Білімді ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосқан жан

Білімді ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосқан жан

(Өмір Шыныбекұлының өмірі жайында)

Білім саласының қарқынды дамуы әлбетте мұғалімдерге тікелей байланысты. Педагогтердің қоғамдағы абыройын арттыруға, білімді ұрпақ тәрбиелеу ісіне елеулі үлес қосып келе жатқан жанның бірі – білікті ұстаз Өмір Шыныбекұлымен тілдесудің сәті түскен еді.

Ол 2012 жылы өзі оқыту­шылық ететін №41 мектептегі ұлы орыстық шовинизмге, ұлттық нәсілге байланысты кемсітушілікке, әділетсіздікке қарсы жеке өзінің табанды күресінде табысқа, жетістікке жеткен соң бұл майданды одан әрмен жалғастыруға, оны енді жаңа деңгейге көтеруге бел буады. Оны бұл қадамға қанаттандырған сол жылы тұңғыш немересі дүниеге келгенде, «немерелерімнің бетіне әрқашан тіке қарай алатын болайын» деген өз уәдесі еді. 

2015-жылғы 9-мамырда оның ресейлік империалистік идеологияның жаршысы – георгий лентасын елімізде таратуға қарсы бірнеше жылға созылған күресі де жеңіспен аяқталды. Сол жылдары ол қоғамның өміріне белсене кіріп келе жатқан әлеуметтік желіге қызығушылық танытты. Шындап келгенде, ол нәрсе өзі қолын қусырып қарап отыра алмайтын, тыныштық жақпайтын, жаратылысы белсенді адамдарға бола ойлап табылғандай таптырмас көмекші, теңдессіз құрал еді. Сол жылы мамыр айында ол «Абай.кз» сайтын қарап отырып, алматылық Айман Сағидулла есімді мұғалиманың ұстаздардың көше сыпыру секілді қызметтік міндетіне жатпайтын жұмыстарға өз еркінен тыс жегілетіні жайлы мақаласын оқиды. Қоғамдық пікір туғызу үшін оны «фейсбукке» алып шығады. Сол қыздың құқығын қорғау үшін мұғалімдер алғаш рет бүкіл республика бойынша біріге бастады. Өмір де астаналық Ахметжан Аятжанмен, тарба­ғатайлық Мейіржанмен сол кезде танысады. 2016 жылы олар «Ағартушы» деген атаумен қоғамдық қозғалыс құрады, оның төрағалығына осындай істерге мұрындық болып жүрген Өмірді сайлайды. 

Осы жолдар авторы ретінде мен 2016-жылы сәуір айында басталған қазақтың жерін шетелдіктерге сату және жалға беру туралы заңға қарсы көтерілгенімізде, бастамашы топты құрған жеті азаматтың қатарында Өмір Шыныбекұлы болды. Оңтүстік Қазақстан, бүгінгі Түркістан облысы үш миллионнан астам тұрғыны бар, еліміздегі ең ірі облыс. Сондай облыста өңірде облыстық Жер комиссиясын құрып, жеті рет отырысын өткізу, оның ішінде төртеуін облыс орталығында, үшеуін күнгейдегі аудандар үшін Сарыағаш қаласында, теріскейлік аудандар үшін Түркістан қаласында, шығыстағы аудандарға арнап Ақсукент кентінде өткізу айтуға ғана оңай еді.

 Бірақ, күн-түн қатқан еңбегіміз жеміссіз болған жоқ, 2015 жылы 2-қарашада Президенттің қолы қойылып, қабылданып қойылған, тек енді 2016-жылдың 1-шілдесінен қолданысқа ену ғана қалған атышулы заңды сол қол қойған ел Президентінің өзі қалың елдің талабына мойынсынуға мәжбүр болып, заңның қолда­нысқа енуін 5 жылға шегеруге, мораторий жариялауға мәжбүр болған еді. Міне, сол әділетті істің жеңіске жетумен аяқталуына қарапайым мұғалім Өмір Шыныбекұлының қосқан үлесі мол болатын. 

Одан кейінгі ірі белес – 2019-жылы «Педагог мәртебесі туралы», мұғалімдердің құ­қықтары мен міндеттері тәптіштеп қаралған алғашқы заң қабылданды. Бұл заңда мұғалімдерді баспасөзге зорлап жаздыруға болмайтынына және оларды өзінің қызметтік міндетінің аясынан тыс жұмыстарға жегуге болмайтынына заң тұрғысынан тыйым салынды. Әйтпесе, мектеп директорларының ұстаздарды, мейлі олар кезекті еңбек демалысында жүрсе де, шақырып алып, өзінің үйінің шаруасын «мәжбүрлі-ерікті» түрде істетіп қоятыны күнделікті қалыпты жағдайға айналып кеткен еді...

Осы жолдардың авторы ретінде мен тағы да бір сорақы нәрсе айта кетпекпін, айтпасыма болмайды. Алматының күнбатысында қалаға қаптарлас жатқан Райымбек ауылы бар. Аталмыш ауылда тұратын менің бір танысым сол жылдары күннен-күнге абыройынан айрылып бара жатқан мектеп мұғалімінің жұмысы жайлы әңгімелей келіп, мына сөзді жаны күйзеле отырып жеткізген еді:

– Біздің ауылдың үстінен «жоғары күре жол» өтетінін, ол айналып барып, «Алтын Орда» базарының қасынан «төменгі күре жолға» қосылатынын білесіз. Міне, осы жолдың бойы көктем шығып, күн жылынғаннан бастап қара күзге дейін «махаббат сауығына» берілетіндердің құтты мекеніне айналады. Себебі, түсінікті ғой, жұрттың бәрінің бірдей жеке пәтер жалдап, кездесуге баруға қалтасы көтере бермейді. Мейлі ғой, біздің де олармен шаруамыз болмас еді, бірақ. Дамыған елдерде қаладағы парктерде, скверде итін қыдыртатындар әйелдер болсын, ерлер болсын, олардың үй серігі дәрет сата қалған жағдайда оның тезегін целлофан пакетке салып алып кетеді. Міне, мәдениет дегеніміз осыдан басталады. Ал, біздің «күйлеген тәннің дауасын» іздеген «ғашық-машықтарымыз» не істейді? Олар пайдаланған мүшеқаптарын (презервативті) пырдай қылып тоқтаған жеріне шашып кетеді. Оны тазалайтын кім? Мына біз! Маңдайының соры бес елі мұғалімдер!

Осы әңгімені естігенде менің өзімнің тұла бойым түршігіп кетіп еді. Күллі адамзат қоғамында зиялы қауымның серкесі саналатын, бірақ бір жапырақ жеп отырған нанынан айрылып қалмас үшін қорлықтың қандай сорақы түріне көніп, төзіп жүрген жандардың жай-күйі қандай болатынын көз алдыңызға елестетіп көріңіздерші! 

Міне, оларды осындай бассыздықтан құтқарған, Өмір Шыныбекұлы бастаған азамат ұл-қыздарымызға қанша алғыс айтсақ та көптік етпейтін шығар...

Өмір Шыныбекұлы әріптесі Айманның құқығын қорғауға кіріскен жылы сол уақыттағы Білім және Ғылым министріне төрт талап қойған хат жазады. Талаптың біріншісі – мектепті жергілікті әкімдік қарауынан алып, министрліктің қарауына өткізу болатын.

А.Сәрінжіпов оған «мәу» деген жоқ... Е.Сағадиев есімді кезекті министр адамның санасына сыймайтын реформасын бастап, балабақшадағы сәбилерді үш тілділікке үйрете бастады. Оқу өтіп кеткен министрге қарсы өре түрегелгендердің алдыңғы шебінде, әрине, Өмір ағай да болды. Шымкентке келіп, ұстаздармен №65-мектепте кездесу өткізіп, «біздің реформамызға қарсы шығып жатқан, өзгергісі келмейтін жандардан құтылыңыздар!» деген министрдің орынбасары Эльмира Суханбердиева ханым Шыныбекұлы деп, атын нақты атамаса да, оны меңзеп тұрғаны жұрттың бәріне түсінікті еді. Иә, жаңылысқан жоқсыздар, бұны айтқан сол, парамен ұсталып, бірақ, түрмеге түспеудің жолын тауып кеткен жемқор Э.Суханбердиеваның дәл өзі болатын...

«Педагогтар туралы» заң қабылданғанымен, тамырлап кеткен жемқорлық мәселесі біздің белсенділеріміз ойлағаннан әлеқайда күрделі де терең болып шығады. Сарыағаш, Жетісай секілді аудан орталықтарынан университет ашып алған, Остап Бендерді жолда қалдырған біздің пысықтар үшін Шымкент сияқты ірі қаладан түрлі «ашық» та «жабық» жоғары оқу орнын ашу айтуға тұрмайтын іс еді. Әне, көктей қаулаған соларды оқып бітіргендер бар, оқымай үйінде жатып-ақ бітіргендер бар, ең ақыры дипломды сатып алғандар бар, сол құбылыстың зардабы енді ұра бастаған күн келді. Жаппай «сауатты надандар» қызметке тұра бастаған, билік құра бастаған күн келді...

