АРАЛАС МЕКТЕПТЕР АЛЫСҚА АПАРА МА?

АРАЛАС МЕКТЕПТЕР АЛЫСҚА АПАРА МА?

Алматы қаласының Наурызбай ауданына қарасты «Алма-Сити 5» тұрғын үй кешенінде бір қауым жұрт жаңадан ашылғалы жатқан №207 мектептің таза қазақша болуын талап етті. Жиналған ел: «Жаңа білім шаңырағының бұған дейін жалпы білім беретін №205 мектептің кебін киюіне қарсымыз! Оны да басында қазақ мектебі деп ашып, жарты жылдан кейін араласқа айналдырып жіберіп еді. Ондай құйтырқылыққа жол жоқ!» деп дабыл көтерді.


Ақмарал Шатемірқызы, мұғалім: 

– Келіп тұрған себебім: жаңа 207-ші мектеп аралас мектепке айналдырылмақшы. Мұндай қадам – мемлекеттік тілге, ұлттық мүддемізге жасалған қастандықпен бірдей, болашағымызға кері ықпал ететін әрекет деп есептеймін.

Аралас мектепте оқыған баланың тілі шұбарланатыны анық. Ондай ортада тәрбиеленген шәкірт қазақтың асыл сөзін бойына сіңіріп өспейді. Бір сөзі қазақша, бір сөзді орысша шұбарлаған ұрпақ тамырынан кесілген ағаш сияқты болып қалады. Сол себептен бұл мектепте оқитын балалардың кішкентайынан-ақ ана тілінің асыл қасиетін бойына сіңіріп өсуін, Елім, Жерім, Отаным, Тәуелсіздігім деп ержетуін қалаймын.

Ұстаз болғандықтан бұл мәселенің жай-жапсары маған ежелден таныс. Меніңше, мына мектепте артық орын жоқ. Өйткені, осы маңайдағы 14-ші мектепте төрт мыңнан астам бала оқиды. Оның сыйымдылығы – 1200. Сонда артық баланың бәрін мына жерге әкелсе қайдағы артық сынып шығады?! Немесе осы маңайда тағы 208-ші мектеп бар. Оның да сыйымдылығы – 1500. Ал оқитын бала саны – үш мыңға жуық. Ендеше тек СЭС нормативіне байланысты осы ауданның өзінде 4300-ден астам бала жаңа мектепке зәру! Міне, осының бәрін жақсы біліп отырып, аралас мектеп ашу – қай жағынан алсақ та ұлт келешегіне жасалатын үлкен қиянат деп санаймын.

Салтанат Құсайынова, Наурызбай аудандық білім бөлімінің басшысы:

– ¬Дау неден туындады? Жалпы алғанда, біз №207-ші мектепті әлі толық қабылдап біткен жоқпыз. Қаңтар айының басында ашылады деп жоспарланған. Өтініштер әлі де қабылдануда. Дау-шардың неден басталғанын білмеймін.

Нақты айтатын болсам, осы «Алма-Сити 5» кешенінде тұратын балалар жақын орналасқан 174-ші, 200-ші, 157-ші мектептерде білім алып жатыр. Наурызбай ауданы тұрғындары балаларының дені осы мектептерге келеді. Оқушылардың 95-96 пайызы қазақ тілді оқушылар. Ал №207 мектеп аралас мектеп немесе таза қазақ, не таза орыс мектебі болады деген жоспарымыз бар деп айта алмаймыз. Бұл – өтініш негізінде жүзеге асатын шаруа. Қалайда ата-аналардың тілегін қанағаттандыруымыз керек. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Наурызбай ауданы ¬– жаңадан ашылған аудан. Жаңа айтып кеткенімдей, жақын маңайда орналасқан тұрғындар, негізінен, өзіміздің қазақ отбасылары. Мұнда осы уақытқа дейін қыркүйек айында 206-шы мектеп ашылды. Қазақ мектебі 157-ші мектептің, 174-тің қазақ тілді балалары сол 206-шы мектепке орналастырылды. Бұдан соң қараша айында Абай даңғылы мен Байкен Әшімов көшелерінің қиылысында 208-ші мектеп ашылды. Ол жерде де біздің екі мыңға жуық баламыз оқып жатыр. Бұл мектептердің бәрі де орын тапшылығын жою мақсатында салынып жатыр ғой. Орын тапшылығы жалпы Алматы қаласында бойынша, оның ішінде Наурзыбай ауданы бойынша қатты білініп отырғаны белгілі. Сондықтан да біз барлық өтініштерді қабылдап, халық талабымен санасуға міндеттіміз. Біз ешкімнің құқын шектемеуіміз керек.

Өздеріңіз біліп отырғандай, біздің осы ауданға жаңадан көшіп келіп қоныстанып жатқан тұрғындардың дені өз қандастарымыз.

Дархан Ардақұлы, қоғамдық белсенді: ¬

– Мән-жаймен танысқан кезде №207-ші мектептің не қазақ мектебі немесе аралас мектеп екені әлі де нақты анықталмағанын білдік. Бұл нені білдіреді? Демек, аталған білім шаңырағының аралас мектеп ретінде ашылып кетуінің ықтималдығы мол. Ал біз мұндай шешімге түбегейлі қарсымыз.

