Біз білетін Бижомарт немесе түсіне Ақаң кіретін азамат

Біз білетін Бижомарт немесе түсіне Ақаң кіретін азамат

Қай кезеңде де ұлтжанды азаматтардың алдында атқарылар істің ауқымды екені ақиқат. Оны іске, жүзеге асыру үшін азаматтың мойнында мақсат пен мүдде, парыз бен қарыз, жауапкершілік пен міндет тоқайласып, сансыз сауалдың, қиын күрмеудің мәселесін шешудің міндеті артылатынын білеміз. Бұл келелі істе кеңесіп атқарар шаруа мол, бірігіп шешер толғақты іс көп, өзінің азаматтық қарызы мен парызын түсініп, бел шеше, белсене іске кірісер азаматтар да аз болмайтыны түсінікті. Өмірлік мақсатын ерте түсініп, ел ісіне араласудың мәнісін міндетім деп ұғынып, Азаматтық ұстанымына, өмірлік кредосына тұрақтылығын әманда танытар азаматтар да баршылық. Ондай азаматтар ел көңіліндегі кірбіңді, көптің көкейіндегі мұңды, әлеуметтің ойындағы арпалысты байқап қана қоймай, оны жеңілдетудің жолын қарастырып, шешудің тәсілін оңтайландыруды ойлап, әсіресе, жаһандану жағдайындағы жұрттың жұмыла кіріспесе, ұлттың мәселесінде ұтылып, қарекет танытпаса, жұтылып кететінін жіті аңғарып, ұсыныстарын алға тартады, өзіндік тәжірибелерін айтады, ой-тұжырымдарымен бөліседі, кеңеседі, жұмыстанады.

        Сол санаттағылардың қатарынан елжанды азамат, тілтанушы ғалым, әдіскер маман Бижомарт Сейсенбекұлы Қапалбекті де көретініміз күмәнсіз. 

        Елдің қамын ойлаған...

