АҚЫНДЫ ҚАДІРЛЕГЕН ӘКІМ
2022 ж. 04 желтоқсан
3340
0

ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ БЕЙБІТ ИСАБАЕВ АЛПЫСТЫҢ АСУЫНА АЯҚ БАСТЫ
ИМАНДЫЛЫҚ ОРНАЙДЫ КЕУДЕМІЗГЕ
Жалпы, ақын біткеннің көбісіне тән қасиет – еркіндік пен еркелік десек, қателеспеспіз. Себебі олар шабыттанған кезде еркін көсілгенді, ал енді жырлары көптің көңілінен шығып жатса, оқырмандарына еркелегенді жақсы көреді. Тіпті кейбір серілері еркелеп жүріп, арнасынан асып та кетеді, тасып та кетеді. Соған қарамастан көпшілік оларды жүректі тербеген сыршыл да мұңшыл жырлары үшін құрмет тұтады. Сондықтан да бағзы заманнан бері «ақын - халықтың адамы» деген тағылымды сөз осындайдан шықса керек.
Өкінішке орай, ақынның нәзік жанын түсінбей, сезімтал жүрегін жаралайтын пенделер қай заманда болмасын аз болмаған. Оған тар жол, тайғақ кешкен ақындардың қилы-қилы тағдыры жайлы тарихи естеліктер куә. Сонымен қатар қазақ руханиятын түсінбейтін және ұлы Абайдың бір ауыз өлеңін жатқа білмейтін әкім қаралар қазір де жетерлік. Осы орайда, ақын досына қолынан келген көмегін аямаған және талай еркелігін көтерген курстасымыз Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев жөнінде сөз қозғап өткенді жөн көрдім. Ия, Бейбіт Өксікбайұлының азаматтығы, қаламгерлігі, ғалымдығы, дипломаттығы және қайраткерлігі бөлек-бөлек мақаланың еншісіне тиесілі тақырып. Сондықтан да бұл мақалада біз оның қазақтың талантты ақыны Қайрат Әлімбеков марқұмға жасаған азаматтығы мен қамқорлығы төңірегінде ғана сөз етпекшіміз.
Талантты ақын, Қазақстан жастар одағы сыйлығының лауреаты Қайрат Әлімбековтың есімі шығармашылық орта мен жыр сүйер қауымға жақсы таныс. Біз Қайратпен 1980 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне қатар түсіп, бес жігіт бір бөлмеде тұрдық. Олар: бүгінгі күні Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, профессор Аязби Бейсенқұлов, «Абай» журналының бас редакторы Мұратбек Оспанов және мен. Бірінші күннен бастап-ақ Бейбіт бөлмедегі тазалықты қолға алып, бөлмені кезек-кезекпен кім тазалайтыны жөнінде бір айдың графигін жасап қоятын. Ол жасаған график бұлжытпай орындалатын. Осы орайда бір бөлмеде тұрып, бір топта оқыған жігіттердің ішіндегі еркеміз бен серкеміз Қайрат Әлімбеков еді. Өзі көңілі тұма суындай тұнық жігіт тұғын. Кез-келген еркелігі мен қылығы өзіне керемет жарасып тұратын. Сондықтан болар, бәріміз оны бір көргеннен-ақ жақсы көріп кеттік. Осы орайда Қайрат Әлімбеков марқұмның 1980 жылы, яғни осыдан 42 жыл бұрын жазған мына бір өлеңін тілге тиек ете кеткенді жөн көрдім:
Бейбіт деген батыр бар бөлмемізде,
Сабырмен ақыл айтар кейде бізге.
Сабырмен ақыл айтса, нақыл айтса,
Имандылық орнайды кеудемізге.
Қайрат досымыздың осы бір шумақ өлеңінің өзі-ақ Бейбіт Өксікбайұлының тай кезінен тарпуы мықты болған азамат екенін айғақтап тұрғандай. Сонымен қатар Бейбіт сабақты да кілең беске оқыды. Сессия кезінде біздерді сүйреп жүретін. Кейбір сабақтарды дайын асқа тік қасық жасағандай, соның дайын конспектісінен көшіріп алатынбыз. Және де ол факультеттің вокальды инструментальдық ансамблінде және халық аспаптар оркестрінде ойнады. Домбырамен және гитарамен тамылжыта ән салғанда талай қыздардың көңілі етіп, көздері мөлдіреп отыратын. Сонымен қатар футболдан КазГУ-дың құрамасында ойнады және бокстан университет чемпионы болды. Енді айтар ойымыздың негізгі төркініне көшейік.
