Рамазан Стамғазиевтің ән кеші өтті

Рамазан Стамғазиевтің ән кеші өтті

Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Халық әні» кафедрасының 35 жылдығына орай Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, әнші-ұстаз Стамғазы Рамазан Өмірәліұлының «Шалқы көкке сұлу ән» атты шығармашылық кеші өтті.

Консерваторияда Халық әні бөлімін ашуды ұсынып, кейін осы бөлімнің алғашқы меңгерушісі болған Әмина Нұғыманова (Бафина) еді. Халық әні кафедрасын ашу ісі 1987 жылы қолға алынып, сол кездегі консерватория ректоры Дүйсен Қорабайұлы Қасейіновтің тапсырмасымен студенттер қабылдау жөнінде шешім жасалды. Бұл жобаның жалпы ғылыми негізін жүргізген – сол уақыттағы ғылым істері жөніндегі проректор Әсия Ибадуллақызы Мұхамбетова еді. Сол жылы тәжірибелік негізде Халық әні бөлімі ашылып, оған арнайы тізіммен бес студент оқуға қабылданған болатын. Олар: Ержан Қосбармақов, Бекболат Тілеухан, Берік Жүсіпов, Базаргүл Рақышева, Мейіргүл Нұрмағанбетовалар еді.

1987–1988 жылдары дәріс беруге шақыртылған алғашқы ұстаздар қатарын Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Набат Ойнарова, Алмас Алматов, Жақсылық Сәрсенғалиев, Наурызбек Нұржаубаевтар құрады. Халық әні кафедрасы кейін республикадағы көптеген жоғары оқу орындары жанынан дәстүрлі ән өнері мамандығының ашылуына зор ықпалын тигізді. Кафедраның өз алдына дербес қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірген әнші, жазушы Жәнібек Кәрменов еді. Әнші-ұстаз кафедраны 1990 жылдан өмірінің соңына, яғни 1992 жылға дейін басқарды. Ж. Кәрменовтың кезінде Халық әні кафедрасы өзінің қалыптасу, болашақ бағыт-бағдарын анықтау кезеңдерінен өтті.

Стамғазы Рамазан Өмірәліұлы – дәстүрлі ән өнерімізді елімізде де шетелдерде де кеңінен насихаттап, тыңдармандарының сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген өнер майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің және Ә. Бөкейханов атындағы алтын медальдің иегері. Әнші-ұстаз Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Халық әні» кафедрасында көп жылдан бері жемісті қызмет атқарып, шәкірт тәрбиелеп келеді.

Концерттік кеште консерваторияның студенттік халық аспаптар оркестрі, Астана қаласының Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының әншісі, Республикалық байқаулардың лауреаты Өзгеріс Шерікбай, Рамазан Өмірәліұлының Халықаралық және республикалық байқауларда лауреат атанып жүрген шәкірттері өнер көрсетті.

qazaquni.kz