ТЕЛҚОҢЫР

ТЕЛҚОҢЫР

Сәулесін шашып келетін сәуір айын тегін тәуір ай демеген атам қазақ! Осы сәуірдің 28-іне, ертең Шардарада бір ән мен жыр кеші өткелі жатыр. Әйгілі әнші, жыршы- термеші, Халықаралық жыршылар байқауының жүлдегері Әбдіғаппар Айдардың “Төрт қақпа - төрткүл дүние” атты кітабының тұсауы кесілмек. Бұл кітапқа алғысөз жазған біз осы күнді өзіміз таңдап едік. Аптаның аяғы ғой, жұмыстан сұрансақ та, жұма күні Шардарадан шаң беріп қалармыз деген ойымыз болған еді… Бәрі жоспардағыдай болып келе жатқанда мені ҚР Парламенті Мәжілісі Түрік Парламенті ассамблеясы құрамында 28-іне Өзбекстанда өтетін конституциялық референдумға халықаралық бақылаушы ретінде Ташкентке жіберіп жатыр.  

Шығармашылық кешіңе

руханиятқа қамқор, рухы биік қайраткер, елімізге белгілі ер ағамыз Ислам Әбіш 

арнайы Астанадан ат арытып бара жатыр. Ел аузында “Ақындардың әкімі, әкімдердің ақыны” атанған ағамыз бар, не қам бар деп, біз халықаралық миссиямызды орындауға жолға шығып барамыз.

Сондықтан, бүгін Әбдіғаппар досымыздың кітабына жазған алғысөзімізді жариялап жатқан жайымыз бар.

“Ақ жол” партиясының Шардарадағы өкілі Әбдіғаппар Айдарға “Ақ жол” партиясы төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Азат Перуашев бастаған Ақжолдықтардың ақ тілегін жеткіземіз.

Шығармашылық кеш шырайлы өтіп, Шардарадай шабытың шалқи берсін Әбеке! Алла жар болсын деп, Ақ жол тілеймін!

ТЕЛҚОҢЫР 

Шартарапқа аты кеткен Шардарада дарындар аз емес... Қаламгерлерді айтсақ, аты елімізге белгілі ақын-жазушыларымыз Жәлел Кәттебеков, Жұмабек Мұқанов, Мейірхан Аңламасов, Оңалбай Еспанов, Құдайберген Өтеш, Нұрғали Ыбырайым, Бауыржан Қарабек, Әмірхан Балқыбек, Әлібек Шегебай, Жарқынбек Қаныбеков, Сәбит Лахан, Ажар Слам, Ұлмекен Лесбек және енді өркен жайып келе жатқан өлең өрендері бар. Сондықтан да біздің кезінде «Шардара барған шайырмын демес бұл күнде» деп жазғанымыз.

Біз бала кезде өнерін көрген, халық театрын басқарған Жұмабек Бекбосынов, айтыстың ақтаңгері Камал Ендібаев, терме жырдың тереңі Тәшман Шекеров, сазгерлер Жалғас Кеңес, Әкім Мұсақұл, талай рет өрісіміз бірге болған әйгілі “Қара бауыр қасқалдақ” әнінің авторы Лесбек Амановты айтсақ, ол өз алдына бір төбе. Қаламы жүйрік журналистер Нұрлан Ибраев, Ниятолла Сейданов, Кәдірбек Баударбеков, Төлеген Оңласыновтар ел ықыласына бөленген жандар еді… 

Осылардың ішінде ақын, әнші-жыршы, Халықаралық жыршылар байқауының жүлдегері Әбдіғаппар Айдар екі енені тел емген телқоңырдай ақындардың арасында да, әншілердің ішінде де еркін өсті. Әбдіғаппардың есімін мен ерте есіттім.

«Мал жиятын құм ішінде тұрып ап, Кітап жиған қайран менің нағашым» деп жырлаған нағашым, ұлағатты ұстаз Ахет Әбубәкіров екеуі де Көксу ауылынан еді. Ахет нағашым Көксу ауылына қарайтын «Жоласар» аталатын #4 фермада өтті өмірі. Сол ауылдағы бастауыш мектепті өзі ашып, өмірінің соңына дейін басқарып өтті. Бір өкініштісі, сол мектепке әлі Ахет Әубәкіровтың аты берілмей келе жатқаны ауылға ғана емес, ауданға да сын.

Сол нағашымыз той өткізсе, құрдасы, атақты асаба Саламатхан Лашынов басқаратын. Саламатханның реті келмесе, міндетті түрде Әбдіғаппар шақырылатын.