ӨЗІҢ ЖҰМЫС ТАУЫП БЕР...
Уақыт неткен жылдам десеңші. Студенттік өміріміздің бес жылы соққан желдей зу етіп өте шықты да, бәріміз қамшының шашауындай жан-жаққа шашырадық. Біразымыз оқуды бітірген соң, Алматыда қалдық. Осы орайда біздің ішімізден Бейбіт Исабаев досымыз қаламы ұшқыр журналист ретінде ерте көзге түсіп, тасы өрге домалады. Содан 1992 жылы «Горизонт-Өркен» газетінің бас редакторы болып тағайындалды да, өзіне орынбасар етіп курстасымыз Қайрат Әлімбековты алды. Ол кезде Қайрат өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан және шығармашылық ортада аты шығып қалған талантты ақын әрі қаламы қарымды журналист болатын. Жұмыс жағына келгенде өте еңбекқор еді. Кейбір материалдарды қолмен жазбай, диктовкамен-ақ жүйткітіп шығатын. Алайда, бір ғана осал жері – шектен тыс ақкөңіл, сенгіш әрі шайтансуға келгенде ептеп тежегіші ұстамай қалатын. Қайраттың осындай ақкөңілділігін пайдаланатын «достары» да жетіп артылатын. Кейде қалтасындағы пәтерақыға төлейтін соңғы ақшасын да шашып жіберетін.
Сол жылдары «Горизонт-Өркен» газетінің редакциясы Баспасөз министрлігімен бір шаңырақтың ішінде болды. Бір күні Бейбіт жұмысқа келген бетте хатшы қыз оған редакциядағы жайсыз жағдайды айтады. Содан ашу қысқан бойда орынбасары Қайраттың кабинетіне кіріп келеді. Сөйтсе Қайрекең түнімен кабинетте жолдастарымен тойлатып, сол жерде ұйықтап қалыпты. Алпамсадай денесімен стол үстінде кеңінен көсіліп, шалқадан қорылға басып жатса керек. Мына көрініске Бейбіттің қатты ренжігені сонша, Қайратты қатты жұлқып оятады да, көп сөзге келместен жұмыстан шығарып жібереді. Бұл оқиғаны естігенде кейбір курстас жігіттердің арасында: «Бейбіттің бұнысы несі? Бір мәрте кешіре салса да болады ғой» деп іштей реніш білдіргендері де болды. Ал өз кінәсін түсінген Қайрат сол кезде Бейбіттің сыртынан бір ауыз жаман сөз айтқан жоқ. Содан кейін Қайрат екі айдай жұмыссыз жүріп қалады да, бір күні Бейбіттің үйіне телефон шалып, қазір келетінін айтады. Бейбіт дастархан жайып, есіктен жылы қарсы алады. Досының көңілін көтермек ниетпен бір шөлмектің тығынын ағытуды да ұмытпайды. Қайрекеңнің лезде кең маңдайы жіпсіп сала береді. Көптен көрмегендіктен бе, екеуі ананы-мынаны айтып, біраз отырып қалса керек. Бір уақытта Бейбіт оған:
-Қайрат, енді келгендегі бұйымтайыңды айта отырсаңшы,- дейді. Сол кезде ғана не мақсатпен келгені есіне түсіп:
-Мәселе былай,- дейді сөзін нығарлап. - Мені өзің жұмыстан шығардың ба, енді өзің жұмыс тауып бер,- деген екен.
Сол кезде Бейбіт аузын ашса жүрегі көрінетін досының мына қылығына күліп жіберіп, өзімсінген еркелігіне түсіністікпен қарайды. Ертесінде Қайрат «Жас алаш» газетіне әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып барады.
АҢСАҒАН ОРДЕРГЕ ЖЕТЕ АЛМАЙ...
Қайрат бірнеше жыл екі баласымен пәтер жалдап, үйсіз-күйсіз жүрді. Тіпті, кезекті бір пәтерден қожайындары аяқ асты қуып шыққан кезде отбасымен үйге шақырып алып, қанатымыздың астына алған кезіміз де болды. Сол жылдары жолдасы Қуаныш марқұм да жиі сырқаттанып қалатын. Қайрат болса еш сыр білдірмейтін, өзінің қиналып жүргені жөнінде ешкімге жақ ашпайтын. Былайша айтқанда, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың тағдырын қайталап жүрді десе де болады. Қайраттың пәтерсіз жүргеніне бәріміз қапалы болсақ та, қолдан келер қайран жоқ.
«Жыртық үйдің де Құдайы бар» деген рас қой. Бір күні Бейбіт досымыз Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Бәріміздің қуанышымызда шек жоқ. Сол кезде Бейбіт үлкен азаматтық жасады. Қала әкіміне Қайраттың талантты ақын ретіндегі ел арасындағы беделін және жанұя жағдайындағы қиыншылықтарды түсіндіріп, кезектен тыс екі бөлмелі пәтер алуына мұрындық болды. Пәтер кілтін тапсырар алдында сол кездегі «Жас алаш» газетінің бас редакторы әрі курстасымыз Төрехан Даниярға телефон шалып:
-Ертең қала әкімі Шалбай Құлмаханов салтанатты түрде пәтердің кілтін тапсырады. Сол жиынға Қайрат дұрыстап киініп келсін. Сонымен қатар әкімге ризашылығын білдіріп, бір-екі шумақ арнау өлең жазып әкелсе артық болмас еді,- деп тапсырады.
Төрехан Қайратқа Бейбіттің аманатын сүйіншілеп жеткізіп, шегелеп тұрып айтады. Алайда, ақкөңіл Қайрат сүйінші хабарды ерте тойлатып жіберсе керек, ордер алатын күні әкімшілікке белгіленген уақытта жете алмай қалады. Бұл оқиғаны естігенде бәріміз: «Әй, Қайрат-ай!!!» деп бір күліп алдық. Ақын досының еркелігіне Бейбіт бұл жолы да түсіністікпен қарап, кешіре білді.
БҰЗЫЛҒАН СЦЕНАРИЙ...
Бірде белгілі журналист Төрехан Данияр курстасымыз қазақ телерадиокорпорациясының вице президенті әрі қазақ радиосының бас директоры болып тағайындалды. Ол жаңа қызметке өзімен бірге Қайратты да ала келеді. Алайда, Қайрекең жұмысты жақсы істегенмен, Төреханға көп еркелей береді. Жұмысқа қызыңқырап келуі де жиілейді. Қарамағындағы қызметкерлер де әңгімені көбейте бастайды. Төрехан Қайратқа бірнеше мәрте ескерту жасағанмен, өкінішке орай одан тиісті қорытынды шығара қоймайды. Сол кезде шыдамы шегінен шыққан Төкең бір күні Қайратты шақырып алып:
-Сен маған ренжіме. Міне, сені жұмыстан шығару жөнінде бұйрықты дайындап қойдым, таныстым деп қол қой,- дейді өз өкпесін ашық айтып.
Бұндай тосын әңгімені күтпеген Қайрат сасып қалады да, Төреханнан кешірім сұрайды. Алайда Төкең көнбеген сыңай танытады. Сол кезде далаға шығып кетіп, дереу Бейбітке телефон шалады:
-Беке, тез жет, тез жет, жағдай қиын болып тұр,- дейді алқына.
Бейбіт бар жұмысын ысырып тастап, алып ұшып жетіп келсе, Қайрат корпорацияның алдында темекісін бұрқыратып тұрады.
-Не боп қалды,- дейді түкке түсінбей.
-Төкең мені жұмыстан шығарайын деп жатыр, Беке. Дауылдың бетін қайтаршы, ашуын басшы,- деп өтініш айтады.
Сол кезде мінезі салмақты және оңайлықпен ашуға бой алдыра қоймайтын Төреханды жақсы білетін Бейбіт Қайратқа қарап:
-Төреханның жүйкесін әбден тоздырған шығарсың. Әйтпесе ол ондай қадамға бармайды ғой,- дейді әңгіменің мәнісін түсінген бойда. Содан кейін сөзін қайта жалғап:
-Жарайды, сөйлесіп көрейін. Бірақ та екеуміз келісіп алайық,- дейді сөзін нығарлап. - Мен саған Төреханның көзінше қатты ұрсамын. Сен кінәңді түсінгендей сыңай танытып, үндемей тұра бер. Сосын сыпайы түрде кешірім сұрай сал,- деп психологиялық тұрғыда дайындайды.
Содан Бейбіт бірінші болып Төреханға өзі кіреді. Әңгіме арасында ыңғайын келтіріп, Қайраттың жағдайын айта бергенде, сөздің мәнісін бірден түсінген ол:
-Беке, айта көрме. Мен шаршадым,- деп азар да безер болады.
