ЖИНАЛҒАН КІТАПТАРДЫ ҰЛТТЫҚ ГИМНАЗИЯҒА СЫЙЛАДЫҚ
2023 ж. 31 қаңтар
1737
1

Үш күн бұрын 25 қаңтарда Астана қаласындағы Қайым Мұхамедхан атындағы #90 Ұлттық гимназияға 40 шақты кітап апарып сыйладық.
Қайым Мұхамедхан Алаш арыстарының соңғы тұяғы, ғалым, ақын, әдебиет зерттеуші, Абай мектебінің негізін салушы. Мемлекеттің сыйлықтың лауреаты. “Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған” деп басталатын Қазақ ССР мемлекеттік гимні авторы.
Ұлттық мүддені қорғау жолындағы жанкешті күресі үшін 1951 жылы 25 жылға сотталып, азап лагерлерінде болса да, “Алаш арыстарынан жаным артық емес” деп, Ұлт үшін күрестен қайтпаған қайсар қайраткер!
Экс-президент Назарбаев кезінде, 1996 жылы ол кісіге Мемлекеттік сыйлықты өз қолымен тапсырса да, 2018 жылы Астана туралы жиында жаңадан түсетін көшелердің картасына қарап, Қайым Мұхамедхан көшесіне қарсы болып: “Мұхамедханов кім, айтшы маған?”-дегенін ел түгел естіді.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманша: "Қайым Мұхамедханов - абайтану ғылымының негізін қалаған белгілі академиктеріміздің бірі" деп нақты жауап бергенде, Назарбаев оның сөзін бөліп жіберіп: "Абайтану, әуезовтану, басқатану... Соның барлығына Астанадан көше аттарын бере бересіңдер ме? Астанаға қандай қатысы бар? Астанаға қатысы жоқ адамдардың аттарын өзгертіңдер" деп бұйырғанын бүкіл ел көрді.
Астана әкімдігіне, Ерекеңдерге рахмет, Елбасы тапсырды деп естен танып, тайқып кеткен жоқ. Қайым Мұхамедхан атына көше берілді. Одан кейін міне мектеп аты берілді, мұражайы ашылды.
Әйтпесе, тура содан бір жылдан кейін Назарбаев президенттікті Тоқаевқа өткізіп кеткен күннің өзінде елбасы атына көше беруден жарысқа түскен әкімдер Әбілқайыр хан, Абай, Төле би, Сәтбаевтардың атын алып тастағанын ұмытқан жоқпыз. Тек біз “Қазақ үні” газетінде мәселе көтеріп, елдің наразылығы күшейіп кеткесін ғана шешімдерін зорға өзгерткен болатын. Бұл туралы мен сол кезде, 2019 жылы 25 наурызда “Қазақстан-2050” демократиялық күштер коалициясында сөйлеген сөзімді және мақаламды кеше ғана фейсбук парақшамда қайталап жарияладым.
Қайым Мұхамедхан ұлттық гимназиясының директоры, белгілі білім қайраткері, Қазақ Елі бойынша тұңғыш ұлттық гимназия ашып, үлгілі оқу ордасына айналдырып отырған Аятжан Ахметжанұлының ұлтшылдығына риза боласың.
Ол мысалы, дайындаған оқушылары ҰБТ-дан жоғары ұпай алып жүргендіктен, Аятжан құрған “Қазбілім” орталығына балаларын жетелеп келетін ата-аналар өз ана тіліне миы жетпейтін сауатсыз орыстілді болмақ түгілі, орыс болса да, еш уақытта орыс тілінде келісім-шарт жасаспайды, арыз жаздырмайды.
Ұлтшылдық үшін күрестегі нағыз Қайым мектебінің бүгінгі дайын шәкірті дерсің!..
Екі жыл ел жүгін көтерген депутаттық қызметімізде Парламент Мәжілісіндегі кабинетімізде біраз кітаптар жиналып қалған екен…
Бұның алдында қызымыз Әмина осы гимназияның 9-шы сыныбын бітіріп, мектеп тарихындағы тұңғыш қызыл аттестатқа ие болғанда барып, оқушыларға ақ тілегімізді айтқан едік. Сол кезде берген уәдеміз бойынша, кітаптарды жеткізіп берудің сәті енді келді.
Көмектескен ҚР Мәдениет қайраткері, “Алтын Алма” отбасылық ансамблі жетекшісі Алтынбай Мұса бауырыма көп рахмет!
Қайым Мұхамедхан атындағы #90 Ұлттық гимназияға білім бәйгесінде алдан көріне беріңдер деп Ақ жол тілейміз!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні