ТҰРСЫНХАННЫҢ ТУМЫСЫ

ТҰРСЫНХАННЫҢ ТУМЫСЫ

Жазушы Т.Зәкен туралы сыр

I. ТУҒАН ӨЛКЕ

Тұрсынханның ата тегі Марқакөл ¬– Алқабелде туып, оның сай-саласын толтырып өскен ел. Бұдан ғасыр бұрын заман шайқалған нәубет шақта әкесі Зәкен елден айырылып, жерден кеткен. Өр Алтайға өткен. Сөйтіп, кенже ұл – бүгінгі Тұрсынхан арғы бетте туды. Онда да Өр Алтайдың саласында, Қара Ертістің жағасында туды. Көзін ашып көргені тау мен дария.

Есін біліп естігені аққан дариядай шұбатылған жыр-толғаулар еді. Тыңдағаны таудай тұлғалар туралы – көкірегін кек кернеген батырлар жайлы аңыз-дастандар болды. Сөйтіп сана түкпіріне қурай сыбызғының құмбыл үні мен қобыз дауысының қоңыр бояуы шөкті. Тұрсынханның Алтайда тууы, ата-бабасынан сол тарихи киелі мекенде болуы өзгеше құбылыс. Өр Алтайдағы қазақтың басқа ұлттармен, халықтармен интеграцияға түспей, өзінің ежелгі ұстанымдары мен психологиясын, тілін, ділін, рухын оңаша сақтауы даТұрсынханның әдебиетке келуге дейінгі алтын мәйегі – тумысына біткен түп тамырының бірі болды. Осының бәрі болашақ талантты жазушының, Тұрсынхан Зәкенұлы деген феномен қалытасуының негізі – тумысынан белгіленген алтайдай ірге тасы еді.

II. ЕЖЕЛГІ ӨМІР

Тұрсынхан тарихи романдар жазды. Онда да қазақ жазушылары қалам тарта қоймаған XII және VIII ғасыр мен V ғасырларға қарай тартты. Ол уақытта М.Мағауин «Шыңғысқанды» жаза қоймаған. Ал И.Есенберлиннің романдары «Алтын орда» Батуханнан – XIII ғасырдың орта тұсынан бастайтын еді.

Тұрсынхан болса арғы мың жылдыққа қарай тартты. Тарихи романдар жазғанда жазушыға ең керек бір фактор сол заманғы тұрмысты білу, тарихи тұлғалардың дәстүр-салтын, өмір сүруін, қимылын білу. Оның ас ішуін, атқа мінуін, тұрған үйін, көш жеткен мекенін аңдау. Тұрмыстық жабдықтарын, айыл-тұрманнан бастап, астау, күбі, торсық, сабасына; табақ, шара, келі-келсабына дейін тануы керек. Қой қосақтаған он екі құлаш, арқан, шылбыр, көген, бұршақ, қыларқан, қайыс арқан, жүн жіп барлығын білетін кісі болуы қазақ тарихынан проза жазатын кісі үшін аса маңызды. Себебі: әр кейіпкер өз заманынан, өз мекенінен көрінуі керек. Олай дейтініміз, тарихи тұлға жасаған заман түп-тұрпатымен бүгінгіден бөлек.

Сол қабылет Тұрсынханға табиғи берілді. Оның тарихи романдарындағы суреттеулер, адам келбеті, ауыл келбеті, көштің жүрісі, ат әбзелдері, мінез-құлқы бәрі де нанымды, жағымды шығады. Себебі, осының барлығын Тұрсынхан бала күнінде-ақ өз ортасынан көрді. Қуып жүріп, қой қосақтады, қоз-лақ көгендеді. Ат арқандады, түйе шөгерді, өгіз мұрындықтады, іркіт пісті.

Олай болатыны бағанағы біз айтқан өр Алтай Тұрсынхан туған – ес білген заманға дейін он ғасыр бойы өмір дағдысын тым жаңарта қоймаған. Кешегі Алтайдан көшіп Таңғыт тауларын асып Түркияға дейін кеткен шақтағы көш, ол көшті ұйымдастырған буын – бәрі де кемінде бес ғасыр бұрынғы өмір салтындағы кісілер еді.

Тұрсынхан көзін ашып өзін көргенде қос керегені қапталдап қомдап, төрт тең жүкті айқыштап артқан түйе үстіндегі текшеде көрді. Ол көсілген аяғы басқұрмен бастыра байланып, қатар отырған басқа балалармен қоса ырғалып, қалғып бара жатқан кішкентай ұл болатын. Көш ерулер жерге жетіп атан түйені шөгергенде түйедегі бала бір еңкейтіп, бір шалқайтып барып, жерге жақындар еді. Сөйткен Тұрсынхан суреттеген тарихи романда бұрынғы заман адамдарының жасаған ортасы, келбеті сонша нанымды шынайы көрінер еді.

Біз «Ежелгі өмір» деп бөліп алып жазатынымыз Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин кезіндегі қаламгерлер. Болмаса, 1960 жылдары әдебиетке Қабдеш Жұмаділмен бірге келгендер қазақтың байырғы қоғамынан қол үзіп қалған буын еді. Құрдастары Қабдешті «Қатарымызда қазақтың ең соңғы байларын көрген сен ғанасың» дейтіні бар. Ол шындық болатын. Ілияс Есенберлиннің жеті ғасырды қамтып жазған «Алтын ордасы» мен «Алтын ордасы» мен «Көшпенділерінде» елеулі айырмашылықтар байқалады.

Қабдеш Жұмаділ еркін редакциялаған «Көшпенділердегі» тұрмыс-салт далалық, көшпеді өмір мінсіз, тартымды берілген. Себебі, Қабдештің өз естелігінде жазғандай, Ілияс Есенберлин: «Мен асфальтта өстім. Мына романның тұрмыс-салтқа өгейлеу тұстарына еркін редакция жаса. Қолыңды қақпаймын» дегені бар.

Қабдешке жазып берген қолтаңбасында «осы романға өзімнен артық күш салған Қабдеш ініме» деп жазған көрінеді. Бұлай дегізіп тұрған редактордың ежелгі өмірді білуі.

Ал «Алтынордада» көшпенділерден айырмашылығы айқын көрінеді. Едігені, Тоқтамыс ханды, олардың жеңіс үшін жасаған тойларын суреттегенде күлкілі тұстар кезігеді. «Алма мойын, қаракер арғымақтар» деген секілді сөз, сөйлемдер жолығады. Жылқыңыз «алма мойын» болмас. Ол арғымақ болса қаз мойын болар еді. «Ұлан асыр той болды» дейді Едігенің жеңісінен кейін «Бес биенің терісінен тігілген сабаға қымыз құйып…» деп жалғасады сөйлем. Ал шын мәнінде, жылқының терісінен саба тігілмес. Бес биенің терісінен саба тіксе кіші-гірім бассейн шығар еді. Сабаны тек өгіздің терісінен тігетін. Жылқы терісі суға шыдамсыз болады. Бұл жерде ол кісінің түсінігі «бес биенің сабасындай» деген тұрақты сөз тіркесінен келген болуы керек. Бұл бес биенің сүтін құятын деген ұғым. Бір биеден он литр сүт болса, елу литрлік саба деген сөз.

Тұрсынхан жазған тарихи романдарда мұндай тұстар таңғажайып танымдық ұғымдармен тамаша үйлесім тауып, оқырманын ондаған ғасырлық қашықтыққа тарта түсер еді.

III. ТҰЯҚ СЕРПУ ЖӘНЕ АЗАТТЫҚ СӘУЛЕСІ

1970 жылдары Тұрсынхан Ертіс бойындағы Сарғұсын ауылында мектепке барып жүрген. Алтайдағы азаттық үшін отыз жылға созылған толқу бірде жеңіп, бірде жеңіліп, бірде қырып, бірде қырылып саябыр тартса да, тұтылған «бандылар» (батырлар) тобымен Тарымға айдалса да толық тыншымай тұрған шақ.

Құйма құлақ бала Тұрсынхан ел ішіндегі әбігер ала шапқыннан Сарсүмбеде болған бүліктің тағы да бастырылғанын, біраз кісінің тау сағалап қашып кеткенін естіп, біліп жүрді. Бұл одан жиырма жыл бұрын азаттығынан айырылып, мемлекеті құлаған Шығыс Түркістан жігіттерінің соңғы тұяқ серпуі еді. Ақын Қызырбек Орал бастаған бір тобы атылатын, Сейітхан Әбілқасымдар Моңғол асып кететін соңғы толқу – азаттық үшін соңғы тұяқ серпу осы еді.

