Қарашығында – қара өлең
2023 ж. 15 ақпан
1724
0
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбайдың «Қарашығымдағы қара өлең» атты шығармашылық кеші өтті. Кеш иесі мен Мұқағали Мақатаев бір күні туған. Осы тұрғыдан кештің кітапхананың ақиық ақынның аты берілген залда өтуі жарасымды болды.
Мұқағалидың туған күні ұлттық мерекеге айналды. Ғалым Жайлыбайдың жырларын да халық жақсы көреді. Оған өткен кеші дәлел, жұрттың көп жиналғаны сонша, залда ине шаншар орын қалмады. Кеште ақынның шығармашылығы, адами болмысы жайында министрден бастап, көрнекті қаламгер, әдебиет сыншысы, қарапайым оқырман да пікірлерін айтты.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі ақынды 65 жасымен құттықтап, алғаш танысқан күнді еске алды. Ақын шығармашылығына әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың жоғары баға бергенінің куәсі болғанын айтты.
– Айтматовтың өзінен үлкен баға алған Ғалым ағамызды қазір Алаш жырының ғана емес, жалпы түркі жырының төріндегі Ардакүрең, түркі поэзиясында да үлкен орны бар айтулы ақын деп бағалаймыз. Кең құлашты эпикалық жанрға да, гүл қауашағындай нәзік лирикаға да қатар қанат қаққан, екеуін шебердің қолынан шыққан өрімдей қатар өрген кең тынысты ақын. Ағаның сазды өлеңі, кестелі сөзі, жарау аттай жұтынған жырлары әр буынның құрдасы да, сырласы да болары анық. «Ақ сиса», «Қара орамал», «Тамакөшкен», «Киік қашқан», «Сұрақ белгісі» сияқты сүйекті дүниелері өткен ғасырда халқымыз бастан кешкен зұлмат пен зобалаңды, қырғын мен сүргінді классиктерге тән дәлдікпен ширауы жеткен шымырлықпен жеткізді, – деді Дархан Қыдырәлі.
Министр пандемия кезінде жазылған «Сұрақ белгісін» көзіқарақты оқырман жоғары бағалағанын, «Қара орамал» поэмасы әлемнің көптеген елдерінің тіліне аударылып, оқырман қауымның құрмет-ықыласына бөленгенін атап өтті.
– Ғалым ағамыз қарашығына қара өлең ұйыған қарымды қаламгер ғана емес, ұлт руханиятының дамуы мен өркендеуі жолында хал-қадірінше қызмет етіп жүрген қайраткер тұлға. Күрмеуі қиын күрделі кезеңде Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет етіп, әдебиетіміздің алға басуы үшін іргелі істер атқарды, – деді Дархан Қыдырәлі.
Мәдениет және спорт министрлігі архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш министр Асхат Ораловтың құттықтауын жеткізді. Көрнекті жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлен Әбдік қазақ поэзиясы барлық уақытта өте жоғары дәрежеде болғанын, соның бір көрнекті өкілі Ғалым Жайлыбайды бүгінгі әдебиет кеңістігіндегі құбылысқа балайтынын айтты.
– Ғалым сыршылдық жағынан Мұқағалимен үндес. Бірақ тақырыбы өзінше, мүлде бөлек. Ғалымның шығармаларында бір сағыныш бар, - деген жазушы ақынның «Жетім құлын» өлеңінің қоғамдағы мән-мағынасына тоқталды.
Әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы Ғалым Жайлыбай ұлттық құндылықтарды жаза отырып, адамзатқа ортақ құндылықтарды жазатынын, әр шығармасы арқылы өсіп отыратынын атап өтті. Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қор төрағасы Сәби Аңсат «Қара орамал» поэмасының құндылығы туралы айтып, осы шығармаға ескерткіш қоюды ұсынды.
Кеш иесінің өзі төл туындыларын, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері ақынның өлеңдерін оқыды. Оның өлеңіне жазылған әндер шырқалды. Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония бас директоры Ерлан Дәкенов композитор Ахмедия Есмұхановтың «Есіл ағады» әнін, әнші Сырым Мұхаметжанов әйгілі әнші Қайрат Байбосыновқа арналған «Ән бұлағы» туындысын (композиторы Матқұлбек Маясаров) айтты. Диктор Серік Әбілұлы ақынның өлеңін оқып, оның поэмасымен аттас «Сұлубайдың әнін» салды. Көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбек Ғалым Жайлыбайдың жырларын шертпе күйге теңеген еді. Белгілі күйші, шертпе күй шебері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай күй тартып, әнші Нұрболат Арзамастың орындауында композитор Кентау Назарбектің «Жетесіңдер ғой мұратқа» әнінің тұсауы кесілді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