: «Сапхоз (калхоз) болғандарды нөмірлейді, – дейді. Сауырларына таңба басады, – дейді. Нөмірі тура келген еркек пен әйел бір-бірімен құшақтасып жүре береді, – дейді. Аңырайған Пүлішке қарап: «Одан да масқарасы бар. Сапхоз болғандардың бәрін жинап бір көрпенің астына жатқызады, – дейді». Пүліш: «Шешей-ау, көрпесі қандай болғаны сонда?». Мамық кезіне жас алып: «Кім білген соны, үлкен болар. Бұл заманның қай ісін біліп жатырсың. Соңғы кезде кездеме де азайып кетті ғой, сондай бірдемесіне жаратып жатқан болар...»...

Осындай үлгімен үш айдан астам үлкені бар, кішісі бар ақ тер, көк тер боп, жан аямай еткен еңбектің арқасында деңгейі биік «Майдан» атты қойылым шықты. Сәбира апам ерекше аталды.

«Апа, ол қоятын арақ емес қой!»


Сәбира апамыз көп жылдар Әуезов атындағы театрда партия ұйымының хатшысы болды.Тәртіп күшті. Орынбасары – Ыдырыс Ноғайбаев, кейін Жұмабай болды. Жиналысты қазақша жүргізеді, орысшасын Ыдырыс сөйлейді. Апамыздың орысшасында мужской, женский род деген болмайтын. Орысша сөзінің аяғын, иу-мен бітіретін. Жарықтық сол орысшасы өзіне жарасып тұрушы еді. Көре алмайтын біреулер жоғарыдағы билікке «орысшасы ұяттау» десе керек. Ол сөз Димаш Қонаевқа жетпей ме.

«Сәбираға тиіспеңдер, сол орысшасымен-ақ театр коммунистерін тамаша басқарып отыр» – депті. Жастарға үлгі көрсету, жастар шығармашылығы, жастар тәртібі деген бағдарламалар бойынша жұмыстар жүріп жатты.

Бір күні «не дейсің, театр жанындағы студияның екі студент қызы мен театрдың екі актер жігіті грим бөлмесінде шәй ішіпті-міс» деген сөз гу ете қалды. «Театрдың ішінде ме?!». «Бұл не деген масқара!..». «Кім көріпті?». Осындай сұраулы сөйлемдер көбейіп кетті.

Сөйтсек, екі жігітіміз – Әнуар Молдабеков пен Асанәлі Әшімов болып шықты. Екеуі де ел-жұртқа танымал болып қалған. Театрдың шаруашылық бөлімін басқаратын (үш әріптен келген) орыс шал көріп қалып, басшыларға жеткізіпті. Ең қызығы, театрымызда Әзірбайжан Мәмбетов неміс тілінде жазатын швейцариялық драматург Макс Фриштің «Дон Жуанның думаны» спектаклін (аударған – Әбіш Кекілбай) сахнаға шығару үшін қызу жұмыс үстінде еді. Мен Дон Жуанның әкесін ойнаймын. Балам қыз-келіншек дегенде есі шығып кететін. Оған ғашық болғандарда есеп жоқ...

Дон Жуанның сөздері мынадай: «Қырғидай қызға тием анталасып, ысқыртам сұлуларын жанталасып...». Әкесі маған: «Әке, батаңды бер!» –дейді. Күнде біреуін әкеледі. Сонда ұяты бар әкесі:«Айналайын балам, осы қызбен тұрақтан, үйленуіңнің ең алғашқысы һәм соңғысы болсын! Әумин!» – дейді. Тыңдап жатқан бала кайда?... Ай, жастық ит-ай, бүлдірмей жүрмейсің- ау! Сонымен партия ұйымы мен кәсіподак ұйымының бірлескен жалпы жиналысы басталды. Хатшымыз Сәбира Майқанова, кәсіподақ ұйымының төрайымы Шолпан Жандарбекова. Қабақтары катулы. Дүйсенбі әртістерге демалыс күні болғандықтан, қатысушылар аз болды. Себебі, бұл әртістердің дубляжға, радиоға, теледидарға барып, қысқасы, көлденең нәпақа табатын күні. Қаралған мәселе – күтпеген жағдай. ЧП (төтенше жағдай) десе де болады. Кінәлі екі жас әртіс Әнуар мен Асанәлі тұр ортада. Айыбы – күндіз студияда оқып жүрген екі қызды театрдағы өз бөлмелеріне әкеліп, күндізгі сағат 14-тен 17-ге дейін болуы. Жиналыстың шақырылу себебі жайлы Сәбира апам айтып, жастар тәрбиесіндегі кемшіліктерді қолға алу керек екенін катты ескертті. Кәсіподақ ұйымының төрайымы Жандарбекова: «Жаңа осында біреулер театрдан шығару керек» деді, мүмкін ол да дұрыс шығар» деп қалды. Алдында «Театрдан шығару керек» деп бір әйел дауыс күңк еткен. «Дон Жуанның рөліне дайындалудың бастамасы осы шығар» деген әзілдер де естіліп жатты.

Екеуіне қатты шүйліккен Бикен апаның даусы көтеріңкі шықты. «Екеуіңді театрдың болашағы деп мақтан тұтып жүрсек, мыналарың не? Мұхаңның атындағы өнер ордасына кір келтірдіңдер ғой. Сендерді не қара басты. Үйлеріңде Жібектей сұлу келіншектерің бар! Бедірейіп тұрыстарын қарашы? Мәймөңкелеудің керегі жоқ, шығару керек» – деді.

Манадан бері үндемей тұрған Әнуар:«Апай, ештеңе де бүлінген жоқ» – деді. Бикен апа: «О, шіркін-ай, сөздеріңе сенгенім-ай? Бүлдірмей жүресіңдер ме сендер?» Тағы да сөйлегендерден ақыл-кеңестерін айтқандар, бірдеңенің шетін шығарып, «қыздар неге келе қалған, әлде зорлық болды ма, ол жағын да тексеру керек» дегендер болды. Сәбира апам: «Сынды қабылдау керек, жігіттер, біздің театр тәртіптің ордасы» – деді. Мәмбетовте әлі үн жоқ.

Асанәлі бедірейіп тұрып алды. Парторг апамыз Асанәліге қарап: «Әй, бауырым, сөйле! Бұдан былай бұндай болмайды, кешіріңіздер деп айт» – деді аузына сөз салып. «Ең оңай нәрсе – ақыл айту. Адамдар өздеріне карау керек қой... Сіздердің не істегендеріңізді біз де білеміз. Театрдан шықпай-ақ жүрсіздер ғой. Шығару керек дейсіздер, біздің жасағанымыз сіздердікінің бір пайызына да жетпейді...» – деді Асанәлі. Сәбира апам оның сөзін бөліп:«Әй, шырағым, не деп кеттің? Одан да енді жасамаймыз, ондайды қойдық демейсің бе!» – деді. Ашынған Асанәлі: «Апа, ол қоятын арақ емес қой!» –дегенде жұрт ду күлді.

Бәрін бастан-аяқ тыңдап отырған Серке ағамыз шарт ете қалды: «Ал керек болса, естиін дегендерің осы ма еді. Өздеріңе қараңдар деді ғой» – деп күйіп-пісті. «Бұлардың кінәлары айқындалады. Бюрода қаралсын! – деді жиналыс басталғалы бері үнсіз отырған театр басшысы Әзірбайжан Мәмбетов, – Мәселелері сонда шешіледі. Ертең прогон, спектакльді сахнаға шығару уақыты жақындады». Сосын екі жігітке қарап ашулы кейіппен: «Идиотсыңдар! Рөлге дайындалудың орнына, черт знает чем занимаетесь» –деді.

Қойылым тамаша шықты. Қысқасы, бұларды аман алып қалған – «Дон Жуанның думаны» болды.

Сәбит Оразбай,

Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты