Атымтай жомарт Айнұр
2022 ж. 11 қазан
2887
1
Талайдан бері ұлттық өнер мен мәдениет, әдебиет бағытындағы іс-шараларға демеушілік жасап, көпшіліктің алғысына бөленген белгілі меценат Айнұр Жұмашпен жолығуға келе жаттым.
Мың өліп, мың тірілген қазақ халқының әр дәуірлерінде білім, ғылым, оқу-ағарту салаларын шексіз қамқорлыққа алып, алғашқы мектептер мен баспа орындарын ашқан, шәкірттер мен мұғалімдерге стипендия тағайындаған, кітап дүкендерін, тігін цехтарын салған, қалалар құрылысына атсалысқан Қосшығұлдың Байкөбі (Баймұхамбет), оның ұлдары Құрманғали мен Бике, Маман байдың ұрпақтары Тұрысбек, Есенқұл, Сейітбаттал... Тәңірберген, Құдайберген... Медеу Оразбайұлы, Сәлімгерей Жантөрин сынды филантроп көпестер, біз біле бермейтін бұдан да өзге көптеген дала кәсіпкерлері еске түседі.
Дегенмен, әйелдер арасынан шыққан демеушілеріміз сирек-ау. Тек мектеп салдырып, ауыл-аймақтың мұғалім-молдасын қамқорлыққа алып, жоқ-жітікке күйеуі Есенейдің малын таратып, отыз жасында бүкіл елдің анасына айналған Ұлпан болмаса...
Бүгінде қазақтың қыздары арасынан сол шешеміздің жолын қуған осы Айнұр Аралбайқызы ма екен деп қиялдайсың.
Айнұрдың жиырма бес жасында өзі алғалы тұрған үйді біреуге бергенін естігенде қатты таңырқағаным еске түсті. Батыр Бауыржанның өзіне тиісті пәтерді солдаттың анасы деп орыстың кемпіріне сыйлағанын оқитын едік. Мұндай мәрттік екінің бірінің қолынан келе қоймайтын шығар. Меценатпен әңгімеміз «осындай ерлікке қалай бардыңыз» деген сұрақтан басталды.
– Ол әрекетімді ерлік деп санамаппын, – дейді Айнұр. – 2004 жылы Алматы қаласында маған жалғыз басты ана ретінде берілген үй еді. Қарап тұрсам, пәтер кезегінде тұрғандар арасында бір жалғызілік әке бар екен. Әйелі қайтыс болыпты. Өзінің төрт баласы мен марқұм інісінің төрт баласын қосқанда сегіз баланы бағып, жатақхананың он алты шаршы метрлік бір бөлмесінде зорға күнелтіп отырғанын білдім. Мүмкін жаным ашыған шығар. Жалындап тұрған кезім. Амандық болса әлі де алда талай үй алармын деген оймен бергендеймін. Әйткенмен, бұдан кейін менде мемлекет тарапынан үй алатындай мүмкіндік жоқ еді. Бірақ кейін, Құдайға шүкір, жағдайымды біртіндеп жасап алдым ғой.
– Сонау шешіміңізді әуелде қабылдай қоймаған ағайын-туыс кездескен болар.
– Иә, «Неге бересің? Мұның есі түзу адамның тірлігі емес!» деп қатты ұрысқандар да бар еді. Содан арада он бес жылдай өткенде демеуші ретінде үлкен бір мекемеге жиналысқа қатыстым. Сонда өзім танымайтын бір кісілер алдымнан шығып, айрықша құрметпен қарсы алды. Сөйтсем, сонау жылдары жәрдемдескен әлгі ағай мені ұзақ іздестіріп тауып алған екен. Қысқасы, дүйім жұрттың ортасында жақсылығымды паш етіп, лайықты сый-сыяпат жасады. Жағдайлары біршама түзелген кез көрінеді. Сонда мерейім өсіп, ерекше сезімге бөлендім. Жалпы, өмірде мұндай да «қызықтар» кездеседі екен.
– Адамгершілік аяқ астынан пайда болмайды ғой. Жақсы қасиеттің негізі түп тереңнен басталатын шығар. Әке-шешеңіз қандай адамдар еді?
– Мен кемпірдің қызы едім. Атам – Жұмаш кезінде колхоз басқарған кісі. Ол дүниеден өткеннен кейін әжем Ұлша ағайын-жұртқа ұйытқы болыпты. Көрші кейуаналар кейін: «Сенің әжеңдей адамдар сирек жаратылады. Небір қиын кезеңдерде жекжат-жұратқа көп қамқорлық жасап, елді асырады, шарапатын талай көрдік» деп әңгімелеп отыратын. Ұлы анамыз, расында да, ауылда жұмыс болмай, жұрт жылдап ақша көрмеген ауыр тұстарда туыстарымызбен қоса көрші-көлемді де бағыпты. Біздің үйде тай қазан бар екен, бала-шағасымен жиналған ағайындар әжемнің сол ыдысқа пісірген бұйырған дәмі – тары ма, жүгері ме, қандай тамақ болса соның бәрін жеп, айран, сүтін ішіп, кешке өз шаңырақтарына қонуға ғана баратын көрінеді. Осындай тірлік ұзақ жалғасқан. Мендегі қайырымдылық қасиет қайдан келді дегенде осынау жәйт еске түседі.
Бабамыз Нұрша қасиетті кісі болған дейтін. Ал нағашыларым ишан, молла кісілер екен. Барлығы да әулие саналған текті жандар ма деп топшылаймын. Солардың да ықылас-ниеті дарыған шығар.
Әке-шешем қарапайым адамдар. Әкем – Аралбай, шешем Бибісара. Үлкен шешенің баласы саналғандықтан, ата-анама әлі күнге дейін аға-жеңге есебінде қарайтындаймын. Әкем өмір бойы Ақтөбе қаласында ВОХР (милицияның ведомстводан тыс әскери күзет қызметі) саласында еңбек етіп, осы орыннан зейнеттік демалысқа шыққан кісі. Анам мектепте жұмыс істеді. Алты бала тапқан. Өзім солардың үлкенімін.
Әке-шешем, жалпы, бар өмірін балаларына арнаған кісілер. Ешкімнің ала жібін аттамаған адал адамдар.
Әжемнің тас емшегін иіткен немересі екенмін. Бүлдіршін шағымда сол үлкен шеше дүниеден өткелі жатқан сәттің өзінде емшегін торсылдатып еміп жатыппын. Қарияның қатты қиналған кезін аңдаған шалдар: «Әй, әкетсеңдерші мына баланы, шешесі қиналып жатыр ғой!» дегенде, әжем тимеңдер деп ишара жасапты. Сонда әлдекім: «Шіркін, тіршілік-ай! Жарық дүниені қайтіп қиярсың!» деп күрсініпті. Мұндайда бір буда қамысты уыстап сындыратын ырым бар дейді. Осыны жасаған кезде қайран әжемнің «ух» деп жаны шыққан екен деген сөз жадымда қалыпты.
Кім білсін, бұл да тегін емес нәрсе шығар.
Әйтеуір, қайырымдылыққа бала кезден бейімделіппін. Титтейімнен-ақ жағдайы төмен үйлердің балаларына тамақ таситыным есімде. Бір уыс күріш, макорон апарамын, білдіртпей, май құйып аламын...
Сөйтіп, үйдегілер азық-түліктің азайып жатқанын байқамай ма. Содан «бұл тамақты кімге, неге тасып жүр» деген сұрақ туындайды. Бір күні әке-шешем «ұрлығымның» үстінен түсіп қалды. Сонда көкемнің: «Қызым-ау, ниетің дұрыс. Бірақ соңыңнан ерген бес бауырың бар. Біз азықты сендер аш қалмасын деп жинап отырмыз ғой. Ал сен оны сыртқа тасисың. Бұл қалай болады? Ойланғаның жөн» деді.
Ойландым-ау. Алайда «бәрін өзіміз ғана тұтынамыз ба... Анау аш жүрген құрбы-құрдастарым да жесін» деген шешімнен айни алмаппын.
Кейін әлгі қыздардың бірі: «Ұмытқан жоқсың ба, бізге тамақ тасушы едің. Сен келгенде қатты қуанушы едік. Сонда бізді асырап, жанымызды сақтаған екенсің!» деп алғыс сезімін білдірген-ді.
– Қалай болғанда да, қыз баланың жастайынан қайырымдылыққа, меценаттыққа бейімделуі сирек құбылыс сияқты...
– Әсілі, өзімді жасаған өзіммін дей аламын. Өз-өзімді ертеден тәрбиеледім-ау деп ойлаймын. Мысалы, адамды мектепте ұстаз немесе ата-ана тәрбиелейді, қоғам қалыптастырады деген түсінік бар. Меніңше, осы сәл жаңсақ ұғым; адам, негізінен, өз-өзін тәрбиелейді.
Класта староста болғанмын. Мектепті 1994 жылы үздік бітірдім. Елдің бәріне мәлім, ол бір аса қиын заман еді. Біздің кезімізде алтын медаль болмады. Сондықтан қызыл аттестатпен тәмәмдадым. Сабақты жақсы оқуымның себебі әкемнің қарындасы Сәнімгүл деген тәтеме байланысты болғандай. О кісі ауылдағы кітапхананы басқарды. Сол апайымның арқасында бес-алты жасымнан бастап сондағы барлық кітапты оқыдым десем артық емес. Маркс, Энгельс, Ленинннің қатар-қатар тізіліп тұратын орысша, қазақша томдарын «Капиталға» дейін түгел оқыған шығармын. Түсінбесем де оқи беріппін. Кейде қазіргі дәрежеме жетуде сол кезең де ерекше әсер етті ме деген ойдамын.
– Мінезіңіз қандай?
– Мінез бар менде... Бірақ жынды емеспін. Қызуқандымын. Тек тез қайтамын. Ақылға келемін. Кейде айтып-айтып тастаймын. Бірақ артық кетсем, кейін кешірім сұраймын.
Негізі, адамды ренжіткеннен кейін кешірім сұрау онша қисынды да болмас деген пікірдемін. Өйткені сол кезде біреудің жүрегін қатты жаралап та үлгересің ғой... Сол себептен, біреуден кешірім сұрататындай жағдайға бармаған жөн шығар...
Ешқашан кек сақтамаймын. Ренжіткен кісілерге кешіріммен қарап: «рахмет сіздерге. Өздеріңіздің арқаларыңызда өмір сүріп жатырмын» деп іштей ризалығымды айтып, тірлігімді жалғастыра беремін. Уақытымды пайдасыз өкпе-наламен текке өткізгім келмейді.
– Кәсіпкер болуды ертеден көкседіңіз бе?
– Әуелден белгілі өмірлік мақсатым болғаны рас. Бірақ жас кезімде өнер адамы болсам деп армандаппын. Әнші де болғым келіп, оқушы кезде эстрадада ән салдым. Дәрігер болсам ба деп те қиялдағанмын. Бірақ ол да орындалмады. Әйткенмен, есесіне, қазір өнер адамдарының арасында жүрмін ғой. Бүгінде көп арманым орындалды деп санаймын.
– Бизнеске қалай келдіңіз?
– Кәсіпкерлікке заманның ағымы әкелді ме деген пікірдемін. Таңертеңнен кешке дейін бір айлыққа қарап отыру мүмкін емес нәрсе еді ғой.
