ИМПЕРИЯ ҚУҒЫНДАҒАН ИМАНЖҮСІП

ИМПЕРИЯ ҚУҒЫНДАҒАН ИМАНЖҮСІП

Тәуелсіздік үшін күрестің үш кезеңі

 1881 жылдың күзінде Қоянды жәрмеңкесінде жұртқа жаға ұстатқан жағдай болды. Патшалы Ресей отаршыларының қазақ жерінде еркіндей бастаған кезі еді. Әсіресе, қазақ даласының солтүстік аймағын отаршылар өздерінің меншігіндей көре бастаған. Бұратана халықтарға үстемдік құру о баста пешенесіне жазылғандай көріп, еркінсіген олардың арам пиғылдары күн сайынғы іс-әрекеттерінен айқын аңғарылып жататын. Қазақтың үлкен мәдени-сауда орталығының бірі – Қоянды жәрмеңкесінде болған оқиға осының бір көрінісі болатын. 

   Кең даланың түкпір-түкпірінен келіп бас қосатын орталықтағы жәрмеңкеде күз күндерінің бірінде бүкіл елдің көзінше жаттығу жасап жатқан екі жауынгер нысанаға Кенесарының суретін іліп қойып ата бастайды. Олардың бұл жаттығуы жаттығу емес, балақтағы биттің басқа шығып, халықты қорлауы еді. Іш қазандай қайнап, күресерге дәрмені болмаған жұрт тісін қайрағанмен, амалсыздық танытқан. Осы кезде еңсесі биік, сайдауыттай біреу алшаңдай басып екі жасауылға таяй берді. 

– Көпшіліктің ішінен суырылып шыққан он сегіздегі еңгезердей жігіт екі жасауылдың желкелерінен қыса ұстап, бір-біріне бетпе-бет қатты соғыстырып, екеуін екі жаққа лақтырып жібереді. Жұрт у-шу болып қалады. «Қайда, ойбай? Кім өзі?!» дескендер абыр-сабыр болып, не істерлерін білмей де қалады. Иманжүсіптің аты сол кезде қайта-қайта аталып, ел арасына кеңінен белгілі болған еді. Иманжүсіптің бұлай жасайтын реті бар еді, оның әкесі Құтпан (шын аты – Баймырза) Кенесарының жасағында болатын. Сол Кене ханның жасағында соңына дейін болып, кейін Ертістің жағасын паналап, Павлодардың маңындағы Алтыбай деген жерде тұрғанда Иманжүсіп дүниеге келген. Иманжүсіптің алғаш елге танымал болып, отаршылдыққа қарсы шығып, халыққа қамқорлық таныта бастауы да осы жәрмеңкеден бастау алады, – дейді Иманжүсіптің немересі, зерттеуші-ғалым Раушан Нұрханқызы.

 

   Тоқтауды білмейтін тарихтың темір доңғалағында мың өліп, мың тірілген қазақтың басына не келіп, не кетпеді дейсіз. Ұлы дала сан рет нағыз өлім мен өмір арпалысқан нағыз шайқас алаңына айналған. Ата-бабамыз қасиетті қонысын қанымен, жанымен қорғаған. Ал, әр кезең өзінің бейнесін көрсетер өз тұлғаларын тудырып отырды. 

   Бұған дейін біреу біліп, біреу білмейтін Иманжүсіптің аты осы бір сын сағаттан кейін-ақ аңызға айналып кете барды. Алайда, көпшілік жұрт оның нағыз кім екенін әлі біле бермейтін. Өйткені, небәрі он сегіз жастағы Иманжүсіптің тағдырында тарихтың талай қатпарларының ізі бар болатын. Ол қазақтың маңдайына біткен жұлдызы болғанымен, дүниеге ғайыптан келе қалған жоқ еді. 

