Күншығыс еліне арналған көрме
2023 ж. 14 қаңтар
1883
0
Жапония мен Орта Азия мемлекеттері арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына отыз жыл толды. Осыған орай Қазақ Ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында Евразия Жазушылар одағы, Жапония Фольклористер ассоциациясы мен Токиодағы Жапония-Евразия ұйымы құрамындағы «Жастар комитетінің» мүшесі Шарафат Жылқыбаеваның еңбектері бойынша «Күншығыс аңыздары» деп аталатын көрме ашылды.
Әдеби-публицистикалық көрменің ашылу рәсімін кітапхананың Ақпараттық қызмет басқармасының басшысы Ақмарал Жаманкөзева жүргізді. Ұжым басшысы Ақбөпе Сикинбаеваның баяндамасынан кейін сөз Жапония Қорының өкілі Идэ Гохэйге берілді: «Шарафат сан осы уақытқа дейін түпнұсқадан аударған əртүрлі прозалық туындылар – кілең Жапонияда ең атақты, халық сүйіп оқитын жазушылардың шығармалары. Сондай туындылардың қазақ тіліне аударылуы, Қазақ елі азаматтары өз тілінде жапон əдебиетімен таныса алуы, мен жапонның бір баласы ретінде ризамын. Шарафат санның жапон мəдениеті мен əдебиетіне сіңірген еңбегіне, Жапония азаматы ретінде алғыс айтқым келеді.
Шарафат санның мерейлі белестерімен құттықтай отырып, бұдан əрі де Жапония мен Қазақстанды байланыстыруда зор еңбек етеді деп үміттенемін. Қазақстан мен Жапонияның мəдени-рухани байланысы одан сайын дами берсін» – деді шетелдік қонақ.
Бұдан кейін белгілі өнерпаз Айтмұрат Төреғали жапонның шямисэн аспабында ойнап, музыкалық шашу шашты.
Руханият айдынындағы жапон-қазақ достығын бейнелейтін көрме «Жапон өнерiнiң бастаулары және көшпендiлер мәдениетi», «Қазақстан және Жапония: Жарқын болашаққа ортақ көзқарас», «Жапон прозасы – қазақ тілінде» деп аталатын үш бөлімнен тұрады.
Көрменің 1-бөлімінде Ш.Жылқыбаеваның ежелгі жапон мәдениеті, әдебиеті мен байырғы тілі туралы жазған шығармалары ұсынылды. Бұл бөлімде фольклортанушының мынандай еңбектері қойылған: «Қызыл қақпаның құпиясы», «Көк Бөрінің көзі» кітаптары және «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланған «Күншығыстағы жыраулар поэтикасы», «Тама мен Тана», «Ооками – Көк Бөрi. Жапондардың архаикалық тегi туралы», «Сақтар, ғұндар және жапондар», «Көшпендiлердiң Эдзо мемлекетi туралы», «Ана тілі» тілі газетіне жарияланған «Гунма», «Әлем әдебиетi» журналына жарияланған «Жапон аңыздары», т.б.
Көрменің 2-бөлімі Ш.Жылқыбаеваның Қазақстан мен Жапонияның мәдени, әдеби, экономикалық, т.б. салалар бойынша ынтымақтастық жолында асқан асулары бейнеленген мақалалары мен сұхбаттары жарияланған газет-журналдар қойылған. Бұл бөлімнен «Қазақстан-Жапония ынтымақтастығына 25 жыл» («Егемен Қазақстан»), «Самурайдың ұрпағы екенiмдi мақтан тұтамын» («Қазақ әдебиетi»), «Баланы ана тiлiнде тәрбиелеу әр әйелдiң мiндетi» («Қазақ әдебиетi»), «Жазушының жан-дүниесi» («Қазақ әдебиетi»), «Хирошима мен Семей жүрегімнің түкпірінде тұрады» («Түркістан»), «Ат үстiндегi қазақ айбарлы көрiнедi екен» («Ана тiлi»), т.б. мақалалары орын алған.
Үшінші бөлімге Ш.Жылқыбаева жапон тілінен аударып жариялаған «Сайго Такамори» (Акутагава Рюноскэ, «Жұлдыз» журналы), «Өрмекшiнiң жiбi» (Акутагава Рюноскэ, «Жас Алаш»), «Тәндегі таңба» (Танидзаки Джюничироу, «Қазақ әдебиетi»), «Айн аңыздары» («Үркер» журналы), «Арақ құрты» (Акутагава Рюноскэ, «Жас Алаш»), «Бір сабақ жүзім» (Аришима Такэо, «Ақжелкен»), т.б. шығармалар, «Күншығыс аңыздары» кітабы қойылған. Бұл күні оқырмандар кітапхана қорында көп жылдан бері сақтаулы тұрған Жапония туралы әртүрлі тілде жарық көрген кітаптармен де танысты.
Бұл көрмеде сондай-ақ, жапон газет-журналдарына жарияланған Шарафат Жылқыбаеваның Қазақстан туралы еңбектері жұртшылық назарына ұсынылды. Көрменің ашылуында жапонтанушы ғалым Әл-Фараби кітапханасына 2021 жылы шыққан «Көк Бөрінің көзі» деп аталатын кітабының (1 том) он данасын тарту етті.
Өз тілшімізден