Әлі күнге балалар фильмін түсіру саясатын жүргізе алмай отырмыз - журналист

Әлі күнге балалар фильмін түсіру саясатын жүргізе алмай отырмыз - журналист

Елімізде балаларға арналған сапалы контентті дамыту мәселесі ұдайы сынға ілігеді. Осы тақырып төңірегінде белгілі журналист Зүбәйра Әкіммен «Қазақ үні» тілшісі сұхбаттасып, саладағы кемшін тұстарды анықтауға тырысты. 

   -Неге елімізде балаларға арналған сапалы контент аз деп ойлайсыз?

- Кінәліні іздеп келе жатқанымызға талай жылдың жүзі болды. Оның себептері көп қой. Біріншіден, ол кішкентай көрермендердің ана тілін түсінбеуі себебінен. Екіншіден, балалар «Ютуб» арнасынан шетелдің көркемдік деңгейі жоғары, шапшаң қимылдайтын, дауыстары баурап алатын, көздің жауын алатын бояуы қанық сапалы түсірілген фильмдеріне көзі үйренген соң, қазақ мультипликаторларының сапасыз, сылбыр, жалықтыратын фильмдерін көргісі келмейді. Осыдан кейін, кішкентай көрермендер тарапынан сұраныс жоқ болуы мүмкін. «Неге» деп себебі мен салдарын қазбаласаң мәселенің түбі тереңдеп кете береді. 

 Бұл жерде қазақ тілінде сапалы контенттің аздығына үкіметтің де кінәсі бар. Өкінішке қарай, азаттық алғанымызға отыз жылдан асса да, әлі күнге балалар фильмін түсіру саясатын жүргізе алмай отырмыз. Тіпті, әлеуметтік желілерде балаларға арналған қазақы контент өте аз ұсынылады. Әлі күнге «Көш жүре түзеледі» деуден шаршамай, өзімізді алдаусыратумен келеміз. Былтыр ғана Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» студиясында анимациялық фильмдер өндірісі ашылыпты. «Мультипликация өндірісі сырттай оңай көрінгенімен, фильм жасау инемен құдық қазғандай жігеріңді ширықтыратын жұмыс. Мультфильм түсіру спецификалық шығармашылық жұмыс болғандықтан, мұнда өз ісін сүйетін әрі мультфильм жасауға икемді маман істемесе болмайды. Біздің салада да өкінішке қарай, мультипликация табиғатын жете түсінбейтін адамдар килігіп жүреді. Қазір тапсырыс бере сала тездің астына алады. Мысалы, тоғыз айда пісіп жетіліп барып туылатын баланы, үш айда туып бер деп талап еткендей ғой. Оның үстіне қаражат жағы маңызды екені айтпса да түсінікті. Тәжірибелі, мықты шеберлер аз теңгеге мультфильм түсіруге көмектесіп жүр» дейді, Алматы өнер колледжінің «Анимациялық графика» бөлімінің ұстазы Алтынбек Қамалұлы.

   Балалар фильмдерінің сапасы неге нашар болады? Себебі, біздегі балалар фильмін жасаушы режиссер, сценаристер бала психологиясына дендемейді. Баланың сұранысына ие болу үшін режиссер мен сценарист балабақшаға барып балалармен талмай жұмыс істеп, оларға не керегін зерттеп алуы керек. Өз бетінше құры долбармен «балаға осылай түсіре салсақ жарайды» деген ниет қазақ баласын ешқашан қазақ тіліне, қазақылыққа баулып, дұрыс тәрбиелей алмайды.

     Қазір туа бітті науқас болып туылған, аутизм дертіне ұшыраған балалардың жан дүниесін табатын, олардың рухын емдейтін лайықты балалар фильмі жоқтың қасы. 

      Ұлттық намыс мәселесіне келгенде, қазір балаларына бірінші болып ата аналар өздері орыс тілінде сөйлейді. Мектепте да сол! Мысалы, мынадай оқиға болған. Анар атты жас келіншек үш жасар қызының мүлде сөйлемейтінін байқап күйеуі екеуі қызын логопедке тексертеді. Логопед қыздың тілінде ешқандай физиологиялық кемістік жоқ екенін айтып, баланы психотерапевт дәрігерге көрсетуін айтады. Психотерапевт ата анасының қыздарымен үйдегі қарым қатынастарын сұрап біледі. Сосын, балаға орыс тілінде сұрақ қойып әңгімеге тартады. Сөйтсе, қыздың тілі орысша шыққан екен. Себебі, анасы жыламай жұбанып жатсын деп бес айлық қызының алдына ұялы телефоннан ағылшын, орыс тілдеріндегі мультфильмдерді қосып қойып үйреткен екен. Мультфильмдермен бірге бүлдіршіннің тілі орысша шыққан. Сөздерді орысша жаттап алған. Ал, ата анасы таза қазақы оңтүстік адамдары болғандықтан, қызымен үнемі қазақ тілінде сөйлескен. Бүлдіршін әкесі мен анасының не айтып жатқанын ұқпай, іштей «неге бұлай» деген оймен күйзеліске түскен. Содан меңіреу күй кешкен. Көрдіңіз бе? Ата ананың баласына жауапсыздығы кесірінен бала күйзеліске түскен екен. Тілі орысша баланың ой- сана геометриясы орысша қалыптасқан. Енді, осы бала орыс контентін арттырмағанда, қанша жерден көркемдігі жоғары, сапалы түсірген қазақ мультфильмін көріп, қазақ контентін арттыра ма?. Қазақ қоғамында әлеуметтік желі қолдану мәдениеті мен әдебі қалыптаспауы кесірінен өмірге келген жазықсыз сәби күйзеліске түсуде. Міне, осы жағынан келгенде біз «Балалар құқығын қорғау туралы»Заңға толықтыру енгізуіміз керек.  