      Бижомарттың өзінің айтуы бойынша мектеп бітірген соң мұғалім де болған, қой да баққан, құрылыста да істеген, егін салып, трактор да айдаған... Мектепте жүргенде-ақ оқығаны, тоқығаны мол зерделі жастың мектепті аяқтаған соң, Қопада қой ғана бақпай, ой бағуға әуестігі мол болғанын аңғарамыз. Өмірлік тәжірибені «ешкінің мүйізінен, апасының киізінен, қойдың құлағынан, таудың бұлағынан» үйренген оның оқығаны мен тоқығаны біте қайнасып, тоқайласқанын, ел алдындағы азаматтық парызын атқарудың ілкі дүниелері бозбала шағынан қалыптасқанын аңғарамыз. Айналасындағы жақсы дүниені жат санамай, ал кереғар, қисынға келмейтін, тезге салатын мәселелерге бей-жай қарамайтын, шамасы келсе түзеуге тырысатын, ой-пікірін ашық ортаға салып, ел талқысына ұсынып, дұрыс шешімін табудың қамын күйттеп жүретін дағдысы әдетке айналып, ол бірте-бірте азаматтық болмысын танытатын ұстанымға, кісілік келбетін айқындайтын мінезге, кейінірек ұлт мәселесінде ұсақ нәрсе болмауы тиіс деп атқа қанған азаматқа, табанының бүрі бар тұғырлы тұлғаға ұласты деп ойлаймыз. Ат жалын мініп, азамат болған шақта ұлттың құндылығының құнын төмендетпеуге, елдің рухани һәм тұрмыстық жағдайына, ауылдың сан алуан шаруасына жиі оралып, өзі көрген, байқаған толғақты мәселелерге қоғамның, биліктің, жергілікті құзырлы орындардың назарын аударып, БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде рухани-мәдени кеңістіктегі, қала мен ауылдың күрмеуі қиын мәселелерін шешудің жолдарын, тәжірибелерін үнемі айтып, жазып жүрді. Мәселен, бала, ұрпақ тәрбиесі туралы жиі сөз қозғап, бүгінгі бүлдіршіндердің сөздік қоры, олардың отбасынан, балабақшадан, теледидардан алатын, үйренетін тәрбиесінің сан алуан түйткілді мәселелері, бала танымына қазақы анимацияның ықпалы, мифтік, ертегілік және аңыздық кейіпкерлерді біріздендірудің(мәселен, 24 түрлі Алдар көсенің кескін-кейпі бала түгілі, ересектердің өзіне ауыр тиетіні) ұрпақтың психологиялық, визуалдық таным-деңгейінің даму мүмкіндігіне әсері т.б. туралы үнемі айтып, жазып, қоғам назарын аударып жүруі де оңай дүние емес. «Жігітке жетпіс өнер де аз» дейтін халық даналығына сүйенсек, біз білетін Бижомарттың малды асылдандырудың кейбір мәселелеріне қатысты ойлары, тамшылатып суғарудың біз білмейтін құпиялары, ауыл еңбеккерлерінің маңдай терімен табатын өнімдерін өндіру мен өткізуде заманауи технологияларды қолдана білудің зәрулігі мен қажеттілігін т.с.с., айтып қана қоймай, қолданысқа енгізудің мүмкіндіктерін, тәсілдерін ұсынғанына қарап, ауыл шаруашылығы маманы деп ойлап қалуыңыз да кәдік. Тіпті ұсақ-түйек деп елемеуге болатын мал бордақылаудың жай-жапсары, табиғи азықтың құндылығы, ауладағы бақшадан мол және жылына 2-3 рет өнім алудың жолдарын көпшілікпен бөліскен сәттерін көріп, қай саланың маманы екенін түсінбей дал болуың мүмкін. «Азаматын көріп, ауылын таны» демекші, ауылға көңіл бөлу, туған жердің топырағын аялау, ауыл азаматтарының жұмысын заманға сай оңтайландыру әрқайсысымыздың ойлар, атқарар міндетіміз екенін қаперге салу, қызмет ету деп түсінгеніміз жөн сияқты. Қандастардың қамы, елге оралған оралмандар мәселесі, оны шешу мен біріздендірудің жай-күйі де назардан тыс қалмайды, өзі бас болып шығарып отырған «Туған тіл» журналында арғы беттегі ағайындардың әдеби-мәдени, рухани-тұрмыстық мәселелеріне де үнемі көңіл бөліп, назар аударып отырады. Осы жайттардың бәрін ой елегінен өткізіп, елдегілердің мәселесін жерге қалдырмай, түрлі тетіктерді пайдаланып, құзырлы мекемелердің назарын бұру да оңай еместігі анық. Соған қарамастан, елге пайдам тисе, ұлттың ісінде ұсақ-түйек болмайтынын айтып, дабыл қақса, жеке бастың қамы емес, азаматтың парызын түсінгені, түйсінгені деп қабылдауымыз керек болар. Қарап отырсақ, «Әр қазақ менің жалғызым» дегендей, бар жақсылық атаулы балаға, ұлтқа, ұрпаққа, қажеттігін жадынан шығармау – көпке өнеге, баршамызға ортақ іс. Атап өтетін жайт, жоғарыда айтылған, тоқталған мәселелер ұсыныс-кеңес түрінде болсын, өзіндік ой-көзқарас сипатында көрінсін, барлығы дерлік пост, мақала, сұқбат, билік тетігіндегілерге ұсыныс ретінде жазылып, жарияланып жататынын, оған Бижомарттың ерінбейтінін, түбі оңалар дейтін тілектің үстінде болатынына сан мәрте куә болғанбыз.        

       Тілдің міндетін түйсінген... 

       Маман болу қиындық тудырмауы мүмкін, ал жақсы, өз мамандығына адал, кәсіби маман болудың жолы оңай емес. Еліміз тәуелсіздік алған жылы Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі атанған Бижомарт және оның замандастарының маңдайына көп нәрсеге тәуелді, шатқаяқтап тұрған ана тіліміздің тағдырын тұралатпай, ұпайын түгендеудің, тұғырына қондырудың жауапкершілігі қоса жүктелгені ақиқат. Көз алдымызда өткен қиын-қыстау кезеңдерде көппен бірге жұмыла еңбек еткендердің бел ортасында Бижомарт та жүрді. «Ұлттан тілді алса...»(кітабының атауы) не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты екенін астарлап та, тұспалдап та, керек жерінде ақырып та айтатыны да сол жылдардың еншісіне бұйырды. Мемлекеттік тіл саясатының өзекті, өткір мәселе екенін ерте ұққандардың қатарында болды. Білімі мен білігін іске қосты. Үйрене жүріп, үйретті, жіберілген кемшіліктерден сабақ алды, кемшін тұстарымызды жоюға талаптанды. Ысылды, шыңдалды. Төзді, төселді. Қажырлылық көрсетіп, қайраттанды. Мінез көрсетіп, әлдекімдерге жақпады. Өмірден алған тәжірибесі мол азаматтың адасуға хақысы болмады. Ақаң ұстанымына қашан да адал ол «Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар – арттарыңнан алаш адасады; арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар...», деген ұлт ұстазының пікірін санасында жаңғыртты, ойынан шығармады. «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау» екенін ұғып қана қойған жоқ, өмірлік кредосына айналдырды. 1991 жылы Университетті тәмамдап, жолдамамен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының грамматика бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып орналасқан сәттен бастап ғылыммен айналысуға, білім көкжиегін кеңейтуге белсене кіріскен Бижомарт Сейсенбекұлының осы бағытта жүрісінен жаңылмай, «ақырын жүріп, анық басып» келе жатқанына 30 жылдан астам уақыт өтті. Тіл білімі институтының грамматика бөлімінде ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі болды. Осында жүріп ғылыммен түбегейлі айналысуға мүмкіндікті де мінсіз атқарды. Грамматика саласындағы іргелі зерттеулерінің іргетасы да осы институт қабырғасында қаланды. Кейінірек ғылыми жобалар негізінде «Қазақ грамматикасы», «Жұмсалымды грамматика» сынды ғылыми әлеуеті ауқымды еңбектерге басшылық жасады. 1999 жылы «Көсемше бағыныңқылардың дамып қалыптасуы мен мағыналық түрлері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 

       Тіл саясатының ішкі және сыртқы мәселелерін терең білетін кейіпкеріміз Алматы қаласы әкімдігі «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының директоры, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, «Лұғат» Қоғамдық қорының президенті қызметтерінде де өзінің іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеттерімен танылды. Іргелі жобалар ұсынды. Тіл саясатына қатысты көптеген мәселелерді мінберден де айтты, билікке де ұсыныстар жасады, ел көлеміндегі ауқымды шараларға да белсене қатысты. 

         Бүгінгі таңда Халықаралық «Қазақ тілі» академиясының вице-президенті және «Мемлекеттік тілді дамыту институтының» атқарушы директоры қызметінде де тілдің міндетін, қоғамдағы қызметін, жұмсалу өрісін тереңдете түсті. Айта кету керек, өзі түлеп ұшқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі филология факультетімен тығыз әріптестік орнатып, мемлекеттік аттестациялық комиссия төрағасы ретінде білімгерлердің біліктілігін бағалап, түлектердің еліміздегі тіл мәртебесін өркендету жолындағы ізденістеріне басшылық жасап, ғылым гранттары бойынша жұмыс істеуге де жұмылдырып жүргенін мақтаныш етеміз.

        Латын жайлы да тегеурінді ұсыныстарымен, тұщымды ойларымен танымал. Латынға көшудің қажеттілігін терең ұғынудан, түйсінуден басталған қарекеті аяқсыз қалған жоқ. «Ел жатса да, енекем жатпайдының» кері келді. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылып, ұлттың көкейіндегі ойдан шығуға тырысты, пікірталастарға ұдайы қатысты, ұсыныстары мен тұжырымдарын көптің талқысына салуды да ұмытпады. Емледегі олқылықтарды бүгін түзетпесек, ертең кеш болатынын ұқтырып, Ақаң аманатына қиянат болмауын көбірек күйттеді. Қиюы қашқан «И-ды» иітіп, «У-ды» ушықтырмаудың мәселелеріне бас қатырды, ілгері-кейінді айтылған уәлі пікірлерден тағылым-тірек іздеді, үнемі Ақаңа, Ахмет Байтұрсынұлының уәждеріне құлақ түріп, таяныш етті. Латынға көшуде ұлттық негізге, әсіресе, Ақаң ұстанымына табан тіреуіміз керектігін айтудан жалықпай келеді, оның дұрыстығын, қажеттілігін, өміршеңдігін дәлелдеумен келеді. Яғни, түсіне Ақаң кіретін Бижомарт курстасымыздың беймазалылығы бүгінгі ұлт абыройы, ертеңгі ұрпақ қамы үшін екенін ескерсек, «ұлттан тілді алуға болмайтынын...» түйсінсек, ұтарымыз көп, алар асуымыз биік болмақ.

        Оқулықтың жайын ұққан...

        Өткен ғасырдың басында алаш қайраткерлерінің ерекше көңіл бөлген бір мәселесі – оқулық жайы. Мемлекет және қоғам қайраткері, түрколог-ғалым, ақын, ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының қазақ баласының оқуының жайын арыдан ойлап, «Қазақша оқу әлі белгілі бір тәртіпке келіп жеткен жоқ, кемшілігі есепсіз көп» екенін ескеріп, осы олқылықтың орнын толтыруға аянбай еңбек еткенін, үзеңгілестеріне үлгі болғанын айтсақ та жеткілікті.

        Ахмет Байтұрсынұлының төте жазумен жазылған ұлттық сипаттағы әліппелері, оқу құралдары және оқулықтары өз кезеңінің ең өзекті мәселелерінің біріне арналғаны ақиқат. Ол «Оқу құралы», «Әліпби», «Сауат ашқыш» еңбектерінде қазақ баласының сауатын ашуға деген ерекше ынтызарлығының, қажымас қайратының, білімпаз өресінің нәтижесінде қолға алынып, білім алушылардың сұранысын, қажеттілігін өтеуге зор үлес қосқанын білеміз. Мәселен, «Оқу құралының» беташар сөзінде шәкірттерге арнап «Даналық – өшпес жарық, кетпес байлық, Жүріңдер іздеп тауып алалық та!» - дейді. Күллі қазақ баласын оқуға, білім алуға, сол арқылы даналыққа жетуге шақырады.

        Арада ғасырдан астам уақыт өтсе де оқулық мәселесі оңай шешілмей тұр. Әсіресе, жаңа дәуірдегі жаңашыл оқулықтың бағыт-бағдары қандай болмақ деген мәселе әлі күнге оң шешімін таба қойған жоқ. Оған күрделі дәуірдің өзіндік қиындықтары, ақпарат ағынындағы жедел өзгерістер мен білім беру кеңістігіндегі жаңашыл технологиялар тасқыны, талғампаз оқушы мен ізденімпаз мұғалім арақатынасы, нарық сұранысы мен заманауи талап үдерісі т.с.с. ықпал ететініні де ақиқат. 

Бижомарт Қапалбек Осы орайда нені оқыту және қалай оқыту мәселесіне ұлттық тұрғыдан келіп, Ахмет Байтұрсынұлының, Телжан Шонанұлының оқу құралдарын даярлаудағы ұстанымдарын үнемі ескеруге тиіс екенін ескертеді. Мәселен, олардың бірлесіп жазған оқу кітабында баланың қабылдау деңгейі, жас ерекшеліктері, айналаны, қоршаған ортаны тану қабілеті, қоршаған ортамен қарым-қатынасы ескерілгенін, баланың функционалдық және оқу сауаттылығын қалыптастыруға, арттыруға септігі зор кітаптың бүгінгі заманауи жаңартылған білім бағдарласымен де үйлесетінін, яғни, түрлі мәтіндерді қабылдау, түсіну, санасында қайта жаңғырта алу т.с.с. мәселелерді жүзеге асыруға бағытталғанын да аңғарып, олардың уәждерін таяныш етеді.

Өзінің авторлығымен және серіктес авторлармен орта мектепке арналған «Әдебиеттік оқу, «Қазақ тілі» оқулықтары бірнеше жылдан бері қолданыста. Жаңа бағдарлама туралы айтар ойлары да айқын. Кеңесетін, ойласатын тұстарын да айтуға келгенде ашық. Кемшілігін де байқап, жетілдіретін тұстарын да біледі, ұсыныстарын ірікпей айтып, тұжырымдарын ұлттық ғылыми-әдістемелік бағдарға сүйене отырып негіздеп жүр.

        Қоғамды ізгілендіру жолындағы ілкі ізденістеріміздің көп болғаны, саннан сапа туындайтыны анық жайт. Әрбір азамат өз міндет-парызын атқаруда асығыстық танытпай, көппен кеңесіп, елмен ақылдасып отырса, саналы ұрпақ даярлауға қал-қадерімізше үлес қоссақ, ісіміздің берекелі болғаны, бағытымыздың нәтижелі екендігінің көрінісі емес пе?! Кәсіпке адалдық, істе нәтижелілік, ұйымдастыруда ұтқырлық танытпасақ, кемшін тұсымыз көбейе бермек. Азамат парызын адал атқарса, тіл майданы жеңіс алаңына айналса, ұрпақ санасы рухани құндылықтармен «жауланса», алынбас қамал болмас, сірә?! Бижомарт курстасымызға осы жолда сәттілік, деніне саулық тілейміз.

Шоқан ШОРТАНБАЙ, 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы