Астанада «Шаңырақ» байқауы өз мәресіне жетті
2022 ж. 01 желтоқсан
3422
0
Астана қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және «Қоғамдық келісім» РММ ұйымдастыруымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының Этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» республикалық шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Байқау дарынды журналистерді анықтап, олардың қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға және қазақстандық этножурналистика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін ынталандыру мақсатында өткізілді.
Байқау барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін жариялап, беделін арттыратын, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты кеңінен насихаттайтын, мемлекеттік тілдің қызмет аясын кеңейтуге және жас ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге бағытталған үздік авторлар іріктелді.
Марапаттау рәсіміне Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығының меңгерушісі М. Әзілханов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты С. Абдрахманов, ҚР АҚДМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғ. Шойкин, «Қоғамдық келісім» РММ директоры Қ. Майгельдинов, ҚХА Журналистер клубының төрағасы А. Кеңесұлы, журналистер, республикалық және облыстық БАҚ тілшілері қатысты.
Марапаттау рәсімінде М.Әзілханов журналистердің Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін кеңінен насихаттауға, мемлекеттік қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік саясатын қолдауға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, журналистер тарапынан қоғамдық келісімді дамыту, арандатушылық ақпараттан қорғану, халық бірлігін сақтау тақырыптары жиі көтерілу керектігіне тоқталды.
Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты С.Абдрахманов журналистер қызметінің маңыздылығын айта келе, әсіресе этносаралық қатынастарды, сонымен қатар қазақстандық келісімнің ерекше үлгісін насихаттауда ықпалы зор екендігіне назар аударды. ҚХА Журналистер клубының төрағасы А.Кеңесұлы өз сөзінде байқау барысында қазақ қоғамынының шынайы, табиғи мүшесі, әбден кіріккен, осы елге жан-тәнімен қызмет етіп жүрген жандар туралы материалдар қолдау тапқандығын айтты. Сондай-ақ, ол бұл марапатты престижді, танымал байқауға айналдырып, «Үркер», «Тұмар» сыйлықтарының қатарына арнайы «Шаңырақ» номинациясын енгізуді ұсынды.
Байқауға республикалық, облыстық және этникалық БАҚ өкілдері қатысты. Салтанатты шарада «Шаңырақ – 2022» шығармашылық байқауының жеңімпаздары естелік статуэткалар, дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
«Шаңырақ – 2022» байқауының жеңімпаздары:
Бас жүлде – Акажанова Г. «Сарыарқа» облыстық телеарнасы (Қарағанды облысы); 1 орын – Гринько К. «Азаттық рухы» (Астана), Мұса Н. «Stan.kz» (Алматы), Шилман Н. «Каспийская коммуна» (Атырау облысы); 2 орын – Тасқалиев А. «Ақтөбе» облыстық газеті, Жақыпбеков Н. «Хабар 24» (Қызылорда облысы), Абдулов А. «Атырау» газеті; 3 орын - Садықова Г. «Stan.kz» (Алматы), Қоржумбаев А. «DK-News» (Алматы), Қозыбақова В. «Маңғыстау» облыстық газеті; Ынталандыру сыйлықтары – Тыщенко Е. «Вечерняя Астана», Жақыпов А. «LIFE09» ақпараттық агенттігі, Аюпов Ш. «Ұйғыр авази» газеті (Алматы, этноБАҚ), Мугаев Р. «Барбанг» қауымдастығы (Алматы, этноБАҚ). Сондай-ақ, Қазылар алқасының шешімімен, байқаудан тыс Солтүстік Қазақстан облысы ҚХА Журналистер клубының мүшесі, 6 сынып оқушысы Арыстан Оразаев ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
qazaquni.kz