Болашақ жазушы – ол күнде қаншама ұлы мұраттар үшін жан қиған жігіттердің, жанталасқан уақиғаның жанында ойнап жүргенін еркін сезіне қоймаған шығар. Сонда да бала түйсіктің түкпірінде бір теңдессіз ұғым – азаттық ұғымы, тәуелсіздік үшін күрес ұғымы қылаң бергені анық еді.

Бұл кезде ересек жұрттың бәрі де ертегідей ерлік пен тәуелсіз елдіктің тірі куәлері болатын. Осындай ортада өмір сүру азаттық түсінігін, тәуелсіздік танымын, батырлық ұғымын ойға орнықтыра түсетін. Оның жеңісі мен жеңілісін, күреске жетелеген мақсатты, бостандыққа деген талпынысты шексіз бейнелейтін. Соның бәрін Тұрсынхан естіп қана өскен жоқ, шет жағасын көрді. Сондағы батырлардың достарын, соңғы қалдықтарын, сол көтеріліске қатысқан кісілерді көріп сөздерін естіді. Қолдарына су құйып, батасын алған кездері болды.

Бұл талапты ұлдың жүрегіне үміт еккен, бостандық сезімнің түйсігін түсірген алғы шарттары болатын. Ойлап тұрса бостандық пен тәуелсіз мемлекеттік деген қасиетті құбылыс қолдан шығып кеткеніне көп болмаған секілді. Ұзай қоймаған шығар. Қайтарып келуге – қалпына келтіруге болатын сыяқты. Оны – азаттықты, тәуелсіз мемлекеттікті осы жұрттың үлкендері түгел көрген. Түрін таниды. Тұрсынханның тумысындағы үшінші үлкен сый ол – санасындағы тәуелсіздік танымының табиғи орнығуы. Жасы отыздан асқанда Қытайдағы қазақтардың 1930-1940- жылдардағы ұлт азаттық күресі туралы кандидаттық диссертация қорғап, «Жоғалған республика» деп кітап жазса ол сана – ол ғайыптан келген жоқ. Сол бостандық ұғымын жасаған орта, туған топырақпен танығаннан.

IV. КӘСІБИ ТАРИХШЫ БОЛУ

Бір киелі рухтың, бір құдіреттің тұрсынхан талантты тура бағытқа түсіріп отырғаны анық секілді. Оның болашағына тап келген тағы бір теңдессіз сый тарих мамандығын оқуы, тарихшы болуы, ондада тарихтың тым саясиланбаған тарихи деректерді түбірінен тануға бейімделген тұсында оқуы. Оны Қытай тарихшыларынан ғана емес ұйғыр тарихшыларынан да оқуы.

Шыңжаң университетінің тарих фаультетіне 1979 жылы он жеті жасында барған Тұрсынхан Шыңжаңдағы барлық саяси наухандар тоқтап, теріске шығарылып, ғылым-білімге, шындыққа бет бұра бастаған реформа заманда оқуға келді. Бұл кезең оның тарихты түп-тамырынан тануына үлкен мүмкіндік берді. Болашақ тарихи романдарының кейіпкерлерін ол сол уақытта таныды. Ол кейіпкерлері жүрген алқапты, шеп құрған даланы, бекінген тауларды, мыңдаған онмыңдаған шақырым жорық жолдарын сол тұста аңдады.

Әсіресе, дербес мемлекеттіктен үмітті ұйғыр ұлтынан шыққан ғалымдар ұйғыр-түркі тарихын айтқанда бағдарламадан ауытқып, жеке зерттеулері мен өз арман-мұраттарына, өткен шақтың өкініштеріне бойлап сөйлейтін. Батыс, Шығыс түркілерінің, Қарахан, Көкорда, Ақорда, Әмір темір, Алтын Орда қателіктеріне, Осман империясының қуатты шағында шығысқа – ежелгі мекенге қайырылмай батыспен ғана болғанына дейін күрсініп, күңіреніп тұрып айтатын. Сол ұстаздарының өкініші Тұрсынханның романдарында Ідік құт, Қашқар, Қотан атауларымен елеулі орын алды.

Шыңғысханға бірігіп тойтарыс беру туралы Күшліктің хатын әкелген елшілердің басын кесіп Шыңғысханға жіберген Ідікқұт жұртын Найман әскері келіп талқандағанда Зүпәр абыз «Қанша рет сатылдың Ідік құт, қанша рет шабылдың Ідік құт! Ел болмайсың-ау!» деп зарлайды. Қашқар мен Қотанды тыныштандыруға барған Күшлік бұл елге Отан да, ұлт та емес, керегі дін ғана екенін көріп, қатты күйінеді. Мешіттерін өртеп, имамдарын тізіп қойып дарға асады. Шыңғысханның да ұтқан жері сол «мемлекеттіктен бас тарт, дініңде қала бер!» деген жарлығы болғанын тігісін жатқыза жазады.

Бүгінгі Ұйғыр атанған Ідікқұттар содан бергі сегіз ғасыр бойы мемлекет емес, дін сақтаумен келе жатыр. Тұрсынхан осы бір қарама-қайшы дәйекті дәп басады. Бұл үрдістің – халқы дінді ең биік құндылық танудың мемлекеттіктен айыратынын меңзейді. Бізде де қыран қонған Көктудың түбіне жиналған қазақтан гөрі, «Құран» тұрған көк мешітке жиналған жастарымыздың неше есе көп болуы бүгінгі біздің мемлекетіміз үшін де аса қауіпті құбылыс екенін ишара етеді. Оны биылғы қаңтар қырғыны да дәлелдеген- ді.

Тұрсынханның тарих факультетіне түсуі, ондағы қарама-қайшы көзғарастағы әр ұлт ғалымдарынан әр алуан тұжырымда сабақ алуы таланттың тумысына уақыт тартқан тамаша сый еді. Ол ұйғыр ұстаздарынан алған білімін «Көкбөрілердің көз жасы» романында көркем әдебиетпен көмкерді. Сондай бір қайырыммен ұстаз алдындағы шәкірттік борышын да өтеді.

V. ТАРИХҚА ТЕРЕҢДЕУ ЖӘНЕ ЖАЗУ ТАЛАНТЫ

Кейіпкеріміз тарих мамандығының баклавр дипломын алған кез Шыңжаңдағы қазақтардың ес жиып, өткен-кеткенін түгендей бастаған уақытына тура келді. Қазақ тіліндегі өлкелік облыстық газеттерді айтпағанда, «Шұғыла», «Іле айдыны», «Іле жастары», «Алтай аясы», «Тарбағатай» аталатын әдеби журналдар да жарысып шыға бастаған. Бұл ондағы қаламгерлер жарамды жазса шығармасын жариялауға жеткілікті кеңістік еді.

Қажықұмар Шабданның әйгілі «Қылмыс» романының алғашқы екі томы, Жұмабай Біләлдің «Жондағы жорықтары», Жақып Мырзаханның «Арман асуы», Ғалым Қанапияның «Тасқыны» бастаған ондаған роман жарық көрген кез болатын.

Университет оқып жүргенде алғашқы өлеңдері жарық көріп, жас ақын ретінде танылып қалған Тұрсынхан жұмысқа тұрған. Оның «Алтай аясы» журналында еңбек жолын бастап, «лирик жазушы» атанған Жақсылық Сәмитке шәкірт болған шағы.

Ол уақытта әдебиеттен гөрі тарих тақырыбына жазған мақалалары, ондағы қытай ироглифтерін ең ежелгі тасқа басылған түп нұсқадан танитыны Тұрсынханды Алтайға тоқтатпады. Үрімжідегі Тарихи мұраларды зерттеу орталығы ат-түйедей қалап алып кетті. Ол одан ары Бейжиңдегі Халықтар Университетіне барып, шағатай тілін оқуға жалғасты.

Енді қараңыз, «Мәңгітас» романы Күлтегін, Тоникөк жасаған дәуірге қарай тартады. Осындағы Тоныкөк «Ел болу, ел сақтау» ілімін, «Мәңгілік ел» мұратын қытайда алған білімімен түптейді.

