БИЫЛҒЫ ЖЫЛ ҚАНДАЙ ЖЫЛ?

БИЫЛҒЫ ЖЫЛ ҚАНДАЙ ЖЫЛ?

Шығыс халықтарының көбі, біздің түркі халықтары да 12 жылдық мүшел есебін пайдаланғаны белгілі. Бұл есеп бойынша жыл аттары 12 түрлі жануардың атымен аталады және бұл жануарлардың аты тұрақты болып келеді. Дейтұрғанмен, географиялық ортаға, ауа райының ерекшелігіне байланысты сол 12 жылдың өзіндік ерекшеліктері болғаны анық.Сондай-ақ, әрбір жылүнемі бірдей болып қайталанбай, әр рет келгенде әр түрлі сипатқа ие болғандықтан, бір жылдың өзі бірнеше түрге бөлінген, осыдан 60 жылдық циклды жыл есебі және 144 жылдық циклды жыл есебі пайда болған. Кейбір деректерге қарағанда Түркі халықтары ертеде 60 жылдық циклды жыл есебін пайдаланған болса керек, алайда, ол есеп бізге жетпеген. Қазір 60 жылдық циклды жыл есебін Қытай, Жапон, т.б. Шығыс Азиядағы біраз халық қолданады. Орта ғасырларда Түркілер 144 жылдық циклды жыл есебін қолданған, бұл есепке қатысты кейбір атаулар ХХ ғасырдың басына дейін қолданыста болса керек, алайда, қазір оны білетін кісі жоқ. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы этнографиялық еңбектерден және ауыз әдебиетінен кейбір деректеркездесіп қалатыны бар. 144 жылдық циклды жыл есебінде он екі жылдың әрқайсысы өз ішінен тағы да 12-ге бөлінеді де, олар сол жануардың 12 түрімен аталады.Осы бөлініс бойынша Қазақ жылнамашылары (есепшілер) Қоян жылын 12-ге бөліпті. Шаяхмет Жәңгірұлының «Жыл топшылары» атты қолжазбасында қоян жылдары былай жіктелген: «Ақ қоян,Ор қоян,Қара қоян, Көк қоян,Көкше қоян,Сары қоян,Қызыл көз қоян,Қоңыр қоян,Сұр қоян,Сұрша қоян, Бурыл қоян (жыңғыл арасында болады), Бөрте қоян (бөктерлерде болады)».  

Жылнамашылардың тәжірибеге сүйеніп айтқан болжамдары бойынша жылдың сипаты үш жақтан бағаланған. Бірі, малға,адамға жайлы болуы, күннің жылылығы, шөптің құнарлылығы.Екінші, елдің бейбіт, заманның тыныштығы.

Үшіншіден, қазақ ұғымында дүниеге келген сәбидің тағдыры, қандай іспен шұғылданса ісі өнімді болмағы оның туған жылына байланысты дедеген сенім бар. Мұндай сенім шығыс Азиядағы көп халықтарда кездеседі.Жылнамашылар қоян жылы туған балаларда көп кезедсетін жағымсыз мінездерді былай көрсеткен:

«Қоян жылдары туылған бала қорқақ, ат үркек» (Шаяхмет Жәңгірұлы). Тіпті, «балаларда ерні жырық болып туатындар да кездесетін» көрінеді. Қоян әлжуаз, қорқақ жануар болғандықтан, бұл жылы туған баладан ел қамын ойлайтын үлкен азаматтар аз шығатыны айтылған. Алайда, бұл бұлжымас ақиқат емес, кездесуі мүмкін деген белгілер ғана. 


Ақ қоян жылы

«Ақ қоян» – жүні қардай аппақ, денесі басқа қояндардан кесек, таулы жерде болады. «Ақ қоян» кіретін жылыақ түсті малдың тойынысы жақсы. Ақ қоянның белгісі жазда таулы жердің қояны аппақ болады екен.Басқа жылдарда тау қояны жазда сұры, көкшіл болатын көрінеді. «Ақ қоян» жылы қар қалың болғанымен, күн аса суық болмайды, боран аз соғып, қыс ерте шығады. Бұл туралы Ғарапіл Мұсажанұлы:


Ақ қоян қарың қалың, бораның жоқ, 

Болғанмен тұмау пұшпақ «қонағың» көп.

Күзетке кебенексіз малшы шыққан,

Қорықпай аяз қысып тоңамын деп, -деп жырлаған екен. 

Соған қарамай, бұл жылды ауыр жылға жатқызған. Адамға тұмау көп таралатын жылдың бірі осы ақ қоян жылы. Бұл жылы қар қалың болсада ұлпа күйінде жатады, жылқы жайылыспен қыстан шығады. Ал қар қалың болғандықтан, сиырға дала жайылысы қиындау келетін болса керек. Мұны Арғынбек Апашбайұлы: 


Қоянда жылқы семіз, сиыр арық,

Ешкінің онан бетер күйі ғаріп,

Тоқтамай қары қалың ойпаң жерге,

Кетеді қыр сағалап киік ауып, -деп түйіндепті.  

Осыдан «ақ қоян» жылының әр түлікке бірдей жайлы болмайтынын да байқауға болады. 

«Ақ қоян» жылы туған ер баланың мінезі кең, жұмсақ, кек сақтамайтын ақкөңіл болады. Бірақ, өзіне сенімсіз, басқаларға жалтақтағыш келетіндері көп кездеседі. Қыз бала мейірімді, берекенің адамы болады дейді.  


Ор қоян жылы

  «Ор қоян» — жонында, жағында қоңырқай жолағы (сағалы) бар бозша қоян. 

Ор-ор қоян, ор қоян,

Ор қоян атты бір қоян,

Он екі көжек атасы,

Қаудыр құлақ шал қоян

-деп Шалкиіз жырау жырында айтылатын ор қоян осы.

«Ор қоян» кіретін жылы ақселеу бойлап өсіп, ор қоян көбейеді. Аша тұяқты малда «сарбуын» (ақсақ) ауру көбейіп, жылқы тасырқағыш келеді. 

Ор қоянның бауыры ақшыл келеді. Соған қарап айтылса керек, «Ор қоян» жылы таулы жерлерде қар аз, ой жерлерде қар қалың түседі делінеді. Бұл жылы күшті боран аз болса да, жаяу борасын, жел көп соғады. Таулы өңірдің қарын жел үрлеп жерді қарайтып кетеді де, ойлы жерлерде желдің көптігінен қар сіріленіп, малдың жіліншігі қотыр-жара болып көктемге таман пырақ, көтерем көп шығады. Бірақ, ауыр жұт болмайды депті. 

Бұл жылы туған ер бала екі сөзді, ашуы қаттыкеледі, бірақ, қиындыққа жолықса жол тапқыш, сөзден гөрі іске шебер болады. Қыз баланың мінезін екі түрлі сипаттаған: бірі «өсекке, өтірікке жақын», енді бірі «әңгімешіл, әзілкеш көңілді келеді»деген. 

Қара қоян жылы


«Қара қоян» — аса сирек кездеседі, жүні көкшілқара болып келеді. Қара қоян нысаналы қасиетті жануар саналған.Қара қоян кіретін жылы өзен бойларында, қоғалы жерлерде қара қоян көбейеді, тауда қоян аз болады, сондықтан түлкі жазыққа тартқыш келетін көрінеді. 

«Қара қоян» кірген жылы қысы қарсыз, қара суықкүшті, жазда малдың сүті аз болады. Адамда тұмау көбірек кездеседі. «Қара қоян» жылы қара түсті малдың етінің дәрілік қуаты күшті болмақ. Қарамық, су шешек сияқты жұқпалы бөрткендер көп тарайды екен.  

Қара қоян жылы туған ер баланың мінезі өте қатты болып, қарсыласқан кісіге кесірі көбірек тиеді екен. Ойлаған ойын қайткенде іске асыратын табанды, қажырлы келетін көрінеді. Қыз бала қолы тар, тілі майда, діні қатты, бірақ, айтқанына ел тез иланғыш, қасын досына айналдыратын қасиетке ие болады. Достарына пайдасы көп тигенмен, еріне жол бермейтін адуын болғандықтан, кейде зияны да тиеді.  


Көк қоян жылы

      «Көк қоян» — жүні ақ көк, денесі кішілеу қоянның нашар тұқымы.

Көк қоян кіретін жылы түсі қаракөк қоян көп болады. Көкшіл мал семіз, ақ малдың тойынысынашар болатыны айтылыпты. «Көк қоян» жылы жазда көктем жақсы болады. Алайда, шөптің жұғымы аздау болып, күзде мал ерте суалып, ерте арықтайды. Қысында қар аз жауатындықтан, ой өлкелерде де, таулы өңірлерде де жұт болмайды.  

Бұл жылы туған ер бала сөзінде сенім жоқ, уәдесінде тұрмайтын, бірақ, ешкімге зиян-зардабы тимейтін, табысы көп, бірақ шашпалау, бос сөзге құмар, шешімді тез қабылдай алмайтын, бірақ, қолы ашық жомарт болады да, қыз бала сұлу, мінезі жайсыздау, өсекке бейім, тілі ащы келеді. Алайда, өз ортасына беделді, бір көрген адамға жақсы әсер қалдыратын, шешен болады. 


Көкше қоян жылы

«Көкше қоян» — денесі ірі, жүні көксұр, бөктер тауларда жасайтын қоян. 

Көкше қоян кіретін жылы көкше қоян көбейіп, жаз ортасында шегіртке қаптап, шөп ерте қурайды. Малдың тойынысы нашар. Ит ұлығыш, сиыр мөңірегіш келеді.   

 «Көкше қоян» жылы көктем нашар, шөбі құнарсыз, қысы өте суық. Қыста қар аралас жаңбыр жауады да, жер көкше мұзға айналып қатып қалады. Сондықтан, қай түлікке болса да ауыр тиеді. «Көкше қоян» жылы туралы:


Қоянның сақта, тәңірім, көкшесінен,

           Тесілді тері шарық өкшесінен.

Терем деп қарасудың үшбұрышын,

Бөлінді тақыр шалбар бөксесінен (Үшбұрыш – суда болатын, жаңғақ текті жеміс), - деген өлең бар екен.  

Әбіқай Нұртазин «Тас мешін» поэмасында: «Жұт көрдім жеті жаста «қоян»деген”,- дейді. Ақын Әбіқай Нұртазин 1871 жылы туған адам. Ендеше,оның көрген жұты 1878 немесе 1879 жылдары болған. Жылнамашылар бұл жылды көкше қоян жылы деген екен. Олай болғанда биыл 2023 жылы көкше қоян жылы болса керек. 

Көкше қоян жылында көкшіл мал сергек, жазда тойынғыш, қыста ет ұстағыш келетін көрінеді. 

Көкше қоян жылы туған ер бала бірбеткей, батыл, қыңыр, өзін-өзі жоғары санайтын өзімшіл келеді. Бірақ, сөзіне ел ермейді, елге қадірі аздау болады. Ал, қыз бала мінезі тұйық болсада, көңілі жұмсақ, көз жасы көп, жоқ нәрсеге жылағыш келеді. Бұл жылы туған қыздардан көзінде «жас ұясы» бар адам көп кездесетіні, ондай адамның жолы ауыр болатыныайтылған. 


Сары қоян жылы

«Сары қоян» — бұл қоянның өте сирек кездесетін түрі.Сары қоян кіретін жылы қоянның түрі қызыл сары, қарсақ жүн болып келеді. Бірақ қоян көп болмайды. Сары малдың тойынысы нашар болады. «Сары қоян» жылы жаз қуаң болса да, шөп құнарлы болып, мал жақсы тойынады. Қыста етін сақтап, күйлі шығады. Бұл жылдың қысында қар жұқа болады. Сары ауру, сүзек секілді жұқпалы індеттер көп тарап, балаларға сарбас сыздауық сияқты бөрткен шыққыш, қысқасы адамдарға мазасыз жыл делінген. 

Бұл жылы туған ер бала уайымшыл, ісіне ұқыпты, қыз балаларда аурушаң, әлсіздер көп кездеседі екен.


