Ұлттың қасиеті – ана құрсағында

Ұлттың қасиеті – ана құрсағында

Жиен сіңілім босанып, оны шығарып алуға перзентханаға бардық. Құжаттарын дайындап жиналып шыққанша сыртта күтіп тұрдық та, сол жерде шақа­лақтарын қарсы алушы­ларға «Бауы берік болсын!» десіп қуанышқа ортақтастық.

Кейбір жастар қазақы салтпен шақа­лаққа «Бауы берік болсын!» деп тілек айтуды білмейтін болып шықты. Сөйтіп тұрғанда әңгіме қыза түсіп «Баланың жолдасына» қарай ойысты. Біздің әңгіме көкейінен шықты ма, сол жерде өзінің шөбересін қарсы алуға келген Әкімжан ақсақал, «Әй, қарақтарым-ай! Әрине, үлкендер айтпаса сендер қайдан білесіңдер! «Баланың жолдасы» дегенді баланың иесі, есі, жады деп те айтқан» деп, бәрімізді өзіне қаратты. «Баланың жолдасында» қасиет бар. Ол құрсақта ғана емес, өмірде де баланың рухтас жолдасы болады. Сол себепті оны баланың жолдасы, есі, иесі деген. Кеңес өкіметіне дейін қазақтар өмірге қыз нәресте келгенде, қыз ошақты, шырақты болсын деген ниетпен жолдасын (иесін, есін) үйдің жанындағы ошақтың қасына көмді. Ал ұл туылса елі мен жерін қорғасын деп баланың жолдасын түзге, далаға көмген» деп, ақсақал бізге қызық тақырыптың ұшы­ғын ұстатты. Осы жерде сөзге ара­лас­қан жасы елулердегі апа: «Бізде, Арқа­лықта, азаттық алғаннан кейінгі жылдарда дәрігерлер баланың жолдасын банкіге салып өзіне беріп жіберетін. Қазір ғой, дәрігерлер бермейді. Аналар керек қылмайды. Босанып жаны қалған ана аман-есен қол аяғын бауырына алғанына қуанып перзентханадан шы­ғып кете береді. Ертеде қазақтар тол­ғат­қан ананы босандыруға ел ішіне ка­сие­тімен белгілі, қолы шипалы, иманы кә­міл, босандырудың ұлттық рәсімін бі­ле­тін апаларға ғана рұқсат берген», деді. 

Біз бір-бірімізден «Баланың жолдасын» алдыңыздар ма деп сұрастық. Сөйтсек, баласының жолдасын ешкім алмаған болып шықты. Білместік кесірінен ата-бабасының қаны мен қан арқылы осы күнге жеткен оның бір бөлшегін перзентхананың қоқыс жәшігінде қалдырылғанына өкіндік. Бұл шынында, ата-бабамызға деген кұрметсіздігіміз дедік.  

Иә, қазақ халқының жарық дүние­дегі бар арман-мұраты артында қаны таза асыл текті ұрпақ қалдыру болған. Оны ежелден ұстанып келе жатқан «Жеті ата» салтымен байланыстырды. «Жеті ата» заңы бойынша адамның қанын­да жүз атаға дейін генетикалық ақпа­рат сақталып, баладан балаға бері­леді. Ата-бабасының тегі бір тамшы қан арқылы ана құрсағында пайда болған тіршілік иесінің бойына дариды. «Бала­ның жолдасын» баланың иесі, есі, жады деуіміз содан. Және баланың жолда­сы арқылы іштегі балаға қан жетіп тұрады. 