- Кішкентай көрермендердің талғамына сай келетін отандық туындылардың көп болуы үшін мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілуі керек?

- Бүгінгі кішкентай бүлдіршін өскенде елі мен жерінің иесі, қорғайтын азаматы ғой. Оладың тәрбиесін осы тал бесіктен бастау керек. Ғұлама Әл Фараби, «Тәрбиесіз берілген білім қауіпті» деген. Өскенде алған керемет білім тәрбие болмаса, оны туған жеріне, Отанына арнай алмайды. Сондықтан, кішкентайынан баланың санасына сіңіретін фильмдердің мақсаты да ұлағатты, ізгілікті болуы керек. Сол елдің ертеңі бүлдіршіндеріміздің бойына, санасына сіңіретін тәлім тәрбиесіне киногерлердің қосатын ролі зор. Мысалы, қытай елінің асқақ армандарын жүзеге асыратын болашағымыз балалар деген қытай билігі, олардың өз еліне деген ұстанымдарын дұрыс қалыптастыру мақсатында интернеттегі түрлі видео көрсететін әлеуметтік желілерді балалардың санасын шатастырады деп бұғаттап тастады. Қытай мемлекеті «ГУГЛ» қызметінен бас тартып, тек өз елінде таратылатын интернет желісінің қызметін қосып қойғанын бәріміз білеміз. Египет билігі де өз ұрпағының санасына өзге елдің құйтұрқы саясаты сыналап алмасын деген мақсатта балалар фильмдерінің көрсетілімін қатаң бақылауда ұстайды. Өзге елдің фильмдері көрсетілмейді. Есесіне, жыл сайын Мысыр елі балалар фильмдерін түсіруге мемлекет бюджетінен қайтарымсыз қаражат бөліп, алуан түрлі қызықты мультфильм, анимациялық фильмдер түсіреді. Қаражаттың балаларға арналған фильмін түсірілуін қатаң бақылауда ұстайды. Кинотанушы, профессор марқұм Бауыржан Нөгербек, «Мультфильм түсіру оңай емес. Оған бақуатты бизнесменнің де шамасы жетпейді. Себебі, мультфильм алып өндіріс. Оны түсіруге мемлекеттің ғана шамасы келеді» деген еді, бір сөзінде. Себебі, мультфильм өндірісінің түрлі цехтары көп. Онысыз фильм түсіру мүмкін емес. Балалардың санасын жаулап алу үшін, түсіріліп дайын болған мультфильмді түрлі жолмен жарнамалау саясаты болуы керек. Оның бәрін жасайтын тек мемлекет ғана» деген еді. Қазір «Ютуб» арнасынаан көрсетілетін мультфилмдерді балалар асыға, зор ынтамен көреді. Неге? Себебі, ол туындының сапасы жоғары. Сапасы ғана емес, баланың санасын, түйсігін жаулап алатын иірімдерімен түсірілген. Бояуы қанық, көздің жауын алады. Дауыс ырғақтары үйлесіп, ұғынықты дыбысталады. Түрлі дауыс ырғағымен сойлейді. Дауыс, үн бала ғана емес, адамның психикасына қуатты әсер ететін қару. Сосын, шетелдік мультфильмдердің өтімі жоғары болуы үшін оның жарнамасын дұрыс әрі жан жақты жасайды олар. Мысалы, мультфильм кейіпкерлерінің тәттілерге, ойыншықтарға, ойындарға, киімдерге, бала ұстайтын қалталарға суреттерін салып қояды жарнамасын жасап. Дүкенге кіргенде таныс кейіпкерін көрген бүлдіршін туғанын көргендей ата анасына «Мынаны сатып ал да, ал» деп алдырмай шықпайтын оқиғаға күнде куә болып жүрміз. Ал, мультфильмнің қорқынышты, аяусыздыққа үйрететін мазмұны мен кейіпкердің жағымды, жағымсыз ролі ата ананы мүлде қызықтырмайды десе болады. Бұл ата ана тарапынан жіберілетін үлкен қателік. 

