Мыңмен жалғыз алысқан өнертапқыш
2023 ж. 19 мамыр
2744
0
Біз мектеп қабырғасында оқушы кезімізде географиядан беретін ағай тақта алдында шабыттана, біздің елімізде, яғни «Қазақстан Республикасында жер асты қазба байлығы орасан, ал жер үсті табиғаты таңғажайыптарға толы дегенде кеудемізді ерекше мақтаныш сезімі кернейтін. Сөйтсек жер асты қазба байлығына жергілікті халықтың мүддесін қорғайтын билігі болмаса «түлкінің терісінің қызылдығы өзінің соры», демекші шетелдіктерге сатылған кен орындары жергілікті халыққа орны толмас кесапат әкеледі екен. Шет елдік «жарылқаушы» қазба байлықтың ең құнарлы қаймағын сыпырып әкеткен соң, артына үңірейген көмусіз шахта, мұнай сорғалаған скважина, ластанған жер, су, ауа, жұмыссыз қара халық, дауасыз дертке шалдыққан ұрпақ секілді сансыз проблемаларды қалдырып, «іс бітті, қу кетті» деп тайып тұрады екен. Қара халыққа қазба байлықтан ештеңе бұйырмайтынына анық көз жетті.
Екінші жағынан, ешқандай қазба байлығы жоқ елдер, өз патриоттарының интелектуалдық жетістіктері арқылы халқының күн көрісін таңқаларлық деңгейге жеткізеді екен.
Ал, сол білім, өнертапқыштық қазақта қандай деңгейде деген заңды сұрақ туады. Сәуірдің он бесінші жұлдызы – миллиардтан бір адамда ғана кездесетін ғажайып талантты, қазақтың техника саласының Наполеоны болуға тиіс, бірақ сол саланың шенділерінің айтқанына көніп, айдауына жүрмегендіктен, екіншіден, ойлап тапқан жасалымына шенділерді қосалы автор етіп «мінгестірмегендіктен» Мәскеу ғалымдарымен отыз жыл, егеменді аталатын жабайы қазақ капитализмінің ғалымдарымен он бес жыл айқасып, бойкүйез қазақтан түңіліп, көрсоқыр қазақтан жеңіліп, соңына «Арпалыс» атты дастан қалдырып, өмірден ер-тұрманы бүтінделмей арманда өткен өнертапқыш қазақ Сейілбек Қышқашұлының дүние есігін ашқан күні. Секеңнің қандай жарақтар ойлап тапқанына, өміріне қызығушылар жауапты «Арпалыс» дастанынан табады. Ал, оның өмірі, шын мәнінде де тұнып тұрған арпалыс! Сейілбек көкеміз мектепті алтын медальмен, Алматы тау-кен институтын (бүгінгі техникалық университет) жоғары бағаға тәмамдаған азамат. Бізде қарапайым пенде мектепті алтын медальға, институтты қызыл дипломға бітірген бала өмірде үлкен жетістіктерге жетеді деп ойлайды. Шын өмірде бәрі басқаша, комсомолдан көтеріліп, қалған оқуды «күн көсем» сияқты сырттай тәмамдаған батыраштар, кез келген талантты ерді қособада тосып алып, тобықтан қағып, жаһаннамға жіберуге дайын тұрады. Сейілбек Қышқашұлының өзгелерден бір ерекшелігі – ол атақ, даңқ, мол ақша жолындағы аламан шабыста, қызыл танау боп дидарайнаның (телевизор сөзін ол кісі осылай атаған) төрінен түспей сұңқылдап сұхбат бергіштерден емес еді. Ол туралы «Казахстанкая правда» газетінің тілшісі Кривобоков: «Много лет он ведет бесплодную переписку, обращается в разные ведомства, пишет в различные станции, требует... чего он требует, чего он добивается? Более просторной квартиры? Льготной путевки в дом отдыха, каких-то материальных благ? Нет он для себя ничего не просит» деп жазған еді. Ө.Ақжігіттің Секеңе арналған «Миллиард ішінен бір жалғыз» деген көлемді мақаласы «Евразия.кз» апталығының үш нөміріне шыққан болатын. «Ал «Караванның» тілшісі Ковалев өз мақаласында Сейілбек Қышқашұлының Қазақстан үшін қандай жарақ ойлап тауып, өліп-өшіп жүргенін, бірақ оларды Қазақстанда ешкім керек қылмайтынын айта келіп: «Мы живем в мире большая и силнейшая часть которого хотела бы в предвидеть нас слабыми, зависимыми, продалжающими ежегодно тратить миллиарды на покупку за границей техники, продукты питания, им не нужен сильный Казахстан, он нужен Кишкашеву» деп жазды.
Секеңнің жолы болмауының басты себебінің бірі – жұмыс істеген жеріндегі осы кезге дейін ешкім тіс жармаған өтіріктер жайлы ашық баяндауы. «Бір бөлмеде отырған соң амал жоқ олардың сөздерін естисің. Ол кезде «хоздоговор» деген болатын. Ғалымдар үшін де, ғалым болғысы келетіндер үшін де табылмайтын бір нәпақа. Нәпақа дейтініміз, жұмыс шын жұмыс емес өтірік жұмыс, біреуі ғалым, біреуі ғалым емес екі адам екі мекеменің атынан біреуі «бізге мынандай жұмысты пәленше уақытта пәлен сомға істеп беріңіздер» деп, біреуі иә ондай жұмысты « пәленше уақытта пәлен сомға істеп береміз» деп келісім шарт жасасады, міне осыны «хоздоговор» дейді. Ал оның өтірік болатыны – қампиған томның іші толған айта-айта ақжем болған, жаза-жаза жауыр болған «ғылыми» сөздер, «ғылыми» тұжырымдар болады, бірақ оның ғылымға да, өндіріске де түк пайдасы болмайды, тек «договор» жасасқан екі адамға ғана пайдалы болады, ғалым, болмаса ғалым болғысы келетін, ал ғалым болса атағын өсіргісі келетін өндірістің бастығы жаңағы өтірік жұмысты не кандидаттық не докторлық диссертация етіп қорғайды. Оны өтірік ғалымдар қаптап отырған ЖАК (жоғарғы аттестациялық комиссия) бекітеді. Ал жаңағы өтірік ғалымға көмектескен өтірік ғалым болса, тегін ақшаға кенеледі. Тегін ақшаға кенелетіні, ол өтірік жұмысты өзі істемей «құлдар» істейді. Құлдар деп отырғаным оның қарамағындаағы «мнс»-тер мен «снс»-тер («Арпалыс», 68 бет).
Қышқашұлының жасалымдарының жарық көрмеуінің екінші себебі –осы күні кейбіреулер егіле еске алып жүрген социалистік системадағы үлкенді-кішілі бастықтар болатын. Әдетте бастық атаулы өз креслосында мың бір түндегідей «ұзақ та бақытты ғұмыр кешу» үшін қарамағына «ләббай, тақсыр» деп иіліп тұратын жағымпаздар мен өз туыстарын жинайды. Бір өңірді қырық жыл билеген «кемеңгер» жас жігітке: «Егер ұзақ уақыт бастық болғың келсе, қарамағыңа ешқашан өзіңнен білімді, табанды, талантты, қажырлы, ізденгіш, адал маманды алушы болма, коллективте абыройың болмайды, креслоңа қауіп төнеді, бір айырылсаң креслоң қалпына келуі қиын, бастық атаулы «халқым үшін» деп айтады, бірақ креслосына ғана қызмет етеді, осыны жадыңда ұста» дейтін.
Кейбір қаламгер сәбет дәуіріндегі осындай «қайраткерлердің» сөздерін емірене, елжірей еске алып жатады. Мүмкін елжірейтіндей сөз айтқан шығар, бірақ елжірейтіндей іс істемегені анық. «Не надо быть искренным, а надо казаться искренним» деген сөз осындай ғұламалардан қалса керек...
