ӨМІРІН ӨНЕРІМЕН ӨРНЕКТЕГЕН

ӨМІРІН ӨНЕРІМЕН ӨРНЕКТЕГЕН

Өнерсіз өмірдің сәні де мәні де жоқ. Содан да болар «Өнерді сүймеген елдің өнегесі өрге баспайды» деген екен бұрынғылар. «Ел іші – өнер кеніші» деп те босқа айтылмаған. Ұлы даланы мекен еткен қазақ халқы өнерден ешқашан кенде болған емес. Оның қай саласын алсақ та мақтанышпен айтарлық тұлғаларымыз жетерлік. Күй атасы Құрманғазы, әншілік, ақындық, сазгерлікті қатар дамытқан Ақан сері, Біржан сал, қыл қалам шебері Әбілхан Қастеев, кинорежиссер Шәкен Айманов, атақты мүсінші Хәкімжан Наурызбаев сияқты тағы да көптеген өнер өкілдерін айта аламыз. Сол өнер атты өлкеде өшпес із қалдырған аталар, ағалар жолын қазіргі замандастарымыз да жалғастырып келеді. 

     Солардың бірі – Халықаралық және алғашқы Республикалық эстрада әртістері байқауының 1 ші жүлдесін жеңіп алған, 2019 жылы «Ұлы дала» Респуликалық қоғамдық бірлестігінің Қасым-Хан атындағы «Алмас Қылыш» сыйлығы мен 2021 жылы Мұқағали Мақатаев атындағы халықаралық қоғамдық қорының дипломының иегері, Қоғамдық марапаттар жөніндегі Республикалық Кеңестің еліміздің мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін «Қазақ мәдениетінің қайраткері» атағымен марапатталған актер, сазгер, ұстаз Қайрат Жолдыбайұлы Құдайберген дер едік. Сонымен қатар Қайрат Құдайберген Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесінің естелік медалімен, ТURKSOY алғыс хатымен, Алматы облыстық мәдениет және тілдер басқармасының Құрмет грамотасымен мараптталған.      

      Қайрат Құдайбергеннің өнері мен өмір жолына қысқаша тоқтала кетсек, ол 26.02.1960 жылы Алматы облысы Нарынқол ауданы Қайнар ауылында, ағаш ұста шебері, өнерлі отбасында дүниеге келді. 1967-1977 жылдары Нарынқол ауданы Текес орта мектебін аяқтаған. Отбасылы, 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген, 7 немеренің атасы. Өмірлік жары Тілектес Қайыргелді- қызы да өнер өкілі, бірқатар киноларға түскен, көп жылдардан бері ұстаздық етеді. 

      Қайрат 1977-1982 жылдары Луначарский атындағы Мәскеу мемлекеттік Театр өнері иститутында драма және кино актері мамандығы бойынша білім алған. Бұл бір кездегі кеңестер одағындағы өнер саласы бойынша ең ірі жоғары оқу орындарының бірегейі болып саналатын. Одақтас республикалардан бұл оқу орнына іріктеліп алынған санаулы талапкерлер ғана оқуға түсетін.

       Өнер саласындағы еңбек жолын 1982 жылы С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық театрынан бастап, осы уақытқа дейін табан аудармай жалғастырып келеді. 1983-1985 жылдары Кеңес әскері қатарында көптеген замандастары қатарлы өзінің азаматтық міндетін атқарған соң 1985-1986 жылдары Қарағанды облыстық филармониясында эстрада вокалды «Гакку» ансамблінде көркемсөз әртісі болып жұмысын қайта жалғастырды. 1986-жылдан Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның директоры К.Тұяқавтың шақыруы бойынша көркемсөз әртісі болып жұмысқа қабылданды. 1980 жылдан осы уақытқа дейін Довженко атындағы Украин киностудиясының В.Кетлинская романы бойынша түсірілген «Мужество», Мосфильмнің «Великий самоед» фильмінде, өзіміздің Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Өгей әке», «Ақын» филмдеріне түсті. Әртүрлі киностудиялар экранға шығарған «Олимп шыңы», «Саған сенемін», «Ауыл сақшысы», «Аяулы арман» тағы басқа отыздан астам кинофильмдерде және 2 деректі фильмде, 2 музыкалық бейнебаянда, 1 жарнама ролигінде әртүрлі рөлдерді сомдады. 1992 жылдары Марат Сахатовтың қазақ телевидениесінде «Кеш жарық», Қойшығұл Жылқышиевтің бастауымен Қазақ телевидениесінде Телевизиялық тамаша театры («ТТТ»), 2005 жылдарында белгілі сатирик Көпен Әмірбектің «Ара болады , шаққан жері жара болады», Қазақстан халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаевтың «Терісқақпай» комедия театрында актер болып қызмет істеді. Қазақстан авторлық қоғамының мүшесі.