    Бала - мемлекетті ұстап тұратын ұлттың келешегі! Міне, осыған мән берген елдер бала тәрбиесіне барынша көңіл бөлген. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, «Балам деген ел болмаса, елім деген бала қайдан болсын?!» деп, кетті емес пе? Мұның бәрі айналып келгенде ел қауіпсіздігін сақтаудың шаралары ғой. Кино саласының ел қауіпсіздігіне қызметі қисапсыз дер едім. Сондықтан, қазақ елінің жарқын келешегі үшін бүгінгі балалар фильмдерін түсіруге үкімет қаражат аямауы керек деп есептеймін. Өз Отанын сүйетін құрметтейтін иманы күшті жастар өсіп шығуы үшін балалар фильмдеріне нарықтық көзқараспен қарауды доғару керек. 

- Балаларға арналған шетелдік контентті қазақшалауға көңіліңіз тола ма?

- Жоғарыда Египет елінің балалар фильміне қатысты ұстанымын жаздым. Балалардың ұлттық ұстанымы мен көзқарастарына нұқсан келтірмеу мақсатында, өзге елдің балалар фильмін өз елінде көрсетпейді дедім. Қытайдың мемелеттік ұстанымы да солай. Қытайлар тіпті, «ГУГЛ» жүйесін бұғаттап тастаған. Бұл елдер оптикалық арналарды еріккеннен бұғаттап жатқан жоқ. Оптикалық БАҚ тың бала санасына әсерін тәптіштеп түсіндіріп жатудың керегі де жоқ. Әр ел өз бүлдіршіндерін өздерінің заңымен қорғауға міндетті. Оңы мен солын білмейтін балаға «адам құқығы» туралы әңгіме айтып керек емес деп ойлаймын. Бала оңы мен солын танығанға дейін, ол өзі өмірге келген мемлекеттің тілінде тілашып, кітап оқып, киноны ана тілінде көруін қамтамасыз етуі керек. Шетелдік балалар фильмдерін жаппай аударып өз елімізде көрсете беруге болмайды деп ойлаймын. Себебі, қазақ болып туылған баланың туа бітті қақына қол сұғып, оның болмысын өзгеруге ешкімнің құқы жоқ. Керісінше, бала өзі кім екенін, ата бабасының болмысын танып білуіне, жүрек түкпірінде туған жеріне сүйспеншілік ұялатуға мемлекет пен шығармашылық адамдар барынша еңбек етулері керек. Аударып көрсетілген күннің өзінде баланы өз ұлты мен еліне жек көрінішті сезім оятып алмауымыз керек. Жалпы, ақ қағаздай таза бала жүрегіне тек өз ұлтына, еліне жеріне сұйіспеншілік ұялататын фильмдер көрсету керек. Қазір әлеуметтік жағдайын дұрыстаймыз деп қазақ жастары шетелге ағылып кетуде. Олар үшін ата бабамыздың «Туған жерге туың тік» деген сөзі бекер сөз сияқты. Тіпті, Қазақстанмен болашағын байланыстырғысы келмейтіндер бар. Бұл енді, кезінде руханият салсында, соның ішінде осы балалар фильмдерінің баланың жан дүниесін тәрбиелейтін фильмдер түсіріп, көрсете алмауы себебі де бар. Енді, сол жіберілген қателіктерді кеш болса мемлекетіміздің жөндеуіне тура келіп тұр. 

- Балаларға арналаған контентті дамыту мәселесімен айналысатын арнайы ұйым құру қажет деген пікірлер айтылуда. Осыған қалай қарайсыз?

- Әрине, ұйым құрылса жақсы болар еді. Бұлай деу себебім, ата аналар отбасын асыраумен әлек болып, балалары не көріп жүргені қызықтырмайды. Баласының тәрбиесіне қарауға уақыт тапшы. Осылайша, өз балаларының құқығын қорғай алмайды. Осы есеппен алғанда балалар контентін байытумен ғана айналысып қоймай, оны бақылап отыратын ұйым біздің қоғамға ауадай қажет. Қазір бәрімізге белгілі балаларды психологиялық қысымға ұшратып, өзіне қол жұмсауға жеткізетін ойындар бар. Бала тұрмақ, жас отбасыларда күйеуі үйде отырып құмар ойын ойнап қарызға белшесінен батып айырылысуға дейін барып жатқан жас отбасылар бар. Әлеуметтік желідегі түрлі ойын балалардың өміріне қауіп төндіруде. Енді, осындай рухани шабуылдарға төтеп беру үшін қазақы бай контент жасау бүгінгі таңда қазақ киногерлерінің алданда тұрған кезек күттірмес мәселе дер едім.

     Өзін құрмет тұтатын ізгі ел, өмірге қадам басқан әр баланың психологиялық жай күйінен бастап, рухани жан дүние үйлесімділігіне, тәрбиесіне өмірде тура жолдан таймауына баса назар аударады. 

Зүбәйра Тілегенқызы, 

Қазақ үні