Жанғабыл шешен

Жанғабыл шешен

Өткен ғасырдың басында өмір сүрген Жанқабыл Әтікеұлының Жетісу өңірі мен қырғызға танымал атақты шешен болғандығы жөнінде ел ауызында әңгіме көп айтылады. Шешен бала кезінде-ақ елге танылып, жұртшылықтың назарына іліккен екен. Біз төменде Жанқабылдың күні бүгінге дейін көпшіліктің аузында айтылып жүрген шешендігіне қатысты жайттарды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Тентектігінен таныған

Жанқабыл он бес жасар шағында бір топ жолдастарымен Қарқара жайлауында ойнап-күліп келе жатқанда алдарынан үлкен бір көш өтеді. Көштің алды ұзап, оның артынан отарлы қойды айдаған бір торы атты қарияны көреді. Ойларында ештеңе жоқ бозбалаларға Жанқабыл: «Анау қой айдап бара жатқан шалды жалп еткізейін бе?» деп қалса керек. Жолдастарының бірі «Олай істеуге болмайды, оның үстіне үлкен кісіден ұят болады» десе, енді біреулері «Қолыңнан келмейді, айтқаныңнан не пайда?» деп қайрайды. Сонда Жанқабыл: «Ол шал маған не істей алады?» деп астындағы атын тебініп қалып, шаба жөнеледі. Атының екпінді шабысымен барған Жанқабыл шалдың астындағы атты қамшымен бір тартқанда ат шошып, үстіндегі қария жалп етіп құлап түседі.

Жанқабылдың қылығына жолдастары мәз-мәйрам болып бірі күлсе, енді бірі аттан құлаған шалды аяпты. Осы кезде ұзаған көштен екі-үш атты жігіт аттарын қамшылап, мәз-мәйрам болғандарға жетіп келіп, «Жазықсыз жанды жәбірлеген кім?» дейді. Тентектік жасаған Жанқабыл «Мен» дегенде жігіттер оны атынан құлаған қарияның алдына алып келіпті. Қария аман-есен орнынан тұрып, Жанқабылдың бас-аяғына қарап: «Балаға тимеңдер, болып келе жатқан кезі екен. Өзін-өзі ұстай алмай ұрынды маған» – деп араша түсіпті. Осыдан кейін Жанқабыл бойындағы алып ұшпа мінезін тастапты. Бұл кісі Тезек төре заманында Албанның алғашқы би-болысы болған Қоңырбөрік руының Кешкіл-Дәл атасынан тараған Құмай Нұрақұлұлы деген белгілі адамы екен. 1811 жылы Қарқарада дүниеге келіп, арабша ауыл молдасынан хат таныған. Өзі өте зерек, әрі сергек жан болса, Жаркент, Қарақол, Қарқара аймағына танымал да болыпты. Тезек төренің алдыңғы қатарлы болысы ғана емес, бірегейі болып, талай даулы да мәселеге араласып, әділдігімен, бұра тартпайдың, дәл тап басып айтатын турашылдығымен көптің есінде қалған. Өзі болыс болып тұрғанда бүкіл Қоңырбөрік руы бөлінбей бір болыс болып тұрыпты. Үш сайлауда қатарынан болыстыққа сайланып, елді жаңа жерге орналастырумен де айналысыпты. Оның осы еңбегін елі де бағалап, «Құмай айтса, шындық, әділдік түбегелі болады» деген сөз қалыпты. Ел бірлігі мен татулығын қалыптасыра білген Құмай Нұрақұлұлы Жетісу жерінде ең ұзақ жасаушы қарияның бірі болып, 1926 жылы 115 жаста өмірден озыпты. Ел-жұртына қамқор болған абзал қарияға кейін Сүмбе ауылынан еңселі ескерткіш орнатқан.

Тілден тапқан кемшілік

Бірде Жанқабылдың әкесі Әтіке елу жасқа келгенде «Балам сен Ниязбек әжіден бата алып кел» деп, қасына бір жолдасын қосыпты да екі жамбы беріп жұмсапты. Ниязбек өзі бай, әрі дәулетіне қызыр қонған, әулие адам екен. Екі ауылдың арасы біраз жер көрінеді. Жанқабылдар Ниязбектің ауылына кешігіңкіреп барғанда байдың жас әйелі қарсы алыпты. Әдемі де сұлу келіншекті көрген Жанқабыл жолдасына «Лашынның құмайда несі бар екен?» деп құлағына сыбырлап қалса керек. Бұл сыбырдың арты не боларын ертесінде әжінің өз ауызынан естіпті. Сол күні олар қонып, ертесінде Ниязбек әжі дастарқанға келген қонақтарының сәлемін алғаннан кейін Жанқабылға қарап: «Сен Әтікенің баласы емеcсің бе?» депті. «Иә» деп келген шаруасын айтады. «Әтікенің бір баласы шығып келе жатыр деп еді. Бір тізесін кеміріп, екі иығын жұлып жеп. Сен келмей жатып, мені құмайға, әйелімді лашынға теңеп қойдың. Жеті қатерімді жіберсем өлетін едің. Әкең Әтікемен сыйлас болғандықтан алты қатерімді қайтып алдым. Бір нәрседен кем боласың депті.

Ниязбек үйде отырып, ғайыптан болжайтын, келген адамның аты-жөнін айтқызбай білетін қасиеті бар екен. Әжінің сол айтқан сөзі кейін дәл келген. Отты тілді, орақ ауыз шешен елге танымал болғанымен отбасының түтінін түтететін перзенті болмапты. Мұны қырғыздың бір шешені көптің ортасында Жанқабылдың шешендігін жоғары бағалап, осы кемшілігін айтыпты.

Ниязбек Жайнақұлы 1818 жылы дүниеге келіп, 1905 жылы өмірден өткен. Жетісу же­ріндегі дәулетті байдың бірі болумен қатар, әулиелігімен елге танылған әжінің бірі.

Берерім – бір, саны жүз

Жанқабыл он алты жасында Іле өзенінің жағалауындағы Қобала жардың көпіріндегі Албан мен Дулаттың бір даулы жиынына қатысыпты. Дауда албаннан барған он адамның бесеуі айыпты болып, аттарынан айырылған. Олар елге жаяу қайтуға айналғанда Жанқабыл тұрып, «Сіздер рұқсат етсеңіздер мен төбе бимен жолығып келейін» деп алдарынан өтеді. Дулаттың ол кезде төбе биі Жалманбат екен. Биге кірген бойда: 

– Ассалаумағаликум! – десе керек. 

– Уағалайкум салам! – дейді де оның бала екенін біліп.

 – Е, балам, кімнің баласысың, көккөз сары? – деп жөн сұрайды. 

 – Албанмын, оның ішінде Алжан. Әтіке қажының баласымын, – дейді.

 – Не тілегің бар?

– Осында келген он албанның бесеуінің атын айыпқа бергізіп, жаяу қайтарып отырсыз. Соған сізден араша сұрап келдім.

 – Берерің не? – дейді би.

 – Берерім – бір, саны жүз, – дейді Жанқабыл. 

Осыдан кейін би дауды қайта қарап, албандарды құтқарған баланы шақырыпты. 

– Балам, адамдарыңды даудан құтқар­дым, енді береріңді әкел, десе керек. Жан­қабыл болса аспай-саспай бидің алдына бір теңге ақшаны тастап жүре беріпті. Жанқа­былдың бұл тапқырлығына ел риза болыпты. Осыдан кейін оның аты елге жайылыпты.

Бір сөзіне бола қазан асқан

Бір жолы Жанқабыл ауыл ішіндегі Атжетер деген ауқатты кісінің үйіне түс болмай барса керек. 

Төрде Алжанның Босан атасынан тарайтын Жапалақтың Тағат болысы бастаған үш-төрт кісісі әңгімелесіп отырыпты. Олардың әңгімесі қыза-қыза сәске түске дейін жалғасқанда үйге Атжетердің тоқалы кіріп: 

– Атжетер, қонақтарға тамақ жасайын ба, жоқ кете ме? Қазан көтереміз бе, не істейміз? – десе керек. Осы кезде Жанқабыл отағасының жабына жеткізбей: 

– Атжетер, жесе етіңді Жапалақ Босан жеді, Тоқтамыс келіп етіңді қашан жеді. Атжетердің қазанын сен білмесең, ет жегендей от алып қашам ба енді, – депті. 

Бұл сөзге ұялған үй иесінің тоқалы амалсыз қазан көтеріпті. Жанқабыл Алжан ішінде Тілеуке. Тілеукенің ішінде Тоқтамыс. Тоқтамыстан Әтіке туыпты. Әтікеден Жанқабыл, Алмабек және Мырзабай дүниеге келген. 

Билікке шындық айтқан

Бір жылдары Жанқабыл Мөңке тұқымы Жаманақ баймен болыс­тыққа түсіп, байдың шары көп болып, билікті алып кетеді. Жиылған ел Жанқабылдан бұл қалай болды, жолыңыз болмағаны деп сұраса керек. 

Бай жақсы батырдан да биліктен де,

Билікті бай алып кетер киліккенде.

Арғымақ жалын үзіп қалған екен,

Кетті ғой тұғыр озып жүйріктен де, –

деп жауап беріпті. Бұл сөзді естіген албанның би-болыстары оязға барып, «пәре беруге Жанқабылдың ақшасы жоқ» деп, ұлықтың құлқын тойғызып, алты айдан кейін Жанқабылға болыстықты алып беріпті.

Бұл 1908 жылы болған көрінеді. Жанқа­был Әтікеұлы – сұңғақ бойлы, қараторы, сұлу, сымбатты кісі болыпты. Дүние қумаған, қарапайым тіршілікпен өмір сүріп, болыс­тыққа түскенде бір тиыны болмаған екен.

Тілеудің де жөні бөлек

 1915 жылдары Қарқарадағы Албан көтерілісінің көсемінің бірі Ұзақ батыр қатты ауырып жатқанда, Жанқабыл шешен көңілін сұрап бара алмай қалыпты. Көп кешікпей батыр тәуір болғанын естіп, ауылына келген. Ұзақ Жанқабыл келді дегенді естіп, теріс қарап жатып алған көрінеді. 

– Ассалаумағалайкум батыр! Сен қатты ауырғанда мойыныма бұршақ салып, амандығыңды бір алладан тіледім. Тәуір болды дегенде мойнымдағы моншағымды алып, шүкір деп аллаға сыйынып, көк шолағымды мініп келемін деп жүргенімде атым өліп келе алмадым. Енді міне келіп тұрмын, қалайсың? – депті. 

Жанқабылдың көңіл жібітер сөзіне батырдың жүрегі жылып басын көтеріп, сый-құрмет жасапты да, «Әкел ана тор жорғаны, мына Жанқабыл мінсін» жақсы бір атын мінгізген екен. 

Ұзақты мойындауы

Жанқабыл мен Ұзақ батыр жақсы сыйласып, бірін-бірі қатты құрметтепті. Ел Ұзақты мінезінен және қайтпас қасар­лығынан батыр деп кетсе, Жанқа­былды тіл тапқырлығынан қадірлейді екен. Бірде көп кісі отырған жерде бір адам Жанқабыл шешеннен: «Сіздің қаперіңізде осы сөзден жеңеді-ау дейтін екі аяқта бір тілді адам бар ма? деп сұраса керек. Сонда шешен тұрып, «Мен Саурықтың Ұзағынан қауіптенемін. Себебі батыр мойынын бір жағына бұрса бетімен қайтпайды, екінші жағына бұру қиын» депті.

Сөзімен сүріндірген

Жанқабыл Диқанбайдың үйіне кетіп бара жатып, жолай Нөке үйіне түседі. Үй иесі Жанқабылдың алдына дастарқан жайып, шай мен нан қояды. «Кеуде жолмен мен жүрсем, Қарасазды аралап сен менен бұрын жетіпсің ғой, қатырма нан мен қара шай қайдан келдің?» деп ол үйден аттанып, Диқанбайдың үйіне түседі. Байдың әйелі Жанқабылды жақтырмай, «Бұл кедейге айран да жетер» деп айран беріпті. Сонда шыныға құйылған айранға қарап, «Ей айран, келдің қайдан? Бетіңдегі қаймақ, үстіңдегі майдан айрылып, жап-жалаңаш болып келіпсің қайдан?» деп сіміріп орнынан тұрыпты. Нөкенің үйінен қара шай ішіп, Диқанбайдан айран татып жол болмаған соң, Жанқабыл бір айналып қайтадан Нөкенің үйіне келіпті. Үйдің жанында жаңадан басылған киізді көреді. Сол күні оның үйіне қонып жатқанда қатты жаңбыр жауыпты. Жанқабыл Нөкені бір сүріндірмек болып, түннің бір уағында қалтасынан бәкісін алып, өзі жатқан жердің үзігінің бірнеше жерін тесіп жіберіпті. Қатты жауыннан тесілген жерден су ағып, үйді әбігерге түсіріпті. Нөке «Бұл қалай болды?» деп, не істерін білмегенде «Біреу таппай құрып отырса, біреу жаппай құрып отырады» деп оны қағытқан екен. Нөке Жанқабылдың сөзінің төркінін ұғып, ертесінде оған бір үйдің киізін беріпті. 

Жексен Алпартегі, 

Қазақ үні