Сөзіміз дәлелді болу үшін Секеңнің «Арпалысына» оралайық: «Важов мырс етіп күлді де, «Беликке әуелім «Правданың» да әлі келмейді» деді. Сөйтіп, амал жоқ жұмыстан «өз еркіммен» кетуге мәжбүр болдым. Екібастұздан кететін күні, пойызға бір-екі сағат қалғанда қасына барып, кенқазғышыммен қоштастым. Үстіне қолымды салып тұрып, жыладым... Кенқазғышқа байланысты кейін тағы да екі рет жыладым. Тағы да алдымнан «не істеу керек?» деген сұрақ шықты Не істеу керек екені белгілі – Екібастұзда жартылай жасалып бітпей, қалған кен қазғышты жасап бітіру керек. Алматыға келе сап, бұрын талай барған мекемелеріме тағы бардым. Екібастұздан кетерде жартылай жасалған кенқазғыштың суретін ала кеткем. Барған жерімде әлгі суретті көрсетіп: «Сіздерге бұрын келгенімде кенқазғыш жасалған жоқ еді. Енді міне жартылай жасалып Екібастұзда қалды. Енді соны толық жасайық» деймін. Бірақ біреуі былқ етпейді. Одан өзіміздің ЦК-ға бардым, ЦК олардан да жаман қарсы алды. Біреуі «Келме бұдан былай, сенің бұл темірлеріңмен ЦК айналспайды» десе, біреуі «Сен өзің партиядан шығайын деп жүрген жоқсың ба, елге жұмыс істетпейсің» деп қорқытты.
Содан Алматыны қанша айналсам да, ешкімнен қайыр болмайтынына көзім жетіп, Мәскеуге баруға бел будым. Мәскеуде бірден Козаченконың кеңсесіне бардым, ол мені тағы да Көмір министрлігіндегі бір кеңсебайға ертіп барды, ол кеңсебай менің сызбаларымды қараған да жоқ. Неге келгенімді біліп, тау-кен институтына жіберді. Сондағы ғалымдырдың пікірін алып келіңіз, онсыз жұмысыңызды қарамаймын деді. Тау-кен институтына бір емес үш рет бардым. Үшеуінде де қып-қызыл айтыс болды. Западинский деген біреуі: «Сен не, ғылым мен техникада Наполеон болғың келе ме? – дейді. «Болғым келеді емес, боламын», – деймін мен. «Міне, көріңдер» деп, кенқазғыштың суретін алдарына жайып қоямын, сызбаларды қабырғаға іліп қоямын. Былай да былай айтам. Болмайды. «Өлдім-талдым дегенде Балжан туды» деп, үшінші күні Западинский бауырым мені қолдады. Содан не керек, әрі айтысып бері айтысып, құдай жарылқап кеңес мүшелерінің көбі Западинскийді қолдап шықты. Сөйтіп, СССР Ғылым академиясының ғалымдары менің қолыма «Жаңа эксковатордың Екібастұзда жартылай қалған нұсқасын толық жасап, сынаған жөн» деген шешім шығарып берді. Шешімді алып, шауып отырып министірлікке келейін. Өзіме өзім «иә, сәт» деп қоямын. Сөйтсем қайдағы сәт, алдымнан тағы бір тау шықты. «Мұны тек Шадов шешеді» дейді. Шадов ол кезде, СССР Көмір министірінің бірінші орынбасары. Не істеу керек, барсам көмекшісі «Шадов қабылдамайды» дейді. Бірден Мәскеудің ЦК-сына қоңыраулаттым, пәмилесі әлі есімде Лукин деген кеңсебай, «біраздан кейін ызбандаңыз» деді. Біраздан кейін ызбандап ем «ертең сағат пәленде Шадов сізді қабылдайды» деді. Айтқан уағында министрлікке бардым. Шадов та, көмекшісі де алдымнан жүгіріп шықты. Шадов тіпті өзіне кеше кіре алмағанына ренжіп: «Көмекші жібермеді дейсің, көмекші кім? Осындағы қаптаған көп кеңсебайдың бірі, қағып жібермейсің ба былай тұр деп, ой-ой!» деп басын шайқады. Содан менің Екібастұздан салпақтап келгеніме ренжіп, «бекер әуре болып келгенсің сол жақтан ызбандасаң ғой бәрі шешіліп жатыр. Мен ол Беликке шаянның қайда қыстайтынын көрсетер ем» деді. Содан не керек, «Беликке жаңа ызбандадым, Екібастұзға қайта бар, жұмыс та дайын, жатақхана да дайын, тек ана экскаваторыңды сенбі, жексенбі ғана істейсің» деді. «Ойбай, сөзіңе құлдық бәріне келісемін, тіпті еден жуушы болып істеуге де бармын» дедім қалбалақтап. Сөйтсем, Шадов бауырым қып-қызыл өтірікші екен, жаңағының бәрін өтірік айтыпты... Белик «бауырым» қолыма өздерінің техсоветінің «Жаңа экскаватор түке жарамайды» деген шешімін ұстатты. Жұмыс сұрап едім отдел кадрға бар деді. Отдел кадрға барсам жұмыс жоқ дейді. Сонымен салпақтап Алматыға қайттым...
