«Алаштың азаттық рухы» халықаралық мүшәйрасы өз мәресіне жетті
2022 ж. 11 қазан
2205
0
Биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толып отыр. Алаш мұраты жолында талай тар жол, тайғақ кешуден өткен халқымыздың ұлы перзенті Ахаңның мерейтойын еліміз ерекше атап өтуде. Осыған байланысты, «Ai production» продюсерлік компаниясы мен «Қазақ үні» газеті мен ақпарат агенттігінің редакциясы бірлесіп халықаралық жыр мүшәйрасын жариялаған болатын.
Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Алаштың азаттық рухы» халықаралық мүшәйрасының қорытындысы шығарылды.
Салтанатты марапаттау рәсіміне есімі елге танымал өнер қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Ұлт ұстазын ұлықтауға арналған игі шара қазақтың рухты қызы, белгілі меценат-кәсіпкер Айнұр Жұмаштың толық қаржылай қолдауы арқасында жүзеге асты.
Мүшәйраға сонау Өзбекстаннан келіп қатысқан ақын Наурызбай Жарбосынұлы әдебиет пен өнерге үлкен қамқорлық жасаған Айнұр ханымның еңбегіне дән риза болып, сахнада жалынды жыр шумақтарын да арнағаны көпшілікті тәнті етті:
«Күн дүрлеп,
Гүлдегені айдың рас,
Мен-дағы Алатауға жайдым құлаш.
...Ай келбетті екен ғой,
Күн сәулелі,
Қазақтың әйбат қызы –
Айнұр Жұмаш».
Мүшәйраның мақсаты – қазақ тарихындағы тәу етер Тәуелсіздіктің баға жетпес маңызы мен Алаштың рухани көсемі, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арнап және Азаттық ордасы – Алматы қаласының тарихи рөлін, сәулеті мен көрік-келбетін, әлеуметтік маңызын, мәдени құндылығын, экономикалық дамуын, қала тұрғындарының парасаттылығын оқырман қауымға поэзия тілімен жеткізу.
Мүшәйра қортындысы:
Бас жүлде – Әлібек Шегебай. Бірінші орын – Алмас Ахметбекұлы. Екінші орын – Аманғазы Кәріпжан, Кәдірбек Құныпияұлы. Үшінші орын – Абзал Бөкен, Сұраған Рахметұлы, Сұлтан Жарқынбекұлы. Арнаулы сыйлықтар – Қорғанбек Аманжол, Қайырбек Шағыр, Марлен Ғилымхан, Әли Ермек, Наурызбай Жарбосынұлы, Алтынбек Елемесұлы, Ақылбек Шаяхмет, Роза Сейілхан, Мағиза Құнапия, Жомарт Игіман, Иманғазы Нұрахметұлы.
qazaquni,kz