ӘЖЕ ӘЛДИІ
2024 ж. 09 маусым
1608
0
Қоғамда отбасылық құндылықтар маңызды орын алатыны мәлім. Танымал журналист, газетіміздің белсенді авторы кезекті жазбасын осынау келелі тақырыпқа арнады.
«Келін қайда болса, біз сонда барамыз!»
– Жоқ, бұлай болмайды екен, – деді, Алматы мемлекеттік консерваториясында оқитын Берік бір күні ауылға – Жалағашқа демалысқа келгенде.
– Мен балаларды Алматыға алып кетпесем болмас, сауатты дәрігерлерге қаратып, емдетейін.
– Біз қайтеміз? – деді, шешесі Ұлмекен далада қалып қоярдай.
– Жаныңызда менен басқа төрт ұлыңыз бар ғой, неден қорқасыз, солар бағып-қағады да...
– Сендер қалаға кетсеңдер, біз де мұнда қалмаймыз, сендер қайда болсаңдар, сонда барамыз. «Нар қартайса ботасына ереді» деген, бұйырғаны болар, – деді, әкесі Мырзалы кесіп айтып.
Осылай болатынын Гүлфайруз да іштей сезіп жүруші еді. Берік оқуда жүргенде, ләм-мим демей, ауылдағы ата-енесінің қолында болды. Қала туралы бір ауыз сөз айтқан емес. Қыздар педагогика институтын бітіріп, қолында табақтай дипломы тұрса да, жұмыс жайында не болмаса Алматыға оралу туралы ауыз ашып көрмепті. Ата-енесі алаңсыз өзінің қолына қарап отырған соң, олардың шын ықылас-пейілін көріп, екі жыл бойы қолдарында тұрып, көңілдеріне келетіндей титтей де тірлік жасамауға тырысты. Үшінші жылға аяқ басқанда да Алматыға, Беріктің қасына жібергілері жоқ еді.
– Тәрбие көрген қыз ғой! Қонақ көрген бала ғой! – деп үнемі келінін айналып-толғанып отыратын атасына бар жағдайды жасап бақты. Беріктің шешімі оларға ауырлау тиетінін алдын-ала білетіні де сол. Бірақ бір күні болмаса, бір күні бәрібір осылай болатыны да, Берікпен бірге Алматысына кететіні де анық еді. Күйеуінің оқуы бар, үлкен қалада айналысатын тірлігі де аз емес, барлық шығармашылықпен айналысатын өнер мен ғылым адамдары да Алматыда. Қысқасы, Гүлфайруз күйеуімнің болашағы тек Алматымен байланысты деп ойлайтын. Ауылдың ауа-райынан ба, судан ба, кім білсін, қолындағы бөбегі қайта-қайта ауырып, мазалары қаша бастаған соң, Берік отбасын Алматыға алып кетуге бекем бел байлаған еді.
– Онда үйді, малды – бәрін сатыңдар. Ауылға алаңдамайтындай болып көшесіздер, – деді, Берік әңгіменің тоқетерін бір-ақ қайырып. Басқа жол болмай тұр. «Біз бір жұмыстан қалып қоятын адамдай, бұл келін тамағын берсе де, дәл уақытында береді. Осы бала келгелі дәмді тамақ ішетін болдық», – деп, сүйсіне айтып жүретін атасы сүйікті келінінен айрылғысы келмеді. Ұлы Отан соғысына қатысып, бір қолынан айрылып қайтқан атасы кісі танитын адам еді. Енесі де жанының жылуы мол, жайдары кісі болды.
Ауылға келін болып түсіп, қолдарына келгелі екі жылдан асты ма, жоқ па, екеуі жас келінге қатты бауыр басып қалды. Баласына да қарайды, өздеріне де жағдай жасайды, үй-жайды жайғастырып та үлгереді. Жасап беретін тамағы да дәмді, шәй-пәйі де үзіліп көрген емес. Бірлі-жарым қонақ келе қалса да, жоқты бардай, барды нардай етіп көрсетіп, ырғап-жырғап отырғаны. Ондай келінді кім жек көрсін.
Ауылды қанша жерден қимаса да, кемпір-шал екеуі бір шешімге келіп, Беріктің соңынан ілесті. Өзі оқып жүрген студент бала ғой, қиналып қалармыз деп ойлаған да жоқ. «Ауылда төрт ұлың, қызың бар, неден қорқасыздар?» – деп, Беріктің қаттырақ айтқанына да мән берген жоқ.
– Мынау қайда болса, сонда боламыз, – дейді, әкесі Гүлфайрузды нұсқап.
– Мынау өлсе, өлесіңдер ме сонда? – дейді, қызбаланған Берік әдейілеп. Екеуінде үн жоқ, Гүлфайруздың қолында тұруды қалап тұр. «Ауылда қалмайтын болсаңдар, Гүлфайрузбен ғана тұрғыларың келсе, онда сендерді Алматыға өзіммен бірге алып кетейін», – деді. Сөйтіп жасы келген кісілер қанша қорқасоқтаса да, 1996 жылдың қысында ауылда айрылысу көжесін беріп, ағайын арасында жоралғы жасады.
Мойнына артылған жүкті Берік те, Гүлфайруз да жақсы түсінді. Қалада жалдап тұрып жатқан Иван дейтін орыстың екі бөлмесіне бәрі сыйып кетті. Алматының шетінен әлі салынып бітпеген, төрт қабырғасы ғана тұрғызылған шағындау бір үйді сатып алып, бәрін ретке келтіріп, әке-шешесі мен отбасын соған кіргізді.
Қалада бұлар жап-жақсы тұрып жатты. Алайда көп ұзамай, Беріктің әкесін ауру меңдей бастады. Бұрыннан өтінде тас байланып маза бермей жүруші еді, енді оған жүрегі қосылды, дәрігерлерге көрсетіп қаншама ем-дом жасатса да, шипасы бола қоймады. Операция жасатты, алайда жасы келген кісіге бұл ауыр соқты. Ақыры, өзі сезді ме, «Кеудемде жаным барда мені елдің табанына жеткізіңдер» деп шешті. Атасы сырткөзге қаталдау көрінгенмен, әңгімесі түзік, сыпайы кісі еді. Соғыста бір қолынан айырылған атасының «Ананы жасап бер, мынаны жазып берші» деген сияқты жұмыстарының бәрін Гүлфайруз тап-тұйнақтай етіп бітіріп беріп жүрді.
«Ей, жаны жайсаң азамат! Қолыңды жайшы, саған бата берейін!» дейтін бейнесі әлі көз алдында. Айналып-толғанып, риза болып кеткенде атасы көбіне осылай дейтін еді. «Көргенді бала ғой бұл, тегі бар ғой! Әке-шешесі жақсы ғой!» деп талай рет алғыс айтты.
Бойын әлсіздік жайлаған сәттің бірінде атасы ымдап жанына шақырып:
– Қолыңды жайшы, мен бата берейін. Пойызға билет алды ма? Пойыз қаншада жүреді? – деді.
– Пойыз кешкі сағат сегізде жүреді, – деді Гүлфайруз. Шамасы жетіп тұрғанда бата беріп қалайын деді ме, батасын берді де атасы үн-түнсіз қалды. Сәлден кейін барып:
– Жаңа саған бата беріп болғаннан кейін менің тілім тартылып қалды ғой, – дегені Гүлфайруздың есінен кетер емес. «Жаратқан жар болып, жақсы болып келе жатқан жерім болса, осы кісілердің батасының шарапаты» деп түсінді.
Бір емес, екіжақты тәрбие көрген Гүлфайруз қыз балаға тән мінез-құлық пен икемділікті, ибалылықты, нәзіктік пен биік адамгершілікті кішкентай кезінен бастап-ақ бойына дарытып өсті.
Әкесі Сәуелхан мал-жаны өскен ауқатты кісі, оны үйдегі балалардың бәрі «аға» дейтін. Патша әжелері басие болған ағасының шаңырағы ауылдағы жақсы тұратын санаулы үйлердің қатарында болды. Ертелі-кеш самауырыны қайнап, дастарханы жайнап тұрған, есігінен қонақ үзілмейтін үйдің бүкіл бар-жоғын түгендеп отыратын шешесі Ақбөпе де мейірімді, кішіпейіл, қонақжай қалпынан өзгеріп көрмепті.
Алты ай қыста тіпті бөлек, бұл үйде жаздың өзінде, тіпті шілденің шіліңгір ыстығында басқасын былай қойғанда, соғымнан қалған сүр еттер табылып жатушы еді. Ет демекші, жас ет керек пе, қақталған ет пе, ысталған ет пе, сүрленгені ме, Гүлфайруз бәрін баптап дайындауды осы өзінің анасы Ақбөпеден үйренді. Оны бабына келтіріп, балбырата пісіріп, бір тағамның өзінен түрлі дәм жасап әзірлеп беру алғыр қыздың үйреншікті ісіне айналған. Соның өзінде шешесі: «Гүлфайруз, Беріктің тамағын үнемі дәмді етіп пісір. Оның қонағы да көп болар, мезгілсіз келіп-кетіп жатса да қабағыңды шытпай, бәріне шыдас білдір», – деп қайталаудан жалықпады.
– Қонағы ырза болып кетсе, ер азамат жүрген жерінде марқайып жүреді.
Шешесінің осы сөзі көңілінде күні кешегідей жаңғырып тұр, бір сәт есінен шыққан емес.
