ҮЛКЕННЕН ДЕ, КІШІДЕН ДЕ ҮЙРЕНДІК
2023 ж. 15 ақпан
1484
0
Отандық бұқаралық ақпарат құралдарының жобалары мен салалық журналистиканы дамыту және қолдау тақырыбы қозғалған сәтте өз ісінің нағыз шеберлерін тәрбиелеген үлкен Мектеп ретінде кешегі «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеті ойға оралып еді. Одан соң, өткен ғасырдың соңындағы ҚазТАГ еске түсті.
Мұның себебі, бәлкім, осынау редакцияларда ұлттық журналистика саласына мейлінше жаңашылдық қасиеттерін дарытқан небір кәнігі мамандардың қызмет атқарғандығында шығар.
Біздің бір бақытымыз – студенттік аудиторияларда істің майын ішіп, сүйегін шаққан осылардың бірқатарының алдынан дәріс алып, шапағатын көріппіз; кейін кейбірімен қанаттаса еңбек етіп үлгеріппіз.
Бұл орайда оқырман назарына өзіміз үлгі тұтқан үлкенді-кішілі қалам корифейлерінің жас әріптестерге арнаған аз-кем үлгі-өнеге, ақыл-кеңесін ұсынғымыз келеді.
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ардагер журналист Мыңбай ІЛЕС:
– Кезінде бәріміз жас болдық, жақсы журналист болып шықсақ деп армандадық. Осы арманды аялаған біз журналистік мамандықты меңгеру жолында тынымсыз талпыныс жасап, тер төктік. Қазақ мемлекеттік университетінің қабырғасында жүріп журналистиканың тарихы мен теориялық негіздері туралы толып жатқан лекциялар курсын тыңдадық, талай нәрседен хабардар болдық. Қайыржан Бекқожин, Тауман Амандосов, Сейділда Төлешев, Төлеубай Ыдырысов, Темірбек Қожакеев, Әбілфайыз Ыдырысов сияқты ұстаз оқытушылардың лекцияларынан журналистиканың жанрлары, баспа, полиграфия туралы түсінігімізді қалыптастырдық. Бірақ өткен ғасырдың елуінші жылдарының орта шеніндегі студенттік кезіміздің өзінде-ақ бізге бір нәрсенің, атап айтқанда практикалық тәжірибенің жетіспейтінін, оқу бағдарламасында бұл маңызды мәселенің тым тапшы қамтылғанын сезіне бастадық. Бір күні журналистика кафедрасының қазақ және орыс бөлімдерінің бірлескен жалпы мәжілісі болды. Оған студенттер де қатысты. Сол жиында мен біздің біздің оқу бағдарламамызда практикалық іс-тәжірибеден өту жағы теориялық курстан көп артта қалып қойғанын айтып, сын тұрғысынан сөз сөйлегенім әлі есімде. Онда болашақ журналистерді практикалық іс-тәжірибеден көбірек өткізу, сөйтіп олардың өз мамандығын игеру қабілетін неғұрлым арттыра түсу керек деген ұсыныс айттым. Бұл ұсынысым қолдау тауып, студенттердің практикалық іс-тәжірибеден бұрынғыдай үшінші, төртінші курстарда ғана емес, енді екінші курстан бастап неғұрлым көбірек өтуі ескерілді. Мұның өзі болашақ журналист кадрлар даярлауда елеулі пайда келтіргені белгілі. Студенттердің аудандық, қалалық, облыстық, сондай-ақ республикалық газеттердің және радио мен баспалардың редакцияларында практикалық іс-тәжірибеден өтуі едәуір жақсы жолға қойыла бастады.
Практикалық іс-тәжірибеден өтудің де өзіндік қиындықтары аз болған жоқ. Әуелі хабар-ошар, заметка, шағын суреттеме, корреспонденция жазудың қиындығын бастан кешірдік. Бұл ретте алдыңғы буын аға журналистердің ақыл-кеңестерін көп алдық. Соның өзінде өз бетімізше көп ізденіп, мол еңбектенуімізге тура келді. Білмеген нәрсемізді сұрап алудың тіпті де ұят емес екендігіне көз жеткіздік.
