Қызылқұмның қос қыраны

Қызылқұмның қос қыраны

Арыс ауданына қарасты Қожатоғай-Байтоғай өңірінде «Жұмабектің баласы жеті арыстан, Қайтарады жауларын беталыстан»  деп атақты Майлықожа ақын жырлаған, мұқым елге кеңінен белгілі, құт-берекелі Жұмабек бабаның екінші ұлы Рысбектің Мамыт ақсақалдан тараған немере ұрпақтары Жүзбай мен Мыңбай атты айтулы азаматтыр ғұмыр кешті.

Елге еңбектері әбден сіңген осы қос азамат туралы әңгімелеп бермекшімін.

Рысбеков Жүзбай Мамытұлы. 

1944 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданына қарасты Шеңгелді ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 7 жылдық мектепті бітіргеннен соң көмекші шопан, механизатор болып жүріп Арыс қаласындағы жүргізушілерді дайындайтын курсты бітіргеннен соң Қожатоғай кеңшарында 1964 жылдан бастап механизатор, жүргізуші, комбайнер, механик, бригадир, ферма меңгерушісі болып жүріп Ташкент қаласында жоғары білім алды. 

Жасынан әбден еңбекпен шыңдалған Жүзбай Мамытұлы еңбекті біліммен ұштастыра жүріп ауыл шаруашылығының ірі ұйымдастырушысына айналды, Қожатоғай кеңшарының директоры, Қожатоғай Акционерлік Қоғамының президенті қызметіне дейін көтерілді.

Жүзбай Мамытұлы қай қызметте болса да өзінің еңбекқорлығы мен біліктілігінің арқасында табандылықпен, іскерлігімен өзін көрсете білді. Басшылық қызметтің қай саласында болсын талапшылдығымен, істің көзін таба білетін зор ұйымдастыру қабілетінің арқасында өзі басқарған бөлімшенің, кеңшардың өркендеуіне ықпал етті.

Күнің ыстығы мен суығына төзіп жеке басының мүддесінен мемлекеттің мүдесін жоғары қойып нағыз еңбек адамына айналды. Байтоғай, Раңдытоғай аумағының тың жерлерінің егістік алқабқа айналуына, суғару жүйелерін жасауда жер жағдайын білетін қырағылығымен егін шаруашылығының дамуына өзіндік үлесін қосты. Қожатоғай кең шарының мал шаруашылығын жем шөпен қамтамасыз ету мақсатында егін шаруашылығын дамытып жүгері,бидай, жоңыршқа, бау-бақша дақылдарының егіп мол өнім алу жолында еңбегі сіңген басшы. 

Қожатоғай кең шарының тарауына байланысты кеңшардың жерін акционерлік қоғам мүшелеріне пай үлестері арқылы таратып, жеке шаруа қожалықтарға бөліп беріп, осы өңірде алғаш рет мақта дақылын ектіріп, жұмыссыз қалған халықты жұмыспен қамтамасыз етеді.

Ел ішінде ауылдың басшысы, биі қызметін атқарып елге еңбегі сіңіп ауылдасқа, ағайынға қамқор бола білді. Жолдасы Оңалаймен 4 ұл 3 қызды дүниеге алып келіп, өсіріп, зейнетке шығып, ұл - қыздарын тәрбиелеп жоғары білім алуына ықпал етті. Ұрпақтары қазіргі таңда мамандықтары бойынша абыроймен еңбек етуде.

 Ұл қыздардың үлкені Сапарбай Жүзбайұлы жоғары білімді Өзбекстан республикасындағы ТИИИМСХ институтын энергетик мамандығы бойынша алды. Қазіргі таңда еліміздің энергетика саласында еңбек етіп келе жатыр. Сонымен қатар ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің деген қағиданы ұстанып мал,егін шаруашылығынан қол үзбей «САПАР» ЖШҚ-ның төрағасы қызметін қоса атқарып келе жатқан жайы бар.

Екінші ұлы Шалхар Жүзбайұлы жоғары білімді Ташкент қаласындағы ТИИИМСХ институтының энергетика факультетін бітіріп және Оңтүстік Қазақстан химия-технология университетінің мұнай газ факультетін бітіріп қазіргі таңда мұнай саласына еңбегі сіңген білікті маман. 

Кенже ұлы Мақсат Жүзбайұлы жоғары білімді Оңтүстік Қазақстан химия-технология университетінің мұнай және газ өңдеудің химиялық жүйелері бойынша жоғары білім алып, Қазіргі таңда еліміздің ірі алпауыт АҚ «ПетроКазакстан» компаниясының инженері.

 Мамытов Мыңбай Мамытұлы.  

1947 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданына қарасты Шеңгелді ауылдық кеңесінде дүниеге келіп. 7 жылдық мектепті бітіргеннен соң Сарыағаш қаласындағы Қапланбек мал дәрігерлік техникумын бітіріп Қызылқұм ауданының Қожатоғай кеңшарында малдәрігері қызметін атқарады. 1968-1970 жылдары әскери борышын атқарып келгеннен соң «Қожатоғай» кеңшарының орталығында сауда бөлімінде сатушы қызметін атқарады. «Қожатоғай» кеңшарының Байтоғай бөлімшесінде шаруашылық жөніндегі меңгерушісі қызметін атқарып жүріп 1986 жылы Шымкент кооператив техникумына түсіп « Азық түлік товарлары саудасын ұймдастыру» мамандығын алып шығады. 1988 жылдан бастап «Қожатоғай» кеңшарының орталығындағы сауда бөлімінде мамандығы бойынша абыройлы қызмет атқарады. Осы салада білікті де, білімді маман болып сауда саласының дамуына өзіндік үлесін қосты. Көп жылғы тәжірибесінің арқасында сауда саласына бірнеше шәкірттерін тәрбиелеп халықтың ризашылығына бөленді. Құдай осқан қосағы Селкін екеуі 6 ұл, 1 қызды дүниеге алып келіп өсіріп, тәрбиелеп оқытып жоғары білім әперіп ұлдарын ұяға, қыздарын қияаға қондырып бірнеше немере сүйді. 

 Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер деген ұстанымен ұлдары Қазақстанның әр түкпірінде абыройлы қызметтер атқарып ата-анасының аттарын шығарып абыроймен еңбек етіп келеді.  

  Үлкен ұлы Ибраһим Алматы политехникалық иниститутының мұнай-газ саласыинженері мамандығын алып, ұзақ жылдан бері мұнай саласында еңбегі сіңген маманға айналды, осы саладағы басшылық қызметтерді абыроймен атқарып келе жатқан азамат. Бүгінгі таңда ірі мұнай компаниясының директоры қызметін атқаруда. Қазақстан Республикасының Энергетика министірлігінің Құрмет грамотасымен және медальдарымен бірнеше рет марапатталған. 

  Екінші ұлы Асқар Мыңбайұлы ұзақ жылдар шаруа қожалығымен айналысып келеді. 

  Үшінші ұлы Әліби Қазақ химия технологиялық институтының мұнай газ өңдеу химиялық технологиясы мамандығын бітіріп, қазіргі таңда АҚ «ПетроКазакстан» компаниясында мұнай кеніштерінің басшысы қызметін атқаруда, мұнай-газ саласында еңбегі сіңген білікті маманы.

  Төртінші ұлы Сабит Мыңбайұлы қара шаңырақта, ол да жоғары білімді, қазіргі таңда Шымкент қаласындағы мұнай өңдеу зауытының қызметкері. 

  Бесінші ұлы Ахмет қажы нағыз сегіз қырлы, бір сырлы бес аспап азамат. «Мамыт» шаруа қожалығының басшысы. Бизнеспен табысты айналымып, өзі жеке кәсіпкерлік құрып, асыл тұқымды жылқылар мен асыл тұқымды ірі қара өсірумен айналысып келеді. Көкпар десе делебесі қозып, көкпар аттарын дайындап, үлкен аламан көкпарларда елдің атын шығарып, елге танылып жүрген азамат.

 Кенже ұлы Нүркен Мыңбайұлы Алматы қаласында ЖСШ «БИЖАН» еткомбинатында техникалық директоры. 

8 наурыз күні Жүзбай мен Мыңбай Мамытұлдарын еске алу, құран бағыштау мақсатында ұрпақтары Байтоғай ауылында ас беріп, артынан үлкен көкпар дайындап жатыр, ниеттер қабыл болсын дейміз

Мырзабек Тілегенұлы Ешатов, 

Қазақ үні


КӨЗДЕН КЕТСЕ ДЕ КӨҢІЛДЕН КЕТПЕЙДІ

    – 1970 жылы жоғарғы оқу орнын бітірген соң, «Қожатоғай» кеңшарында экономист болып қызметімді бастадым, кейіннен сол кеңшар жастарының комсомол жетекшісі болып сайландым. Сол тұста Жүзбай Рысбеков те Байтоғай ауылындағы цехтық комсомол ұйымының жетекшісі болып сайланды. Сондықтан Рысбеков Жүзбай бауырыммен жалындап тұрған жас кезімізден араласып, қызметтес болдым. 

Кейін де Қызылқұм аудандық комсомол комитетін басқарып жүрген кезімде де жұмыс барысымен кездесіп тұрдық.

Жүзбай ағамыз ол кезде қарапайым механизатор болып еңбек етті. Соның өзінде көпшілікпен жұмыс істей алатыны, жастарды ұйымдастырып, оларға бағыт-бағдар бере білетіні, қажырлы, сөзінің салмағы бар азамат екендігі көрініп тұратын. Еңбекте озат, елге абыройлы болды, еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында кейіннен кеңшар басшысы қызметін де атқарды. «Көзден кетсе де көңілден кетпейді» демекші, жақсы әрі мықты азамат ретінде есімізде қалды.

Досыбай ШЕРІМҚҰЛОВ, 

Мемлекет және қоғам қайраткері,

Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы: 


ЕҢБЕГІ ЖЕМІСТІ ДЕ ЖЕҢІСТІ БОЛДЫ

– Мен Жүзбайды 1972 жылдан бері жақсы білемін. Себебі, мен сол жылы ауыл шаруашылық институтының агрономия факультетін бітіріп, Жүзбай екеуміз туып өскен «Қожатоғай» кеңшарда мамандығым бойынша нөмірі бірінші фермада агроном болып қызметімді бастадым, ал Жүзбай осы совхоздың «Байтоғай» фермасында алдымен тракторист, кейіннен көлік жүргізушісі болып жұмыс істеп жүрген. Ол менен үш жастай үлкен, бұрыннан сәлеміміз дұрыс бір шаруашылықтың азаматтары ретінде араласып жүргенбіз. Менің кейін шаруашылықтың бас агрономы қызметіне дейін лауазымым артты. Ол өзі механизатор мамандығы болғандықтан егіншілік саласында көп қызметтер атқарды. Сондықтан, қызмет барысында көп шаруаларды бірге атқаруға тура келді. Сондағы көзімнің жеткені, ол өзінің жұмысына тиянақты әрі жауапкершілікпен қарайтын. Өз міндетін бар ынтасымен атқаратын соң, шаруашылық басшыларына ұсыныс жасап, өзі істеп жүрген фермаға бригадир-механик етіп тағайындадық. Ол қызметі де көп жыл абыроймен атқарды, өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің бар екенін көрсете білді. Содан бірнеше жылдан соң совхоз басшылары оған сенім артып, ферма меңгерушісі етіп тағайындады.

        Рысбеков Жүзбай екеуміз бірігіп егіншіліктің ең соңғы жетістіктерін іске қосып, сол салада жоғары көрсеткіштерге қол жеткіздік. Шаруашылық негізінен мал саласымен шұғылданатын болғандықтан, мамандардың көбісі зоотехник, малдәрігері, мал шаруашылығының тағы басқа да мамандары болатын. Сондықтан болса керек, совхозда мал шаруашылығының көрсеткіштері жоғары болды да, ал егіншілік саласында қол жеткізген табыстар мардымсыз еді. 

         Совхозда сулы жер жоқтын қасы еді. Мұндай жағдайда шаруашылықта тұрақты, жоғарғы өнім алу үшін суармалы жердің көлемін арттыру қажет еді. Осыны түсінген Жүзбай екеуміз, тағы басқалар, шаруашылықта суармашылық жердің көлемін арттыруға қатты көңіл бөлдік. Ол үшін мен шаруашылық басшысымен келісіп, суармалы жердің көлемін көбейту үшін тиісті құжаттарды жасауға тура келді. Тиісті құжаттар жасалынып болған соң оны жергілікті жерде, яғни, өзіміздің шаруашылықта іске асыру үшін Жүзбай сияқты елдің патриот азаматтары қажет еді. Бұл жұмыстар рет-ретімен, әр фермада, әр мезгілде іске асырылды. Сол жылдары Жүзбайдың фермасында ондай жердің көлемі 400 гектарға дейін жетті. Қысқасы, оның еңбегі осы жылдары жемісті те жеңісті болды. 

Нарықтық қатынастарға өту кезеңінде аудан басшылары Жүзбайды совхоздың директоры қызметіне тағайындады. Совхозды жақсы басқарып, көпшіліктің көңілінен шықты. Оны халық жауапты басшы, жақсы ұйымдастырушы, жастарға қамқоршы, үлкендерге қайырымды, пайымды азамат еді деп осы күнге дейін еске алады. 

Нұрмахамбет АЙТУҒАНОВ, 

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, 

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР Жоғарғы Кеңесінің және ҚР Парламентінің Мәжісілінің депутаты: 


ЕЛГЕ ИЕ БОЛАТЫН ҚАБІЛЕТІ БАР АЗАМАТ ЕДІ 

    1998 жылдары елді қымбатшылық жайлап, инфляция шарықтай өсіп, кеңес кезінен келе жатқан шаруашылықтар ыдырап, жұмыссыздық белең алып тұрған аса бір күрделі кезең ретінде тарихта қалды. Мен дәл сол кезде Отырар ауданының әкімі болып қызмет атқаратынмын. Сол жылдары «Қожатоғай» акционерлік қоғамының басшысы дүниеден өтіп, орнына демократиялық үрдіспен сайлау белгіледік. Сайлауға 3-4 азамат кандидат ретінде ұсынылған екен.

Сол ашық сайлауда Жүзбай аға көпшілік дауыспен жеңіске жетіп, «Қожатоғай» акционерлік қоғамының басшысы болып сайланды. 

Жоғары білімі болмаса да Жүзбай ағаның бұл жеңісі мол тәжірибесінің, ұйымдастырушылық қабілетінің, ел арасындағы зор абыройы мен сенімінің жарқын көрсеткіші болды. Ары қарай жұмыс барысымен кездесіп тұрдық. Жүзбай аға сол өңірдегі елге ие болатын қабілеті бар нағыз азамат екен, жауапты да салмақты басшы болды. Қиын-қыстау кезде көптеген тығырықтардан шығып, елге жан-жақты жағдай жасай білді. Бір ғана мысал келтірейін, мал бағу арқылы күн көруге қалыптасқан халыққа мақта егуді ұйымдастырып, қосымша табыс көздерін көрсетті. 

Ағамыз Қожатоғай-Байтоғайға ауылдарына, сол арқылы Қызылқұм өңіріне зор еңбек сіңірді деуге әбден болады. 

Зәуірбек САЛЫҚБАЕВ, 

Мемлекет және қоғам қайраткері