ГҮЛБАҺРАМ НЕГЕ ЖЫЛАДЫ?
2023 ж. 27 наурыз
2637
1
Сұңқар Сәкеннің соңғы сәттері
Саяси қуғын-сүргін құрбаны Сәкен Сейфуллинның ақталғанына тура жетпіс жыл болды.
Ол 1938 жылы «ұлтшыл буржуа» деген айыппен тұтқындалып, 1939 жылы ақпанның 28-інде атылған еді. Ал 1953 жылы Халықтар көсемі Иосиф Сталин қайтыс болған соң ақталған...
Біздің кейіпкеріміз Ғалым Нөкішұлы жастайынан тағдыр тауқыметімен Шығыс Түркістан өлкесіне тап болған жан. Сол аймақта жиырма сегіз жыл ғұмырын өткерген офицер. Әскери қызметте жүргенде Алматыдағы НКВД органынан ауысып келген қандықол жендеттер бірде оған: «Біз кезінде түрмеде кәдімгі Сейфуллин Сәкеннің өзін итше тепкілегенбіз!» – деп мақтана әңгімелеп берген екен. Сақшылық жұмыста жүрген Ғалым Қазақ елінен жеткен сонау жендеттердің сұңқар ақынды қалай азаптағанын естіп, жаны түршігеді.
Кейін генерал-майор дәрежесіне көтеріліп, тарихи Отанға оралған Ғалекең сондағы сұмдық әсерін бізге баяндаған еді.
– Сәкен Сейфуллинның тағдыры туралы көп толғанатынмын.
Әлгі жолы білдім, Сәкенді бірден ата салмай қинап өлтіруге қандықол Лаврентий Берияның өзі тікелей бұйрық берген көрінеді. Бастықтары соны айтқан соң көзіне қан толған баскесерлер аяна ма, «тапсырманы» әдеттегідей асыра орындау үшін тұтқынды екі сағат сайын шығарып тергеп, тепкінің астына алып отырған. Ақынға тағылған «жапон шпионы» деген айыпты құлағы шалған жауыздардың бірі:
– Әй, қаншаға сатылдың сен жапондарға?! Айт, сыболыш! Айт деймін саған кәне-е! Айт-т! Айт-т-т, әкеңнің аузын!.. – деп бір қолымен қалың шашынан алып жұлқи көтеріп тұрып, екінші күрзідей жуан жұдырығымен былш еткізіп беттен ұрады.
Ауыр соққы тағы да шықшыттан тиеді. Көзінің оты жарқ еткен ақын шалқалап барып, тас қабырғаның жиегіне кісендеулі қолы қайырылған күйде құлап түседі. Жығылғанда бір жақ иығы күтір ете қалғандай болады да, бірден сырқырай қақсап қоя береді. Ауырсына ыңырсып, қайта көтерілуге әрекеттенгенімен, кирелеңдеп тұра алмайды. Бәрібір қайта-қайта жұлқына ұмтылып, қалайда екі аяқтан түрегеп кетуге тырысқан екен. Әбден зәрезап қылған жендеттердің тепкісінен қашқандағысы болар.
Екі-үш рет тағы да жанталаса талпынады. Бірақ басы айналып, қайта құлайды. Мына қаныпезерлер алдында ғана соққының астына және алған көрінеді. Сәкеннің құлағанын өтірік талықсыды деп жорыған үш қарақшы сүйрелеп жүріп тағы тепкілейді. Темір тағалы зілдей етіктерінің бұзау тұмсығы басы-көз, бүйрек-бауыр деп қарап жатпастан, денесіне гүрс-гүрс тиеді. Біреуінің ескі етігінің табанынан ырсиып шығып қалған шегенің ұшы ма, әлде ұлтанның пышақтың жүзіндей өткір қыры ма екен – қарының терісін сыдырып түсіпті. От орнындай жер әп сәтте қарақошқыл қанға боялады. Аяғына жұққан қанды тұтқынның көйлегіне сүртіп тұрған жендет жиіркене кіжінініп, дәлдеп алады да, тұмсықтан тебеді:
– Мынаған әйел біткен неменесіне ғашық болады екен-ей, осы?! Көнектей болып көгерген бетіне қызыға ма? Әлде жырылған аузына ма? Шодырайған шекесіне ме? А?! Әкеңнің аузын! Твою мать! Контра!..
Былш еткізіп тағы соғады.
Есін екі күннен кейін бір-ақ жиған секілді. Бір кісілік камерада жалғыз жатыр екен.
Абақты бөлмесі тар. Қаракөлеңке. Есік жақтағы бұрышта темір аяқ тұр. Онда сылдыраған быламық көже немесе жайдақ су болады. Сәкен су болса екен деп тілейді. Тұрмақ болып аунай беріп, қатты ауырсынғаннан дауысы шығып кетеді. Сол қолы сыныпты. Бұғанасы күтірлеп, жаны көзіне көрінеді. Аз тыныс алған соң көйлегін жыртып, қолын таңады.
Ыдыстағы – қара су екен. Жылымшы суды басына бір-ақ көтеріп сіміріп салады. Маңдайынан шып-шып тер шыққан. Қолы сырқырағаны болмаса бойы аздап жеңілдегендей. Бірақ бір көзінің түбі ине сұққандай қатты шаншып ауырады. Ауыр соққыдан қанталап, ісіп кетсе керек.
Кешегі, яки алдыңғы күнгі жағдайды ойлай бастайды. Қанша қиналса да, есінде жендеттердің соңғы тепкісінен өзге ештеңе қалмапты. Бәрі ұмыт. Біреу әдейілеп санасынан өшіріп кеткендей. Қалай келіскені бір Аллаға ғана аян, әйтеуір, Гүлбаһрам үш минут тілесуге рұқсат сұрап алыпты.
Сәкен қатты толқып кетеді. Гүлбаһрам іздеп келген екен ғой. Аян жанында ма?..
Сансыз сұрақтар санасын осқылап өткені түсінікті.
Күзетші алып шыққанда бірден Гүлбаһрамды көреді. Жауап алатын азап бөлмесінің қарсы алдында селтиіп тұр. Екі ортада темір тор бар. Сәкен таяп келгенде байқайды, әйелі жылапты. Екі көзі бұлаудай. Қазірдің өзінде ернін жымыра тістеніп, әзер тұрған сияқты. Ол бұған бір көз тастайды да, үрпиіп, елең-елең етіп, ұзын дәліздің екінші басына қарай мойын созады. Сәкеннің жүрегі атқақтай соқты. Таяп келіп, сыртынан тесіле қарап тұрып қалады. Бірақ уақыттың өлшеулі екені есіне түсіп:
– Иә, хал қалай? – деген сөзді таңдайы құрғап кеткендіктен дауысы құмығып зорға айтқандай.
Гүлбаһрам жалт қарапты. Тіл жоқ. Қарақат көзі шарасынан шыға басын изей береді. Иегі дірілдеп тағы да жылағалы тұр. Сәкен оның өзін танымағанын сонда барып аңғарады. Тағы да баяу тіл қатады:
– Гүлбаһрам, бұл мен ғой! Сәкенмін! – деп тамағына өксік тіреліп, сау қолымен шаншып кеткен жаралы иығын ұстап, ауырсына тыжырынып қалады. Сол-ақ екен, жары аңырап қоя берген...
***
Гүлбаһрам үйге жетісімен сұлқ құлады. Тыпыр етпей үш күн жатты. Жастықты құшақтап үш күн бойы егілді. Төртінші күні сүйретіліп зорға көтерілген. Әйтеуір, ұлы Аян үйде емес еді. Қайынағасы Жақаң біраз уақыт бізде жүре тұрсын; мұның да жүрегі ауырып бітті әбден деп соңғы бір келгенінде алып кеткен-ді.
Орнынан әрең тұрып барып бетін шайды. Қолжуғыш тұсындағы шар айнаға қарап өзінің құр сүлдері ғана қалғанын көрді. Бұ кезде Сәкеннің жайын білу үшін Жақан ағасы да келіп қалыпты. Оған бөтен ешкім естіп қоймасын дегендей сыбырға жақын үнмен:
– Бітті. Бәрі бітті, аға! – деді жыламсырап.
