АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ: ҚАЗАҚ ТІЛІ
2022 ж. 03 қазан
4232
0
Мемлекеттік тіл мәртебесіне сәйкес ана тілміздің қоғамдық қызметін жан-жақты жетілдіру – күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Осы тұста қазақ тіл білімінің атасы – Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілін дамытуға қосқан еңбегіне айрықша тоқталуды жөн санадық.
Ұлттық тілдегі терминдік жүйенің қоғам алдындағы маңызы бұл саладағы көптеген міндеттерді жаңаша шешуді көздейді. Соның бірі – мемлекеттік тілдің жан-жақты қоғамдық қызметіне жан беретін терминдер табиғатын танумен байланысты. Термин табиғатын түсіндіруді, оның қалыптасуын, дамуын жалпы тілдік жүйеден, сол тілде сөйлеуші ұлт танымына сәйкес қарау көп мәселелердің шешіміне тиімді әсер етпек. Термин саласын зерттеуші С.Исақова: «1920-1930 ж.ж. Алаш зиялыларының жасаған терминдерінің өміршеңдігі – олардың ұғым мен атау арасындағы байланысты терең түсінгенін терминге атау беру үшін зерттеуді ұғымнан бастағандарында жатса керек. Яғни олар лексикология, терминология, концептологияның айналысатын сұрақтарын жан-жақты зерттеген, содан барып термин жасаумен айналысқан деп айтуға толық негіз бар». Сол шақта қазақ зиялылары тіл саласы ғылымын дамыту, жетілдіру, орнықтыру бағытында табанды еңбек жасады. Олар тілдің ғылыми стилін жетілдіріп, қалыптастырып, терминдерді қазақи ұғымға жақын, түсінікті деңгейге дейін жеткізді.
1910 - 1930 жылдар аралығында «Ұлт реформаторы» атанған Ахмет Байтұрсынұлы орыс тіліндегі терминдердің ана тілімізге молынан дендеп ену қасиеттерін терең түсіне отырып, оның бай қазақ тілінде бар материалдарын термин жасауда аса көрегенділікпен пайдаланған. Осы кезеңді «қазақ тер¬минологиясы дамуында өшпес із қалдырған», әрі алуан саладан жүздеген терминдер жасап, оларды қолданысқа енгізіп, ұлт тілінде термин жасаудың өшпес үлгісін көрсеткен аса білімпаз, тамаша тілші-лингвист, ұлттық ғылым тілі мен ұлттық терминология қалыптасуының бастау бұлағында тұрған А.Байтұрсынұлы есімімен мәңгілікке шегелеген орынды. «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзе¬генінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама-қадірінше жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын… Сондықтан сөзден жасап, сөз шығару деген әркімнің қолынан келе бермейді және шығарғандардың да сөздері бәрі бірдей жақсы бола бермейді» (Байтұрсынов А. Шығармалар. – Алматы, 1989. –141-б.) деген, тіл саласының білгір реформаторы, тілдің ұлт ретінде қалыптасып дамуын алыстан аңғарған, дер шағында байқап, түсінген. «А.Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімінің, әдебиетінің, әдістеме, тарих және этнография, мәдениетке қатысты терминдердің ғылыми жүйесін жасаған ғалым. Қазақтың ғылыми терминологиясының негізін қалаушы ғана емес, ол «терминжасам тәсілдерін анықтап, оларды өз тәжірибесінде тұңғыш рет пайдаланған ғалым» – дейді профессор А.Салқынбай. А.Байтұрсынұлының термин шығармашылығы туралы белгілі отандық ғалымдар Р.Сыздық, Ө.Айтбайұлы, Б.Қалиұлы, Ш.Құрманбайұлы, Ш.Жалмахановтар өз еңбектерінде әржылдарда жан-жақты сөз етті.
А.Байтұрсынұлының термин жасау қағидаттары:
1) Термин ретінде ұғым мағынасын толық беретін қазақ сөздерін алу;
2) Ондай сөздер қазақ тілінде болмаған жағдайда оларды туыстас тілдерден алу;
3)Жаппай қолданылатын әлемдік терминдер қабылдана алады, бірақ олар қазақ тілінің табиғатына сәйкес өзгертілуі керек;
4) Қазақ тілінің табиғатына сәйкеспейтін барлық өзге тілдердің сөздері дәл қазақтың айтуына сәйкес өзгертілуі керек.
А.Байтұрсынұлы жасаған терминдердің күні бүгінге дейін күнделікті қолданыстан түспей келе жатқан өміршеңдігі ғасырлар бойына бай, қазыналы, қаймағы бұзылмаған ана тіліміздегі ұғымдарды зерттеп, зерделеп оларға ұлттық таным тұрғысынан байлам жасағандығы деуге толық негіз бар. Кез келген терминнің өз бойындағы құрылымдық компоненттер табиғилығына ұғымның ішкі мазмұны тірек болғанымен, ол сөздің мазмұн, құрылымымен үндестік таппаған жағдайда, оны зерттеуші анықталатын ұғымның дәлдігі, таңбаланған атаудың ұлттық танымға жақындығы, нақтылығы, мазмұндық негізділігінен іздеген. Терминге ғылыми қисын, ұлттық мүдде талабынан келсек, оның халықтық танымға түсініктілігі, ұғынықтылығы, нанымдылығын ескеру де маңызды. А.Байтұрсынұлы шығармашылығындағы термин жасау ұстанымының негізгі арқауы алынатын кірме сөздердің – ұлттық, қоғамдық, әлеуметтік мүдде тұрғысынан қойылар талаптарға сай болуы және терминнің өн бойында ұлттың тарихи-мәдени кодтық жадын жаңғырту принципін қатаң ұстанғандығы.
Сол кезеңде А.Байтұрсынұлы бастамасын жалғастырған Х.Досмұхамедұлы «Адамның тән тірлігі» (1927) атты оқу құралында орысша-қазақша атаулар сөздігінде – психология, физиология, медицина, анатомия ғылым салалары үшін терминдік атауларды жүйке жүйесі (нервная система), жүйке түйіні (нервный узел), жүйке тұтқасы (нервный центр), қозғалғыш жүйке (двигательный нерв), қозу (возбуждение), сезім жүйке (чувствительный нерв) т.б. тілімізге орнықтырса, Ж.Аймауытұлы психологиялық атауларды, өсімдіктану атауларын, Е.Омарұлы пішіндеме (геометрия) атауларын, С.Қожанұлы есептану терминдерін, А.Қоңқашпайұлы география атауларын, М.Жұмабаев педагогика саласының терминдерін жасаған. Ұлттық ұстанымды өз зерттеулерінде басты қағидат етіп ұстанған тұлғалар жасаған терминдер өміршеңдігі күні бүгінге дейін ұрпақ игілігіне қызмет жасап келеді.
Отандық және алыс-жақын шетелдік танымал тіл саласының зерттеушілері мен мамандары «А.Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімінің терминологиясын жасаушы» деген пікір тоқтамға табан тіреген. Оған себеп, ұлттың алуан бағыттағы ғылымды тануы, меңгеруі, басқаларға оны түсінікті тілде ұғындыруы да ұзақ процесс. Тіл білімінің негізін қалаушы А.Байтұрсынұлы сантармақты ғылым саласындағы негізгі ұғымдар мен олардың жүйелі байланысын айқындап, халықтық тілдің табиғатын білдіретін ұғымдар жүйесін жүйелеп, осы бағыттағы ғылыми ұғымдар атауларын да өмірге әкелген. Қолданысқа енетін ғылыми ұғымдарға оқырман қабылдауына жақын, түсінікті ат қою зерттеушіден терең, жан жақты білімділікті талап етеді. Атаудың тілге жеңіл, орамды, түсінікті, әуезді болу ерекшеліктерін сақтаумен қатар, оның ұғым мазмұнының ұғынықтылығы, жүйелілігі, мағыналылығы да аса маңызды. Бұл зерттеушіден терең білімдарлық пен табанды ізденісті, халық тілінің мол қазынасының қойнауындағы жәдігерлерді молынан зерделеушілікті талап ететіні ақиқат. Осы бағыттан келгенде А.Байтұрсынұлы ана (қазақ) тілін термин саласында орнықтырудың тамаша үлгісін қалыптастырып, орнықтырған.
А.Байтұрсынұлының 1912 жылы Орынборда жарық көрген «Оқу құралының» өзінен буын, дыбыс, нүкте, дауысты дыбыстар, жарты дауысты дыбыс, дәйекші, жіңішкелік белгісі, хәріп (әріп) сияқты терминдерді ұшыратуға болады. 1914 – 1915 жылдардан 1928 жылға дейін басылып тұрған «Тіл құрал» оқулықтарында күнделікті қолданыстағы зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, қосымша, жалғау, жұрнақ сияқты терминдер күні бүгінге дейін қолданыста. Ғалым тек осыларды ғана жүйелеп қоймай, тіл білімі саласындағы аса мәнді әрі керекті терминдер жүйесін аса дәлдікпен орнықтырған.
Білімпаз тілші-лингвист А.Байтұрсынұлы заманында қалыптастырған терминдер жүйесі бүгінгі таңда уақыт ағыны, кезең тынысына орай жаңаша ұғым, атаулармен толығып, байыуда. Қазақ терминологиясының атасы атанған тұлғаның еңбектерінен аңдау, ауыстыру, әсірелеу, әсерлеу, байымдау, бейнелеу, бүкпелеу, дамыту, кейіптеу, көріктеу, меңзеу, теңеу, түйдектеу, үдету, шендестіру сынды әдебиеттану терминдері мен демеу, жалғау, үстеу, шылау секілді тіл білімі терминдері көптеп кездеседі. Терминдер жүйесінің тілімізге орнықты сіңісуінің сыры зерттеушінің осы салаға тілдік лексикология-концептология қабатына зер салғандығынан деп қарау лазым. Танымал тілші ғалым Р.Сыздықова: «…жалпы мәдениетке, тарихқа қатысты әлеуметтік терминдердің де көпшілігі А.Байтұрсынұлы қаламынан туып, қазір авторы ұмытылып, жалпы халықтық кәнігі сөздер болып кеткендігін де айту керек» (Сыздықова Р. Ахмет Байтұрсынов// Тіл тағылымы. – Алматы, 1992. - 33-б.) деген пікірі де орынды.
Тіл саласының білгірі әдебиеттану терминдерін жасаумен қатар, олардың әрбірінің ғылыми анықтамасын да аса дәлдікпен, түсінікті, ұғынықты берген. Бұл ғылыми ұғымға тән белгілерді нақты көрсетіп, олардың әрбірінің оқырман ұғынуына жеңіл форматта ұғымдар жүйесіндегі өз қалыбын айқындауы. «Айшықтың әрбір тақтасы шумақ деп аталады. Жұрттың бір ауыз өлең дейтіні шумақ болады, әр шумақта бірнеше тармақ болады. Тармақ дегеніміз – өлеңнің әрбір жолы. Тармақ ішінде бірнеше бунақ болады. Бунақ дегеніміз өлеңді айтқанда сезілетін дауыс толқынының соқпа-соқпасының арасы. Бунақ ішінде буын болады» (Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш// А.Байтұрсынов шығармалары. –Алматы, 1989. – 192-б.).
Еліміздеге Заңдық жүйені тілдік ортада орнықтыру бағытында ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институты өзінің 30 жылға жуық тарихында норма шығарушылық қызметін ғылыми тұрғыдан ілгерілетуді қам¬та¬масыз еткен жетекші ғылыми меке¬мелердің біріне айналды. Ғылыми қызметкерлер заң шығар¬¬ма¬шылық, заңнаманы талдау жә¬не құ¬қық қолдану практикасы са¬ла¬сын¬да, заң жобаларын, сондай-ақ тұжырымдамаларын әзірлеуге қа¬ты¬сып, құқық саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеулер нәтижелерін заңнаманы жетіл¬ді¬руде, заң жобалары мәтіндерінің тең¬түпнұсқалылығын қамтамасыз ету және олардың баяндалу стилін ж嬬тіл-діру мақсатында заң мен халық¬ара¬лық шарт жобаларына, сондай-ақ ҚР қатысушысы бо¬луға ниеттенетін халықаралық шарттарға ғылыми лингвистикалық са¬раптама жүргізу, сондай-ақ мем¬ле¬кеттік органдарға әдістемелік және сараптамалық көмек көрсету ар¬қылы қолданыстағы заңнаманы тал¬дауға, құқықтық мониторинг жүйесін дамытуға жәрдемдесу ісінде жо¬ғары деңгейде сараптамалық-талдау жұ¬мыстарын жүргізумен айналысып келеді.
Алайда, институттың Лингвистика орталығына күн сайын келіп жатқан саналуан бағыттағы Заңдар мен заңға түзетулер, қосымшалардағы аударма мәтінінде (орыс тілінен) терминдерді біріздендірудің жоқ екендігі ақиқат. Оны тұрақтандыру үшін аса ауқымды жұмыс жүргізу қажет. Осыған орай кез келген саланың терминологиясын жүйелеу, біріздендіру кезек күттірмейтін мәселе. Күні бүгінге дейін көптеген салалардың терминологиясы жинақталып, жүйеленіп біріздендіруге түспеген. «Термин шығармашылығы кезінде жарыса қолданылып жүрген баламалардың біріне тоқталып, оны арнаулы ұғымның атауы ретінде терминологиялық лексикада тұрақтандыру процесін біріздендіру деп түсінетініміз белгілі. Біріздендіру жұмысы, ең алдымен, ұғым мазмұнын дәл бермейтін, терминге қойылатын талаптарға сай келмейтін атаулардан арылып, сәтсіз жасалған баламалар мен терминологияда ретсіздік туғызып, жарыса қолданылып жүрген нұсқаларды сараптан өткізіп, солардың бірін тілде орнықтырудан бастау алуға тиіс». Біріздендіру – ұлттық тілдердегі терминдермен аталатын ғылыми және техникалық ұғымдардың сәйкес келуі. Тілдегі сөздерді сөздіктерде бірізді берудің көлбеу (горизонталды) публицистика – беренсөз, замансөз, қоғамсөз, көсемсөз және тік (вертикальды) публицистический – беренсөздік, замансөздік, қоғамсөздік, көсемсөздік түрлері бар.
Осылардың терминологиялық комиссия бекіткен нұсқасы басшылыққа алынып, өзге жарыспалы мағыналарының жазба және сөйлеу (ауызекі) тілде қатар қолданылуы заңдылық.
БАҚ-тағы радио, телевизия, газет-жорнал басылымдарында терминком бетіткен, біріздендірілген терминдерді беруде шалағайлықтар көптеп кездеседі. БАҚ-та жиі көзе түсетін – сөздің мағынасына (семасиология) мән бермеу. Тілімізде сөздің тура және ауыспалы мағынасы барлығы белгілі. Ауызекі сөйлеу не жазба тілде болсын бір ұғымның бірнеше мағына беретіні анық. «Оқулық» ұғымының «балама оқулық», «төлтума оқулық», «төл оқулық» немесе «әдемі» сөзінің «әсем», «ажар», «көрік», «көркем», «көрікті», «сұлу», «кермиық», «мүсін» т.б. ұғымдарда жазылып, айтылуы бүгінде орнықтылыққа айналды. Осылардың ішінен ой мен мағынаны дәл беретінін алу да білімпаздыққа байланысты. Сөз не сөйлем бұзылған не қате, орынсыз айтылып, қолданылған жағдайда ол ұлттың санасының ұлтсыздануыңа алып келеді. Оған қосымша бүгінде «әлеуметтік желідегі» блогерлер жазбасы мен тілдік қолданысында «тілбұзарлық», «тілді шұбарлау» кең етек жаюда. Бүгінде он-лайн аударма тілдің шұбарлануыңа кеңінен жол ашуда. Оған себеп «гугл аудармашының» тілдік қоры жұтаң, сөздік қоры жоққа тән.
Кеше де, бүгін де өзге тілдерден, әсіресе орыс тілінен кіріккен сөз бен ұғымдардың жазу, сөйлеу тіліміздің заңдылықтарыңа етене кіріге алмай, аударма, қолданыс аясында қиындық туындатып жатқаны анық. «Сөздің асыл болуы ұнауымен. Сөз көңілге ыспат жағының көркемдігімен, сөз мағына жағының күштілігімен жағады. Сөз көркемдігінің әуезінің әдемілігі мен кестесінің келісті болуынан табылады», – деген ғалым түйіні дәл бүгінде де кез келген салада аса мәнділікке айналып отыр. Ғасырлар сілемінде ауызекі дамып, жетілген тілді аса құндылықпен жинақтап, оны тілдің жазба заңдылығына сәйкестендіріп, ана тіліміздің метатілін негіздеп, терминдерін түзеп, тіл саласында көшелі ой білдірген А.Байтұр¬сынұлының еңбегі түркі халықтарының тұтастай тіл біліміне қосқан өлшеусіз үлесі деуге негіз жеткілікті.
Құдайберген ТҰРСЫН,
филология ғылымдарының докторы, профессор