Әбдіғаппар поэзия әлемінде де, журналистика саласында да қатар қалам тартып жүрген азамат. Туған жер, өмір мен көңіл жайында жазған өлең жырлары, көпшілікке ой тастайтын өзекті мақалалары республикалық басылымдарда үзбей жарияланып тұрады. Әбдіғаппар Әбубәкірұлы 2011 жылы республикалық «Қазақ үні» газеті тағайындаған «Қаламдоз» сыйлығының тұңғыш иегері болды.

2008 жылы Шардара СЭС-ның 50 жылдағы, Шардара қаласының 40 жылдығына орай өткен республикалық жыр мүшәйрасында Қ.Сарыбаев атындағы жүлдені жеңіп алды. Өлең топтамалары аудандық ақын-жазушылардың «Ақ шағала жырлар» жинағында жарияланған. Жергілікті әуесқой сазгерлердің бірнеше әндерінің мәтіндерін жазған ақын. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, «Қазақ хандығына 550 жыл» мерекелік, республикалық Ауған соғысы Қауымдастығының «Ерекше еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталған. 2022 жылы республикалық Ардагерлері Қауымдастығының шешімімен Бауыржан Момышұлы атындағы ,,Намыс" төсбелігісімен марапатталып, республика бойынша ,,Ел жанашыры" энциклопедиясына кірді. Әбдіғаппар Әбубәкірұлы 2013 жылы ЮНЕСКО-ның «Ұлттық Өнер жанашыры» сертификатының иегері атанды. 

Өзі өскен өлкенің тарихын зерттеп «Сыр бойында ауыл бар», «Бес ғасырдың белесі», «Елужылдыққа 50 жыл» атты кітаптар жазды. Биылғы жылы ,,Шардара волейболының саңлақтары" атты шежіре-кітапты шығаруда. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Қазіргі таңда Шардара қаласындағы Абай атындағы мәдениет сарайында қызмет атқарады. «Ақ жол» партиясының Шардара ауданындағы өкілі.

Ұлағатты ұстаз, асыл жары Бибісара екеуі қол ұстасып жүріп, екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, алтын асықтай немерелер қызығын көріп отыр.

Әуелеген әдемі ән-жырымен баурап алатын Әбдіғаппар Айдар қара өлеңде де қамшы салдырмайды. Әбекеңнің өлеңдерін о баста аудандық «Өскен өңір» газетінен бастап, республикалық «Қазақ үні» бастаған басылымдардан оқып жүрдік. Біздің ердің жасы елуге толған мерейлі тойымызда Шардарада өткен аймақтық мүшәйрада және басқа да талай дүбірлі жыр мүшәйраларында жүзден жүйрік шығып, жүлдегер атанып жүр. 

Осы шығып жатқан “Төрт қақпа - төрткүл дүние” атты жыр кітабының қолжазбасымен танысып отырып, жақсы жырларына еркін сусындадым. Әбекең әсіресе, туған жер тақырыбына келгенде, Шардараны жырлауда шабыты шалқып жүре береді. Әбдіғаппардың бір өзгешелігі өлеңдерінде еркіндік бар. Кәсіби ақындар секілді сырлап, сыйпап отырмайды, келгенін келгендей кестелей жөнеледі. Бұл да ақынның ерекшелігі. 

«Туған жерім бастауы жарқын істің,

Кермек суын келеді сарқып ішкім. 

Бізді елдің жібермес топырағында, 

Күші бар-ау әлемдік тартылыстың.»- 

деп жырлайды. Әдемі теңеу, салиқалы салыстыру! 

Керімсалын айтсайшы бет қарыған, 

Шығатын демдей ыстық отты арудан. 

Қыдыр кезген Қызылдың даласына, 

Пейілімен жұртының бақ дарыған.  

Қалайша таң қалмайсың танымына,

Қазыналы қарттардың қарымына, 

Құм ішінде-ақ өсірген қауын-қарбыз, 

Жантақтың шопақ тығып тамырына.  

Бас білдірген жылқының асауына, 

Тезге салған тентегін, босаңын да,

Қонақ келсе қалатын бір шабылып, 

Қадыр айтқан жігіттер осы ауылда.  

Өзіңдей болмас сірә, өзге аңсарым, 

Шардара, шарықтайтын келді-ау шағың, 

Теріп ап жағалауға қойғандайсың,

Теңіздің тереңінен зер моншағын.- 

деп еркін көсіледі. Қандай әдемі жолдар, әсем теңеулер десеңізші. Әсіресе түнгі шалқып жатқан Шардара теңізі жағасындағы самаладай жарқырап тұрған шамдармен бірге қала шамдарын да көргенде «Теріп ап жағалауға қойғандайсың, Теңіздің тереңінен зер моншағын.- деген кестелі жолдармен келісе жөнеліп, еріксіз риза боласың. 

