САЙЫН ДАЛАНЫҢ САЙЫПҚЫРАН САРДАРЫ

САЙЫН ДАЛАНЫҢ САЙЫПҚЫРАН САРДАРЫ

Алматы қаласында Халықаралық «Қабанбай» қоры өткізген «Ел мен жер тұтастығы – Бабалар аманаты» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциядан түйген ой

Былтыр Қазақстанның түкпір-түкпірінде қазақтың «Дарабозы», «Хан-батыры» атанған Қаракерей Қабанбайдың туғанына 330 жыл толуына орай әр түрлі конференциялар, мәдени-спорттық іс-шаралар өткізілді. Соның ең соңғы қорытындылаушы басқосуы – 15 желтоқсанда Алматыдағы «Достық үйінде» Халықаралық «Қабанбай» қоры ұйымдастырған конференция. Аталған басқосуға Парламент Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Н.Жүсіптен, сол кездегі ҚР Мәдениет және спорт министрі Д.Абаевтан, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы С.Раевтан, көрші елдердің мәдениет министрліктерінен, басқа да алыс-жақын шетелдік ұйымдардан, көптеген мемлекеттік жоғарғы мекемелерден құттықтау хаттар келіпті. Ол құттықтаулардың бірсыпырасын қордың вице-президенті, «Кенесары» қорының жетекшісі, белгілі спортшы Мұхтархан Мамырбекұлы жиынға қатысушыларға оқып берді. ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті, ҚР ҰҒА академигі Мұрат Жұрынов, Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, ҚР ҰҒА академигі Оразалы Сәбденов, белгілі мемлекет пен қоғам қайраткерлері Амалбек Тшанов, Рахман Алшанов, Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов атындағы қордың президенті Лұқпан Сыдықов бастаған бір топ азаматтар конференцияның жоғары деңгейде өтуіне тілеулестік білдіріп, ақ тілек, жылы лебіздерін жаудырды. Басқосуды Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов жүргізіп отырды.

«Ауруын жасырған өледі» дейді дана халқымыз. Ақиқатын айтсақ, Қазақстанның, оның ішінде мемлекет құраушы ұлт – қазақ қоғамының қазіргі саяси-рухани ахуалы аса бір дүдамал, алмағайып кезеңді бастан кешуде. Өйткені ұлттық идеологияның ұстындары әлі нақтыланып, айқындалған жоқ. Мемлекеттік мүдде мен ұлттық мүдде бірігіп-кірігіп, біртұтас ағзаға айналмаған. Халық пен биліктің ара жігінің ашылып кеткені аздай, қазақтың өзара келісім, үйлесімінің оңып тұрғаны шамалы. Әлеуметтік желілерді ашып қалсаңыз, исламшылдар мен тәңіршілдер, мемлекетшілдер мен ұлтшылдар, ағымшылдар мен атеистер болып, жік-жікке бөлініп, айтысып жатқан жұртты көресіз. Табан астында бір-бірін құртып жіберуге, таптап тастауға даяр тұрғаны өзегіңізді өртейді. Яғни, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға ұмтылған ынтымақшыл пейіл мен жақсылыққа құлшынған жасампаз жандардың азшылыққа айналғаны жасырын емес.

Дәл осындай алмағайып заманда Халықаралық «Қабанбай» қорының Президенті, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалының төрағасы, философия ғылымдарының докторы Құсман Шалабаевтың басшылығымен «Ел мен жер тұтастығы – Бабалар аманаты» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу, келешек ұрпақтың ұлттық рухын ояту қазіргі қазақ қоғамына ауадай қажет екені мәлім. «Өйткені бұл ғылыми жиынның негізгі мақсаты – Қаракерей Қабанбай батырды ғана ұлықтау емес, оның қасында үзеңгі қағыстырып бірге жүрген қазақтың барлық батырларының ерліктерін жас ұрпаққа жеткізу, қазақ қоғамындағы батырлар институтының мән-мағынасын ашу, рөлін көрсету. Қысқасы, Қабанбай бастаған барлық қазақ батырларының қаһар¬ман¬дық тарихын кешенді зерттеу әрі оны халыққа кеңірек насихаттау арқылы жастарды отансүйгіштікке бау¬лу қажет»,– дейді Құсман Кәрімұлы.

Айтса айтқандай-ақ, екі ғасырға жуық әуелі Патшалық Ресей, кейіннен Кеңестік Ресей империясының езгісіне түсіп, қорлық пен кембағалдықтың неше атасын көрген қазақ халқының табанға тапталған құқығын қайтарып беру, ел еңсесін тіктету, ұлттың рухын көтеру – қазіргі кезек күттірмес іс.

Ғылыми басқосуда небір келелі мәселелер қозғалды. Мәселен, академик О.Сәбденов айтқан қазақ батырларының қысқа да нақты деректерінен үш тілде буклет жасап, әуежай, автобекет, теміржол бекеттері билеттерімен қоса таратса, содан соң Еврокеңестің үлгісімен Түркі текті мемлекеттердің одағын құрса, құба-құп болар еді деген ұсыныстары да осынау ел еңсесін көтерсек деген ұстанымды өзек еткені мәлім. Сондай-ақ конференцияда пікір айтқан біраз шешендер Тәуелсіздік алғанына отыз екінші жылға аяқ басса да Қазақстанның әлі күнге дейін ұлттық идеологиясының қалыптаспағанын, отарсыздану үдерісі де жүргізілмегенін тілге тиек етті.

Салтанатты рәсімдерден соң төл тарихымыздың терісінің әр пұшпағын илеп жүрген кәсіби тарихшыларға сөз тиді. Ең әуелі кезек алған тарих ғылымдарының докторы, академик Хангелді Әбжанов «Қазақ қоғамындағы батырлар институты» деген тақырыпта баяндама жасап, қазақ батырларының әлі бәрі түгенделіп болмағанын, олардың көпшілігінің ерліктерін былай қойғанда аты-жөнін білмейтінімізді айта келіп, бала кезінде Нарбала, есейгенде Хан-Батыр атанған Қаракерей Қабанбайдың қазақ-жоңғар соғысындағы ғана емес, одан кейінгі бейбіт замандағы орасан зор рөлін тарата айтты. Ал «Қабанбай батыр және XVIII ғасырдағы қазақ қоғамы» деген тақырыпта баяндама жасаған тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Берекет Кәрібаев көптеген тарихи деректерді дәйексөз ретінде келтіре отырып, XVIII ғасырдағы қазақ қоғамына жан-жақты тоқталды және Қазақ Хандығының орталықтанған басқару жүйесі жойылып, бытыраңқылыққа ұшыраған заманында батырлар алға суырылып шығып, ел қорғаны болғанын атап өтті.

Қазақстан Жазушылар одағы Төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып әйгілі ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ұлықбек Есдәулеттің әкімшіліктегі жиналысқа байланысты қатыса алмағанын айтып, оның «Ердің ері – Ерасыл» атты өлеңін нақышына келтіре оқып, конференция қатысушыларына деген ыстық ықыласын жеткізді. Осы тұста басқосуға жиналғандарды бір сергітіп алу үшін спорт саласында еліміздің даңқын асқақтатып, көк туымызды желбіретіп жүрген кәсіби боксшы Қанат Ислам, қол күрестіруші Тимур Сыпатаев сияқты бүгінгі заманның батырларына кезек тиді. Қ.Ислам Қабанбай батыр туралы және еліміздің бірлігін шыңдау туралы өз ойларымен бөліссе, қол күрестіруден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Т.Сыпатаев ел арасында Қабанбай батырдың қылышы аталып кеткен, ауырлығы 25 келілік қылышпен өнер көрсетті.

