ТІЛІ БІРДІҢ – ТІЛЕГІ БІР
2023 ж. 23 ақпан
2244
0
Қандай ұлт болса да оның алғашқы және бірінші белгісі – тіл! Бұл ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін өмірлік қағида. Ұлттың өзіне тән қалыптасқан мәдениеті, әдебиеті, өнері, салт-дәстүрлері оны толықтыра түседі. Тілін жоғалтқан халық ұлтын да жоғалтады. Сондықтан біздің елімізде тілдерді дамыту еркше маңызға ие. Бұл бағытта мемлекет тарапынан бірқатар бағдарламалар қабылданып, жер-жерлерде іск асырылуда. Көкшетау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мемлекеттік мекемесі де ортақ маңызды іске өз үлестерін қосып келеді.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын барынша кеңейту жұртты жинап алып бір ғана дәріс оқумен шектелмейді. Оған қарағанда тілімізді, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеп дамытуды басты мақсатқа ала отырып, түрлі шараларды қызықты, тартымды етіп өткізу әлдеқайда тиімді. Мұндай әдістер тыңдаушылары мен көрермендерін өзіне тартады. Сондықтан біздің мекеме жылдар бойы осындай көптеген іс-шараларды тұрақты атқарып келеді. Былтырғы жылда ұйымдастырылған жүздеген іс-шаралардың кейбіріне ғана тоқтала кетсек артық етпес.
Қазақ тарихында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының алар орны ерекше екені баршаға мәлім. Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай «Ахмет тағылымы» атты қалалық «40 мысал» оқу байқауы ұйымдастырырылды. Бұл тартымды өткен іс-шараның негізгі мақсаты – А. Байтұрсынұлының шығармашылығы арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, ұлтын ұлықтауға, қазақы тағылым мен тарихи құндылықтарды игеруге және қазақ тілінің көркем эстетикасына қанығу болды. «40 мысал» жинағын зерделеп, зерттеу, мысалдар астында жатқан көркем пәлсапалық ойдың астарына үңілу. Шараға Ұлт ұстазының кем дегенде 3 мысалын жаттаған 15-22 жас аралығындағы қала жастары қатысты. Мысалдарды оқу барысында әділ-қазы алқасы тіл тазалығына, оқу мәнеріне, сахна образы мен өзін-өзі ұстау ерекшелігіне, жеткізу шеберлігіне баса мән берді. Байқау қорытындысы бойынша жүлделі 3 орынға Силам Айдана, 2 орынға Берденбек Мырзат, 1 орынға Қуанышбек Әсел лайық деп танылды.
Сол сияқты Көкшетау қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру, және спорт бөлімінің қолдауымен Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінде «Өнерпаз болсаң – өр бол» атты республикалық (онлайн) монолог оқу байқауы өтті. Бұл шара заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 125 жылдығына орай ұйымдастырылды. Байқаудың негізгі мақсаты мен міндеті көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, Мұхтар Әуезовтің шығармашылығын насихаттау, сол арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, талантты және талапты жастарды ынталандыру болатын.
Байқауға республиканың барлық оқу орындарындағы 1-2 курс студенттері қатысып, өз қалауларынша Мұхтар Әуезовтің кез келген шығармасынан үзінді монолог оқыды. Байқау екі кезеңнен тұрды. Қазылар алқасы көркем мәтінді оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, актерлік қабілетіне баса назар аударды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра.
Нағыз қазақ – қазақ емес,
Нағыз қазақ – Домбыра!
Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:
Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана...» - деп қазақтың дарынды ақыны Қадыр Мырза-Әлі жырлағандай сан ғасырдың сырын күмбірімен жеткізген ұлттық аспапты ұлықтау, төл аспабымызды насихаттау мақсатында Ұлттық домбыра күніне орай қалалық «Домбыра - дастан» байқауы өтті.
Қазақтың киелі, қасиетті аспабын қолына алған домбырашылар шертпе күй мен төкпе күй тартып, аспаптың үнін аспанға шарықтатты. Жезтаңдай әншілеріміз әннен шашу шашып, мың бұралған бишілер биден тарту тартты. Байқаудың қорытындысы бойынша жүлделі 1 орынға Жанабеков Расул, 2 орынға Рахым Рамазан, 3 орынға Ұлан Мирас пен Ахмади лайық деп танылды. Домбыраны серік еткен барлық қатысушылары дипломмен және сыйлықтармен марапатталды. Байқау қатысушылары қай-қайсысы да болашағынан үміт күттіретін жас өрендер екенін көрсетті.
Бұл ауықымда шара баршаның көңілінен шықты. Байқау барысында қазақтың қара домбырасы тек қазақ ұлтына ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің де қызығушылығын тудырып, орындаушылар қатарының артқанын байқатты.
Көкшетау қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі Республика күніне орай «Республикам менің!» атты жас ақындар арасында қалалық жыр мүшәйрасын ұйымдастырды. Тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің маңыздылығын жас ұрпақтың санасына сіңіру арқылы оларды отан сүйгіштікке, елжандылыққа баулу, шығармашыл жастардың өнеріне, Отанды сүюге, еліміздің рәміздерін қастерлеуге, туған еліне деген сүйіспеншілігін аттыру, жас қаламгерлер шығармашылығына қолдау жасауға бағытталған бұл шараға қала жастары, университеттердің оқытушылары мен студенттері, жергілікті тұрғындар, кітапхана оқырмандары және БАҚ өкілдері қатысты. Қазылар алқасының қорытындысы бойынша Асылбекқызы Ұлжан, Амангелді Нұрай, Исахова Ақлима, Таир Мағжан, Тасшабай Закида, Берденбек Мырзат секілді талапты жастар мен бас жүлде иегері Қыстаубай Нұрланға дипломдар мен бағалы сыйлықтар берілді.
