ӘЛТАЙ АЙМАҒАНБЕТОВ – ЕЛ АРДАҚТЫСЫ

ӘЛТАЙ АЙМАҒАНБЕТОВ – ЕЛ АРДАҚТЫСЫ

Тәуелсіздігіміздің отыз бәрінші жылы да өз мәресіне жетуге таяу қалды. Толағай табыстар мен іргелі істерге толы, қиындығы мен ауыртпалығы қатар жүретін әр жылымыз тарих жылнамасына таңбадай басылып тіркелуде. Бүгінгі жас ұрпақ өткеннен бейхабар. Жасымыз жетпістен асқан біздер бала да болсақ әкелеріміздің жанқиярлық бейнеткеш адал еңбектенуін көзбен көріп өстік.

       Сондай адал еңбегімен елімізге танылған ұстаздардың ұстазы Әлтай Аймағанбетовтің биылғы жыл 110 жылдық мерейлі той жылы. Әйгілі Хазіреті Әлі: «Маған бір әріп үйреткен кісіге қырық жыл қызмет етуге дайынмын» деген екен. Сол айтқандай аса қадірлі ұстазым Әлтай Аймағанбетовті осы күні өте бір сағынышпен қанша жыл өтіп кетсе де қимастықпен есіме аламын. Әлтай ағай дүниеден өткенде Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Екпінді ауылының орталығындағы шағын алаңда үлкен жиын митнг болған еді. Онда облыс, аудан басшылары мен ауыл азаматтары бірінен соң бірі шығып сөйлеп, Әлтай ағайдың өмірбаяны, еңбек жолы мен азаматтық қасиеттерін айтып, аяулы ұстазбен қоштасқан болатын. Оқушылардан орта буын сыныпта оқитын оқу озаты пионер Жетпісбаев Тұңғышбай сөйлеп, қадірлі ұстазымен жылап тұрып қоштасты. Сапта тұрған оқушылар да түгел жылап, үлкендер де аяулы азаматты қиыспай көздеріне жас алды. Соңында ұстаздың мүрдесі ақ кигізге оралып қойылған табытты ауылдан он шақырым жердегі көне қала Сығанақтағы мазаратқа қарай жаяу көтеріп халық шұбырып бара жатты. Сөйтіп абзал азамат Отанын жанындай сүйген патриот ұстаз Әлтай Аймағанбетов 48 жасында-ақ талбесіктен жербесікке аттанып кете берді.

       Аймағанбетов Әлтай 1912 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданы Сорбұлақ болысы №5 ауылдық советінде дүниеге келген. Анасы 1915 жылы, әкесі 1921 жылы қайтыс болған. Анадан үш жасында, әкеден тоғыз жасында жетім қалған Әлтай ағаларының қарамағында болған. Ана мен әкеден жастай айырылған қайсар бала ескіше оқып, ауыл молдасынан арапша хат таныған. Жастайынан білім қуып Әлтай өте зерек болып өскен. Әуелі Ташкент қаласындағы жұмысшылар факультетін (рабфакты) бітірген. 1928 жылы Жаңақорған ауданы өз алдына жаңадан шаңырақ көтерген кезде Әлтай Аймағанбетов ауданда жалпы сауатсыздықты жою науқанына белсене қатысты. Жас жігітті көпшілік қауым өз орталарына ықыласпен тартып, он алты жасында алғашқы жастар қатарында комсомол мүшелігіне қабылданды. Болашағы зор балаң жігіт сол бір күндерден бастап, күндіз мектеп балаларын оқытса, кешке колхозшылар мен ауылдың ересек ұл-қыздарын жинап алып оқытып, сауатсыздықты жоюға белсене араласып кетті. 1931-32 жылдары ауылдарды ашаршылық жайлап, жастарды оқытуға біраз қиындықтар туындайды. Оның үстіне талантты жастарды оқыту үшін арнайы ғимарат та жоқ. Талантты жас Әлтай Аймағанбетов ауданның сол кездегі оқуға ынтасы болған жастарын әр жерден мектеп ашып сауаттандыруға күш жұмсады. 1932-36 жылдары №1 Бесарық ауылдық кеңесі қарамағындағы мектептерде, 1936-38 жылдары Жаңақорған орталығындағы мектепте , одан кейін Төменарық, Қандыарал, Елтай, №23 разъезд (детдом), Ескі Екпінді, Жаңа Екпінді мектептерінің ірге тастарын қалауға атсалысып , білімді мұғалімдерді жер-жерден тауып , кейбіреулерін айлық курстарға түсіп оқуына, қайта өз орталарына келіп ауыл балаларын оқытуға ықпал етеді. Осындай еңбектерімен көзге түскен Әлтай Аймағанбетовті 1938 жылы аудандық партия комитетінің бюросы партия қатарына қабылдайды. Ол өзінің кішіпейілділігінің арқасында ауданның сол кездегі ұстаздарымен толық танысып, ағарту саласының жұмысының жандануына зор үлесін қосып атсалысады.

