Мухаббат Миражапова: Отбасылық құндылықтарды дамыту – басты міндетіміз

Мухаббат Миражапова: Отбасылық құндылықтарды дамыту – басты міндетіміз

Жамбыл облыстық Қазақстан Халықтар Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі құрылған сәттен бастап аймақтағы ауқымды істердің атқарылуына ұйытқы болып келеді. Бұл туралы аталмыш кеңестің төрайымы Мухаббат Миражапова баяндап берді. 

Жамбыл облыстық Қазақстан Халықтар Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі 2013 жылы өз жұмысын бастаған-ды. Құрылған күннен бастап, ілкімді істердің алдыңғы шебінде келе жатқан Аналар кеңесі алға қойған негізгі мақсаттарының аясында жұмыс істеп келеді. «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз әйел азаматтардың қоғамдағы рөлінің қаншалықты маңызды екендігін айшықтап тұр. Аналар кеңесінің ең басты міндеті – отбасылық құндылықтарды дамыту және насихаттау. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мақсаты – елдің бірлігі мен ынтымағын нығайту. Осы тұста біз Жамбыл аймағындағы өзге этностардың этномәдени бірлестіктерімен жұмыс істеу барысында ең бірінші кезекте бірлікті сақтауға баса назар аударамыз. Себебі, бірлік жерде ғана тірлік бар» дейді Аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Миражапова. 

 Жамбыл облыстық Қазақстан Халықтар Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Сайдуллақызының сөзінше бүгінде облыста 36 аналар кеңесі жұмыс істейді екен. Атап айтқанда, 1 – облыстық,1­ – қалалық, 10 – аудандық, 23 – этномәдени бірлестіктер жанында, 1–­­ мекемеде. Бүгінде құрамында 600-ге жуық мүшесі бар Кеңестің атқарған келелі істері де жетерлік. «Отбасы дегеніміз – шағын мемлекет. Әділетті Қазақстанымыздың негізін қалайтын да осы тату-тәтті ынтымағы жарасқан отбасылар деп білемін. Сондықтан да біз отбасының тұтастығын сақтау үшін Тараз қаласындағы «Бақытта отбасы» орталығымен бірлесе жұмыс істейміз. Аталмыш орталықта биылғы жылдың өзінде ажырасуды ұйғарған он отбасымен жұмыс жүргіздік. Оларға моральдық-психологиялық тұрғыдан көмек көрсеттік. Нәтижесінде екі отбасыны сақтап қалдық. Сегіз отбасы бірден шешім шығармай, отбасыны сақтау бойынша ойланатын болып тарасты. Бұл отбасылармен әлі де жұмыс жүргізу жалғаса бермек» дейді Мухаббат Миражапова. Жамбыл облыстық Қазақстан Халықтар Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі бірнеше басым бағыттар бойынша жұмыс істейді. 

Бұл туралы Аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Миражапова: «Ана ұлтты тәрбиелейді» деген қазақ халқының нақылын негізге ала отырып, Аналар кеңесі ретінде біз ең бірінші кезекте аналармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Әрбір жобаларымыз әйелдер қауымын қолдауға, олардың жан-жақты дамуына тікелей бағытталған. 

Осындай игі жобаларымыздың бірі – «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы. Осынау жоба бойынша бір жылдың ішінде елуге тарта түрлі іс-шаралар атқаруға ұйытқы болдық. Оның ішінде түрлі тақырыптағы кездесулер, байқаулар, семинар-тренингтер, шеберлік сыныбы, ашық сұхбат алаңы, қоғамдық қабылдау отырыстары өткізілді» дейді. Қарап отырсақ, Жамбыл облыстық Қазақстан Халықтар Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен өткізілетін әрбір іс-шара өңірдегі ұлттар достығын нығайтуға зор үлес қосып келеді. Мәслен, «Текті келін» облыстық байқауында Тараз қаласы, Шу, Талас, Жамбыл, Байзақ, Меркі және Т.Рысқұлов аудандарынан келген әр түрлі ұлттың келіндері өз өнерлерін ортаға салды. Байқауға қатысушылар үй шаруашылығын жүргізу дағдыларымен бөлісіп, шығармашылық және зияткерлік қабілеттері бойынша бақ сынасты. Сонымен қатар, әрқайсысы өздері әзірлеп келген ұлттық тағамдарының жасалу ерекшеліктерін түсіндіріп, салт-дәстүрімізді дәріптеді. Осылайша өз шаңырағының түтінін түтетіп отырған Жамбыл облысының әрбір ауданындағы келіндер өзара сайысқа түскен. Байқау қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, оларға арнайы сый-сияпаттар табысталыпты. 

Сонымен қатар, «Достық дастарханы» атты ұлттық тағамдар бойынша шеберлік сыныбында да әрбір ұлттың өкілдері өздерінің ұлттық тағамдарының дайындалу жолдарымен бөлісіп, бір-бірімен тәжірбие алмасыпты. Бұл өз кезегінде әйелдер қауымының аспаздық бойынша шеберліктерін шыңдауға септігін тигізген берері мол іс-шаралардың бірі болғаны сөзсіз. Кейіпкеріміз Мухаббат Сайдуллақызының сөзінше, Жамбыл облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі тәрбие мәселесіне де жіті көңіл бөлетін көрінеді. Бұл туралы ол: «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» демекші, қыздарды тәрбиелей отырып біз тұтастай бір ұлтты тәрбиелейтініміз анық. Сондықтан да, Аналар кеңесі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша осы бағытта облысымыздың әрбір аудан-ауылдарында іс-шаралар өткіземіз. Осындай көшпелі отырыстар кезінде түрлі этнос өкілдерінің қыздары арасында ерте тұрмыс құру, ерте жүктіліктің алдын алу мәселелері қозғалып, арнайы мамандар тарапынан кеңестер беріліп отырады. Мұндай басқосулар барысында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруды да назардан тыс қалдырмаймыз. Бұл өз кезегінде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерінің алдын алуға ықпал ететіні сөзсіз» дейді. Жамбыл облыстық ҚХА Аналар кеңесінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша өткізетін қоғамдық қабылдауларында қозғалған әрбір мәселе аяқсыз қалмайды. 

Осындай қоғамдық қабылдаудар кезінде көпбалалы аналардың кәсіпкерлік бойынша грантты игеруде кездескен қиындықтары және де өзге этнос әйелдерінің азаматтық алу тұрғысында жолыққан кедергілерін тиісті орындардың көмегімен шешу жағы қарастырылыпты. Біз кейіпкерімізбен тілдесу барысында Жамбыл облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің атқарып жатқан істерінің бірқатарын ғана әңгіме өзегіне айналдырдық. Ел өміріндегі бұдан өзге де басым бағыттар бойынша тындырымды тірліктер атқарып келе жатқан Аналар кеңесінің алар асуы әлі алда деп білеміз. 

Дайындаған: 

Гүлмира САДЫҚ, 

Қазақ үні