Мұның бәрі өз алдына бір хикая, әлі талай оралып соғуға тұратын әңгіме.
«Төсектен аунап кетсең, күйеуің таппай қалады ғой...»
Гүлфайруздың әдепті болып өсуінде әже тәрбиесінің орны бөлек болды. Марқұм Патша әжесі өзінің атына сай патша десе, патша еді. Паң, өзін тік ұстайтын бекзат болмысты кісі. Жалғыз Ермекқара інісінен басқа құрсақтас бауырлары «күл» шығып ерте дүние салғандықтан ба, өте қатал адам болды, сөйте тұра ерекше балажан еді.
Әжесінің қаталдығынан Гүлфайруз пайда көрмесе, зиян шеккен жоқ. Бір қызығы, қатал әже осы немере қызы дегенде, ішкен асын жерге қоятын. Гүлфайрузды бес жасқа дейін арқасынан тастаған емес. Жаяу жүргісі келсе де жүргізбей, арқалап алатын. Үнемі жоқтау сарынды бір әуеннің ырғағымен ыңылдап жүретін дағдысы бар, ара-тұра «Табаныңа кірген шөңге маңдайыма кірсін» деп күбірлеп бара жатушы еді. Үйде он бір бала болса да, Гүлфайруз ғана кішкентай кезінен бастап бой жеткенше әжесінің қызы болды. Тіпті ес кіріп, етек жинай бастаған кездері:
– Төсекте жатқанда, түзу жатып үйрен, аунай берме. Ертең күйеуге тигенде төсегіңнен аунап құлап кетсең, күйеуің таппай қалады ғой, – деп қоятыны бар еді. Ол сөзіне Гүлфайруз жылап та алатын. Бәрі осы күнге дейін көңілінде сайрап тұр. Күні кеше сияқты көрінеді, уақыт деген осы, көзді ашып-жұмғанша зу ете қалады екен ғой.
Суық күндері сабақтан келе салысымен, әжесі аяқ киіміне жармасатын әдетімен:
– Табаныңнан өткен сыз төбеңнен бір-ақ шығады! – деп, шешіп алып, кептіруге жайып қойып жатады. Киімі бүтін, тамағы тоқ болып өскен балалар ауру-сырқау дегеннің не екенін білген жоқ. Білсем, үйренсем екен деген ынталары жақсы болды. Мектепке барғанда, ауыл арасында жүргенде әжесі де, әкесі де балаларының атына айтылған мақтау сөздерді естіп келіп, оны үйге келгенде айтып, марқайып, балаларына ылғи ризашылығын білдіріп қойып отырушы еді.
Намазды ұзақ отырып оқуды әдетке айналдырған әжесінен бір күні балалық қызығушылықпен:
– Әже, намазды неге сонша ұзақ отырып оқисыз? – деп сұрады.
– Атаң Ысекең (Смағұл) қайтыс болғанда қаза болған намаздарым көп еді, солардың орнын толтыруым керек, – деді, әжесі жайнамазын жинап жатып.
Патша әжесі көпті көрген кісі ғой, адамды қалай күтіп, қалай сыйлау керектігін, адам өзін қалай ұстауы тиіс екенін айтпай-ақ ұқтырып жүретін.
Гүлфайруз оныншы сыныпты бітіргенше әжесінің қасында жатты. Қазір бәрі сағынышқа айналған. Кез-келген сәтте «Осыны анам былай жасаушы еді ғой», «Мұндай кезде әжем былай деп айтатын» деген ойлардың жылт ете қалатын әдеті бар. Осының өзі жақсы тәрбие, көрген-білгенін түйіп алатын алғырлықтың көрінісі ме деген ой келеді.
Патша әжесі Гүлфайруз оныншы сынып оқып жүргенде 1986 жылдың желтоқсан айында дүниеден қайтты. Қазақтың «Өз балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» деген сөзі рас-ау, кей кездері сол кісінің өміріне ден қойып, ой жүгіртетін Гүлфайруз әкесі Сәуелханның қол жеткізген азды-көпті жетістіктерінен де әже еңбегінің ізін көргендей болады. Шынын айтқанда, «Тәрбие көрген қыз ғой! Қонақ көрген бала ғой!» – деп, атасы Мырзалының үнемі айналып-толғанып отыруының астарынан да біраз жәйтті аңғаруға болатын еді. Беріктің әкесі құдалар жағын өле-өлгенше құрмет тұтып өтті. Өзгелердің қадыр-қасиетін көре білудің, бағалай білудің өзіне де үлкен мәдениет, жоғары пайым-түсінік қажет-ау.
Қарап отырса, өнегелі тәлім-тәрбиенің түп-тамырында бір ғана Патша әжесінің ізі жатқандай көрінеді.