Бағанадан басқосуды жүргізіп отырған тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов Қаракерей Қабанбай батырдың Ресей және Қытай деректеріндегі мағлұматтарын сөз етсе, филология ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжан сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында Қабанбай батыр туралы қаншама хисса-дастандар, тарихи жырлар сақталғанын тілге тиек етіп, батыр тарихын зерттеген ғалымдар тарихи жырлардағы мағлұматтарды қаперден шығармаса деген пікірін ортаға салды. Ал тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Ахмет Тоқтабай Қырғызстан мен Қарақалпақстандағы Қабанбай батырға байланысты тың деректерді жинақтап әкеліпті. Ол еліміздің әр аймағында Қа¬бан¬байға арнап он бес ескерт¬кіш орнатылғанын, Қазақ¬станды былай қойғанда бір кездері Түркияға да Қабанбай батырдың бюсті қойылғанын тілге тиек етті. Ол «Қа¬лай десек те Қабанбайдың әр басқан ізі аңыздай айтылып, алпыс жыл аттан түспеген қазақтың қайсар қолбасшысының атын әйгілейтін деректер жетіп артылады», – дей келіп, тың деректерді ортаға салды.

Келесі сөз кезегі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, белгілі қытайтанушы ғалым, тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұхаметқанұлына бұйырды. «Қаракерей Қабанбай және қазақ-қытай арасындағы сауда байланыстарының дамуы» тақырыбында баяндама жасаған ғалым өзі бұрыннан зерттеп жүрген тақырыпты жаңа деректермен толықтырып, Қабанбай батыр бастаған сауда тоғанақтарының табыстарына жан-жақты тоқталды. Ал тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Арман Жұмаділ орта ғасырда әскери іске мән бермеген ел болмағанын, көршілес елдер өз әскерлерін дайындау үшін ғұндар мен сақтардың, кейінгі түріктер мен қыпшақтардың сардарларын жалдағанын баяндап, XVIII ғасырда көшпелі елдердің, соның ішінде қазақтың әскери өнері өте күшті дамығанын атап өтті.

Қабанбай батырмен аталас болғандықтан, даңқты тарихи тұлғаның сайыпқыран сардарлығы мен даңқты ерліктері туралы тарихи жыр-дастандарды балауса шақтан бермен құлағымызға құйып өстік. Ер жеткенде бас батырдың есімін атақты әдебиеттанушы ұстазымыз, профессор Қайым Мұхаметқанұлы мен жерлес ғалым Болатжан Әбілқасымұлының жазбаларынан оқыдық. Ал Тәуелсіздік таңымен бірге танымал фольклортанушы, шежіреші, жазушы Зейнолла Cәнік пен Бейсенғали Садыханұлының «Қаракерей Қабанбай батыр. Аңыз, зерттеу, қиссалар» (Алматы: Жазушы, 1991. 58-б.) атты жасыл жинағы басылып шыққанда сарқылмас бұлаққа кезігіп, мол олжаға кенелдік. Қаһарман қолбасшының мағлұматтары одан бері де Қазақстан, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан архивтеріндегі кейбір деректермен толықты. Алайда осынау ірі тарихи тұлғаның өмірбаяны әлі толық қалпына келтірілген жоқ, ол туралы таласты пікірлер де әлі бар. Мәселен, батырдың тікелей ұрпағы, жазушы Зейнолла Сәнікұлы жоғарыда аталған еңбегінде: «Қабанбай батырдың қай жылы туып, қай жылы өлгені туралы нақтылы дерек жоқ. Мынадай мөлшер айтуға болады. 1781 жылы Абылай хан қайтыс болғанда Бұқар жыраудың жүзге шыққан жылы Қабанбай қайтыс болғанда «сексеннің сегізінде Бұқар келді» делінген. Олай болғанда Қабанбай Абылайдан он екі жыл бұрын, яғни 1769 жылы өлген болады. Қабанбай Қубас атпен серттескенде «жетпіс сегізге мен келдім, отыз сегізге сен келдің» деген жыр жолдары бар. Яғни, 1769 жылы жетпіс сегіз жасқа келген болса, 1691 жылы туған болады», – деген тұжырым жасаған еді. Басқа болжамдардан гөрі осы тұжырым көбірек қисынға келеді. Сондай-ақ бас батырдың Астанадан 34 шақырымдық мекенге жерленгені жан-жақты дәлелденсе де, осыған келіспейтіндер баршылық. Біздіңше, мұның бәрі – келешектің еншісіндегі мәселе. Сайын даланың сайыпқыран сардарына көрсетілер құрметтің бұл басы да, соңы да емес.

Жан-жақты ойластырылып, жоғары деңгейде өткен конференциядан кейін елге пана болған бабаларымыздың рухына арнап ас беріліп, Құран хатым түсірілді. Бұл жерде де сөз алғандар мемлекет тірегі болатын ұлттық рухты көтеру, ел еңсесін тіктету туралы жалынды сөздермен бастап, ынтымақ пен берекенің сақталуы туралы аталы сөздермен аяқтап отырды. Ас үстінде Халықаралық «Қабанбай» қорының президенті Құсман Кәрімұлы Қабанбай батыр мен басқа да ел қорғандарын ұлықтап, насихаттағандарды елге үлгі қылып, «Хан батыр Қабанбай. Дарабоз» атты медальмен марапаттады.

Ел басына күн туған аласапыран заманда жаудың бетінде, желдің өтінде жүріп, халқына қорған болған батырларды осылайша еске алып, олардың отты жүрек, асыл рухтарын жастардың санасына сіңіру – әрбіріміздің басты парызымыз. Мұны барлық мекеме басшысы қаперге алса, әрбір отандасымыздың жүрегі оттай маздап, шоқтай жанса, жерімізге көз алартқан айналамыздағы анталаған жаудан еш сескенбей, мемлекетіміздің қиямет қайымға дейін өмір сүреріне кәміл сенер едік. Осы тұрғыдан келгенде Халықаралық «Қабанбай» қоры маңызы аса зор рухани шара өткізіп, басқаларға да үлгі көрсетті деп білеміз.

Әбділдабек САЛЫҚБАЙ,

«Қазақ тарихы» журналының бас редакторы, жазушы,

ХІ Халықаралық «Дарабоз» бәйгесі Бас жүлдесінің иегері.

Лебіз

Конференция қатысушыларының ақ тілегі

■ Құрметті бауырлар!

Құсман бауырым Қабанбай батыр тобына қосқаныңа рахмет айтамын. «Матай Бөрібай батыр» қоры әрқашан Сіздермен бірге. Бабаларға қатысты істе ынтымағымыз жарасып, аманатымызды береке-бірлікпен орындауды Алла нәсіп етсін.

Берікбол ҚАСЫМОВ,

Матай Бөрібай батыр қорының төрағасы.

■ Ұлы қолбасшы Қабанбай бабамыздың 330 жылдық мерейтойына арналған конференцияға қатысушылар жоғары баға берді. Жиын аса мәнді, мағыналы болғандықтан үш жарым сағатқа созылды. Оған қазақтың барлық өңірінен есімі елге белгілі азаматтар қатысты. Бәрінің бастарын біріктірген –конференция тақырыбы. Өйткені қазақтың мақсаты, жері, салт-дәстүрі, бабалары, т.б. ортақ. Бас батыр Қабанбайдың даңқын асқақтата отырып, барлық батырлардың да тұлғалық қасиеттеріне жете мән беру мәселесі де ортаға салынды.

Ғалымдардың белсенділігі өте жоғары болды, олардың арасынан 12 ғалым баяндама жасады. Баяндамашылар Қабанбай бабаның батырлығынан басқа да ерекше қасиеті мен қабілетін, атқарған істерін дерек негізінде айқындап айтты. Конференциядан кейін Ас беріліп, құран оқылды. Мұнда да сөйлеген адамдар өз ойларын ортаға салып, конференцияға әділ бағаларын беріп, ұйымдастырушы Құсман Кәрімұлына алғыстарын жеткізді.

Қабдыләшім ЖОБАЛАЕВ,

  Қазақстанның Құрметті азаматы,

Халықаралық Қабанбай қоры мен Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының басқарма мүшесі.

Алматы қаласы.

■ Мен осынау жасқа келгенше талай-талай жиналысқа, конференцияға қатыстым. Бірақ дәл мынадай мәнді, мағыналы басқосуды көрмеппін. Негізінде бұл – мемлекеттік деңгейдегі әкімқаралардың атсалысуымен, тым болмаса, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің тікелей ұйымдастыруымен өтуге тиіс еді. Соған қарамастан, Халықаралық «Қабанбай» қорының Президенті, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалының төрағасы, философия ғылымдарының докторы Құсман Шалабаевтың басшылығымен мынадай кең көлемде, жан-жақты ойластырып, кеңінен қамтып, 12 ғалымға әр тақырыпта баяндама жасатып, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу – аса ауқымды еңбек. Ісіңізге береке тілеймін! Еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз, Құсман бауырым!

