ӨНЕРЛІ ДЕ, ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫ
2023 ж. 06 наурыз
3187
0
Ақтөбеде 21 баласы бар отбасы тұратынын біреулер білсе, біреулер білмеуі мүмкін. Бірақ, бұл Жетесовтер әулеті қала, облыс қана емес, бүкіл елімізге өзінің өнерімен жете таныла бастады. Жетесовтер әулетіндегілердің бәрі шетінен өнерлі. Ән айтады, би билейді, жетіген, қобыз, домбыра секілді түрлі ұлттық аспаптарда ойнайды. Балаларын өнерге, музыкаға баулыған ата-ана отбасылық «Шашу» халықтық ансамблін құрып, елімізге танымал болды. Ақтөбедегі халық шығармашылығы үйі жанынан құрылған ансамбльге «халықтық» мәртебесі берілген. Бұл отбасы туралы телеарналардан көрсетіп, мерзімді басылымдар да жазған-ды.
Жаратқан иеміз пендесіне түрлі мінез, түрлі тағдыр тарту етеді. Біреулер бір балаға зар болып Құдайдан тілесе, енді біреулер табиғаттың өзі берген сәбиін көшеге, қоқыс жәшігіне лақтырып кетіп жатады. Бүгінгі күні 21 бала тәрбиелеп, өсіріп отырған Өмірхан Жетесов пен Амангүл Ешпанованың өзінің үш баласы бар. Жетімнің жанын өз басынан өткергендер ғана жете түсінеді. Жастайынан өздері де жетімдік көрген абзал жандар кейін балалар үйінен 18 сәбиді бауырына басыпты. Өмірханның туған анасы өзі алты жасқа жетер-жетпесте дүние салады. Амангүл де ананың аялы алақанын аңсап, ата-әжесінің тәрбиесінде болған.
21 баланы өсіріп, оларға мейірім мен махаббат беріп, өнерге баулып, әрқайсысының тұлға болып қалыптасуына күш салып жүрген Жетесовтер үшін әр баланың орны бөлек. Қазір балалардың үлкені – 25 жаста, кішкентайлары – 9, 10 жаста. Отбасында бес баланың ұлты орыс болғанымен, жаны – қазақ. Өйткені олар ұлттық негізде тәрбие алғандар. «Балаға алдымен мейірім қажет. Тамақ, киім, жылы үй бәрі үкіметтің балалар үйінде де бар. Сондықтан ерекше мейіріммен сол балаларды бауырға басып шын сүйіп шын көңілмен жақсы көрсеңіз, бала да ата-ана мейірімін сезіп, ыстық ықылас, құшағын көргеннен кейін ешқашан да бөтен болмайды. Ол да өзіңнің туған балаңдай болады» - дейді көпбалалы ана Амангүл Ешпанова
Балаға қамқорлық көрсету мен бала тәрбиесі туралы аз айтылып, кем жазылып жатқан жоқ. Ол туралы мамандардың ғылыми еңбектері мен мемлекеттік бағдарламалар да бар. Ол аз болса өзіміздің ұлтымыздың ғасырлардан келе жатқан тәлімді тәрбиелік мәні зор озық салт-дәстүрі өзге де отбасылық құндылықтар жетерлік. Соның ішінде өнер арқылы тәрбие берудің де өте маңызды екенін осы Жетесовтер әулетінің өмірінен анық көруге болатын сияқты. Ия, өнер адамды дамытып қана қоймайды, мейірімділікке, жақсылық атаулыға жетеледі. Бүгінгі өнер қуған бала ертеңгі күн жан-жақты жетілген азамат болып шығады.
Жетесовтер отбасындағы жеткіншектердің барлығы ұлттық аспапта еркін ойнап, дәстүрлі ән, термелерді жатқа айтады.
Бүгінгі жеткен жетістіктері де аз емес, олардың отбасылық ансамблі республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып жүр. Мысалы өткен жылы Астана қаласы М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында Жетесовтер әулетінің «Шашу» халықтық ансамблінің шығармашылық концерті табысты өтті. Концертке елорданың «Білім жаңғырту» орталығының өкілдері, оқушылар және ата-аналар, білім беру ұйымдарының ұстаздары қатысты.
«Шашу» халықтық ансамблінің репертуары өте бай. Халық композиторларының күйлері мен әндері, қазақ, орыс және шетел композиторларының шығармалары да бар. Құрылған күнінен бастап ансамбль халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық байқаулардың лауреаттары атанып үлгерген. Балалардың бірі дәстүрлі ән орындаса, бірі домбыра, қобыз тартады, енді бірі жетіген, сыбызғы және өзге де аспаптарда шебер ойнайды.
18 баланы ұлттық тәрбиеге, оның ішінде өнерге баулып, соның биік шыңына шығару әркімнің қолынан келмесі белгілі. Өнерлі де, өнегелі отбасын Парламент депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Иса арнайы келіп құттықтап, партия атынан 21 баланың әкесі Өмірхан Жетесовтың кеудесіне төсбелгі таққан болатын. Бұл да өнерпаздар әулетіне, өнегелі отбасына көрсетілген үлкен құрмет еді.
Өздері де өнерлі ата-ана кезінде балаларды музыкалық, арнайы мектептерде оқытып, сосын олардан бір ансамбль құруды армандағандарын жасырмайды, ол армандары орындалды. Арманда шек болған ба, бір белестен екіншісіне жетелей береді. Ата-аналарының ендігі арманы – балаларын үлкен сахнадан көрсек дейді. Мейірлі жандардың тілегі қашан да орындалады!..
Мақсат САМАТҰЛЫ,
Ақтөбе облысы