Одан соң үлкендердің айтуынша, үлкен аталарым Әлімбай, Досмамбет Ұлы Жібек жолы бойында сауда жасаған кісілер көрінеді. Апамның да сондай бір әңгімелерді айтып қалғаны бар. Ендеше бойымда саудагердің де қаны болуы кәдік.
– Еңбегіңіз ақталған, көпшілікке жасаған жақсылығыңыз қайтқан секілді. Әйткенмен, заңдары қатал мұндай күрделі бағытта иттік жасаған замандастың кездеспеуі де мүмкін еместей...
– Жалпы, өмірдің көлеңке жағын айтуға құмартпаймын. Кезінде бізде «жамандық айтылмайды, тек жақсылық айтылуға тиісті» деген идеология болғаны мәлім. Ал қазір ғаламтор дамыған заманда жаманшылықтың неше атасы айтылып жатқанын көріп жүрміз. Өзім өмірде нені жек көресің десеңіз, сатқындыққа жаным қас. Неге десеңіз, бір адамды сатқан кісі ертең Отанын да сатады. Әйелін де, күйеуін де сатады...
Бәрін де кешіре аламын. Бірақ опасыздықты кешіру қиындау шығар.
Екі досымның енді-енді көтеріліп, жағдай жақсарып келе жатқан кезде сатқындық істегені болды. Солайша жан сыздатты. Осыны ғана айта аламын. Кейін өздері «біреулердің бопсалауына көніп, білмей қалдық» деп кінәләрін, тіпті, жұрттың көзінше мойындады...
Қазір өздерін анда-санда көріп қаламын. Танымайтын адамдай қасымнан өтіп кетеді. Демек, өз қателігін әлі күнге дейін онша түсінбегені.
Ал біреулердің жетістігіңді көре алмайтын, аяқтан шалатын жағдаяттарын ұсақ-түйек деуге болады.
– Күйзелген уақыттарыңыз кездесті ме?
– Жастайымнан психологиялық кітапты көп оқыппын. Соның арқасында жанға батқан ауыр сәттерді ой елегінен өткізіп, жүрекке салмақ салмауға дағдыланған секілдімін. Балғын жас кезде сезімтал, боркеміктеу болыппын. Көңіл бос еді. Жылауық едім деуге болады.
Телевизиялық бағдарламалардан жетім-жесірді көрсем көмейіме өксік тығылып, көз жасым сау ете түсетін. Келе-келе әлгіндей сатқындар жүректі қатайтты. Көз жасын кілт тыйдым. Сол себептен күйзеліске бой алдырған кезім жоқ. Басыма қандай қиындық туса да, жарқын өмірдің әлі алда екеніне сеніп, өз-өзімді қамшылаумен жүретін жанмын...
– Елге жасаған жақсылықтың қайтатынын сездіретін ішкі түйсік бола ма?
– Нағашы атам – Оразалының Жасайы деген кісінің қолында болдым. Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Со кісімен үлкен бөлмеде ұйықтайтынбыз. Сонда ақсақал даусы күмбірлеп өмірлік қағидаларын айтатын-ды. «Бастысы – сатқындық жасама... Елге жақсылық жасаудан танба, ол жақсылық қалайда саған қайтып келеді!» дейтін-ді.
Шынында да, өмірлік тәжірибеден жасаған әрбір жақсылығың қайтып, ғұмыр-жасыңды ұзартатынын аңдап жүрмін. Жамандық та солай, ол да қайтатын сияқты... Міне, осындай заңдылықты бекем ұстанып алғандаймын.
Әлбетте, істеген игілігімнің нәтижесін тірі кезімде түгелдей көре алмауым да мүмкін. Бірақ көрсеткен шарапатымның ұрпағымның алдынан шығатынына бек сенемін. Және балаларым да соны сезінер деген ойдамын. Айнұр атанып, өз-өзімнен керемет болып жатқан жоқпын деп есептеймін. Алла-тағаланың бергенін елге, жұртқа қайтаруым керек.
Қазір, мәселен, өз басым Парижден түстеніп, Лондоннан кешкі ас ішуіме болар еді. Алайда ондай астамшылыққа бармаймын. Мен Құдай-тағаланың бергенін өзіне қайтарып жүрмін. Болды. Осы ғана.
Бұл бір керемет дүние емес. Маған да беріп жатыр, мен кері үлестіріп жатырмын. Қалай қайтарамын, маған да жақсылық солай оралады.
– Абай атамыздың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дегендейін, Хақ- тағалаға шүбәсіз сенетін секілдісіз.
– Құдайға сенемін. Бірақ намаз оқымаймын. Дұғаларым бар. Атам: «Балам, өзіңді намазбен шектемей-ақ қой. Онда да көз алдау болмай тұрмайды. Өзінің уақыты бір келеді, сол кезде бастарсың» деген еді...
– Зекет, бітір деген ұғымдарға қалай қарайсыз?
– Тапқан табысымның он пайызын міндетті түрде қайырымдылыққа жұмсап отырамын. Аз алайын, көп алайын, осы қағидамды да бұзған емеспін. Мешіттер салуға жәрдемдестім; пандемия кезінде мұқтаж жандарға үй алып бердім... Оның да қайтарымын көріп отырмыз, табыссыз емеспіз...
– Жалпы қайырымдылық ісіне қай кезден бастап бел шеше кірісіп едіңіз?
– Он жылдай болды. Дәл қазір осынау уақыт аралығында атқарған ісімнің бәрін жіпке тізгендей санамалап отыру мүмкін емес. Қыруар шаруа атқарылғандай. Әйтеуір, «IMT intelligent micro technologies», «AI production» компанияларының құрылтайшысы ретінде 2020 жылы республикалық Жыл меценаты, «Қайырымдылық керуені конкурстарының жеңімпазы атандым. «Намыс» орденін, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін», «Құрмет белгісі» төсбелгілерін иелендім. Жақында «Ақ жол» партиясы президиумының шешімімен Алаш арыстарының құрметіне орай шығарылған «Қазақ Республикасына – 100 жыл» атты Алтын медалімен марапатталдым.
Еңсерген жұмыстың ішінде лайықты мақтан ететін іс-шаралар бар. Мысалы, Алматыда Айнабұлақ ауданында саябақ ішінде орнатқан Әл-Фараби атамыздың ескертікішін айрықша атағым келеді. Мүсінші – Тілеуберді Бинашев.
Бұдан соң Райымбек Түкеұлы атамыз туралы үлкен кітапқа демеушілік жасадым. Мұны да мақтан етемін. Дайын тұрған ғылыми-зерттеу екен. Шығаруға үш-төрт жыл бойы демеуші табылмапты
Алдында бір түс көргенмін. Райымбек баба түйесіне мініп алған: «Әй, қыз! Не істеп жатсың? Келмейсің бе?!» – деді.
О кісінің басына алғаш 1998 жылы барғанмын. Онда да түсіме кірген-ді. Содан соң-ақ діттеген ойларым орындала бастағанын айқын сезіндім. Арада жиырма бір жыл өткенде түсіме және еніп тұр ғой! Әлгіндей «әй, қыз!..» дегенінде атып түрегелдім. Әлдебір ғайыптың күшімен көрінгенін пайымдаймын. Бірақ не үшін екенін түсіне қоймаймын. Дәл жұма күні еді. Дұғамды оқыған соң дереу басына және келсем, кесенедегі көрініс басқаша екен. Бұрынғыдай емес, шырақшы бар дегендей... Әлгі сәтте Алматы қалалық Музейлер бірлестігінің сол кездегі директоры Әнуар Үмбетәлиев досым хабарласып шақыра қалды. Оған алдында Алматы қаласының тарихын білетінімді айтқан едім. Түрлі конкурстар ұйымдастырған екен. Бардым. Сөз арасында Райымбек бабамыздың басынан келе жатқанымды білгенде: «Ойбай, ендеше тура келдің! Со кісі туралы бір кітап шығара алмай жүр едік» – деді. Істі бастағандарымен, сан алуан кедергілерге кезігіп, ұзақ уақыт істің сәті келмей қойыпты. Мен де бірден: «Болды онда!» дедім.
Демек, батыр ата кесенесі басына осы үшін барып тұр екенмін ғой.
Шаруаға кірістім де, бір жарым айдың ішінде «Киелі жердің иесі – Райымбек» деген үлкен кітап жарық көрді. Онда батыр атамыз туралы тың деректер бар.
Сол секілді кейбір мешіттер құрылысына қомақты қаржы беріп отырдым. Алматының Жетісу ауданында балаларға арналған домбыра мектебін ашуға жәрдемдестім. Бүгінде бұл орталықта жүзден аса шәкірт үйірмеге тегін қатысып жатыр. Сол орталық ашылғаннан кейін Алматы қаласының барлық аудандарында осындай орындар ашыла бастады. Қала әкімі үлгі қылып айтты.
– Сіздің кейінгі ауқымды ісіңіздің бірі ел ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Алаштың азаттық рухы» халықаралық мүшәйрасына демеушілік жасауыңыз болар?
– Иә, солай шығар.
Өткенде әлеуметтік желіде бір ақын ағамыз: «Ахмет ата, сіз бізді кешірмейсіз-ау!» деп пост жазыпты. Дәл осы ой тым ертеректе менің де басыма келген еді. Неге десеңіз, Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін...» деген әйгілі сөзі бар емес пе. Халықтың жарқын келешегін көксеген ол қазақ балалары білімді болса екен деп өмірін қиған адам ғой!
Дәл қазір ел тағдыры жолында жан пида қылатын тұлғалар шығар ма еді?!. Қайдам. Айту қиын. Ал о кісі сонда билікке жағынып, бас игенде ақталып шығып, аман қалар еді ғой. Бірақ ол ешкімнің аяғына жығылмады. Ұлты үшін жанын берді.
Одан соң өзі: «Қинамайды абақтыға жапқаны, қиын емес дарға асқаны, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрінен өз ауылымның иттері үріп, қапқаны» дегеніней, бір жағынан, асқар тұлғаның түбіне өз қазағы жеткен болып тұр емес пе... Мектепте жүргенде-ақ сол тұрғыда толғанған сәттерімде: «Әй, бұ кісінің әруағы кешірмейді-ау бізді!» деп ойлағаным бар. Ұрпақтары кілең өзінің күйкі тірлігін күйттеп майдаланып кеткен деген ой менде баяғыда-ақ болған еді. Әлгі ақын ағамыздың пікірі дөп келді. Осынау іс-шараға демеушілік жасауым – бұ кісінің әруағының алдында арылу үшін не істесе болады деген көкейдегі сонау түйінді шешуден туындағандай. Сондай бір күндері белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Қазыбек Иса ағамызбен жолығып қалдым. О кісі Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына орай ақындар мүшәйрасын жасасақ деп ұсыныс айтты. «О-о!» – деп бірден келістім. Бұл – Ахмет атамыздың рухы алдындағы кішкентай бір сыяпатым ба; мен бастасам, іс әрі қарай жалғасар деп ойладым.
– Негізгі мамандығыңыз қандай?
– Негізгі кәсібім – экономист. Сондай-ақ заңгер, психологпін. Экономика және Психология ғылымдарының кандидатымын.
***
Біз Айнұр Аралбайқызының істеріне сәттілік тіледік.
Қайтып келе жатып Ыбырай Алтынсаринның «Атымтай жомарт» әңгімесі ойға оралады...
Айтпақшы, қазаққа парсы тілінен енген «жомарт» деген сөз «мәрт адам» деген мағына беретін көрінеді.
Құлтөлеу МҰҚАШ
qazaquni.kz