Бұндай бәлемен жаппай күрескен кезде ғана жеңіске жетуге болатыны белгілі. Өмір Шыныбекұлы болса, өзі белсенділік танытып келе жатқан соңғы он жылда 3 миллионға жуық тұрғыны бар, 70-80 мыңдай ұстаздар қауымы бар Түркістан облысынан «Бұдан менің қай жерім аяулы» деп, Кімдерді қалып қояды қан майданда?» деп ұлы Абай айтқандай, өзімен тізе қоса айқасатын әріптес таба алмай келе жатыр деуге болады. Қолдайтындар көп, бірақ, өзі сияқты азаншы жоқ.

«Тұңғыш Президент тәуел­сіздіктің балалық шағында: «Кез-келгеніңді ұстап, сотқа апара аламын» деген сөзі дұп-дұрыс екен. Оны мен Шардара ауданы, Ұзын ата аулындағы балабақша тәрбиешісі Гүлмира Пердебайды қорғаған кезде көрдім» дейді ол. «Кейін оның бір дипломы жалған екендігі анықталды».

Иә, ет сасыса тұз себесің, тұз сасыса не себесің?..

«Менің өзім мектепте орын­басар болып таза істеу мүмкін емес екенін түсінген адаммын» дейді Өмекең. Сон­дықтан ешқайда ұмтылған емес. «Мектепке директордың орнына байқау жарияланса, менің кластасымның қайдағы бір құдасының құдағиы мені тауып алады ғой. Аудандық білім бөлімінің басшылары келеді үйге. «Тыныштық керек» деймін маған. Айналайын, аулақ жүріңдер». Егер абайсызда біреуімен байланысып қалсам бітті ғой. Оларға да керегі сенің бір қате қадам басқаның. Бір былғансаң үнің өшеді».

Ал, мен ішімдегі шеменді сыртқа шығармай жүре алмаймын. Шығара алмай іштен тынып, ауырып жүрген қанша адам бар...

Ал, бүгінге дейін шешілген мәселе қанша, әлі де болса шегілмей жатқан мәселер қандай деген сұраққа келетін болсақ, жағдай мынадай екен.

Кейіпкеріміз өзінің туған ауылы, Төлеби ауданындағы «Оңтүстіктегі» бастауыш мектеп жайлы көп жыл бойы қой­май айтып жүріп, 2021 жыл негізге орта мектепке айналуы­на мұрындық болған. Қа­рақия ауылындағы бастауыш мек­тептің де 2022 жылы негізгі орта мектеп болып ашылуына үлес қосқан.

Оның туған аулынан бастау алған «Жемқорлықсыз ауыл» бастамасы бүгінде көрші Ханарық, Кеңесарық, Тасарық, Қарақия, Қаратөбе ауылдарына, Қазығұрт ауданындағы Жігерген ауылына тарап үлгерген. 

Оңтүстіктен Теріскейге елді көшіру мәселесіне аянбай атсалысып келеді. Ал, жергілікті мәселені шешуде әрбір тұрғын табандылық көрсетуі, билікке тыныштық бермеуі қажет деп санайды ол.

Көп айқай болғандықтан ба, мұғалімнің жалақысы көтерілді. Жақсы көтерілді. Кәзір жеті жүз мың, сегіз жүз мың теңге алатындар бар. Есесіне, жоғары оқу орнындағы аға-апаларымыз өкпелейтін болды: Сендерді оқытқан біз едік, бізге қарамай кеттіңдер. «Мен оларға «бізбен бірге тізе қосып қимылдамадыңыздар ғой, бұғып отырдыңыздар ғой сол кезде? Жыламаған балаға емшек жоқ екені белгілі ғой» деймін.«2019-жылы, біз педагог туралы заң үшін айқасып жатқан кезде, қаладағы үш емхананың бас дәрігері келді маған. «Осындай заң бізге де керек еді, көмектесссеңіз» деп. «Жақсы, ол үшін маған бір табанды, өз ісінің жақсы маманын беріңіздер» дедім. Бірақ, олар сол бойы хабарласпай кетіпті. Сірә, екінші Өмірді таппаған болар.

2021-жылы сол кездегі Білім және Ғылым министрі А.Аймағанбетовтің назарын тек мектепке ғана емес, бала бақша мен колледжге де аудара алған себепті, ол салаларда қозғалыс басталған болатын.

Ол әлі де өзгерісті жоғарыдан, заңдарды өзгертуден бастау керек дейді. Өйткені, кейбір заңдарымыздың өзі халықтың қамын емес, бай-бағландардың қамын ойлап жазылады дейді.

Дұрыс айтады. Сөзін дәлел­дер дерегі мен дәйегі де жет­кілікті. Алла Өмірдей азамат­тарға өмір берсін деп тілейік.

Өмірзақ Ақжігіт, 

Қазақ үні