Мәулітқазы ҚҰЛЖАТАЕВ,

Халықаралық «Қабанбай» қорының Абай облысындағы

сенімді өкілі, Халықаралық ұлттық ат спорты ойындарының жоғарғы санатты төрешісі.

Мақаншы ауылы

Абай облысы

■ Бір ерекшелігі, осы конференцияға ғалымдар көп қатысты. Қарапайым жандарға алып қашпа сөз емес, нақты ғылыми тұжырым қажет. Құсман – нақты істің адамы. Тіл табыса біледі. Еңбегін бұлдамайды. Ол өз қаражатына Үржар төріне Қабанбай батыр ескерткішін қойғызды. Халықаралық Қабанбай қоры атынан Төлегетай баба кесенесіне Қабанбай батырдың «Ақ Ордасын» тікті. Биыл Құсманның тікелей қаржыландыруымен мың шақырымдық велоэкспедиция Семей қаласынан Абай жері арқылы Мақаншыға жасалды.

Бір өкініштісі: бізде бір арнаға тоғысқан келісілген іс-жоспардың жоқтығы. Бір дерек табылса, оны тексеріп, зерттеп, анық-қанығын білмей көпшілікке ұсынып жібереді. Осыған дейінгі қабанбайтанушылардың зерттеу еңбектерін әлі қалың көпшілік білмейді. Соны насихаттау керек. Мысалы, ақжарлық мұғалім Қайрат Қабиғожин «Қабанбайтану» атты оқулық жазды. Өскеменде өзі бала оқытатын лицейге және басқа мектептерге оқытуға болатынын айтып қуантқан еді. Сондай-ақ аягөздік мұғалім-тарихшы Әділбек мектептен музей ашыпты. Ал өз қаражатымен шетел архивтерін ақтарып жүрген қабанбайтанушы тарихшылар Н.Мұқаметқанұлы, Т.Зәкенұлы, М.Кәрімов, А.Тоқтабай, Қ.Еңсеновке үкімет тарапынан қолдау керек деп білемін. Ұлан-ғайыр жұмыстар жасалды және қорытындыланды. Әлі де жасала бермек. Тағы бір ұсынысым: Қабанбай батыр бейнесін бірдейлендіру. Әр ескерткіште әр түрлі. Қабанбай батыр туралы оқулық шығару, әскери мектептерде тым болмаса, батырдың өмірбаянын, соғыс тәсілдерін оқыту ісін қолға алу.

Жамбыл ЖҰМАНБАЕВ, зейнеткер.

Жәнтікей ауылы

Ақсуат ауданы

Абай облысы

■ Конференцияға қатысып, үлкен әсер алып қайттым. Біткен іске әрқашан сыншы табыларын білеміз, бірақ сыннан қорықпауымыз керек. Үкімет тарапынан қолдау болғанда отыз жылда қаншама жұмыс бітер еді, тарихи деректер ашылар еді. Алыс-жақын шет ел мұрағаттарына қол жеткізсе, талай біз білмейтін тарихтың ашылары анық. Соған қарамастан, Халықаралық Қабанбай қорының осы конференцияны өткізуі үлкен жігерлілікті талап еткені белгілі. Патшалық Ресейге де, кешегі Қызыл империяға да біздің шынайы тарихымыз керек емес екенін білеміз. Бұратана халық деп, тарихты бұрмалап жеткізді. Сол арқылы құлдық сана пайда болды. Біздің ашылмай жатқан тарихымыз ұшан-теңіз.

Ия, енді не істеу керек? Осындай жекелеген азаматтарымызды қолдайық, қуаттайық! Жақсы сөзді қимасақ, түртпектемей, кедергі жасамай, тыныш жүрейік. Әйтпесе, ортақ іске өз үлесімізді қосайық.

Конференция жоғары деңгейде өтті. Баршаңызға рахметім шексіз!

Абдолла ӘДІЛБЕКОВ, зейнеткер.

 Шымкент қаласы.