Мұның түрін көріп екі көзі тас төбесіне шыға аңырайып қалған Жақан сабыр сақтады:
– Келін қарағым, немене, бір жаманат хабар естіп келдің бе?!
– Жаманаттың жайын көріп келдім, аға!
Гүлбаһрам өкси отырып, барлық көргенін баяндайды. Жақан үнсіз тыңдап отырады да, аздан соң жас балаша кемсеңдеп кетеді. Зорға жүр екен:
– Әй, жауыздар-ай! – деп бір-ақ ақтарылады. Көзінен домалана тамған бармақтай-бармақтай жас иегінен сорғалайды.
Қайынағалы-келінді екеуі көрісіп, ұзақ жылапты. Ертеңіне Гүлбаһрам Сәкенге деген ақ махаббатын бір ғана әрекетпен соқыр санаға сәуле құйғандай жарқ еткізіп көрсетті. Айна алдына келіп, тілерсегін қаққан мойыл қара шашын уыстай ұстап тұрып желке тұсынан шорт қиды.
– Сәкен ғана сипаған шаш еді, – деді қыстыға тұрып, – енді басқа бір жан сипамас! Сәкен жоқ жерде сорға біткен сұлулықтан не қайыр! Сәкенмен бірге жерленсін. Жақан аға, апарып көміңіз мына шашты. Көзім жұмылғанша адал махаббатымның белгісіндей болып көрінер шаш көмілген молаға барып Сәкенімді еске алып мінәжат етейін!
Ақыры солай болды да. Қос бұрым көміліп, Гүлбаһрам сол жерге барып дұға оқуды дағды қылды...
***
Ғалым аға кейін осы жағдайды қарасөзбен жырлап, жүректен тамған қандай сыздықтата тербеп, ұзақ зар-толғау жазыпты. Тереңнен қозғап, тебірене көсілген екен. Ақын өмірінің соңғы сәттерін мөлдірете суреттеген екен.
Толғауын «Сәкен-сұңқар азабы» деп атаған. Жауыз жендеттердің қылшылдаған қырық екі жастағы сом денелі Сәкенді қалайша аяусыз қорлап, аз күндер арасында қаусаған шал кейпіне түсіргенін, оның сүйген жарының жан азабын, жан-жақта не болып жатқанын түсінбей, анасына көзі бақырая аңырып, үрейлене қараған шарасыз бүлдіршін Аянның қасыретін мейлінше дәл кестелейді.
Сол жолы да сонау қанішер жендеттердің әкелерінің құны қалғандай Сәкенге неліктен соншалықты кектену сырын іздеп көп толғанады. Ақыры, ондай тумысынан бақытсыз бейшаралардың Сәкендей сұңқарлардың сәні мен салтанатын, дарыны мен арынын ешқашан кешіре алмайтынын түсінген көрінеді.
Тегінде, Ақындарды Құдайдың жердегі өкілі дейтін сөз бекер емес. Әм Сәкен жай ғана Ақын емес-тін. Жаратқанның нұр-шапағатынан, мейірім шуағынан құр қалған әлгіндей қараулар Алладан ала алмаған өшін жердегі жарты Құдай Сәкендерден алғысы келе ме деп түйіп еді. Сондықтан мұндайды басқа салмасын; бейбіт өмірде де ісіңді түсіре көрмесін ондай қаражүрек зұлымдарға дегеннен басқа лаж кәне.
«Сәкен-сұңқар азабы» шығармасын талғампаз суреткер, белгілі жазушы Құрманбай Толыбаев бірден: «Бұл – нағыз Махаббат квинтэссенциясы!» деп жоғары бағалайды.
Есі шығып қуанып жүр дейді. Жақсы бір нәрсе көрсе керемет шаттанатын әдетінше: «Гүлбаһрамның шаш кескен дерегін ешкім айтқан жоқ сізден басқа!» деп мәз болыпты.
Ғалым жымиып күледі. Есі түзу адам біреудің қайғысына масайрай ма. Аты аңызға айналған арудың сүмбіл шашын кесіп тастауға мәжбүр болған азалы көрінісінің несі тартымды. Одан: «Уақыт – емші деген бәлкім осы шығар» деп ақырын күрсінеді.
«Қоғамнан бөлек адам – не аң, не періште» демекші, көкірегі ояу, көзі ашық адам өзі ғұмыр кешіп жатқан мемлекет өміріндегі дүбірлі оқиғаларға, өзінің ұрпағының келешегіне ықпал ететін елеулі құбылыстарға, кейін өздері имандай сенген қоғамның формацияның құрбаны болған сонау Сәкен, Бейімбет, Ілияс сынды ел серкелерінің... халық келешегі жолында басын бәйгеге тіккен анау үркер жұлдыздай Алаш арыстардың тағдырына салғырт қарай ала ма...
Оның үстіне көзін ашқаннан Ұлт болашағы, азаттық деп күреске түскен Ғалым да шектен тыс белсенді болмағанмен, елдің көпті көрген бір мүшесі ретінде айналадағы күрделі жағдайларға араласпай отыра алмады. Расында да, кейбір замандастарыңа ұқсап: «Өй, онда менің нем бар? Күл болмаса бұл болсын! Өртеніп неге кетпейді маған десе! Топан су қаптасын» дегендей көзқараспен бәрінен ат-тоныңды ала қашып, кері тарта беру қисынға келмес еді. Өйткені, қоғам – алып мұхиттағы тұтас кеме іспеттес. Демек, қанша қашқаныңмен, ол шайқалса сен де шайқаласың. Ол су түбіне кетсе сен де бірге кетесің. Сенің бала-шағаң да қоса батады. Оның үстінен әртүрлі жағдайларға байланысты, әсіресе, іргелес отырған алпауыт мемлекеттердің ғасырлар бойғы қыспағына қатысты артта қалған Қазақ елі ешбір халықтан кем бе екен! Енді тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін осынау азат ел әлемдік өркениет кеңістігінен өз орнын тауып, мәдениет пен өнерде болсын, ғылым мен білімде немесе спортта болсын биік жетістіктерге жетуге тиісті. Ендеше, жастар көп ізденіп, талмай еңбектеніп, биік межелерге құлаш ұруы керек. Міне, Ғалымның қазақ қауымындағы жақсылыққа да, келеңсіз жәйттерге саналы түрде үн қосуды азаматтық парызы санауы, Сәкен сияқты тұлғалардың тағдырына қатысты қалам тербеуі көбінесе осындай себептерге байланысты-тын. Және кейіндегі жаһандану проблемаларына байланысты халықтың ұлттық салт-санадан алшақтауы мәселелері алаңдатпай қоймаған еді. Тіршіліктегі мәңгі – ізгілік, адамгершілік, махаббат тақырыптарына арналған кейбір көркем шығармаларынан өзге көптеген мақалалары осындай ойлардың жемісі болатын.
P.S.
Аян есімді ұл 1936 жылы туыпты. (Баланың есімін Мұхтар Әуезов қойған екен). Бірақ ол Гүлбаһрам Батырбекқызы жер ауып бара жатқан уақытта пойыз үстінде шетінеп кетеді. Көкшетауда жерленген. Тұңғыштары Лаурадан да айырылып қалғаны ертеден мәлім...
Отызға жетпей жесір қалған Гүлбаһрамның бар арманы Сәкен болып өтіпті. Айтпақшы, кейін Сәкеннің ақталуына ықпалды мекемелер немесе басқа ұйымдардың ешқайсының, тіпті, туған інісі Мәжиттің де жәрдемі тимеген көрінеді. Сонда аяғы жеткен жерге дейін барып, сөзі жеткен жерге дейін жазып, ақыры, жан жарын жаладан арашалап алған Гүлбаһрам тәтей екен. Мұны айтқан – атақты профессор Тұрсынбек Кәкішұлы. «Сәкен Гүлбарамның табандылығының, Гүлбарамның азаматтығының арқасында ұсталғандардың – соңғысы, ақталғандардың біріншісі болды» – дейді ғалым.
Құлан САҒАТҰЛЫ,
Қазақ үні
Суретте: Гүлбаһрам Батырбекқызы сәбиі Аянмен.