Содан бірде қаңғып жүріп кездейсоқ қазақтың сол кездегі белгілі ақыны әрі сыншысы Әбіраш Жәмішовке жолыға қалдым. Университетте Уәш ағамен бірге оқығанын кейін білдім. Сырбай Мәуленовтің бас редактор кезінде «Жұлдызда» істеген, енді «Социалистік Қазақстанда» істейді екен, құшақтай алды. Ішімді жарып бара жатқан шерімді жыр қып тарқаттым. Жырымды тыңдап болып, сенің осы айтқандарыңның ішінде маған ұнағаны ана кенқазғышың туралы әңгіме болды. Сен соны «Көмірді қалай қазған жөн?» деп жазып әкеп берші, көрейін деді. Дереу жазып апарып бердім. Көп ұзамай-ақ мақала сол атымен жарқ ете түсті. Тура Ленин сыйлығын алғандай қуандым, бұрын да оны-мұны жазғандарым шығып жүретін, ал мынау олардың бәрінен бөлек, мұны басқа емес Димекең оқиды. Өзі тау-кен инженері, қалай оқымайды, оқиды да дереу өзіне шақырып алады. Шақырып алады да барлығының аяғын бір етікке тығады, іштерінде маған «бұдан былай келме» деген ит те, «партиядан шығып қалайын деп жүрген жоқсыңба» деп қорқытқан ит те бар, Димекеңе бірдеңе деп қоя ма деп, екеуі де маған жаутаңдап қарайды. Мен кекірейіп оларға қарамаймын. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе» дейді қазақ. Менің бұл қиялым сол қиял қалпында қалды...
Кейін бір жолыққанда Әбекең: «Апырмай бұл қалай, сен көмірді қазіргідей қазбайық, жаңаша былай қазайық дейсің. Сонда мынандай пайда табамыз дейсің. Және ол пайда жүздеген мыңдаған сом болса екен, миллиондаған, милиардтаған сом. Қазақстанның бір жылғы бюджеті. Ал енді соған бір адамның селт етпеуі қалай? Жарайды, біз сияқты жәй адамдар селт етпей ақ қойсын. Ал ана Үлкен үйде отырғандар ше, жарайды олар да селт етпей ақ қойсын, Димекең неге үндемейді? Әлде ол кісіге газет бармай ма, әй, бармайтын шығар...» деп күйінді. Содан саған қалай көмектесуге болады деп өзімен өзі сөйлесіп тұрды да кенет: «Әй, сен осы телевидениеге барсаң қайтеді, газетті біреу оқыса біреу оқымайды. Ал телевизорды көрмейтін халық жоқ қазір» деді де ойына тағы бір нәрсе түскендей тез-тез сөйлеп кетті. «Сен былай істе, дәл осы атпен телесценарий жаз, сөйт те телевидениеге апарып бер». Сөйтті де менің ойымды сезіп: «Онда менің таныстарым бар, бірақ қолынан түк келмейтін иттер» деді. Кейін бір жолыққанда Әбекең «телесценариің не болды» деп сұрады. «Көрген жоқсыз ба? Әбекең: «Әй, қашан көрсетті?» деп сасып қалды. «Жәй айтам, Әбеке, жаратпай қойды телесценарийді» дедім. Сәл үнсіз тұрып таусыла сөйледі: «Құдайдың құтты күні біресе ана газетке, біресе мына газетке мақала жазады. Құдайдың құтты күні не радионы не телевизорды босатпайды. Айтатыны ақыл-уағыз. Халықтың мүддесін ойлайық, халықты бақытқа кенелтейік, халықты бақытқа кенелту үшін комунизмге тезірек жетейік, ол үшін комунизмнің материалдық-техникалық базасын жасайық, ол үшін ғылым мен техниканы дамытайық» деп сарнайды. Ал енді халықтың мүддесін ойлағыш болса, халықты бақытқа кенелткіш болса, бәрімізді коммунизмге тезірек жеткізгіш болса ол үшін ғылыми-техникалық прогресті өркендеткіш болса, сенің мына ғылыми техникалық жаңалығыңды неге қолдамайды?» деді. Сөйтті де сәл үнсіз тұрып, тағы да таусыла сөйледі: «Сөз бен ісіміздің арасы жер мен көктей».
Әбекеңнің «сөз бен ісіміз» деген сөзі кезінде бір қаламгердің романы туралы дәл осы атпен жазған мақаламды есіме түсірді. Әбекеңмен танысуым сол сыннан басталған. Шатырқұлда жүргенде «Жұлдыздан» қаламгердің повесін оқып тас-талқанын шығарып сын жазғанмын. Повесть геологтар туралы екен. Бірақ геологтардың өмірінен де, жұмысынан да мүлде бейхабар. Сынымды «Лениншіл жас» басты. Содан Алматыға келген келген соң, жазушының және бір кітабын көріп, ескі таныс болған соң, не жазды екен деп дереу сатып алып оқысам, тағы да геологтар туралы. Тағы да сол геологтар өмірінен, тұрмысынан, жұмысынан мүлде бейхабарлық, тағы да тас-талқанын шығарып сын жаздым да, «Лениншіл жасқа» апардым. «Ойбай, мынауыңыз журналға болмаса, газетке сыймайды ғой» деді сондағы бір білгіш. Содан «Жұлдызға» бардым, Әбекеңді алғаш сол жолы көрдім, сынымды алып қалды». («Арпалыс», 96 бет).
Қышқашұлының жасалымдарына Мәскеу ғалымдарының қырын қарауы түсінікті. Мемлекет пайдасынан гөрі өз пайдасы маңызды социалистік система. «Күн көсемінің» мәңгілік идеяларынан қуат алған Кеңес өкіметі гүрс етіп құлап, еліміз тәуелсіздік алғанда тілшілер қауымының өзі ә дегенде «Сәбет өкіметі құлады» деп ашық айта алмай кібіртіктеп, зауыт фабрикалар тоқтап, колхоз, совхоз әрі-сәрі боп, басқа республикалармен экономикалық байланыс үзіліп, қара халық аласапыран қиын кезеңге тап болды деп мәймөңкелеп бастағанда, Секең тәуелсіздікке жүрегі жарыла қуанып, ерекше құлшыныспен бұрынғыдан жүз есе артық еңбектенген еді. Оның бір дәлелі – өзі істейтін кәсіпорында қазақ тілі курсын ашып, шенқұмар қазақтың бірін бастық қойып, өзі тегін сабақ өткізген, жасалымдарына жан бітіреді деп, жаңа министірлерден үміттенген. Бірақ сөз жүзінде «Тәуелсіздік сарбазы» болып көрінген үкімет басшысы, министрлер мен кеңсебайлар Секеңнің бір де бір жарағын жасатпай, қадам сайын кедергі келтіріп, сызба күйінде қалдырды. Себебі, Қышқашұлының жарақтары Қазақстанда жасалып, әлемдік бәсекеге шығатын болса, миы кеуіп қалған министрлер мен кеңсебайлар мүлдем керексіз болып, жұмыссыз қалар еді. Және бір себеп – еліміздің шетелден миллиардтарға азық-түлік пен техника сатып алуында өзіне тиесілі «қол үздіктерін» (откат) ала алмас еді. Министрлерге, кеңсебайларға еліміздің тәуелсіздігінен гөрі «қол үздіктер» арқылы келетін өз тәуелсіздіктері маңызды болды. «Мынау марғау дәуірдің де орташалар сүйенері, Биліктегі бастың көбі орташа ақыл иелері» деп ақиық ақын Мұхтар Шаханов жырлағандай, орташа ақыл иелері кезекті қымбатшылық жасағанда, үкімет орташа ақыл депутаттары арқылы кезекті рет алақан жайып шет елден әлде, ұлттық қордан қарыз сұрағанда сізді еріксіз еске аламыз, Секе. Миллиондарды жымқырған «өнер қайраткеріне» араша түсіп аттандап шығатын ақсақалдар сізді қолдап бір ауыз сөз айтпағаны еске түскенде, отыз жылғы кер заманда адамдық бейнесін жоғалтқан ұрпағың қасиетті рамазан айында ауызашарға жайылған тегін дастарханға Питердегі қысқы сарайға шабуылдаған большевиктердей жанұшыра жүгіргенін көргенде, әз-Наурызда тегін палауға хайуанша таласқан тобыр ережесіз жекпе-жектің сарбаздарындай бірін бірі таптап, жаншып жатқанда, «жұлдыз» кемпір жас байға тигенін, «жұлдыз» шал жас қатын алғанын мақтанышпен желіге жүктегенде, дидарайнадан Бесобадағы іргетассыз салынған он қабат үйлердің опырыла құлағанын көргенде, жалмауыз заврайононың жарты миллиард теңге жалмағанын көргенде, ұлы тонаушыларға қойылған ескерткіштей ЛРТ бағаналарын көрген сайын сізді еріксіз еске аламыз, Сейілбек көке...
Құрметті оқырман, не лағып отсың, тегін палау таласқа Сейілбек көкенің не қатысы бар деуіңіз мүмкін. Мұндағы байланыс біздің жабайы капитализм «Ұлы даланың ұлы тонаушыларынан» басталмай ұлы дала өнертапқыштарының жарақтарын жасап, ел бюджетіне триллиондай теңге құйдырудан бастағанда, сол триллиондардың арқасында ауылға, қалаға асфальт жол, ауыз су, табиғи газ, монша, мәдениет үйі, балабақша, үш қабат заманауи мектеп салынып, ол мектепке: оқу бітіріп жұмысқа келген жас маманды жұмысқа қабылдауы үшін, миллион теңгесін сыпырып алатын, дипломды сатып алып, еден жуушыдан директорлыққа көтерілген сұрқия болмас еді. Зәулім мектеп салынып, оған жұмысқа тұрғын үймен қамтамасыз етілген білімді мұғалім келер еді. Аппақ қардай сәби жанын патриот болуға, алған білімін отанына кіршіксіз қызмет етуге, тәрбиелер еді. «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» дейді қазақ. Израильде ең жоғары жалақы мұғалімге, дәрігерге және әскерилерге ғана төленеді екен. Сонда біздің балаларымызда, әкім, кеденші, банкир болуды армандамас еді. Әскеріміз мықты болса, апырмай кешегі генерал шекараның қай жерінен өтіп кетті деп аңырып отырмас едік. Сіздей талантты бағалай алмаған, қорғай алмаған, біздің обалымыз жоқ. Өнертапқышты қолдауға деген құштарлықтан іштарлық жүз есе басым бізде. «Мәстектерді жіберіп ат жарысқа, сәйгүлікпен кей жерде қой бағады» демекші, әр қиындыққа тап болған сайын сізді еріксіз еске аламыз Сейілбек көке. Ғалымдар пейіштің есігінен сұрақ-жауапсыз кіреді делінген хадисте. Сіздің жаныңыз жәннатта екені шүбәсіз.
Нысанбай Қуанәлиұлы,
Қазақ үні