    Кенеттен 1941 жылдың 22 маусымында Ұлы Отан соғысының басталуы талантты жастың өміріне қатты әсер етеді. Ол жедел Совет Армиясы қатарына шақырылып , 1941-42 жылдары Ташкент қаласындағы жаяу әскерлер училищесіне қабылданып, оның қысқа курсын ойдағыдай бітіреді. Кіші лейтенант атағын алып, алғашқы фин соғысынан зардап шеккен аймақтарға жіберіледі. Көп ұзамай кіші лейтенант Әлтай Аймағанбетовті Ленинград майданына аттандырады. Осы уақыт ішінде әскери шені лейтенант атағына көтеріледі. Соғыста взвод командирі болады. Псков, Полша жерлерін азат етуге қатысып, Прага қаласын азат ету майданында жүргенде жамбасынан қатты жарақат алады. Сөйтіп дала госпиталына түсуге мәжбір болады. Тағдыр оның өмірін аман сақтап, елге оралуына тура келді. Қос балдаққа сүйенген қайсар азамат бірте-бірте балдағын тастап, аудандық партия комитетінің шақыртуымен штатты насихатшылыққа тағайындалады. 1945жылы маусым айының бірінен 1947 жылдың ақпан айына дейін Құмарық ауылдық кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарады. Соғыс даласындағы қираған елді мекендерден жетім қалған үш жүзден асқан балалар үшін қазіргі Екпінді теміржол бекеті жанынан жетім балалар үйін (детдом) аштыртып, онда орыс тілінде оқитын жеті жылдық мектеп үйін салдыруға белсене атсалысты. Ж.Асанбаевты сол мектепке директорлыққа ұсынып, жұмыс істеуіне жол ашты. Артынша 1948 жылы Ескі Екпіндіде төрт жылдық мектеп үйін салдырды. Оны 1951 жылы жеті жылдық мектепке айналдырды. Оған Н.Едігеновты директорлыққа ұсынып, өзі қазіргі Жаңа Екпінді ауылы орталығынан 1954 жылы ауыл азаматтары күшімен асарлап жеті жылдық мектеп үйін салдырды. Ол мектеп қазір №166 қазақ орта мектебі деп аталады. Өзі осы орта мектепке диретор болып, өмірінің соңғы күндеріне дейін қызмет атқарды. Әлтай Аймағанбетов соғыста алған жарақатының зардабынан 1960 жылы күзде дүниеден озды. Осындай қиын-қыстау өмірді басынан өткізген ұстаз үнемі білімін жетілдірумен айналысты. Ол 1959 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда пединститутын бітірген еді.

     Жаңақорған ауданында сол бір қиын-қыстау кезінде еңбек еткен мұғалімдер Мүсілім Мырзахметов, Нәлтай Едігенов, Низамуддин Ильялетдинов, Исмағул Досболов, Әбдіқадір Қансейтов, Абдын Мұсабаев, Сатыбалды Әлібеков, Төлеген Мұсаев, Жүндібай Жайпановтармен сыйлас болды. Ал Әлтай Аймағанбетов жәйлі бізбен де жүмыстас болып, бертінде дүниеден өткен ұстаздар Әбіласан Әшірбеков, Әбдіхалық Мұсабеков, Мәткәрім Досжановтар өзара сыйластықтаырын жырдай етіп айтып отыратын еді. Қарт ұстаз Ә.Әшірбеков: «Әлтекең өзінің іскерлігін қарапайым елгезектігімен көзге түсетін. Қазіргі Бірлік, Бесарық, Төменарық, Екпінді, Қандарал, Елтай мектептерінің ірге тасын қалауда ол кісінің қолының табы бар»,-дейді. Ал қарт ұстаз Ә.Мұсабеков: «Әлтекең екеуіміз талай рет Төменарық, Елтай, Қандарал, Политотдел, Жаңарық мектептерінде инспекторлық тексеру кезінде бірге аралап, нақты методикалық көмектер берген едік»-дейтін.Ал қарт мұғалім Ә.Маженов: «Әлтекең өз көзімен соғысты көріп келгендіктен бе, жетім балаларды қатты мүсіркейтін. Қазіргі Екпінді бекеті жанындағы балалар үйін салдырып, мектеп аштырып, оған орыс тілінде сабақ беретін мұғалімдерді іздестіріп тауып еді»-деген болатын. Осындай аудан көлеміндегі көптеген қарт ұстаздардың көзі тірі кезінде бастауыш сыныпта ұстазым болған Әлтай Аймағанбетов ағайым туралы жылы сөздерін естіп мен де марқайып қалушы едім. Әлтай Аймағанбетовтан тікелей дәріс алған ағаларымыз Құдайберген Жаңабергенов, Үсен Абдуллаев, Дүйсен Нұрымов, Медет Әлтаев, Тынысбек Досмағанбетов ұлағатты ғалымдар дәрежесіне жетсе, шәкірті Жандарбек Мәлібеков тәуелсіз Қазақстанымыздың айбары Елтаңбамыздың авторы атанды.

      Әлтай Аймағанбетов бүкіл ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнады. Жастайынан өмір тауқыметін арқалаған Әлтай ағайдың артында өшпестей із жатыр. Ұлдары Медет,Рысбек, Асан, Мұрат қыздары Патыма, Сатендерден тараған ұрпақтары ,немере-шөберелері өсіп, жайқалған бәйтерекке айналған үлкен әулет.

       Бір айтарлығым: Ел ардақтысы ұстаз Әлтай Аймағанбетовтың есімі аудан көлеміндегі ешқандай көшеге берілмеген. Ел басқарып отырған азаматтар осыны ескерсе екен.

                                         Сайлаухан Жартыбаев,

                                         ардагер ұстаз.