Мен Астанада тас қаланың құрсауында құлазып, елге елеңдеп отырған бір күні «Ел көшті» деген Әбдіғаппардың әдемі бір өлеңін оқыдым. Сол өлеңін түгел келтірейін. 

«Ақтылы қойын өргізген, Жер жәннаты Нәлібай, -- деп ақындар жырлаған, кіндік қаным тамған өлкеме барып келдім. Бір кездері қыж-қыж қайнаған өмір бар жерде, қазіргі кезде қоңырайып қорым ғана жатыр. 

Ей, баянсыз дүние.., 

ЕЛ КӨШТІ 

Ел көшті, қасиетті орын қалды,

Аңсаймын әлі күнге сол бір маңды.

Телміріп ұрпағынан құран тілеп,

Өткеннің белгісі боп қорым қалды. 

Ел көшті, бетегелі белес қалды,

Келіскен кенен ерлер кеңес қалды.

Қайнаған тіршілігі қойлы ауылдың,

Қырында сағынышты елес қалды. 

Ел көшті, бұйрат-бұйрат төбе қалды,

Тірліктің көзіндей боп «көне» қалды.

Жұртым-ау қалай қиып кете бардың,

Көбеген ойнақ салған көбе жалды.

Ел көшті, тірліктің қай мәні қалды,

Арудың шырқалмаған әні қалды.

Бұл жерде адамдардың пейілімен,

Жасалған пейіш-бақтың сәні бар-ды. 

Ел көшті, бірақ сәби күлкі есімде,

Майшамның ұмытқам жоқ білтесін де.

Талай жас махаббаттың сырын шертті-ау,

Айлы түн сәулесімен құм төсінде. 

Ел көшті, мекен қалды сұрқы қашқан,

Қызылқұм жатыр мүлгіп мызғымастан.

«Зәуіде бір соғарсың» деп тұрғандай,

Жәутеңдеп құм ішінде құлпытастар...

Өзім ауылды, Қызылқұмды аңсап, мұңға батып отырғанда мынау жыр тіпті жүрегімді сыздатып жіберді. Бірден қатты әсер еткені сонша, Қызылқұмды сағынып қалған екенмін, шабытым келіп, артынша өзім де өлең жазып тастаған едім...

Әбдіғаппардың Алтын Орда бегі, Қоңырат Нағанай туралы толғауында эпикалық сарын бар. Бұл жерде тарих тереңіне бойлап, жан-жақты зерттеудің жемісі көрініп тұр. Әбдіғаппардың құлашы кең, қарымы зор екеніне куә боласың… 

 Бұл толғау туралы өз алдына бөлек әңгіме өрбіту керек. 

Ақындар айналып өте алмайтын тақырып - махаббат. Әбдіғаппардың «Сүймеген болсаң» деген жырын оқығанда, иә, махаббат кім-кімді де қай жаста да ақын етеді екен ғой дейсің еріксіз...

Өзіңмен жүрген күндерді ойға ап талдадым,

Жаным-ау, сені азапқа қандай салмадым?

Кездесіп едік ажырамастай мәңгілік,

Кезекті бұл да сынағы шығар Алланың.  

Күн өткен сайын барады жүрек сескеніп, 

Қинадың қалқам, ілінсе көзім түске еніп.

Бұл қандай сезім? 

Баяғы балғын кез емес,

Әуреге салған екеумізді де кеш келіп…

Иә, шабыт құшағында жүретін ақынның күні төбеден ауып бара жатқанда, күн астындағы Күнікейі жарқ ете қалып, жалыны өртеп, сезімін серпілтіп, құндақтаған құпия сырын ғашықтық ғазалымен шертетін сәттер аз кездеспейді. Бәрін айтпай-ақ алпысты алқымдаған ақын Ыраймалы мен он сегіз жастағы ару Бегімайдың әйгілі әсем жырын айтсақ та жеткілікті. Сондықтан бұл адамзаттың бәріне болмаса да, ақындарға ортақ тақырыпты тереңдеп кетпей, осы жерден аттың басын тартпасақ, тағы бір жырлар жазып кетуіміз бек мүмкін...

Сонымен, ақын Әбдіғаппар Айдарға алғашқы жыр жинағың құтты болсын, оқырман олжасына айнала бергей деп, Ақ жол тілейміз!

Қазыбек ИСА, ақын, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық - “Алтын Күз” ордені иегері.

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты.