Ұлттық кино дауы: Жобаларды іріктейтін тәуелсіз комиссия құрылады

Ұлттық кино дауы: Жобаларды іріктейтін тәуелсіз комиссия құрылады

2023 жылы наурызда «Ұлттық Киноны Қолдау Мемлекеттік Орталығы» өткізген киножобаларды іріктеу конкурсы көптеген заңбұзушылықтармен өткендігі туралы бұған дейін хабарлаған едік. 

Бұл мәселені бірінші болып Парламент мінберінен «Ақ жол» фракциясы мүшелері: Қазыбек Иса, Азат Перуашев, Дания Еспаева, Ерлан Барлыбаев, Ержан Бейсенбаев, Асқар Садықов, «Аманат» фракциясы мүшесі Мақсат Толықбай, «ҚХП» фракциясы мүшесі Ирина Смирнова және Мархабат Жайымбетов сынды Мәжіліс депутаттары көтерді.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның «ҰЛТТЫҚ КИНОНЫҢ ТАҒДЫРЫН КІМДЕРГЕ ТАПСЫРЫП ОТЫРМЫЗ?!» атты депутаттық сауалы қоғамдағы үлкен талқылауға ұласты. 

- Егер Мәдениет министрлігі дауды тезірек шешіп, әділеттілік орнатпаса, Ұлттық киноны қолдау орталығы Ұлттық киноны қорлау орталығына айналып кете бере ме? Бұл Мәдениетті қолдауға баса назар аударып отырған ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Әділетті Қазақстан саясатына қарсы жасалып отырған саботаж емес пе?!. Өйткені, қай киножобаның деңгейі қандай екеніне бағаны Орталықтағы құжат қабылдайтындар емес, білікті кәсіби мамандардан құралған салмақты Сарапшылар кеңесі беруі керек.

Парламенттегі бір топ депутаттарға келген, 50 шақты киногерлер қол қойған бұл арызға қарасақ, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдан жасап отырған кедергі-кемшіліктері аз емес, - делінген Қ. Исаның сауалында. 

Ал, кеше киногерлер Ұлттық киноны қолдау орталығы кеңсесінің алдына жиналып, Президентке наразылық үндеуін жолдап, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма Төрағасы Есетжан Қосыбаевтың сыртқа шығуын талап етті. 

Бүгін Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов осы мәселеге қатысты министрліктің ресми мәлімдемесін жариялады. 

- Қазіргі уақытта мемлекеттік қаржыландыруды алуға үміткер киножобалардың кезекті – бесінші конкурсы өтіп жатыр. Оның ұйымдастырушысы «Ұлттық киноны қолдау орталығы» КЕАҚ. Биыл электронды және қағаз форматында 290 өтінім келіп түсті. 

Кейбір кинематографистер кино орталығы (ҰКҚМО) өткізген конкурстың нәтижелерімен келіспейді. Халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын басшылыққа ала отырып және келіп түскен өтініштерді ескере отырып, Министрдің тапсырмасы бойынша келіп түскен барлық өтінімдерді қайта қарайтын тәуелсіз комиссия құрылады. Бұл объективтілікті қамтамасыз ету үшін жасалады. 

Сонымен қатар, отандық фильмдерді қаржыландыру туралы айтып отырғанымызды және сапалы фильмдерді шығару мен қаржыландыру басты назарда болатынын түсінуіміз маңызды. Транспаренттілікті қамтамасыз ету үшін қажетті жұмыстардың барлығы жүргізіледі. Питчинг комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін өткізіледі, - деді Н. Дәуешов. 

Өз кезегінде «Қазақ үні» редакциясы белгілі актер Азамат Шарғынға хабарласып осы мәселеге қатысты тағы да пікірін сұрап білді. 

-  Ия, бұл жақсы жаңалық. Ең алдымен Қазыбек Иса ағамызға, өздеріңізге алғыс білдіреміз. Ертең осы мәселе бойынша министрлікте жиын өтеді. Ұлттық кино тағдырына алаңдаушылық білдірген Ардагер Сантыбаев, Адай Әбелдинов, Жансерік Шонаұлы, Ерлан Төлеутай, Ғали Мырзашев, Әрібибек Өр Алтай, Елзат Ескендір, Нұргелді Садығұлов секілді әріптестерімнің де еңбегін атап өткім келеді, - деді А. Шарғын. 

Өз кезегінде киногерлер тәуелсіз комиссия төрағасы Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның болғанын талап етуде. 

Атап өтейік, ұлттық киноға қатысты бұл мәселе алдағы уақытта да «Қазақ үні» ақпарат агенттігінің басты назарында болмақ. 

Азамат Тасқараұлы, 

Қазақ үні