Енесіне жасаған құрметі алдынан шықты
Қазақ атам айтқыш қой. Айтқанда да, сол айтқаны дәл келетінін қайтерсің. Жетпіс жеті атасынан бері қарай үзіліп көрмеген қазақы тәрбиемен өскен Гүлфайруз баласы Әбілманапхан үйленерде бірталай ойға батқаны рас. Қазір «Балалар бірін-бірі ұнатса болды да, өздері білер» дейтін заман болғанмен, адам болған соң, бәрібір бей-жай қарай алмады.
1991 жылы 30 қарашада дүниеге келген тұңғышы Әбілманапхан Ақмарал атты қызбен отбасын құруға бел байлады. Мұндайда қуанбайтын адам болмас, әрине. Гүлфайруз да, күйеуі Берік те көңілдері аспандап, бір көтеріліп, бір басылып тұрғандай сезімде жүрді. Болашақ жас ене егжей-тегжейлі ойланып та бас қатыра қоймады. Алғашқы қызықшылық өзінің сиқырына бөлеп, мәре-сәре күйде болды. Бұл көбімізге таныс, көпшілігіміздің басымыздан өткен жәйт қой, түсінуге болады...
Той-домалақтың бәрі өтіп, абыр-сабыр басылғаннан кейін Гүлфайруз іштей өз-өзіне күліп қояды. «Орысша оқып, тәлім-тәрбие алған қыз таза қазақы ортаға қалай сіңер екен? Ертеңгі күні отбасымыздағы жарасымға сызат түсіп жүрмей ме?» деген ойлар басына кіріп-шықпапты. Баланың таңдауына деген көзсіз сенім бе әлде тағдырдың жазғаны болар деген қазақы қалыптың әсері ме, әйтеуір беймәлім тұманды ойлардың тұңғиығына батқанды жаны қаламаған. Гүлфайруз болмаған іске бордай тоза беретін жан емес. Құдайға шүкір, Ақмарал келіні көңілден шығып келеді. Қазір екі немере сүйдіріп отыр, Алла берсе үшіншісінің де ауылы алыс емес сияқты. Таңертең ерте шәйін беріп, жұмысқа шығарып салады. Кешкі асын әзірлеп күтіп отырады. Бәрінен қызығы – таңертең де, кешке де Берік атасына сәлем салумен болады.
Жас келіннің бұл ісін аңғарып қалған Гүлфайруз «Үлкенге, атаға сәлем салып жүру керек» дегенді орысша тәрбиемен өскен келін дұрыс түсінбей қалды ма екен?» деп, бір күні шыдамай сұрағаны бар.
– Сен осы азанда да, кешке жұмыстан келгенде де атаңа сәлем салып жатасың. Азанда бір рет қана сәлем салсаң болады ғой, – деді.
– Атам бағы жанған, абыройы асқан кісі ғой. Сәлем салған сайын маған «Бақытты бол!» деп айтады. Атам сияқты, атамның үйі сияқты бақытты отбасы болсақ екен деймін, – деді келіні. Мына сөзге Гүлфайруздың өзі ойланып қалды.
Оқта-текте «Қазір өзім де әже атанып отырмын ғой, бұрынғы кісілердің өнегесін ары қарай жалғай аламыз ба, жоқ па?» деген ой мазалап қоятыны бар. «Қарап отырсаңыз, қазір бала тәрбиесіне келгенде көбіне мектепті ғана тілге тиек етіп жатамыз. Ол дұрыс та шығар, бірақ тәрбие негізі отбасында жататынын ұмытпау керек-ау». Көңілдегі ойы осы.
Өзі бір емес, екі дипломға ие Гүлфайруздың алғашқы мамандығы педагогика саласы болса, екінші мамандығы да сонымен сабақтас – мектепке дейінгі оқыту, тәрбиелеу әдістемесін әдейі таңдаған еді. Әйел адамның міндеті отбасының берекесін кіргізу деп түсінетін Гүлфайруз бала тәрбиесін басты орынға қоятын. Әженің әлдиі, анасының аялы алақаны бір бөлек те, заманауи тәлім-тәрбие негізі өз алдына ерек дүние деп ойлаушы еді. Енді бағамдап отырса, осы екеуі біртұтас дүние болуы қажет екен. Сонда ғана тәлім-тәрбие берудің біртұтас жүйесі қалыптасады. Халықтық педагогикаға ерекше көңіл бөлу керек дегеннің өзі осыған келіп саятынын түсінді.
Шындығында, қарбаласы көп қалалық жерде әженің орны бұрынғыдан да маңызды сияқты ма, қалай.
Әже әлдиі жалғаса береді...
Әнуарбек ӘУЕЛБЕК,
Қазақстанның Мәдениет қайраткері,
Қазақстанның Құрметті журналисі.