– Ол өзі өте бір ғажайып тұлға және оның өзі ғана емес, шыққан тегінде ата-бабасынан келе жатқан күрескерлік дәстүр бар. Иманжүсіп тақырыбын айтқанда, қазақ халқының үш кезеңдегі азаттық күресі елестейді. Үш кезеңдегі үш түрлі жауға деген қарсылық. Алғашқы кезеңі – Қоқан әкімшілігінің озбырлығына қарсы күрес. Иманжүсіптің атасы – Тұрғанбай датқа қазақ намысы үшін кеудесін бастырмаймын деп, адамдық атын жоғары көтеріп жүремін деп, Қоқан ханының қырына алынып, ақыры, қорлықпен дүние салған. Кенеттен келген Қоқан әскерлері аяусыз жауыздықпен ауылындағы бүкіл адамның бәрін қырып жіберген. Жалпы, қоғам билеушілерінің дәуірі деген тақырып әлі де жазылған жоқ, кеңестік кезде ұлттар достығына шіркеу түспесін деген жалған бір теория болды. Егер жақсылығын да, кемшілігін де көрсетіп расын жазса, шіркеу келмейді. Ал, енді Қоқан хандығының Сыр бойының орта ағысы мен жоғары ағысындағы ел үшін жасаған естен кетпейтін зәбір-жапасы деген өте қайғылы айғақтарға толы болды, – деген болатын марқұм академик Рахманқұл Бердібай. 

   Ел аузында Иманжүсіп Құтпанұлы туралы аңыз көп. Бір ғажабы – оның арғы жағында шыңғырған шындықтың табы жатыр. Қоқан билеушілері көрсеткен сый-құрметтің ешбіріне қарамай, Түркістанды Қоқан езгісінен босату мақсатында бітіспес күрес жүргізген атасы Тұрғанбай датқа сол басқыншылар қолынан қаза тапқан. Тұрғанбай датқаның баласы Құтпан сәби кезінде керуеншілер қолына тап болып, Ертіс жағалауына қарай кетеді. Ол сонда жүріп ер жетіп, екінші бір тарихи кезеңді бастан өткереді. Ол Кене ханның қолында жүріп, орыс отаршыларына қарсы күрескен адамдардың бірі еді. 

   Патшалы Ресей отаршылары өз дегенін істету үшін қазақтың бірін біріне айдап салып, өшіктіріп қойып отырған. Алғашында, ақиық ақын, сұңғыла сазгер, өркеуде палуан Иманжүсіп Құтпанұлы да осындай саясаттың құрбаны болады. Патша итаршыларының азғыруымен Иманжүсіпті өзінің Шәріп деген досы ұстатып жіберген. 

– Бұл 1885 жылы болған нәрсе. Иманжүсіпті бүкіл халық қолдап, сайлауға қатыстырады. Алайда, отыз бес жасқа толмағандықтан, оны үміткерлер қатарынан алып тастайды. Содан бастап Ыбырайдың баласы Рахым Жайықбаев болыс болады да, Иманжүсіптің соңына түседі. Біресе атын сұрап, біресе қамшысын сұрап, түрлі сылтаулармен ізінен қалмай қояды. Иманжүсіпті қалай ұстарын білмей, көп әуреге түскен. Ақырында, Иманжүсіптің старшина болған Шәріп деген жан жолдасын азғырады. Ақмола уезінің Ерейментау ауданында жүрген осы жақын досына – Шәріпке барып, «Старшина болғың келсе, бізге ұстап бер» деген шарт қояды. Шәріптің үйінде қонақта отырғанда, сөйтіп, Иманжүсіп қолға түсіп, айдауға жіберіледі, – дейді Раушан Нұрханқызы.  

   Иманжүсіптің өзі сыйлайтын, шын берілген достары да аз болмаған. Өр кеуделі өжет ақын өз тұлғасымен теңдес адамдармен жақсы араласып тұрады. Соның бірі – күш атасын танытқан кәдімгі қазақтың палуаны Қажымұқан. Алайда, талай елде, талай жерде орда бұзып, жауырыны жерге тимеген Қажымұқан бойы екі метрден асатын палуан Иманжүсіппен белдесіп көрмеген. Себебі, Иманжүсіп оған екі-үш жас үлкендігі бар аға болып келетін. Қажымұқан оны қатты сыйлап өткен. Оған 1913 жылдары болған қызықты бір оқиға дәлел бола алады. Бірде Қажымұқан қисық-қыңырлау бір шалды көтеріп алып, үй үстіне отырғызып кетеді. 

– Ел-жұрттың алдында масқара болған осы үлкен кісі кегімді қалай аламын деп жүргенде, біреулер «Мұның Иманжүсіп деген ағасы бар, соған шағымданыңыз» деген ақыл айтады. Шал байғұс құп көріп, «Мені бүкіл елдің алдында масқара қылды, менің істер лажым жоқ, кегімді алып беріңіз» деп Иманжүсіпке барған. Бұл аралықта Қажымұқан әлгі шал туралы ұмытып та кетеді. Бір күні ақын, әнші, сазгерлермен бас қосып, киіз үйде қымыз ішіп отырғанда, «Әлгі Қажымұқан деген ит осында ма?» деген сырттан бір дауыс естіледі. Қажымұқан жаны қалмай: «Иә, аға, мен осындамын» деп бәйек боп жатқанда, Иманжүсіп таяп келіп, қамшысымен бір тартып жібереді де кетіп қалады. Қажымұқанның өзінің айтуынша, көзі қарауытып, не істерін білмей, әрең дегенде аяғында тұрып қалады. Киген киімі екі айырылып кеткен. «Ағаң екені рас болса, сені неге аямады?» деген қасындағы жұртқа: «Бұл аяғаны ғой, егер аямаса, Иманжүсіптің қамшысының ұшында Әзірейіл отырады деуші еді, шын ашуланса, мен тірі қалмайтын едім» депті. Осының өзінен екі палуанның бірін-бірі қатты сыйлағанын, бір-бірінің алдынан кесіп өтпегендігін аңғаруға болады, – дейді Раушан Нұрханқызы.

   Өзінің зор тұлғасы сияқты Иманжүсіп биік рухтағы, кең тынысты композитор болған. Кейіннен оның әндерінің біразы қазақтың мың әнін жинаған Александр Викторович Затаевичтің жинағына енді. Ал, Иманжүсіптің «Сармойын», «Сарыарқа», «Ерейментау» деген әндері көпшілік елге онсыз да жақсы мәлім еді. Алайда, кеңестік саясаттың кесірі тиіп, 1931 жылы «халық жауы» болып атылып кеткен соң, Иманжүсіптің есімін атауға болмайтын. 

– Иманжүсіптің өзі өмір бойы патшаға қарсы күресіп өткен. Өскеменге де, Жетісуға да, басқа жерлерге де талай рет жер аударылған. Сондағы жалғыз жазығы кеудесін ешкімге бастырмаймын деген намыстылығы, әйтпесе ешкімге қорлық көрсеткен емес. Қай заманда болса да, өзінің пікірін айта алатын, халықтың қамын ойлап, сөзін сөйлейтін адамды үкімет жақсы көрмейді. Кейін кеңес өкіметі орнап, жақсылыққа қол жете ме деп жүргенде, оның саясатының да сұрқы жаман екенін ойы зерек, сұңғыла адам жақсы біледі. Елді жайлаған азамат соғысын, ашаршылықты, басқа да бассыздықтарды көріп, одан да күдер үзген. Кезінде Сәкен Сейфуллиннің шақыртуымен Қызылордаға да барды. Бірақ, соның бәрінде халықтың басына түсіп отырған күйзелісті көріп, көңілі суыйды. Бұл қоғамнан да жақсылық көруге болмайтынын біліп, түңілген. Сөйтіп, ол кеңес өкіметіне іштей қарсы да болған, оны да жасыруға болмайды. Ақыр аяғында, Мойынқұмда жүргенінде әртүрлі желеулер тауып, басқа күрескерлермен бірге ұстап, 1931 жылы «үштіктің» шешімімен ату жазасына кескен. Байқап қарасаңыз, Иманжүсіптің өмірінен бір әулеттің үш буынының тағдыры көрінеді. Бұл үш буынды жалпы қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресінің символы деуге болады. Иманжүсіп – заман тудырған тұлға, – деген болатын академик Рахманқұл Бердібаев. 

 Қолда нақты деректер болмаған соң, кесіп айту қиын. Сонда да болса, Иманжүсіпті отаршылдыққа қарсы күреспеді дей алмайсыз. Оның әндерінде кездесетін «Әкем Құтпан болғанда, ағам – Шоңай, Адамзаттан жан тумас мендей құмай. Төрт стражник, переуәтшік және ауылнай, Бәрін сойдым бақыртып қойдан оңай» дейді. Немесе, «Мен қалайша жалғанда тұрақтайын, Өрт тиіп лаулап жанған құрақтайын? Аузы түкті кәпірдің талайларын, Бақыртып бауыздаушы ем лақтайын» деген шумақтардың өзі талай сырды ақтарып тұрғандай. Иманжүсіп сонау Қоянды жәрмеңкесіндегі оқиғадан кейін-ақ патша жандаралдарының қырына іліккен болатын. Ол кезде он сегіз жастағы Иманжүсіп Кенесарының суретін қорғап қалған еді. 

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК,

Қазақстанның Мәдениет қайраткері,

Қазақстанның Құрметті журналисі