Бейбіт сол жолы Төреханды Қайратты жұмыста қалдыру жөнінде зорға көндіреді де, қабылдау бөлмесінде тыпыршып отырған Қайратты шақыртады. Қайрат кабинетке кірген бетте екеуі келіскен сценарий бойынша оған ұрса жөнеледі. Қайрекең ұрлық жасаған баладай үндемей тұрады. Сосын Төреханға қарап:
-Төке, болды, Қайрат енді уәдесінде тұрады, екеуің қол алысып, татуласыңдар,- деп сендіреді. Алайда, реті келіп тұрған соң Төрехан да Қайратқа дауысын сәл көтеріп, өкпесін айта бастайды. Сол мезетте бағанадан бері момын қозыдай үнсіз тұрған Қайрат бастығына сөз қайтарып, ұрсыса кетеді. Бұл жағдайды көрген Бейбіттің өзі сасып қалады. Сол кезде Төрехан:
-Беке, көріп тұрсың ғой, мынасы дұрыс па енді? - деп қапаланады.
Сол жолы Бейбіт бар дипломатиясын салып, екі досты татуластырып кетеді, әйтеуір. Қайрат жұмысында қалып, Төрехан екеуі біраз жыл тату-тәтті қызметтес болады. Кейіннен Төрехан да Қайратқа қолынан келген көмегін аямайды. Ол туралы маған Қайраттың марқұм жолдасы Қуаныш айтқан еді.
Иә, нағыз достар осындай болса керек. Себебі, достық және достар дегеніміз мағынасы кең ұғым. Бірақ адал дос деп сенің еркелігің мен қиқарлығыңды кешіре алатын және аралас-құраласы ішкі есепке құрылмаған достарды ғана айтуға болады. Біздің достығымыз сондай еді. Бір өкініштісі, Қайрат досымыз осыдан 16 жыл бұрын фәни жалғанның есігін ерте жапты. Өмірінің соңғы жылдары шайтансумен қош айтысып, шығармашылықпен шындап айналысты. Тұрмыс жағдайы жақсарып, астына темір тұлпар да мінді. Сөйтіп лезде мүлде басқа Қайрат болып шыға келді. Бірде қасқа маңдайы жарқырап, шалбарының қыры сымдай тартылған әп-әдемі кейпін көргенде: «О, Қайрат, сен қандай керемет болып кеткенсің...» деп бәріміз құшақтай алдық. Бірақ та Алла тағаланың жазуы ма, әлде көз тиді ме, көп ұзамай Қайратымыздан қапыда көз жазып қалдық. Астындағы темір тұлпары оған сенімді серік бола алмады. Туған жеріне жол тартып бара жатқан кезде аударылып, мәңгілік бақиға алып кетті. Кейіннен Бейбіт досымыз Қайраттың отбасына да қолдан келген көмегін аяған жоқ.
2012 жылы Бейбіт екеуміз Қайраттың үйіне барып, марқұмның 50 жылдық мерейтойын атап өтудің жоспарын да қолға алған едік. Өкінішке орай, Бейбіт көп ұзамай шетелге елшілік қызметке ұзағынан кетіп қалып, біздің қолымыздың қысқалығынан ол жоспарымыз аяқсыз қалған болатын. Қазіргі уақытта Бейбіт Өксікбайұлы Қайраттың туған өлкесі Жетісу облысына әкім болып келді. Бұл жаңалықтан Қайрат досымыз да хабардар болып, қуанғанынан о дүниеде бір аунап жатқан шығар, бәлкім. Және де 2023 жылы жазда Қайрат Әлімбековтың 60 жылдық мерейтойы да жақындап келеді. Осы орайда Бейбіт азаматымыз аман болса, ол шара да атаусыз қалмайтынына сенеміз. Сондықтан да бәрімізді Алла тағала сол күндерге жеткізсін деп тілейік.
Алпысты алқымдаған асуыңыз құтты болсын, Бейбіт дос, Бейбіт курстас, Бейбіт азамат! Сізге ғұмырлы да тұғырлы, мерекелі де берекелі белес тілейміз. Өзіңіз басқарып отырған жер жаннаты - Жетісу өлкесі өркендей берсін. Еншіңізге әрдайым халықтың ыстық ықыласы мен батасы бұйырсын.
Бекен Нұрахметов,
Қазақ үні