Бұл ана жатырында баланың жол­да­сы­мен бірге аталардың бір бөл­шегі қан арқылы өмір сүреді деген сөз. Сол себепті қазақ халқы «ба­ла­ның жолдасын» обал қылмай жер­ге көмген. Құрсақтағы баланың жолдасына қатысты ел аузында келе жатқан аңыздарда былай дейді. Тылсыммен үндес ұлттық құпия сырларын зерттеуші, жазушы Мағира Қожахметованың «Тылсым құпия сырлары» атты кітабында «Шаңырақ құрғандарына ұзақ уақыт өтсе де, құрсағына бала бітпеген келіншек жылда бала туатын көршісіне қызыға қарап, бір жағынан оның толғататын сәтін аңдып жүреді. Оның толғағы басталғаннан бөлмесінен шықпай қадалып отырып алады. Келіншекті босандырып жатқан кіндік шеше «шыға тұр» десе де кетпейді. Сөйтіп, келіншекті босандырып болғаннан кейін шақалақты жерден көтеріп орап болғаннан кейін жан-жағына қараса әлгі келіншек ізім-қайым жоғалған. Өзімен бірге ана жатырынан шыққан баланың жолдасын ұрлап әкеткенін біледі. Сол жылы баланың жолдасын ұрлаған әйел бала көтерді» дейді аңызда. Ондай оқиға қазіргі кезде де ұшырасады. Ақтөбелік Күләш атты апа да баланың жолдасына қатысты өзі тәнті болған тылсым құпиямен бөлісті. Оның туған сіңлісі Ақтөбе облысы Ойыл ауданына тұрмысқа шыққан екен. Күләштің сіңлісінің қайын сіңлісі үш жылдан асса да бала көтермейді. Бұған қыздың анасы қатты уайым шегеді. Содан келіні босанатын сәтті күтіп жүріп, босандырған дәрігерден келінінің жатырындағы баланың жолдасын сұрап алып қызына ұстатады. Сол жылы қызы бала көтеріп, бұл күні төрт баланың анасы болған. Жинай берсе ел арасында мұндай оқиғалар көп. Ана жатырындағы бала жолдасының адам өміріне жақсы әсерін, оның құпиясын білген ата-бабамыз бала тәрбиесін ана құрсағына біткен күннен бастаған. Медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор Советхан Ғаббасов оны «Ақыл және жүрек, зейін тәрбиесі» деген. Аяғы ауыр ананың ұйып жасаған мінәжатынан асқан іштегі балаға тәрбие жетпейді» дейді. Сондай-ақ құрсаққа біткен балаға байланысты қазақ халқында әуелден қолданып келе жатқан сөздер өте көп. Мысалы, ананың құрсағына бала біткеннен «Құрсақ шашу» салтын жасап, анасының көңілін аулаған. Бала сыртқы құбылыстардың бәрін сезетінін білгендіктен, ананың көңілі жадырап жүруін қадағалаған. Тіпті құрсақтағы баланың түсіп қалуы­на қауіп болған кезде іштегі баланы сақ­тандыру мақсатында ананың етегін байлаған әдеп-ғұрпы болған. Ал сырт­тағы жағымсыздықтан шошыған кезде іштегі шарананың жоғалып кетуін, құр­сақ­тағы бала көрінбей тығылып қалуын «Бала жүгініп кетті» дейді. Елі мен же­рін қорғаған ұлтына адал ұлт пер­зен­тін «Алтын құрсақты» анадан туған адал ұл десе, сатқын, екіжүзді, аярлар­ға арнап «Құрсағынан ұшынған» деп күйінген.  

Ал Еуропа ғалымдары баланың ана жаты­рында тек физиологиялық дене бітімі ғана қалыптасады деп келді. Кейінгі уақытта адамдардың тәрбие­сі мен мінез-құлқын, пиғылын ауыз­дық­тай алмай жүрген америкалық ғалым­дар адам тәрбиесінің құпиясына үңілуде. Енді «Жерден жеті қоян тапқандай» құрсақтағы баланың төрт айлығынан есі кіреді, зейіні болады деп жүр. Адам тәрбиесін ана құрсағынан бастау керек екен деуде. Оны қазақ халқы өмір­де қолданып келе жатқанына он ғасыр­дан асып кеткен дегің келеді. Амери­калық ғалымдардың «Қазақ үшін ғана емес, адамзат үшін құнды ұлттық құн­дылықтарын өздері неге ұстанбай ұмыт­ты?» деп сұрауы мүмкін ғой. Оның бас­ты себебі, қазақ ұлтын жер бетінен жойып жіберу үшін орыстар қаншама геноцид жасады. Жоя алмаған соң ұлттық салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрып құпиясын зерттеп білді. Ұлттық салт- дәстүрін жою үшін оны «ескілік» деп жымысқы саясат жүргізіп қазақты үркітті. Ұлттығын ұмыттырды. Енді, ата-баба­мыздың ғасырдан ғасырға өмір­де қол­данып келген салт-дәстүрін сара­ла­сақ, қай­ран қазағымның ұлттығы мен ана тілін жоғалтып өзін өзі танымай жүру се­бебі, ұлтымыздың ана жатырынан ұлт­тығын ұрлатуында деген ойға қала­сың...  

Зүбәйра ӘКІМОВА,

журналист