МАРХАБАТ МАҚАМЫ
2022 ж. 05 желтоқсан
3953
0
Бұл өмірден қазақ әдебиетінің марғасқасы Мархабат Байғұт ағамыз да өтіпті… Алла алдынан жарылқасын!
Қазақ прозасында Мархабат мақамы бар. Бүгінгінің Бейімбеті аталған жазушының шығармалары өзіне тән юморы, жеңіл әзілі мен көркемдік шеберлігі, бай тілімен баурап алып, терең иіріміне тарта жөнеледі.
«Әдебиетті көп адам жасамайды. Әдебиет ¬– жеке адамдардың еңбегінің жемісі. Біздің тәуелсіз еліміз енді-енді еңсе көтеріп, өркениетті, дамыған елдердің қатарына енді-енді қосылып келеді. Бұл жолда жеңісіміз де, шегінісіміз де, дағдарысымыз да аз болмады. Бұдан кейін де төрт құбыламыз түгел, уайым-қайғысыз өмірге оп-оңай қойып кеткелі отырғанымыз жоқ. Алдымызда қыруар жұмыс күтіп тұр. Демек, әдебиеттің де алатын қамалдары мен асатын биіктері аласармақ емес. «Где все хорошо, там писателю делать нечего», – депті ғой Бернард Шоу деген ағылшындық қаламгер. Ал, бізде проблема көп. Проблема көп жерде жазушы ауадай қажет. Себебі, сол проблемаларды жолға қою үшін қара күш, дөрекі сөз емес, Бернард Шоудың юморындай мәдениетті мысқыл, уытты сарказм керек. Ондай юмор мен сарказмның иесі арамызда жүр. Оның аты-жөні – Мархабат Байғұт» дейді әйгілі жазушы Дулат Исабеков.
1988 жылы болуы керек, Оңтүстік Қазақстан облысында сол кездегі дәстүрлі республикалық « Жігер» фестиваліне жас ақын-жазушылардың іріктеуінде сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасы Мархабат Байғұт бастаған әділқазылар поэзиядан мені, сатирадан Әкім Ысқақ екеумізге жолдама берді. Құдайға шүкір, екеуміз де Алматыда өткен республикалық фестивалдан зор табыспен оралдық.
2018 жылы Мархабат Байғұт шығармасы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Алғашқы іріктеуде оқ бойы озық келе жатқан Марғабат Байғұт пен ақын Ғалым Жайлыбайды соңғы іріктеуде «комиссия» сүріндірді… Бұған әдеби қауым өз наразылықтарын білдіріп жатты.
«Қазақ үні» ұлттық порталы мен газетінің дәстүрлі «Жыл адамы» байқауында Мархабат Байғұт пен Ғалым Жайлыбай екеуі оқырмандар таңдауымен бір ауыздан «Жыл Қаламгері» атанды.
Бұны естіп, Махаң ел ықыласына ырза болып, қатты қуанып қалды. «Енді Мемлекеттік сыйлыққа түспеймін. Қитұрқысы көп екен» деген еді сонда…
2020 жылы күзде Түркістан облысы қаламгерлерді облыс жетістіктерімен таныстырғанда бізді Түлкібас ауданына апарды. Түлкібас десе еске бірден Махаң түсетіні белгілі. , «Сіздің елге бара жатырмыз, қайдасыз?» деп хабарластым, «Есіттім, белім шойырылып, тұра алмай жатырмын» дегесін телефонда біраз әңгімелестік. Түлкібас ауданын Махаңның ұлы Нұрлан басқарып отыр екен, қаламгерлерді жылы шырайлы қабылдап, ауданды аралатып, жақсы күтіп жіберді.
2021 жылы депутаттық сапармен елге барғанда да Махаңа хабарласып едім, ауырып жатқанын айтты. Биыл да қазан айында іздегенде ел Махаңның төсек тартып жатқанын айтқан еді…
Мархабат Байғұттың қай әңгімесін оқысаңыз да – өмірдің өзі. Тірліктің түрлі сәттерінде терең астарлы «Дауыстың түсі» әңгімесі еске түсе беретін еді…
Кейінгі оқыған «Махаббатым сізге арналады» атты әңгімесі лирикалық мұңға тұнып тұрған мөлдіреген туынды еді…
Мархабат ағамыздың отбасына, туған-туыстарына көңіл айтамыз. Сүйікті жазушысынан айрылған жалпы қазақ халқына көңіл айтамыз.
Пейіште рухы шалқи бергей!
Қазақ әдебиеті бар да, Қазақтың көрнекті жазушысы Мархабат Байғұт бар!
Иманы саламат болсын!
Қазыбек ИСА,
ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
qazaquni.kz