Қызыл көз қоян жылы

 «Қызыл көз қоян» — қызыл көз ақ қоян. Қызыл көз қоян кіретін жылы қоян аз болады, жазда мал сүзіскіш келеді. Қорадан мал көп үркеді. Ақ түсті малдар ет алмайды. Адамда көз ауру көп болады. 

« Қызыл көз қоян жылы» шөп құнарсыз, мал арық болады. Ақ түсті малда көкқарын ауруы көп кездеседі. Алайда, қыста қар қалың болғанымен, ерте кетеді де, артық жұт болмайды.  

Қызыл көз қоян жылы туған ер бала бай, әр нәрсеге жіңішкелікпен назар аударатын ұқыпты, сақ келеді. Дүниеқор, ұсақшыл, пәлеқор келетіндерде кезедседі, қыз бала пысық, қолы берекелі болады екен.


Қоңыр қоян жылы

Қоңыр қоянның жүні қоңырқай сұры, денесі ірі келеді. «Қоңыр қоян» кіретін жылы қоян көп, түсі қоңыр болып келеді. Жазда түйегеауру тарайды, қатер көп болады. Бас ауруы бар адамдар ол жылы ауырмайды. Жас балалар көп жыламайды. Қоңыр қоян жылы жаз қоңыр салқын, шөп сілбі, бірақ, қыста қар жұқа, күн аса суық болмайды. Малдың тойынысы жақсы болмасада, қыстан аман шығады.   

Бұл жылы туған ер бала ел алдына түсуді мақсат тұтпайтын, қоңыр қалта, қарапайым, момынкеледі, еріншек, жалқаулары да кездеседі. Қыз бала мінезді, берекешіл келеді делінген.


Сұр қоян жылы

«Сұр қоян» — ойлы жерлерде көп кездесетін, жүні сұржағал қоян. «Сұр қоян» кіретін жылы қояндардың түсі сұры болып, өздері топталып жүреді. Адамда тері аурулары көп болады. Жеміс жидек қысырап қалады, егін жақсы шықпайды. Сұр қоян жылы жаз қуаң, өсімдікке алақұрт ауру тарайды.ьҚыста қар өте жұқа, күн жылы болғандықтан жұт болмайды. 

Бұл жылы туған қыз бала сөзі аз, жуас, ұл бала өте жасық, сөзге ергіш келетін көрінеді. 


Сұрша қоян жылы

«Сұрша қоян» — сұр қоянның бір түрі, қамысты, шилі өңірлерде болады. Сұр қояннан көрі ақшылдау келеді. «Сұрша қоян» кіретін жылы қоянның түрі сұрғылт болып келеді. Жазда қоян көп өледі, қаршыға көбейіп кетеді. Жауын-шашын аз болып, мал жақсы тойынбай қалады, жусан көктемей қалады. Адамға қызылша көп тарайды. 

 «Сұрша қоян» жылы жаз жаңбырлы, жердің көктемі жақсы, бірақ малдың тойынысы тегіс болмайды. Алайда, қыста қар аз жауатындықтан мал жайылыстан тарықпай күйлі шығады екен.

Бұл жылы туған ер бала момын,еңбекқор келеді. Деседе, еріншек, кедейлері, өтірікші, аңғарымсыздары да кездеседі. Тілінен зиян шегіп жүретіндердің саны көбірек болатын көрінеді. Біреуге әдейіқастық ойламасада, жақын адамдарына қолайсыздықтар тудыратын аңғал адамдар көп шығатындықтан, айналасына сиымсыздар да кездеседі. Ал, қыз балалар мінезі жұмсақ, көңілшек келеді. Жылнамашылар бұл жылды «ат сүріншек, ұл еріншек, қыз көңілшек» деп сипаттапты. 


Бурыл қоян жылы

“Бурыл қоян” — жыңғыл, сексеуіл арасында, құмды жерде жасайтын жануар. Бурыл қоян жылы құм көшкіш болып, қаңбақ көп өседі. Қоянның түрі бурылдап, күзде көзге көп көрінбейді. Адамның шашы ағарғыш, тері аурулар қозғыш келеді. 

«Бурыл қоян” жылы көктем әр жерде әр түрлі болып, жазы қуаң келеді. Қысы қара суықты болғанымен, қар аз, жер беті бурылдап қана қар түседі екен, соған қарамай, «бурыл қоянды »молшылық жыл депті.

«Бурыл қоян» жылы туған ер бала кісіге сөз ұстатпайтын айлакер, ешкімге қарсы келмейтін жұмсақ мінезді, бірақ, екі сөзді, пайдакөс, пысықтарыда кездесетіні айтылған. Қыз балаларшешен, есте сақтау қаблеті күшті келеді. Өсекке бейім,тілі ащы болатындары кездеседі. 


Бөрте қоян жылы

«Бөрте қоян» – бөктерде жасайтын жануар. «Бөрте қоян жылы» малға жайлы, жанға жайсыз жыл делінген. Бөрте қоян кіретін жылы шөп жаз ортасы ауа қурап, ағаш жапырақтары көктей түседі, су ерте суиды. 

«Бөрте қоян» жылы жон тауларда қар қалың, бөктер тауларда қар жұқа түседі. Күн борансыз болғандықтан, қар қатпайды.Қысы малға жайлы келеді. Адамға ауыртпалық көп түседі, жас өлім көп болады.

«Бөрте қоян» жылы туған ер бала үнемі түзде жүретін, үйге көп тұрақтамайтын, несібесін түзден табатын болады. Дала безер, үй тіршілігіне олақ, аңқау келетіндері де көп кездеседі. Ал, қыз бала адуын, мықты, тілі өткір, аузына келген сөзді ірікпейтін бетті. Бейпіл ауыздау болатындары да кездеседі. 

«Қасқырдың беті қатты,жолы жұмсақ, қоянның жолы қатты, жүні жұмсақ»,-деп білетін халық қоян жылдың шығысында қолайсыздықтар болатынын теріске шығармайды. Бірақ бұл тұжырым қоян жылдарының жалпылық сипатын көрсетсе де, бәріне сәйкес келе бермейтін сияқты. Ақ қоян жылы мен көкше қоян жылын ауыр жылға жатқызған, оны «Көкше қоян кіргенде көл суалған, мал желіні сүт бермей ол суалған» деген халық өлеңінен де көруге болады. Жалпы қоянның он екі түрінде ауа райы да, көктем де әр түрлі болып келетінін көрдік. Қоян жылы туған баланың тағдыры туралы айтылған болжамдарда қайшылық бары байқалып тұр. Дегенмен,адам мінезі оның қандай жылы туғаны ғана емес, жылдың және күннің қай мезгілінде туғанына да байланысты болатыны айтылады. Онан қалса ауа-райының қандай болуы да адам тағдырына әсер ететін көрінеді. Қоян жылы адамға жайсыз жыл деген болжам 1722-1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды» оқиғасына байланысты айтылса керек. ол ақ қоян жылы делінген. Бұдан кейін, 1867-68 жылы, 1879-80 жылы, 1891-92 жылы және 1915-16 жылдары жыл ауыр болғаны айтылады. Осыларға қарап айтылған жорамал болса керек. Меніңше, бұл үнемі қайталанып тұратын ауырлық емес. Қоян жылы балалардың көбі әлжуаз болатыны айтылған, алайда, тарихта аты қалған ұлы адамдардың ішінде қоян жылы туғандары аз емес. Мысалы, Абылай хан Уәлиұлы, Фидель Кастро, Конфуций, Уолт Уитмен, Мария Кюри, Людовик XI,Эпикур, Альберт Эйнштейн, т.б. Сондықтан қоян жылы туған адамдарда болады делінген артықшылық кемшіліктер бір адамда болса, бірі адамда болмайтыны анық.

Халық әр жылдан жақсылық күткен, сондықтан, жыл жаман демейді, жайсыз неме ауыр жыл деп атаған. 

Біз қайткенде де жылдан жақсылық күтуіміз керек.

Иманғазы Нұрахметұлы, 

Қазақ үні