        2011 жылы Талдықорған қаласы әкімдігінің қолдауымен «Талдықорған әуендері» фольклорлық ән би ансамблін құрып көркемдік жетекші қызметін, 2015-2017 жылдары аралығында Сүйінбай атындағы облыстық филармониясында бас директордың орынбасары қызметін атқарды. Осы күнге дейін мәдениет саласында қызметін жалғастырып келе жатқан дарынды мәдениет қайраткері өз өнерін шәкірттерге үйретіп, ұстаздықпен де айналысады. Шәкіртерінің бірі Қазақстаннның еңбек сіңірген қайраткері Дархан Дайырбек болса, одан кейінгі бірқатар жеткіншектер Жүргенов атындағы театр және өнер академиясына, Ж.Елебеков атындағы Республикалық цирк және эстрада колледжіне актер мамандықтары бойынша оқуға қабылданды.

    Талантты адам жан-жақты болады деген де рас екен. Ондайды халық «Жігітке жеті өнер де аз» деп түйіндеген ғой. Қайрат Құдайберген театр және кино актері, режиссер ғана емес, сонымен бірге сазгерлігі мен ақындығы да бар. Мұқағали Мақатаевтың «Соқпақ» өлеңіне әуен жазған және «Шетел және қазақ музыкасының қосындысы», «Шақыр-шұқыр пародия», «Ойбай салдым», «Үридім айдай» сияқты әзіл әндердің авторы. Оған тамаша дауысымен тыңдаушыларын тамсандыратын әншілігін де қосып қойыңыз. Домбыра да шебер ойнайды.

       Жақында Алматы түбіндегі Тұздыбастау ауылының мәдениет үйінде зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты Қайрат Құдайбергеннің «Өнерім өрнектелген әулетіммен» атты есептік шығармашылық кеші өтті. Алдымен Алматы облысы, Нарынқол, Іле, Талғар аудандары әкімдігі атынан құттықтау айтылып, иығына шапан жапты. Қызықты да тартымды өткен кеште негізінен Құдайбергеновтер әулеті өнер көрсетті. Жұлдызды жұп Айткүл мен Қанат Құдайбергеновтердің орындауындағы әндеріне әдеттегідей көрермендер қошаметін білдірді. Қанат Құдайбергеновтың ұл-қыздары да сахнаға шығып өнер көрсетті. Күйші, домбырашы, Ахмет Жұбанов атындағы І республикалық байқауының лауреаты – Ербол, әнші, күйші, сазгер және фольклорлық ансамбльдерге музыка жазумен айналысатын, оннан аса күйдің авторы, «Шабыт» халықаралық байқауының лауреаты – Айбол, «Мен қазақпын!» сынды патриоттық әндерімен танымал, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері – Ерболат, «Жетісу жұлдыздары» мен Нұрғиса Тілендиев атындағы әншілер байқауының лауреаты әнші, биші – Салтанат Құдайбергеновтер Қанат ағасын құттықтап, көрермендерге жоғары көңіл-күй сыйлады. Қанат Құдайбергеннің жас шәкірттері Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев секілді классик ақын-жазушылар шығармаларынан үзінділерді мәнерлеп оқып, өздерінің өнерге деген зор талпынысын байқатты. 

        «Қазір жұрт өнерге бұрынғыдай аса қызықпайды, әдетте көрермендер көп жиналмайды. Бүгін жиналғандардың қарасы мол!» - деген мәдениет үйі қызметкерінің пікірін де естіп қалдық. Демек, халық Қайрат өнерін қадірлейді деген сөз. Алдында айтқанымыздай Қайрат Құдайбергеннің марапаттарының бәрі негізінен қоғамдық ұйымдардан болып келеді. Мереке сайын мемлекеттік қызметте санаулы ғана жыл істеген шенеуініктерге шекпен жауып, кеуделеріне медаль тағып жатқанын жиі көреміз. Тамаша өткен кештен жақсы әсер алғанымызбен, «Қырық бес жыл өмірін өнерге арнап, халқына қызмет еткен мәдениет қайраткеріне сол үкіметтің оңды-солды үлестіріп жатқан марапатының біреуі бұйырмағаны ма?!» - деген ойда қалдық... 

Зейнолла АБАЖАН, 

Қазақ үні