«Алматы ақшамы» газетінің алғашқы бас редакторы, сондай-ақ кезінде қазіргі ҚазАқпарат агенттігінде жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған ардагер қаламгер Исламғали БЕЙСЕБАЕВ:
– Журналистің басты құралы тіл екені даусыз. Сонымен бірге тілді үйретуге, дамытуға, кей тұстарда керісінше, оны бүлдырып, ластауға да басылымдардың әсері мол екені анық. Әсіресе, ана тіліміздің мемлекеттік тіл мәртебесін толық, талассыз жеңіп алуы үшін күрес жүріп жатқан қазіргі кезде журналистер тіл тазалығын қатаң сақтап, таза сөйлеп, дұрыс жазуда үлгі болуға тиіс. Өйткені тасқа басылған сөздің әсер күші ерекше болады. Жұрт соған жүгінеді. Қайталана берген сөз қате болса да, көз, құлақ үйрене келе сіңісті болып кетеді. Кезінде «самолетті» «ұшақ» деп алғанда талаймыз үрке қарағанбыз. Бірақ қапелімде одан тәуір ештеңе ұсына алмадық. «Ұшақ» сөзі міне, сіңісті болып кетті. Кейінірек сөздіктерді аударыстырып, ойланып-толғанып көрсем, «самғауық» деген сөз бұл атауға дәл келеді екен. Ракетаны «зымыран» деп кеттік қой, сол сияқты «самғауық» немесе «самғауыр» сөзінің түбірі «самғау» болғандықтан, дыбысталуы да «самолетке» ұқсастығы себепті, ә дегенде осы атау қолданымға түскенде дұрыс қабылданып кетері сөзсіз еді! Әдетте журналистер, әсіресе, күнделікті газет шығаратындары, эфирде, экранда сөйлейтіндері сөз қолданымды асығыс, жөпелдеме әрекетке көп барады. «Дүңгіршік» атауы да осындай жасандылықтың бір мысалы. Ешқандай сөздікте мұндай сөз жоқ. «Қаңғыр-күңгір», «даңғұр-дұңғыр (дүңгір)» деген дыбысты бейнелейтін сөздер ғана бар. Жарайды, «дүңгір» түбірінде мағына бар делік. Алайда ол «үйшік», яки шағын дүкен мағынасын бермейді ғой. «Дүкеншік» десе бір жөн. Әрі-беріден соң «дүңгіршік»делініп отырған «киоск» түрік сөзі екенін білмеген қаламдастарымызға не деуге болады. Оны қазақы мәнермен «күйеске» немесе «киоскі» деп жазсақ, айтсақ неден кенде бола едік. Бүлдіргеніміз бір бұл емес, толып жатыр. Бірақ айтпаса атасы өлетіндей бір сөз бар. Соны айтайын. Ол «дүкен» атауы. Тілімізде бұрын «магазин» де , «дүкен» де бар- тұғын. Тәуелсіздік алған соң «магазинді» орысқа қалдырдық та, «дүкенді» соның аудармасы ретінде күллі маңдайшаға іліп қойдық. Шынында, «магазин» араб сөзі де, «дүкен» – парсы сөзі. Алғашқысы дүние дүзіне тараған атау. Сауда орындарына, мекемелеріне қолданыла береді. Біз оны үлкен магазиндерге қолданып келдік. Шағындары «дүкен» атадық. (Лавка –дүкен, автолавка – автодүкен). «Ұста дүкені» дейтін қазақтар әлі де бар. Қысқасы, сауда орындарының үлкенін – магазин, шағындарын дүкен десек орынды болар еді. Магазинге қазақы әуен беріп «мәгәзін» десе жетіп жатқан жоқ па?..
Асықпайық, халық қалай сөйлейді, білікті ғалымдарымыз не дейді, аңысын аңдып, соңын бағайық, білгішсініп, әркім өз ойымызға келген атауды тықпалай бермейік; әуелі өз сөз байлығымызға үңілейік, тіл заңдылығын зерттейік, одан соң орысша көрінген сөздің бәріне (Еуропадан келсе де) арабша, не парсыша баламасын жапсыра салмай, түркі тілдес бауырларымыздың сөздіктеріне де жүгінейік.
Еңбек өтілі қырық жылдан астам журналист Өмірсерік ЖҰМАН:
– Басқа мамандықтың қалай екенін білмеймін, журналист немесе жазушы болу үшін ешқандай ҚазҰУ-ді, яғни филология немесе журналистика факультеттерін тәмәмдау шарт емес ойлаймын. Өз басым журналисттікке талаптанған адам бала жасынан-ақ көрген-білгенін көкейіне тоқи бастағаны жөн бе деген пікірдемін. Былайша айтқанда, жеткіншек сонау балғын шақтан бастап қыр-сыры беймәлім болашақ мамандығына өз-өзін дайындауға кіріседі. Ол әуелгіде геолог, яки ұшқыш боламын деп армандауы мүмкін. Әйтеуір, қалай болғанда да, белгілі бір іске деген құлшыныс, күндердің күнінде соны игерсем деген алау сезім әрбір жастың жүрегінде ертеден-ақ бүр жарады. Мысалы, мен өзім туған өлкеден тым жырақтағы қиырларға аттансам... елден аса алыс жақтарға сапар шексем деп қиялдайтын ем. Біздің жастық шағымыз өткен тұстарға өте бір романтикашыл әсерлер тән еді. Ғарыш кеңістігі игеріле бастады... Одан Ангара, Бұқтырма ГЭС-терінің салынуы, сондай-ақ дүбірлі Байкал-Амур магистралі сияқты Кеңес Одағы деңгейіндегі әйгілі құрылыстардың басталуы да, алып ұшқан албырт қиялды шартарапқа тартатын еді. Әйтеуір, ешкім білмейтін бір керемет, тылсым жақтарға деген белгісіз аңсау балаң көңілге маза таптырмайтын. Тіпті болмаса сонау Сайын Мұратбеков немесе Оралхан Бөкеев кітаптарының кейіпкерлері қызықтырар еді. Айталық, кеудеңде пайда болған анау Моторбайдың немесе Жанайдың тіршілік кешіп жүрген жақтарына деген белгісіз бір сағыныш секілді тылсым сезім арманға қанат бітіретін.
Меніңше, мысалы, теңізшілікке, әлде ұшқыштыққа деген құмарлық, міне, осындайдан пайда бола бастайды ғой деп ойлаймын. Бірақ осының барлығын, осы жәйттерге қатысты мәселелердің бәрін адам жүрегінн баспасөз немесе радио, теледидар арқылы керемет қылып жеткізетін журналистер! Қарап отырсақ, жас жүректі баураған алғашқы түрлі әсерлердің барлығы болашақ қаламгердің миына... тіпті, біртіндеп тұла бойға сіңе бастайтын сияқтанады. Сөйткен жеткіншек күндердің бір күнінде журналист болуды, жазушы болуды армандайды екен!
Өстіп жүргенде кейінірек ғайыптан әлдебір журналисті, яки жазушыны кездестіре қаласың да, оның сырт келбеті, тұрған тұрыс, жүрген жүрісі, сөз саптауының барлығы таңғажайып болып көрініп, жалпы қаламгерлікке деген қызығуың онан сайын арта түседі.
Журналист Амангелді СЕЙІТХАН:
– Әп дегенде жас әріптестерімнің сөз саптаудағы кемшіліктері ойыма түсіп отыр. Әрине, оларды қазақтың ежелгі құнарлы тілін білмейсіңдер, мақалдап-мәтелдеп сөйлей алмайсыңдар деп жазғырудан аулақпын. Шынымды айтсам, әсіресе, мына радио-телевизия жағында жүрген көпшілік іні-қарындастарымның, басқасын былай қойып, әшейін сөйлем құрудағы олақтықтары қарын ашырады. Өйткені нан тауып жүрген кәсібіне қатысты сөздіктермен таныспайтыны өз алдына, күнделікті газет-журналды оқымай ма деген күмәнім бар. Ізденбейді. Наполеонның «Журналист – ворчун, критик и советчик, регент при королях и наставник народов» деген қанатты сөзі бар. Сол айтқандай, көп нәрсеге көңіл толмай, аздап ұрсыңқырап сөйлеу біздің де мінезімізде жоқ емес. Сондықтан, әрине, іні-қарындастарым қаттырақ айтып жатсақ ренжімес.