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және тіл саясатының пәрменділігін арттыру бағытында тиімді тәсілдерді мектеп оқушылары арасында пайдалану да ұтымды. Әсіресе бастауыш сынып оқушылары қызығушылыпен белсене қатысады. Соған дәлел ретінде халық ауыз әдебиетінің інжу-маржандарын кеңінен насихаттау, жастардың қиял көкжиегін кеңейту мақсатында өткен «Достар» МС бастауыш сынып оқушылары арасында «Тазша бала» байқауын атауға болады.
Қатысушылар Тазша бала бейнесі арқылы қазақ халқының тапқырлығын, әзілкештігін, ұлттық өнерін көрсетіп, әдемі әзіл мен ұтқыр тапқырлықтарын байқата білді. Байқау қорытындысы бойынша жүлделі І орынға Ораз Айым, Әл – Фараби атындағы ІТ лицейінің оқушысы, ІІ орынға Талғатов Дінмұхаммед Әл – Фараби атындағы ІТ лицейінің оқушысы лайық деп танылса, ІІІ орынды Қойшыбек Арыстанбек №21 мектеп-лицейінің оқушысы иеленді.
Қазақстан Республикасы халқының достығы - еліміздің бірлігінің кепілдігі. Тыңдаушылардың жүрегіне өз ұлтының тілін, дінін, әр этностың өнерін, оның рухани байлығының негізін таныта отырып, мемлекеттік тілді сыйлауға, құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында Қазақстан халқы бірлігі күніне арналған «Қазақстан - достық мекені!» фестивалі де табысты өтті.
Фестивальдің ережесі бойынша «Тілі басқа – тілегі бір» атты бірінші кезеңінде қатысушылар өздерін 2 тілде таныстырады.
«Ұлттық тағам – ырысым» екінші кезекте ас мәзірін слайд немесе бейнебаян түрінде дайындап, мемлекеттік тілде қорғады. Одан соң «Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі» сайысында әр ұлттың киім үлгісін көрсетті. Соңғы «Өнер көзі - халықта» бөлімінде ән айту, билеу сияқты өз өнерлерін ұсынды.
Қазақстан халқы тілдері онкүндігінің аясында өзге ұлт өкілдері арасында «Әнім сенсің – туған жер» атты қазақша караоке өтті. Бұл байқауда өзге ұлт өкілдері қазақ өнеріне деген қызығушылық пен құрметтерін көрсете білді.
Бас жүлдені Клепцов Евгений, бірінші орынды Прямосудова Екатерина, екінші орынды К. Берестова, Э. Вугар, үшінші орынды А. Фишер, К. Коротина, А. Шишкиналар жеңіп алды.
Биылғы жылға да өткізетін іс-шаралар жоспары жасалды. Оның басын Көкшетау қаласының әкімдігінде «Мемлекеттік мекемелердегі қазақ тілінің ахуалы» тақырыбында дөңгелек үстелмен бастадық. Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы мен Көкшетау қаласының әкімдігі бірлесе өткізген жиынға тіл жанашырлары және қала әкімі аппаратының дербес бөлімдерінің басшылары мен мамандары қатысты. Жиында мемлекеттік тілде ісқағаздарын жүргізу, көрнекі ақпараттардың орналасу реті талқыланып, мемлекеттік мекемелер тарапынан орын алған заң бұзушылықтар қаралды.
Атап айтқанда, Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі ММ-нің басшысы Күнім Уразбаева 2022 жылғы атқарылған жұмыстармен және ісқағаздарын жүргізуде орын алған заң бұзушылықтар жөнінде ақпарат берді. Ал Көкшетау қаласының ТҮКШ бөлімінің техникалық қадағалау секторының бас маманы Марат Балтабайұлы күн тәртібінде көтеріліп отырған мәселенің өзекті екенін айта келе өзінің ұсыныстарын білдірді.
Жиын соңында Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Кәрімова аталған басқарма тарапынан жүргізілген зерделеу жұмыстарына тоқталып, заң бұзушылықтарды жақын арада түзету қажеттігін ескертті. Дөңгелек үстелге арнайы келген тіл жанашырларының да пікірлері тыңдалды.
Солтүстік өңірлер әдетте орыстілді аймақтар деп саналады. Оның да себептері жоқ емес. Өйткені жүздеген жылдар Ресей империясының басқыншыл саясаты мен одан кейінгі кеңестік жүйеде, әсіресе тың игеру кезеңінде солтүстік аймақтарға орыстар мен өзге ұлттарды әкеліп төккендіктен олардың санының жергілікті ұлтқа қарағанда көп болуына орай орыс тілі басымдыққа ие болғаны рас. Қазір Көкше өңірінде қазақ ұлтының саны басым. Бірақ «Ауру қалса да әдет қалмайды» демекші ондаған жылдарғы сіңісті болып кеткен орыс тілінің әсерінен арыла алмай келе жатқанымыз жасырын емес. Сондықтан қаламызда қазақ тілінің кең қанат жаюы үшін әлі де біраз жұмыстар атқаруға тура келеді. Ол мемлекеттің ғана міндеті емес, өзін қазақпын деп санайтын әрбір азаматтың төл ісі болуға тиісті.
Ақбота ТӘШЕНОВА,
Көкшетау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мемлекеттік мекемесінің бас маманы