Совет өкіметі тұсында қазақ мектептері жабылып, жаппай орыс мектептері ашылған болса, қазіргі аралас мектептер санын көбейту ¬– ел келешегіне төнген үлкен қауіп екені анық. Аралас мектептерде тәрбие орыс тілінде жүргізілетіні түсінікті. Ұрпақтың сана-сезімі өзгереді, тілі шұбарланады. Мұндай кері кетушілікке үзілді-кесілді қарсымыз. Жаңа ғана Білім бөлімінің басшысы айтып кеткеніндей, ата-аналардан түсіп жатқан өтініштердің 95 пайызы қазақ тілді ата-аналардан екен, олай болса, бұл мектеп тек қазақша болып ашылуға тиісті. Және біз іс барысын жіті қадағалап, шаруаның қалайда оң шешім табуын талап етеміз.

Бүгін күндіз Наурызбай ауданы әкімдігі маған хабарласып, осынау шаруаға қатысты ақылдасу ниетімен мені кеңсеге шақырды. Мен онда бармайтынымды айттым және өздерінің №207-ші мектеп алдына келуін талап еттім. Әзірге көріп тұрсыздар, әкімдіктен ешкімнің қарасы көрінбейді. Сондықтан, «Алма Сити 5» кешенінде тұратын құрметті ата-аналар, өтініштеріңізді беріп, бұл білім шаңырағының қазақ мектебі болып ашылуына атсалысуларыңызды сұраймын.

Ертай Құлжабай, ата-ана:

– Мұнда Дархан бауырымның әлеуметтік желіден жан айқайын естіп келіп тұрмын. Аралас мектеп дегенге мен де түбегейлі қарсымын. Мәселен, өзім тұратын Жетісу ауданында қалыптасқан жағдай бойынша айтайын, бізде екі аралас мектеп бар. Және өз балаларым оқитын таза қазақ мектебі орналасқан. Бұл мектеп үшін қосымша жай салынған жоқ. Ал анау аралас мектептер үшін дағарадай қылып екі қосымша ғимарат салып берді.

Мұндай әрекеттің бәрі келешекте қазақтың тілін жою мақсатында аралас мектептерді біртіндеп көбейту саясатын көздей ме деп күдіктенемін. Біздің балаларымыз таза қазақ мектебінде оқып, Қазақ елін сүйіп өсуге тиісті. Қастерлі Ұлттық мүдде, үлкен Елдік мұраттарды бір сәт те естен шығаруға қақымыз жоқ. Бұл, біле білсек, мәңгіліктің мәселесі.

Гүлтанат Айтбайқызы, ардагер ұстаз:

– Жиынға сонау Талғар қаласынан арнайы келіп тұрмын. Ұрпақ қамы, ел болашағы мүддесі жолында жаңадан ашылатын мектептердің бәрі қазақ мектебі болып ашылуы керек. Енді шегінетін жер қалған жоқ. Аралас мектеп деген болмайды енді... Жарамайды бұл... Таза қазақ тіліндегі мамандар даярлануы қажет... Орыс тілді бала ұлттық мүддеге жұмыс істейді деп ойламаймын. Мемлекеттік мүддеге қиянат жасалмасын!

Мәншүк Мұхамеджанқызы, ардагер ұстаз:

– Мен де Талғар қаласынан әдейі келдім. Бізде де тура осындай жағдай болған еді. №25-ші мектепті басында қазақ мектебі ретінде ашқызған. Бірақ кейін құйтырқы саясат әлі де сол мәселені лайықты шешкізбей тұр. Не аралас мектеп, не қазақ мектебі екені әлі белгісіз. Онда қазақ сыныбы да, орыс сыныбы да бар. Балалар сондай ретпен оқып жатыр. Мына мектептің де дәл сондай жағдайға душар бола ма деген қаупіміз зор. Тағдыры тура біздің мектептің кебін кие ме деп алаңдаймыз. Әлгіне етерек келіп, бірталай аралап та көрдім, жап-жақсы мектеп. Сәулетті, кең... Барлық жағдай қарастырылғаны көрініп тұр. Айналада қоныстанған тұрғындардың дені қазақтар екені анық байқалады. Ал осынау білім шаңырағын енді аз ғана орыстілді ағайындардың ықпалы арқылы аралас мектепке айналдыру ғасырлар бойы аңсап келе жатқан ұлттық мүддеге қайшы екені түсінікті. Тіптен, жөні жоқ, өте қисынсыз шаруа. Және бұл мән бермейтін ұсақ-түйек іс емес, күні ертең қастерлі мемлекеттік мүддеге орасан зиянын тигізетіні сөзсіз.

Қайсар Сәбитбекұлы, белсенді:

– Аралас мектеп деген шешімге мен де түбірімен қарсымын. Жаңа мектеп тек қазақ тілінде ашылуы керек. Аралас мектеп – халықты орыстандыру саясатының жалғасы деп білемін. Біздің елімізде барлық мектеп тек қазақ тілді мектеп болуға тиісті. Болашақ ұрпағымыз ана тіліне білім алып, өсіп-өнуі керек. Тіл жойылса ұлт жойылады. Ата-бабамыз ғасырлар бойы қан төгіп қорғаған ұлан-байтақ жер, ересен байлық ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететіні анық. Елді орыстандыру саясаты қашан тоқтайды?! Қазақ даласын патшалық Ресей – үш жүз, совет өкіметі жетпіс жыл билеген болса, мынандай әрекеттер де соның жалғасы деп санаймын. Тіл жойылса ұлт та жойылады. Мұндай қауіпті сонау өткен ғасырдың басында Алаш серкелері де ескерткені мәлім.

Ал балаларымыз алтыншы-жетінші сыныпқа барғанда өздері қалаған шет тілдерін оқып-үйрене берсін. Баланы жастайынан орыс тіліне күштеп оқытуға болмайды.

Халима Дәукеқызы, ардагер ұстаз:

– Жаңа мектеп ашылады екен деп қатты қуанып жатырмыз. Енді бұл таза қазақ мектебі болса деген тілегіміз бар. Келінім байғұс күнде таңғы бесте тұрып, үлкен немеремді дарынды музыкалық балалар мектебіне тасиды. Тағы біреуін алысқа тасуға шамамыз жоқ. Балабақша жасындағы екі кішкентайымыз үйде қамалып отыр. Мына білім шаңырағының таза қазақ мектебі болып ашылуын қалаймыз. Өзім талай жылдар бойы математикадан сабақ берген мұғаліммін. Қазір зейнеттік демалыстамын. Ал қажет болса, ұрпақ келешегі жолында қайтадан сапқа қосылып, көмек қолын созуға даярмын. Бүгінгі бір келеңсіз жәйт ¬– шәкірттердің көбі қазақ мектебінде жүрсе де орысша қосып сөйлейді.

Аралас мектеп деген сөз – орыстілді мектеп деген сөз. Өйткені сабақ, жиналыстың бәрі орыс тілінде өткізілетіні түсінікті.

Төрт ұлымның кішісі орыс сыныбын бітірген. Ондай баланың тәрбиесі де, адамгершілігі де бөлек болып қалыптасатынына көзім жетті. Таза қазақ мектебі мен орыс мектебінде оқыған шәкірт бір атаның баласы болса да екеуі екі түрлі әлемнің адамы болып шығатынын түсіндім. Мұндайға жол берсек ақыр аяғында соның бәріне өзіміз кінәлі болатынымыз анық. Ұрпақ кешірмейді. Осыны ұмытпасақ деймін.

Мен – екі тілді маманмын. Кезінде орыс сыныптарына да сабақ бердім. Сондықтан баса айтқым келетін тағы бір жағдай – қазақ мектептерінің беретін білімі төмен деген өте қате түсінік. Мұның мәнісіне де бойлап көрген адаммын.

***

Істің анық-қанығын анықтай түсу мақсатымен осынау жиынған газет тілшісі ретінде біз де барып қатыстық. Сөйлеушілердің пікірлерін қаз-қалпында жеткізуге тырыстық.

Тек бір байқалған қызық құбылыс ¬– бұл ауданда балаларын орыс сыныптарында оқытуға ынталы қазақ ата-аналар аз емес сияқтанды. Мектепке аралас статусы берілуіне сондай ағайындарымыз аса ынталылығын аңдаған едік. Көпшіліктің әрекеті, негізінен, солардың зор ықпалына жасалған қарсылық екенін де түсінгенбіз.

P.S.

Арада оншақты күн өткенде дау нүктесі қойылғаны мәлім болды. №207 мектеп қазақ мектебі болып ашылатынын естідік. Мектеп оқушыларды жоспар бойынша ақпан айында қабылдай бастайтын көрінеді.

Бұл сүйінішті хабарды осынау шаруаның басы-қасында жүріп, көп тер төккен Дархан Ардақұлы бауырымыз хабарлады. Ол өзінің фейсбук парақшасы арқылы: «Іс ойдағыдай шешілді. Қазіргі уақытта мектептің ғимаратын қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Салғырттық танытпай белсене қимылдаған Ақмарал Шатемірқызы мен Аида Букаеваға, сондай-ақ басқа да белсенді азаматтарға алғысым шексіз! Наурызбай ауданы әкімдігінің орыстілді ата-аналармен және диаспора өкілдерімен түсіндіру жұмыстарын жақсы жүргізгендері үшін ризамын.

Наурызбай аудандық Білім бөлімінің басшысы Салтанат Құсайынованың елдік мұраттар бағытындағы ұстанған позициясына өте ризамын және бұ кісіге атқарып жатқан жұмысы үшін шексіз ризалығымды білдіргім келеді.

Саясат жоғарыдан емес, төменнен басталмақшы. Қызметте отырған әрбір қазақ азаматы Қазақ мүддесі үшін жұмыс істесе, онда біз сөзсіз мықты мемлекетке айналамыз» деп жазды.

Құлан САҒАТҰЛЫ.

Алматы

qazaquni.kz