Журналист әдетте біліктілігін өз қателіктері арқылы жетілдіретін мамандық иесі. Жас журналистер кез келген жаңсақ қадамынан қорытынды жасауға дағдыланғаны дұрыс.
Журналистика факультетіне талаптанып жүргенде алғаш ауылдағы шөпшілер өмірінен репортаж жазуға ниеттенген сәтім есіме түседі. Сол сапарда жолшыбай әлдебір озат қойшы ауылына да соғып, оның да тіршілігіне қатысты көлдей-көлдей мақала жазған едім. Екі дүниемді де тездетіп шығару үшін жедел аудандық газеттің редакциясына жеткенмін. Іштей масаттану сезімі де бар еді. Себебі, екі мақаламды да ерекше бір шабытпен жазғанмын. Бірақ газет редакторы екеуін кезек-кезек оқып біткен соң қабағын түйіп, жаратпайтынын аңдатты. Сөйтсем, алғашқысында жұмысшылардың аты-жөнін нақтыламаппын. «Бір тракторшы, оның көмекшісі, бригадир ағай» дегендей жалпылап соға берген екем. Екіншіде шопанның есімі дұрыс аталғанымен, оның бағып жүрген малы саулық па, тоқты ма, жоқ әлде қошқар ма, оны да нақты ескермеппін. Екі жазбада да көсіліп, кілең табиғатты суреттеумен, кейіпкерлерімнің жан дүниесін қызықтаумен әуестене беріппін. Редактор соны айтқан кезде қара терге түсіп, қатты қысылғаным бар. Амал не, уақытты көп созбай, әлгі орындарды көп азаптанып қайта аралап, мақалаларды қайта жазып шығуыма тура келген.
Қысқасы, сол жолы келесіде асықпай, аптықпай, ең керек деген өндірістік фактілердің «ұсақ-түйегіне» дейін назардан тыс қалдырмай тізіп алу қажеттігін, нақылықтың, дәлдіктің, бос сөзге көп үйірленбеудің керектігін түйгенмін. (Мақалалар конкурсқа тапсыру үшін ауадай қажет еді. Солардың арқасында жоғары оқу орнына түсерде аса қинала қойғам жоқ. Ал кейін кейіпкерлерімнің алғысын алғаным өз алдына бөлек әңгіме).
Одан соң тілші мүмкіндігінше жанына жақын, өзі жетік білетін тақырыбын жазғаны жөн екен. Сонда көп қателеспейсіз. Оныңыз өзіңізге де, оқырманға да пайдалы. Мұқият зерттеп алмаған нәрсені көпшілік назарына ұсыну көбіне абыройсыздыққа ұрындырып жатады. Тағы бір кеңес– әрдайым адал болуға ұмтылған дұрыс.
***
Әдетте, журналистер ынтымағы жарасқан өзара тату қауымға жатады. Сондықтан да аға буын журналистер мен жас тілшілер арасындағы сыйластық, шығармашылық сабақтастық сәтті жалғасқаны игі. Аға буын қаламгерлердің жас журналистерді аялы қамқорлығына алып, ақыл-кеңес беруі, өздерінің бай тәжірибесін жомарттықпен бөлісуі өте-мөте маңызды.
Біз бұл жолы өмірден озған белгілі журналистердің пікірлерін таңдап алдық. Мұндағы ниетіміз – олардың озық тәжірибесін бөлісумен бірге бар ғұмырын мамандығына арнап, өз кәсібіне адалдықтан таймаған әріптестерімізге тағзым ету. Ал бұлар шыңдаған кейінгі буын бүгінде «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Айқын», «Түркістан», «Алматы ақшамы» сынды басқа да отандық бұқаралық ақпарат құралдарында лайықты тер төгіп, халық игілігі жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Құлан САҒАТҰЛЫ,
журналист.
Алматы.