Ойлап қарасаң, Тұрсынхан да сөйткен екен. Ол өз тарихын – мың жылдықтар қатпарында қалған елдік, ерлік мұраттарын тауып, оны жаңғыртудың өзіндік әрекеттерін жасаған екен. Жиырма бестегі жап-жас Тұрсынхан деген баланың «Балқан тауға барғандар» атты ауқымды хикаяты «Шұғыла» журналына шыққанда былайғы қазақтың санасын мың жылдарға қуып салған болатын.

«Барар жерің балқан тау. Ол да біздің барған тау» деп жеп-жеңіл мақалдай салатын жұрт, ол жаққа қашан барып, не бітіріп жүргенін енді білгендей еді. Ол – өз романы «Мәңгі тастағы» Тоныкөк кейіпкері сияқты кісі. Ал білімді қайдан алсаң да қайырылып келіп, халқыңның қызметіне жарату жанкешті рухпен ғана келетін еңбек.

«Балқан тауға барғандар» повесін жүз мыңдаған кісі оқығанына сенімдіміз. Шығарманың әр тұсынан үзіп алып әңгіме ететін олар жазушы қиялынан туған көркем эпизоттарды шынайы қабылдайтын. Бүкіл Европаны тізеге салған Аттиланың өліміне күйініп, оның жерленген тұсын әңгімелеп толқитын Дунай өзенінің бір арнасын бұрып салып, дария түбінен қазған шыңырау көрге алтынмен аптап, күміспен қаптап, темірмен құрсап, Еділ патшаны қойып жатады. Сол сәтте өмірі Еділдің жанында өткен Белби қарт бетін тіліп, көзін ағызған беті шыңырау көрдегі темір табытқа өзін лақтыратыны бар. Осы тұсқа келгенде хикаятты әңгімелеген топ ауыр күрсініп үнсіз қалар еді. Олар түпкі түйсігінде тірілген бір мақсұттың мың жылдармен астасып жатқанын түсінікпен сезе қоймас еді.

Кейінде бұл повесті «Жұлдыз» журналына жариялаған Мұхтар Мағауин: «Аттиланы өзіңше жазыпсың!» деп, жас жазушыны сүйіне құттықтағаны бар. Қазірде бұл шығарма романға айналып ауқымдана түскен. Ал біз үшін жастық шағымызда танысқан қыз сияқты хикаят бейнесі айырықша сұлу қалпында қалды. Осының өзі тұрсынхан тумысындағы Тұрсынхан танымның, Тұрсынхан талантың ешкім қайталай алмас өмір жолы және ешкім қайталай алмас талғам биігі еді.

VІ. АЗАТТЫҚ ТАҢЫ АТҚАНДА

Егер тарих білгірі мемлекеттігі қолдан кеткен ұлттың баласы болса оның бар аңсары арғы заманда қалған азаттығы, елдігі болар еді. Ол орайлы жердің бәрінде осы тақырыпты айтар да отырар еді. Егер ол тарихшы бола тұра оған қоса талантты жазушы болса, ол отыз жасқа қарағанда Отанында азаттық таңы атса, кешегі ұлы тұран даласына тәуелсіз мемлекеттігі орнықса ше? Онда оған қандай бақыт келгенін, қандай шабыт бергенін, қандай күш-қуат бергенін еш таразы тарта алмас еді.

«Менің жарқын досым-ай,

Өр Алтайда түлеген.

Жарты ғасыр тойыңда

Саған жаздым бір өлең.

Отызға сен толғанда

Отан азат болған да.

Өйтпегенде Түкем-ау,

Қалай өмір сүрер ең?!

Сүюші едің жүгініп,

Сор топырақ далаңды.

Сүюші едің бүгіліп,

Әжім жүзді анаңды.

Сенің арман мұратың

Көкте көшкен бұлт сынды

Кең даланың аспанын

Кернеп кетіп барады.

Киең сенің Көкбөрі

Желе жортқан жоны тік.

Кейіпкерің Көктүрік

Елетміш пен Тонықұқ.

Тәнің мұнда тұрса да,

Жаның жетер мың жылға

Қаламыңды сілтейсің

Қанды жасқа тоғытып.

Күлтегін мен Инаныш

Жиі кіріп түсіңе.

Сауырықтың тұлпары

Сарыарқада кісіней.

Кейде жарқын көңілмен

Жалт қараған сәтіңде

Көрінесің көзіме

Мың жасаған кісідей.

Қатар жүрген кісінің тәуелсіз топырағын, азат отанын, ел-жұртын қалай шексіз сүйетініне куә болу да ғанибет. Оның қалай терең тебіренетінін, шабыттанатының шалқитынын бірге жүріп көріп-білу де қызық. Біз талантты тарихшы, шебер жазушы Тұрсынхан Зәкенұлының сондай бақытты сәттерінің, шабытты шақтарының бәріне куә болып, бірге келе жатқан сырлас достарымыз.

Тұрсынханның тумысына қиуадан қиысып келіп бұйырған, оған сұрапыл шабыт берген өлшеусіз бақыт ол – Азаттық таңы. Ең бастапқы ұстаным өзгерген жоқ. Бүгінгі тәуелсіз мемлекет құрушы ұрпаққа оның өткен шақтағы елдік, ерлік тарихтын көркем әдебиетпен көмкере түсіп жеткізу сірә, мұраттардың асылы шығар. Шынында бұл қызмет Тұрсынханның тарихшылығына да, жазушылық талантына да тап келер – сол ғана көтере алар жүк еді.

Бірде «Балқан тауға барғандарды» сөз еткен Мұқтар аға Мағауин: «Арғы бетте жүріп те мынадай повесть жазған екенсің. Еліңе келдің. Енді роман жаз» деді. Бұл үлкен мотивация еді. Бағана Жазушылар одағына кіре берісте жолыққан Қабдеш аға Жұмаділ де: «Оқыдым. Кесек шығарма. Сәтті шығыпты. Сірә, арғы беттен енді келетін әдебиеттің көшін былай сен бастайтын шығарсың» деген.

Аңқылдаған Тұрсынхан осы сөздерді ары қарай ағайындарға айтып, арғы-бергі беттегі ағаларының «Көңілін ауыртып алғаны» бар. Солайда бұл сөздер – классик ағаларының жас жазушыға берген бағасы әрі оған артқан ауыр міндеті болатын.

Азаттықтың алғашқы жылдарындағы аласарыран шақта Тұрсынханды жұрттан бөлек жазу үстеліне отырғызған себептердің бірі осынау ұлы жазушылардың одан күткен үміті болғаны анық. Жұрт жалы жығылып жанбағыспен жүргенде ол – «Көкбөрілердің көз жасын» азаттықтың алғашқы он жылдығындағы ең озық романды жазды. Оны халық құшырлана оқыды ма, оқыды. Мемлекет бағалады ма, бағалады. Бас бәйге алды ма, алды. «Мәңгі Тастың» жазылуына да әсер еткен құбылыс – Көк тастың – Күлтегін – түркі уставы жазылған мәңгі тастың дәлме-дәл көшірмесінің Астанаға жетуі. Жазушының сол салтанатты уақиғаның ортасында жүруі. Отан азаттығының он жылдығы тұсындағы осынау еңбек Тұрсынханды терең әсерге бөлеп еді. Жазушының жас шағында арғы бетте жазған «Балқан тауға барғандар» хикаятының романға айналуы да тәбиғи құбылыс. Ол енді шет елдегі жас магистрант емес, тәуелсіз елдің еркін қаламгері, тарих ғылымдарының докторы, профессор, романы бәйгеден келген бабы бөлек жазушы еді. Оған қоса Аттила туралы кітаптар жазған ағылшын, француздарды – Бувье Ажан-Морис, Джон Манды, Аттиланы жазған, оған елші болып барған ежелгі Рим тарихшысы Приск Панийскийді оқығаны.

Одан соң хикаяттағыдай батыр Аттиладан емес, енді бала Аттиладан бастап жазуға жол ашылып еді. Тағы бір тарихи роман деңіз. Біз осы мақаламыздың екінші бөлімінде айтқанымыздай, Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда» көп томдығы XIII ғасырдың отызыншы жылдарынан басталады. Ал «Көкбөрілердің көз жасы» оған қабаттаспай сол ғасырдың жиырманшы жылдармен аяқтайды. Романның соңында Күшлік ханның Сарал батыры Сарыарқаның шетіне ілініп, «Шапқыншылар келер, кетер, отан кетпес, орнында қалар» деп тыртықтарын ырситып күрсінетіні бар. Романдағы жазушының жанынан қосқан көркем кейіпкер осы Сарал батыр және сәтті шыққан бейне. Романның ұйтқылық ортасы Найман ордасы ғой. Таянхан, Бұйрық, Көксау Сауырық, Керей ордасынан Тұғырылхан, Сәнгүн ханзада, Шыңғыс хан ордасы мен Меркіт Тоқтабекхан, Қолтуған мерген, Кидандардың Гөр ханы, Жегелу уәзірі. Бұлардың бәрі де сәтті бейнеленеді. Мұнда ежелгі өмір дағдысы да проза жанрына тән тәсілмен еш мінсіз суреттелгеніне тоқталдық. Біздің ойымызша, романдағы басты тұлға – Күшлікхан. Найман ордасы құлаған соң Шыңғысханға түз дала түгел тізе бүккенде оған өлгенше, басын бергенше берілмей күрескен Меркіт Тоқтабек пен осы Күшлікхан ғана. Күшліктің жанкешті күресі мен батырлығы, айлакерлігі, қайсардығы жан толқытады. Сонан соң жаңағы Сарал. Роман жазуда Тұрсынханның өз мақсұты, өз мәнері бар. Ол – патриоттық пафос. Ұлттық сүйспеншілік. Бұндай үлгі кейде әдебиет теоретиктеріне ұнай бермеуі де мүмкін. Бәрі де бір қалай жазу – жазушының шабыты, таланты, ой қисыны және жүрек қалауы белгілейтін құбылыс. Ол – жүрекке бағынып жазады. Тұрсынхандық туынды – «Аттила – Балқан тауға барғандар», «Мәңгі тас», «Көкбөрілердің көз жасы» роман трилогиясы V –XIII ғасырларды қамтып, Қазақ тарихи романдарының ту бастауында тұрған мұзартты биіктер екенін қазақ біледі.

Тұрсынхан таланттың бірге өскен досы ретінде – әдебиет тану мамандығымыз, тұлғатану табиғатымыз болғанда, басты белгіміз ақындық деп білеміз. Сөзіміздің соңын өлеңмен өрсек.

Түп тегің – Алтай қонған ұлыс еді.

Алынбас қамал еді, құрыш еді.

Жалынып мың жыл күткен жалғыз ұлдай.

Алтайға сен келгенің ұлы іс еді.

Көтеріп құрсағында тоғыз ғасыр,

Бұл Алтай туған сынды – ұлы сені.

Алтайдың жонын жайлап, төсін қыстап,

Аршасын түтіндетіп, етіңді ыстап,

Ертөтік сыяқтанып тез есейдің

Мың жылдың әр бір күнін есіңде ұстап.

Жазылып жауынгер рух жалпақ жоннан

Жан-жаққа тарап жатты қосынға ұқсап.

Тебірендік сен үзіліп, мен де үзіліп,

Толқыды дос сүйініп, ел қызығып.

Әу десең Алтай тауда көшкін жүрді,

Беу десең Қараертісте сең бұзылып.

Санаңа өткен шақтан дауыл соқты,

Шарпысып арғы кешу, бергі қызық.

Бұдан да мың жыл бұрын сегіз ұл ек.

Бір туған бір мақсұттан егіз ұл ек.

Тамғанда «Көк бөрінің көз жасынан»,

Жүректі соғып еді теңізі кеп.

Отан азат болғанда Бар қазаққа

«Көкту үшін жан пида»дегізіп ек.

Алтайда алпыстағы абызына

Қабылда сыңарыңның лебізі деп.

Келеміз бір уақытты бір кешіріп,

Келеміз бір үлгеріп, бір кешігіп.

Алтай тау арқамызды тірелегенде,

Төгеміз бір көсіліп, бір лепіріп.

Ертіс пенен Үлбінің құйғанына

Қараймыз екі ойменен бірге тұрып.

Алтай ол бітпейтұғын белең-белең.

Құлын ең белең сайын елеңдеген.

Кезеңі асқан сайын биіктеген,

Өзені кешкен сайын тереңдеген.

Орманы кезген сайын қоюлаған

Жазасың қою түсті өлеңменен.

Кешуде Таян ханнан қалған Алтай,

Бүгінде Оралханнан қалған Алтай

Бір күні қалады ғой сенен, менен.

Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ,

ақын, мәдениет қайраткері.