КӨШЕ АТАУЛАРЫ БЕКІТІЛДІ
2022 ж. 04 желтоқсан
3608
0
Биыл Астана қаласы ономастика комиссиясында, қалалық мәслихаттың көпшілік тыңдауында, қалалық Қоғамдық кеңесте, республикалық ономастика комиссиясында елорданың кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау туралы ұсыныстар қаралып, қолдау тапты. Бейсенбі күні қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында бұл атаулар бекітілді. Енді әділет органдарына ресми тіркеу үшін жіберілетін атаулармен қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп таныстырды.
Алматы ауданы бойынша А24 жобалық көшеге көрнекті мемлекет қайраткері Орал Мұхамеджановтың, А62 жобалық көшеге биыл туғанына 100 жыл толған Қазақстанның халық жазушысы, драматург Сафуан Шәймерденовтің аттарын беру, Абылай хан даңғылында, Дина Нұрпейісова ескерткішінің жанында орналасқан атаусыз аллеяны «Күйшілер аллеясы» деп атау ұсынылды. Бұл ұсынысты Ирак Илекеев бастаған бір топ қоғам қайраткерлері мен күйші-композиторлардың атынан жолданды. Алматы ауданы әкімдігі де бұл бастаманы қолдады.
Есіл ауданы бойынша №202 жобалық көшеге әскери ұшқыш-штурмовик, Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіровтің, Е111 жобалық көшеге Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шерхан Мұртазаның, Е324 жобалық көшеге көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дүкенбай Досжанның, Е325 жобалық көшеге көрнекті композитор, КСРО халық әртісі, Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қаз КСР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, симфониялық күй жанрының негізін қалаушы Еркеғали Рахмадиевтың, Е357 жобалық көшеге хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Александр Сызғановтың, Е577 жобалық көшеге жазушы Хамза Есенжановтың, Е579 жобалық көшеге мемлекет және қоғам қайраткері Қайреден Қарбаевтың, Е580 жобалық көшеге Ақмола өңірінің тумасы, мемлекет қайраткері Сабыр Ниязбековтің, Е607 жобалық көшеге Қазақстанның халық әртісі Құман Тастанбековтің, Е608 жобалық көшеге педагог, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Шолпан Жандарбекованың, Е757 жобалық көшеге жазушы, әдебиет зерттеушісі, этнограф ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақселеу Сейдімбектің, Е758 жобалық көшеге Біріккен Араб Әмірліктерінің бұрынғы президенті, Қазақстан Республикасының 1-ші дәрежелі «Достық» орденінің иегері шейх Халифа бен Заид әл-Нахаянның, Е889 жобалық көшеге ағартушы, публицист, түркітанушы, шығыстанушы, Алаш қайраткері, қазақтың алғашқы Конституциясының авторы Барлыбек Сырттанұлының, Е890 жобалық көшеге тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қаз КСР ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ермұхан Бекмахановтың, Е898 жобалық көшеге әдебиетші, сыншы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Тұрсынбек Кәкішевтің, Қабанбай батыр даңғылында, «Салтанат Сарайы» кешені және «The St. Regis Astana» қонақ үйі арасында орналасқан атаусыз скверге Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің патшайымы II Елизаветаның есімдерін беру ұсынылған. Сарыарқа ауданы бойынша № 20-40 жобалық көшеге әйгілі жазушы, ақын, қоғам қайраткері, Қаз КСР Ғылым академиясының академигі Сәбит Мұқановтың аты ұсынылды.
«Алматы ауданында бірнеше көшеге параллель немесе перпендикуляр орналасқан кейбір қысқа көшелердің аттары қайталанатын жағдай бар. Картаға қарасаңыздар, бірнеше қысқа көше Мұстафа Шоқайдың атымен аталатынын көресіздер. Бұл жедел жәрдем шақырғанда, мекенжай іздегенде көп қиындық туғызуда. Осыған орай Алматы ауданы әкімдігінің ұсынысымен осындай көшелердің кейбіріне тарихи жер-су аттарын бергенді жөн деп отырмыз» деген Сәкен Есіркеп тиісті шешімді жариялады
Оның айтуынша, Нұрлыжол көшесінің № 37 үйден басталып, № 26 үйге дейін жалғасқан бөлігіне Астана қаласы маңындағы ортағасырлық қалашықтың атауы Бозоқтың, Мұстафа Шоқай көшесінің № 2 үйден басталып, № 10 үйге дейін жалғасқан бөлігіне Солтүстік Қазақстан өңірінен табылған тарихи тұрақтың атауы Ботайдың, Мұстафа Шоқай көшесінің № 20А үйден басталып, № 33/2 үйге дейін жалғасқан бөлігіне Жамбыл облысының маңында орналасқан ортағасырлық қалашықтың атауы Түймекенттің, Бастөбе көшесінің № 23 үйден басталып, № 37 үйге дейін жалғасқан бөлігіне Алматы облысы, Панфилов ауданының аумағында орналасқан өзен атауы Жарқұдықтың, Георгий Игишев көшесінің № 2 үйден басталып, № 16/3 үйге дейін жалғасқан бөлігіне Қарағанды облысындағы тау атауы Ақжалдың, Бірлік көшесінің № 2/1 үйден басталып, № 30/1 үйге дейін жалғасқан бөлігіне Түркістан облысындағы елді мекен атауы Алшалының, Иманақ көшесінің № 13 үйден басталып, № 7Б үйге дейін жалғасқан бөлігіне Атырау облысы, Каспий теңізінің батпақты сорлы табанының атауы Жалтырдың атаулары ұсынылды. Бұл атаулар Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған «Жер-су атаулары» тізімінен алынды.
Бір атап өтерлігі, Астананың Есіл ауданындағы скверге тиісті атау беруді Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі екіжақты дипломатиялық байланысты нығайту мақсатында ұсынды. Ал шейх Халифа бен Заид әл-Нахаянның көмегімен 1999 жылы Астана қаласында Қазақстан Президенті сарайын салуға БАӘ 15 млн АҚШ долларын бөлінді. «Қарағанды – Астана» автожолы қайта жаңартылды («Қарағанды – Осакаровка» бөлігі). Шымкент қаласындағы перинаталдық орталық құрылысы (2011 жылы ашылған), мешіт құрылысы (2013 жылы ашылған) қаржыландырылды. 2016 жылы елордада пайдалануға берілген №84 мектеп-лицейі құрылысы қаржыландырылды. БАӘ «Абу-Даби Плаза» құрылысына да атсалысты. 2020 жылғы сәуір-қыркүйек аралығында БАӘ Қазақстан Республикасына 100 тоннаға жуық жеке қорғану құралдары мен медициналық құралдар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ,
Астана.