КӨПЕН КЕТІП ҚАЛЫПТЫ

КӨПЕН КЕТІП ҚАЛЫПТЫ

Бозала таңмен алысып,

Бозжырада жүргенде... 

Бекет пірге сиындым,

Болғаннан соң іргемде.

Көкем келіп қалар деп,

Көпен келіп қалар деп,

Елегізіп жүргенде,

Көпен кетіп қалыпты.

Жылатып тағы халықты.

Күлмейтіндер көбейіп,

Әлде, содан жалықты..: 

Көпен кетіп қалыпты...

Тазалаумен жүруші ең,

Көңіл деген арықты. 

Сәби көңіл көкем-ау,

Көңілің неден тарықты!?

Қалай ғана қидыңыз, 

Мынау дүние-жарықты?..  

Не айтуға болады, 

Көкем кетіп қалыпты, -

Көпен кетіп қалыпты...

      ..."Қара қыз” фильмінің соңғы кадрларын Бозжырада түсіріп жүрміз. Кеше Ұлықбек досым: "Көпеннен айырылып қалдық", -- деген... Оның үстіне, телефон бірде істесе, бірде істемейді.

      Түнімен дұрыс ұйықтай алмадым. Алдыңғы екі күн таңғы: 4.30-да тұрсақ та, түнімен дөңбекшіп шықтым. Не соңғы сапарына шығарып сала алмағаныма, не бір уыс топырақ Көпен көкеме сала алмағаныма өкіндім. Содан, ойыма құйылған 2-3 шумақты қағазға түсірдім. 

      Осы жазда ғана, 12 шілдеде мені Алматының іргесінде "Көкжайлау" деген жерден іздеп келіп, Жұмабай Шаштайұлымен бірге Дархан Мыңбайдың ағасы Әмірхан үшеуі келіп, түн ортасы ауғанша отырған еді. Сонда, қоштасуға келгені ме екен?!.

Алла алдынан жарылқасын!

Талғат ТЕМЕНОВ